Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3035 5 пікір 14 Желтоқсан, 2022 сағат 14:15

Періштелер құлап жатыр аспаннан

Топтама

Саусақ пен саусақ сөйлесіп,
Дене мен дене үйлесіп.
Тереңге кеттім шым батып,
Шыға алмай ғажап күй кешіп...

Көзіңмен көзім сырласып,
Түсіндік іштей "ымдасып"...
сұраса біреу айта сал:
"қыз емес маған, жыр ғашық"!

Ерніме ернің еркелеп,
Ебін бір тауып өртемек.
Əуен боп қалқу үшін де,
Адамға аздау шер керек!

Үнсіздігіммен алысып,
Мұңымды жұттың тауысып.
Төзімі түннің сөгілді,
Сезімнің есі ауысып!

Жүрек пен жүрек ұғысып,
Суынып кетпей тұр ысып...
Гүлденіп жатты апыр-ай,
Қызғалдақ-ғұмыр бүрісіп...

Тие алмай жерге табаным,
Желменен жүйткіп барамын.
Тартылып барам теңіздей,
Жарыққа сіңіп жанарым... ...

Дидары жердің нұр екен,
Түсім ғой деймін...тірі екем...
Сұлулығым қағып кірпігін,
ғаламды сүйіп тұр екен!...

XXX

Тірлік деген таразысы-ау Тəңірдің,
Сəттер сайын сынағында жаңылдым...
Ақша бұлттай ақ көйлегім желбіреп,
Арманыма сенер күнді сағындым.

Жанұшырып жанның даусын тыңдамай,
Бұрынғыдай мұңның жүгін жырламай...
Алақандай ауылыма тығылып...
Кеткім келмей жүр ғой əлі бұл қалай?

Туған үйден қай сырымды жасырам,
Бала -күннің иығына асылам.
...Ас үй жақтан күбірлейді жеңешем,
«Не жетпей жүр...дей ме əлде осыған?»

Əжемнің де əжімдері ақылды:
Тым байыппен жанына ыммен шақырды.
Таныс мейірім...алыс неге құдай-ау...
Қызын емес құшқандай бір ақынды!

Ой күзетіп, шешем отыр көңілсіз,
Үш күн болды...мен келгелі əлі үнсіз...
Күбірлесем жаутаңдайды сыр бермей,
Бір əңгіме айтар дей ме жағымсыз...

Қалай кетем, туған үйге шертілмей,
Көз жасым да сырғып түсті-ау іркілмей...
Бұрымымдай қалғаны ма қиылып,
Қыз- ғұмырым біткені ме бір күндей...

Бара жаттым сұр қалаға аттанып,
«Қыз-қонақ ғой» -деген сөзге тоқталып.
Бүтін бақыт көлбеңдейді алыстан,
Ұмтыламын жоғалуға шақ қалып...

Тұман мұңдар таусылмастай көрініп,
Телефонда. ..саусағым тұр ілініп.
«Ошағыңның тыныштығын сақта»-деп,
Арғы жақтан анам тұрды егіліп. ..

P:S

Бәлкім. ..бəлкім мейірімге шөлдедім...
(Əйел қашан таға алады ерге мін? )
Қала, сенің қорғансыздау пендең ем...
Қандай жақсы тым есейіп келгенім..

XXX

Періштелер құлап жатыр аспаннан,
Əр тамшының иығына асылып...
Жер бетінде жаңа өмір басталған,
Кешегісін батқан күнге жасырып...

Жаңбыр... жаңбыр... төсеп тұрмын жүзімді,
Қытықтайсың алақанда еркелеп...
Құшақ-құшақ ақ армандар үзілді...
Біреулер жүр "сен келді деп" өкпелеп...

Тіршілік тұр бір нүктеде қарайып,
Тыныштықтың құшағына тығылған.
Қолшатырсыз Күзді қарсы алайық,
Жапыраққа серік болып жуынған.

Жалғандықтың көз арбайтын көйлегін,
Тамшы біткен нұрмен сəндеп береді.
Жаңбыр болып жыр ішінде биледім...

Жерге емес, гүлге қонғым келеді...
Күз боп қарсы аламын ба таңдарды,
Күн-көзінде көктем кетті-ау алыстап...
Ол соңғы рет жуды ма екен талдарды,

жапырағын жер қойнына табыстап...
Біз мезгілге мейірім боп келмедік,
Аялдауды, аялауды кеш ұғып...
Табиғат пен үндес шығар пенделік,
Мезгіл бітсе, қаламыз-ау кешігіп...

Күн болып сынап ем, ерідім...

Күн болып сынап ем, ерідім,
Көгіме шығарды Сені кім?

Ай болып сынап ем, алдандым,
Жүзімді жасырып қармандың.

Нөсер боп төгілдім бір демде,
Ақ бұлттай арыңды көрдім де.

Сезім боп сын айтқым келмеді,
Сендіріп жүрген соң Сен мені.

Жүрек боп жүрмін ғой дүрсілдеп,
Жаураса жылынып жүрсін деп.

Хат болып көзіңе асықтым,
Сен болсаң жауапсыз жасыттың.

...Түн болып сынап ем, түнердім,
Мен саған жай ғана біреумін..

XXX

Сен көрмеген көз-жасымды түн көрді,
Мен мұңайтып алдым екен кімдерді?
Аспан түстес аппақ еді жүрегім,
Қап-қара боп жерге енді.

Мен ұйқысын бұздым екен кімдердің,
Қара түнде көз ілмеуді үйрендім.
Сезім болсам, ақша бұлтқа айналып,
Ар қалпында сүйгенмін!

Мен біреудің алдым ба әлде, тынышын,
(Жаратқанға жақпады ма бір ісім?)
Кең дүние құшағында адасып,
Тарылады тынысым!

Әлде оның ұрладым ба, шаттығын,
Ауыстырып алды ма екен ақ гүлін.
Ерінімде есімі тұр ән салып,
Тербеледі пәк-мұңым...

Мені әкеткен арман екен тым биік...
Оны әкеткен ойлар болды тұңғиық.
Дәл осылай азабымды сүйеді ол,
Өн-бойыма нұр құйып!

XXX

Жалғыз жанға серік болар жалқы-мұң,
Өмір саған сездірмесе салқынын...
Жапалақтап қар жауып тұр қалада,
Қайырлы таң, алтыным!

Қайырлы күн, ғұмырым!
Қандай сыйды ұсынасың бүгінім?...
Қара жерде алшаң басып жүргенмен,
Алла дейтін құдіреттің құлымын.

Қар жауып тұр ақ-таңдай,
Моп-момақан Жерден мейір тапқандай.
Ерке қар кеп, еркелейді ернімде,
Аспан жақтан көктем құлап жатқандай.

Қайыңдар тұр əн салып,
Қабағынан мұңды ысырып, қарсы алып.
Тұнығым-ау, түнге сіңіп кететін...
Сенде қазір ояндың ба, тамсанып?!

Қол ұстасып жылдармен,
Көз ілгенше əуеніңді тыңдар ма ем?
...Дəл осылай ғұмыр ғажап болар ма,
Біздер бірге болғанмен..

Ия...

Жалған да жалған, жалған мұң,
Жырымды немен жалғармын.
Сүйіп те тұрып алдандым,
Сүйікті болып тоңғанмын.
Қарақат көзді сөйлетіп,
Қап-қара мұңды билетіп,
Өлердей сүйіп қалғанмын.
Жел қонып, кенет шашыма,
Иығына кеткен асыла...
Өбе алмай өзім қалғанмын.
Көне алмай сонда арман-жыр,
Бұлқынып, симай қалған-бір.
Сүйілмей кеткен беу-өмір,
Толқытып тағы толғандыр!

Басылмай құмар кеудемнен,
Даламен, түнмен емделгем,
Содан соң барып, Күн күлген,
Көкіректің көзін кім білген...
Сөйлейтін сөзден жаңылып,
Махаббат даусын сағынып,
Қызыл тіл сонда күрмелген.
Құлап бір кетсе жұлдыз-күн,
Күлкімді гүлге сүйгіздім.
Сөнбес деп жүрек қайғымен,
Мұңымды Жерде сүргіздім!

Динара Мәлік

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512