Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 2452 7 пікір 20 Желтоқсан, 2022 сағат 12:43

Ресейдің үгіт машинасы соғыcты қалай бұрмалады?

Биыл көктемде орыс танкілері Киевтің маңында қаңтарылып, соғыстың экономикалық салдарының ауыр болатыны сезіле бастағанда, Ресей үкіметінің бір саласы белсене жұмыс істеп тұрды. Ол – оның теле насихаты еді.

Кремлдің үгітшілері Американың кабелді телеарна жаңалық қызметі, оңшыл әлеуметтік желілер мен Қытай мемлекеттік арналарының көріністерін сапырылыстырып, миллиондаған көрерменге шындықтан алшақ, басқа дүниелер ұсынды. Батыстың Ресей мұнайынан бас тартуы өздеріне ақырзаман орнату екенін, Американың Украинада жасырын биологиялық қару өндіретін базасы бар екенін, Қытайдың қырық пышық Батысқа бірге қарсы тұратын адал дос екенін жарнамалаумен болды.

Мемлекеттік БАҚ-тың журналистері осы мазмұндарды әсірелеп көрсетуге міндеттелген. Ресейдің барлау қызметі оларға қоюға тиіс сюжеттермен басқа да жаңалықтарды тікелей ұсынып отырған. Оған нақты дәлел айғақтарды құпия құжаттарды жариялаумен аты шыққан «DDoSecrets» ұйымы ғаламторда жариялаған.

Аталмыш ұйым «Бүкіл Ресейлік мемлекеттік телерадио компаниясының» (ВГТРК) электронды почта жәшігіндегі құпия хаттарды әшкерелеген. Көлемі 750 GBтық құпия хаттарға талдау жасаған Нью-Йорк Таймстың журналисттері Adam Satariano, Aron Krolik қатарлылар зерттеу нәтижелерін жариялап отыр.

Олардың жазуынша әшкерелген құпия хаттар Ресейдің үгіт машинасының бұл жолғы соғысты қалай бүркемелегенін білуге таптырмайтын орай беріп отыр. Ресей соғыста жеңіліс тауып, адам шығыны күн санап өссе де, экономикасы оқшауланып, халықарада қатаң сынға қалса да, олардың мемлекеттік арналары соғысты баяндаудың басқа амалын тауып, Ресейдің жеңіске жақындап қалғанын, Украинаның құлаудың алдында тұрғанын, Батыстық одақтастарының да ыдыраудың алдында екенін насихаттаумен болған. Путинның ел ішіндегі беделінің түспеуіне, соғысты қолдаушылар қатарының азаймауына барын салған.

Олар бұл мақсатқа жету үшін қауіпсіздік қызметі берген мәліметтерден сырт, Американың оңшыл каналдары мен телеграм, ютубтегі танымал арналардың материялдарын әдемі пайдаланған. Қолға түскен украин сарбаздарын фашис етіп көрсетіп, театрларды украин ұлтшылдары жарды деп ақпарат таратқан. Қытай ғаламторында жарияланған «Орыстың бір тал тәттісін сатып алғаның, фашистерге қарсы бір оқ атқаның» деген жазбаны да назардан тыс қалдырмаған. Американың әйгілі тележүргізушісі Так Карсынның «Американың Ресейге қаратқан экономикалық саясаты доллардың халықаралық нарықтағы орынын әлсірететін болды» деген пікірін жерден жеті қоян тапқандай барлық жерге тықпалаған. АҚШ телеграм арналарында таралған бензин мен азық-түлік тапшылығы жайындағы қауесеттерді жинақтап «Жанармай дағдарысы мен бос тұрған сөрелер: Трамптың қорқынышты болжамы айдай келді» деп көлемді етіп, әсірелеп берген.

Америка басылымына сұхбат берген сарапшылар Украинаға басып кіргелі-бері Кремль БАҚ-ты қадағалауды күшейткенімен, соғыстың ұзаруына байланысты шындықты бүркемелеу қиынға соғып, көрермендердің теле бағдарламаларға деген ынтасының азайғанын жеткізген.

Германияның Ресейшіл басылымдарының бірі Ресейдің қазіргі телеарналарының бейнесін: «Өтіріктің, өшпенділіктің, арсыздықтың жексұрын нұсқасы» деп бағалаған.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5474