Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 4960 1 пікір 23 Желтоқсан, 2022 сағат 14:37

Қара шаңырақ және көш

Қара шаңырақ исі қазақ үшін ұлтты ұйыстыратын, береке-бірлікке шақыратын, отбасы құндылықтарын сақтауда, жалғастыруда дәнекерлік рөлы өте жоғары қасиетті ұғым болып келеді.

Бұл дәстүр әсіресе, Қытай, Моңғолия, Иранда тұратын қандастарымыздың арасында жақсы сақталған. Олар елден ауа көшсе де, бұлғақ заманның талқысына түссе де, жасап жатқан елдеріндегі саяси, қоғамдық өзгерістердің тепкісіне ұшыраса да, дәстүрі  мен тілін, дінін бойтұмардай сақтап, ұрпағына аманаттап кетті. «Көп қорқытып, терең батыратын» мынау жаһандану заманында әлемнің елуге таяу еліне шашырап кетіп, тәуелсіздіктен кейін көк тудың астына жиылып, ұлттық бірегейлену үдерісін бастап кеткен Алаш жұрты үшін осы дәстүрді жаңғыртып, жаңаша сипат беріп, ұлттық иделогияның бір тетігіне айналдыра білсек құба-құп болар еді.

Ханнан қасиет қашпаған, билеріміз тура жолдан таймаған, билер институтында мұрагерлік механизмі қалыптаспаған көшпелілер заманына үңілсек, жақсылық пен жамандықты тең көтере білген, қайыршы, түрме деген отырықшы қоғамның дертін бойына дарытпаған арда қазақ сөзі мен ісі бір жерден шыққан, рудың ұйтқысы болған тұлғаның от жаққан ошағын өз кіндігінен тараған сенімді, опалы, көргенді бір баласына сеніп тапсырады. Көбінде сүт кенжеге таңдау түседі, бірақ, тұңғыш, ортаншы балалар да қағыс қалмайды. Өйткені, «Қой асығы демеңыз, қолыңа жақса сақа  тұт», деген дала демократиясы көшпелілердің өмір мен қоғамды танудағы, меңгерудегі шамшырағы болатын.

Ақсақалдың таңдауы тиянақтаған соң, ол отаудың мәртебесі дереу көтеріледі. Еншісін алып кеткендерден қалған мал-жанның иесі атанады. Қара шаңырақ табалдырығын аттаған абысын-келіндердің бәрі төрге озбай, иіліп сәлем қылады. Алыс-жақыннан келген сыйлы, мәртебелі қонақтар  сол үйдің іргесіне келіп, аттарын алдымен байлайды. Атүстіндегі азаматтар келелі кеңесін сол қара шаңырақтың төрінде отырып бастайды. Айналада болып жатқан үлкен-кіші дау-жанжалдар сол жерде талқыға түсіп, шешімін тауып жатады.

Қазақи ұғымда үш жүзге бөлінген қазақ тайпаларының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан әспеттеп, ардақтап сыйлайтын, тіпті, ұранына айналған қара шаңырағы бар. Ол жөнінде таратып, тамсанып айтылатын аңыз-әфсаналар жетерлік. Нақтырақ айтсақ, Қытай қазақтарында арысы - Тоғыз таңбалы Найманнан, берісі - Төлек Атайдың төрт баласын пұтарлап айтқанда, Абақ Керейдің он екі құрамын түгендегенде, Албанның алты тармағын жіңішкелегенде айтылған әңгіменің бәрі қара шаңырақтың өткені мен бүгініне барып тоғысады.  Осы дәстүріміздің арқасында ұлтымыз мына жаһандану заманында өз «менін» немесе кодын жоғалтпай отыр.

1982 жылы жаздың аяғына таман Пекин орталық ұлттар университетінен оқуға қабылдандың деген шақыртуды жайлаудағы жұртымызға үлкен ағам, марқұм Қаһарман Әлиасқарұлы түнделетіп жеткізді. Ол заманда машина деген некен-саяқ, негізгі қатынас көлігіміз мініс ат пен арба болатын. Әке-шешем қуаныштан жарыла жаздап, айналадағы көрші-қолаң, туыс-туған, құда-жұратты шақырып, бір қойын атап сойып, жолға шығарып салды. Бір белден аса бергенімізде Нүсіпбек ақсақал артымыздан қуып жетіп: «Асеке (әкем Әлиасқарды ел осылай атайтын) алысқа аттанған мына баламды Қарабидің (Найманның Есіргеп биі) қара шаңырағынан дәм татырмай қалай жібереміз? Аудан бойынша дара шапқан бала екен, Қараби бабамыздың аруағы жат жерде жебеп жүрсін!» - деп уәж айтты.  Аттың басын бұрдық. Қара шаңыраққа кіріп, құран оқытып, дәм ауыз тиіп барып сапарды жалғастырдық. Бұл сәт менің бала жүрегімде мәңгілікке сақталып қалды. Содан бастап жыл сайын туған жерге келгенімде міндетті түрде сол қара шаңыраққа сәлем беріп шығу  әдетіме айналды.

2014 жылы үлкен ұлым Баршын Омарәліұлы Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін бітіріп, ҰБТ-дан жоғары бал жинап, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне грантпен қабылданды. Бұл кез елге келіп есімізді жиып, алыс-жақындағы туыстарымыздың денін атамекенге көшіріп алғамыз. Ұлымның жаңа өмірі басталып жатыр. Әулетіміздің Алматыға келіп, өмір есігін ашқан алғашқы буынының өкілі жаңа өмірге жолдама алғалы тұр. Сонымен жұмысымды бір аптаға тоқтата тұрып, отбасымды ертіп, Қытайға тартып кеттім. Әуелі, Құлжа қаласында тоқтап, балаларымның нағашы атасы мен апасының басына құран оқытып, дұға бағыштадық. Одан соң, Құйтындағы нағашыларына еру болып, Үрімшіге аялдап, шешесінің оқыған, қызмет істеген жерін көрсеттік. Одан ары Корла қаласына қона жатып, шешелері туып-өскен қаланы саяхаттадық. Ертесі Тәңіртаудан тағы бір рет асып, Күнеске келіп ат суыттық.

Бұл жерде әйгілі Таңжарық Жолдыұлының тетелес інісі, жолдасы болған, ақын шығармаларының насихатшысы, іздеушісі атанған, Іле өңіріне танымал ағартушы Ырымбек Сарқұлжаұлының қара шаңырағына бас сұғып, құран оқытып, дұға бағыштадық. Қызай (Күнбүбі Бәйдібекқызы) анамыздың қара шаңырағы кенжесі, Дербістен жалғасып Тұрды Әбілғазы деген кісіге жеткен екен. Сол отбасыға жол-жосынымызбен арнайы барып, қара шаңыраққа деген құрметіміз бен ықыласымызды білдірдік.

Ертесі сапарымыз менің туған жерім Тоғызтарау ауданында жалғасты. Өзімнің балалық шағымның ізі қалған Бессала мен Тайтуғанды, Ағарсын ауылындағы мектепті көрсеттім. Өзім алғаш жоғары оқуға аттанғанда батасын беріп, ақ жол тілеген Нүсіпбек ақсақалдың отауына арнайы бардық. Найманның биі ретінде көптеген аңыз бен қиссаға  арқау болған, Қытай, Орыс жылнамаларында есімі қалған, Түркістандағы Қожа-Ахмет мешітінің жанындағы қорымға асыл тәні ардақталып қойылған Есіргеп Жаңғабылұлының (Қараби) қара шаңырағын ендігі жалғастырушысы Нурибек Мұсабекұлы тәуелсіз елдің екі тумасы мен ерлі-зайыпты екі жекжатын құшақ жая қарсы алды. Ендігі кезекте бұл күнде әйгілі саяхат орталығына айналған Көлденең жайлауына барып, Ілеге Қызайларды бастап келген әйгілі төрт бидің бірі, ел арасында атақты Сасан биге арнап «Айғыр сойған Сәттібай би» атанып кеткен, сүйек қуғанда төртінші атам болып келетін Сәттібай бидің қара шаңырағына ие болып отырған Құлжабай Ағәділ ағамыздың үйіне барып зиратымызды жалғастырдық.

Бұл сапардан балаларымның не сезіп, не түйсінгенін, қандай ойға келгенін білмеймін, бірақ, әкелік борышымды өтедім деп ойлаймын! Олар да есейіп-ержетіп, толысып, кемеліне келген кезінде әкелерінің арманы мен алаңын, бөлініп-жарылған Қазақтың тағдыры мен тауқыметін сезініп, түсінер, келешегі мен көкжиегі туралы ойланар деп үміттенемін.

Тарихшы Нәбижан Мұқаметқанұлы: «Ұлт бірегейленбей мемлекет нығаймайды. Бұл – аксиома», деп атап өткендей, Жаңа Қазақстан бұрынғы биліктің қырық темірдің қылауынан «Қазақстандық ұлт» жасаймын деген қияли фантазиясын ұмытып, ұлттық бірегейлену мен отарсыздандыру үдерісін шындап қолға алса, қазіргі шиленіскен әлемдік гео-саясат пен тайталасқан ішкі тарыстың тамырын тап басар еді. Ұлттық бірегейлену үдерісі басталғалы отыз жыл болды, ауыз толтырып айтатындай нәтиже бар дегенмен, кемшілік пен іркілісте жоқ емес. Жаңа Қазақстан осы бағыттан ешқашан ауытқымайды. Өйткені жиналған тәжірибе мен жолға қойылған идеология жұрт жүрегіне жол тапты. Көштің қажеттілігі мен маңыздылығы әр қазақтың көкірегінде сайрап тұр. Енді қазақ көшінің саны мен сапасын арттыру, көкжиегін кеңейту әр қазақтың парызы!

«Тарам-тарам жолдың бәрі меккеге бастап барады» дегендей сол жолдың бір тармағы әрі деңі қазақ санасындағы қара шаңырақ ұғымы болса керек. Сол ұғымды заманға сай жаңғырту, руға бөлініп, ескіні аңсау емес, дәстүрді ұлт мүддесіне қарай бейімдеу, айналысқа түсіру болып табылады. Әр тайпаның, әр рудың мақтанышына, символына айналған қарашаңырақ иелерін атамекенге көшіріп келсек, біраз қауымның қозғалуына түрткі боламыз. Тіпті бәсеке десе барын салып, қатарынан қалуды намыс көретін ақеділ, аңқау халқымыз жапатармағай атсалысатын шығар?! Қазақ көші дәстүрлі құндылықтармен көмкеріліп, қуаттанса ісіміз игі, көшіміз көлікті болары сөзсіз. Әрине, ата-бабаларымыз «аруақты жерден ат үркеді», «Шөп шыққан жеріне шығады» деп, тәлім бермеп пе еді!?

Айтпақшы, әңгіме басында айтылған Қараби (Есіргеп Жаңғабылұлы) бабамыздың қара шаңырағына  бас болып отырған Нұрибек Мұсабектің ұлы Өркен биыл көктемде үшінші ел арқылы Алматыға келіп орналасты. Сонымен Қараби бабамыздың қара шаңырағының бір уығы елімізде шаншылды. Біраз жылдың алдында атам Әділбектің қара шаңырағын ұстап отырған Сырайыл Әлқанұлы Шелекке отбасымен көшіп келіп, ортамызды толтырған. Енді амандық болса, шекара ашылып жатса,  Сәттібай бабамыздың қара шаңырақ иелерімен қауышамыз деп үміттенемін.

Шетелде қалып қойған бар қазақтың қара шаңырағы атамекенде көтеріліп, түтіні түзу ұшсын деп тілейік!

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052