Қазақстан мигранттар мемлекетіне айналып кетпей ме?
Жаһандану дәуірінде халықтың көші-қоны бұрын-соңды болмаған қарқынға ие. Бір елден екінші елге жұмыс іздеп, білім қуып, қауіпсіз өмір сүру үшін немесе түрлі саяси және экономикалық себептермен қоныс аудару бүгінде әлемнің қалыпты құбылысына айналды. Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек, бүгінде дүниежүзінде жүздеген миллион адам туған елінен тыс жерде өмір сүруде. Мұндай үдерістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Соңғы жылдары елімізге еңбек мигранттары, кәсіпкерлер, студенттер және тұрақты тұруға ниетті адамдардың келуі жиілей түсті. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының да шетелге қоныс аударуы жалғасып келеді.
Осындай жағдайда қоғамда «Қазақстан болашақта мигранттар мемлекетіне айналып кетпей ме?» деген сауалдың қойылуы заңды. Бұл сұраққа эмоциямен емес, нақты деректерге, мемлекеттік саясатқа және демографиялық үрдістерге сүйене отырып жауап іздеу маңызды.
Ең алдымен, «мигранттар мемлекеті» ұғымының өзін түсініп алған жөн. Бұл ұғым нақты бір ел халқының едәуір бөлігін сырттан келген қоныс аударушылар құрайтын немесе көші-қон елдің әлеуметтік, мәдени және саяси келбетіне айтарлықтай ықпал ететін жағдайды білдіреді. Мұндай мемлекеттердің қатарында Солтүстік Америкадағы, Батыс Еуропадағы және Парсы шығанағындағы бірқатар елдерді атауға болады. Олардың көпшілігі еңбек ресурстарының жетіспеушілігін сырттан келген жұмыс күші арқылы толықтырады.
Қазақстанның жағдайы өзгеше. Ел аумағы кең болғанымен, халық саны салыстырмалы түрде мүлде кем. Бұл нақты бір салаларда еңбек күшіне сұраныстың туындауына әсер етеді. Әсіресе, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және маусымдық жұмыстарда шетелдік жұмыс күшіне қажеттілік байқалады. Оны өздерінізде көріп жүрсіздер. Қазір, елімізде Ресейден, сонымен қатар, Орталық азиядан келіп жатқан гастербайтерлер өте көп. Әсіресе, сонғы айларда Ресейден келіп жатқандар өте көбейіп кетті. Тіпті, оны Астананың өзінен де көруге болады. Сонымен бірге Қазақстан Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқандықтан, көші-қон бағыттарының тоғысқан жеріне айналып отыр.
Дегенмен, миграциялық саясат тек экономикалық қажеттілікпен шектелмеуі тиіс. Мемлекет үшін ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тұрақтылық және әлеуметтік келісім де маңызды басымдықтар ретінде қала береді. Сондықтан, кез келген ел сияқты Қазақстан да өзінің көші-қон саясатын ұлттық мүддеге сәйкес жүргізуге ұмтылады. Дегенмен, қазіргі күндері ұлттық мүдде жайына қалды. Ол әрине, биліктің өте дәрменсіздігінен.
Көші-қон проблемасында ең маңызды факторлардың бірі – демография. Егер халық саны тұрақты өсіп, еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі жеткілікті болса, сырттан жұмыс күшін көптеп тартуға қажеттілік кемиды. Ал керісінше жағдайда кейбір салаларда шетелдік мамандарға сұраныс пайда болуы мүмкін. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада елдің демографиялық әлеуетін нығайту ерекше маңызға ие.
Қазақстан халқының саны соңғы жылдары өсіп келе жатқанымен, өңірлер арасындағы демографиялық айырмашылық сақталуда. Кейбір облыстарда халық саны қарқынды артса, кейбір өңірлерде тұрғындар санының баяу өсуі немесе кемуі байқалады. Мұндай теңгерімсіздік ішкі көші-қонды тиімді ұйымдастырудың маңызын көрсетеді. Елдің еңбек күші жетіспейтін аймақтарына ішкі қоныс аударуды ынталандыру сыртқы миграцияға тәуелділікті төмендетудің бір жолы болуы мүмкін.
Көші-қон жағдайын қарастырғанда экономикалық қырын да ұмытпау керек. Кейбір салаларда шетелдік мамандар жаңа технологиялар мен тәжірибе алып келеді. Инвестиция тартуға, өндірісті дамытуға және кәсіпкерлікті кеңейтуге үлес қосатын шетел азаматтары, тіпті, қандастарда бар. Мемлекет үшін маңыздысы – келушілердің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, еңбек нарығын қорғау және заңсыз көші-қонның алдын алу.
Әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктеме де назардан тыс қалмауы тиіс. Егер көші-қон көлемі жоспарланбай өссе, тұрғын үй, білім жүйесі, денсаулық сақтау және коммуналдық қызметтерге қосымша қысым түсуі мүмкін. Сондықтан көші-қон ағындарын есепке алу, тіркеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды дамыту маңызды міндеттердің керектісі болып саналады.
Қоғамдық келісім жағдайы да ерекше назар аударуды қажет етеді. Кез келген қоғамда заңның үстемдігі, мемлекеттік тілдің мәртебесі және ортақ азаматтық құндылықтар әрқайсына бірдей талап ретінде сақталуы қажет. Бұл қоғамның тұтастығын нығайтуға қызмет етеді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көші-қон саясатының табысты болуы ең алдымен оның тиімді жүргізілуіне байланысты. Шекаралық бақылауды жетілдіру, еңбек мигранттарын заң аясында тіркеу, заңсыз жұмыспен қамтуға жол бермеу, цифрлық бақылау жүйелерін енгізу және еңбек нарығына нақты талдау жүргізу – көші-қонды тиімді реттеудің маңызды құралдары.
Сонымен бірге, жастардың елден кету себептерін төмендету де стратегиялық маңызға ие. Бәсекеге қабілетті экономика, сапалы білім, әділ еңбек нарығы, тұрғын үйге қолжетімділік және кәсіпкерлікке қолдау көрсетілсе, ел азаматтарының өз болашағын Қазақстанмен байланыстыру ықтималдығы арта түседі. Демографиялық тұрақтылық тек сырттан келушілердің санымен емес, ең алдымен өз азаматтарының елде өмір сүріп, еңбек етуге деген ынтасымен өлшенеді. Осы орайда, қазіргі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ешқандай атқарып отырған жұмысын қарастырып таба алмадық. Мүмкін болса, құрметті билік иесі, осы министрліктің жетекшісін және орынбасарын алдағы тамыз айында үкіметті жасақтағанда орындарынан босату керек шығар.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның мигранттар мемлекетіне айналуы немесе айналмауы алдын ала шешіліп қойған құбылыс демейік. Бұл елдің демографиялық дамуына, экономикалық саясатына, көші-қонды басқару сапасына және ұлттық мүддені басшылыққа алған мемлекеттік шешімдерге орай жүреді. Ашық экономика мен ұлттық қауіпсіздік, еңбек нарығының қажеттілігі мен қоғамдық тұрақтылық арасында теңгерім сақталған жағдайда көші-қон елдің дамуына оң әсер ете алады.
Ең бастысы – көші-қон саясаты қысқа мерзімді қажеттіліктерге ғана емес, ұзақ мерзімді ұлттық стратегияға негізделуі тиіс. Қазақстанның болашағы ең алдымен білімді, еңбекқор, заңға құрметпен қарайтын азаматтарының әлеуетіне байланысты. Ал тиімді басқарылған көші-қон саясаты осы әлеуетті толықтыратын құралға айналғанда ғана елдің тұрақты дамуына қызмет етеді.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz