Өнермен өрнектелген ғұмыр
Фарида Мерхамитқызы тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, ел еңсесін тіктеп, азаттықтың ақ таңы енді ғана арайлап келе жатқан тұста атамекенге табан тіреді. Жиырмадан жаңа асқан, жүрегі жалын атқан, арманы асқақ жас қыздың көкірегінде бір-ақ тілек бар еді: «Жас мемлекетімнің іргесі бекіп, керегесі кеңеюіне мен де титтей болса да үлес қоссам» деген адал ниет.
Кешегі баба жұртына осындай сеніммен оралған сол қыз бүгінде ұлттық сән мен дизайн өндірісінің көшін бастаған қайраткер тұлғаға – ел мақтанышына айналды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Мәдениет ісінің үздігі» , «Құрмет “орденінің иегері» атанды.
Фарида Мерхамитқызы Тарбағатайдың күнгейбетіндегі көне Жібек жолының бойында жатқан шекара шаһары – Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласында зиялы отбасында дүниеге келді.
Тарбағатай аймақтық №2 орта мектебінде оқып, белгілі ұстаз, ақын Қыдырхан Мұқатайұлы бастаған әйгілі ұстаздардың тәлімін алып, онжылдықты үздік тәмамдайды. 1983 жылы бүкілқытайлық біртұтас емтиханнан үздік нәтиже көрсетіп, Шынжаң педагогикалық университетінің география факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдары тек мамандық игерумен шектелмей, шығармашылық топтарға белсене араласып, өзін жан-жақты шыңдайды. 1988 жылы университетті қызыл дипломмен бітіреді. Сол жылы маусым айында Шыңжаң ғылым – техникалық баспасына редактор-аудармашы болып қызметке орналасады.
Баспада жүріп көрнекті баспагер, аудармашы Хәкім аға Әкімжанұлы секілді аға буын мамандардан тағылым алады. Ғылыми энциклопедияларды аударып, түрлі тақырыртағы ғылми-техникалық кітаптарды редакциялап, аз жылда ұжымның тірегіне айналады. Бірнеше кітаптың аудармашысы, редакторы атанады. Сөздің салмағын, ойдың жауапкершілігін сонда жүріп бойына сіңірді.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған сәт шетелдегі қазақтың жүрегін дүр сілкіндірді. Атажұртқа деген сағыныш үмітке ұласты. Сол толқынның ішінде Шыңжаңдағы қазақ жас интеллигенциясының өкілдері – жас ғалым, IT маманы Талғат Мамырұлы мен баспагер-аудармашы Фарида Мерхамитқызы да бар еді.
1992 жылдың көктемінде Қазақстан Достық қоғамының төрайымы, мемлекет және қоғам қайраткері Жібек Әмірханова Шыңжаңға сапарлап барып, Үрімжіде қазақ жастарының өкілдерімен кездеседі. Ол елге шақырып, тәуелсіз мемлекеттің өркендеуіне үлес қосуға үндейді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі қандастарды атамекенге оралуға шақырған үндеуін жеткізеді. Бұл кездесу талай жастың тағдырын айқындаған бетбұрыс болды.
Сол уәде орындалып, 1992 жылдың күзінде жас жұбайлар атамекенге көшіп келеді. Фариданың атақоныстары – Шығыс Қазақстан өңіріндегі Мақаншы топырағы (қазіргі Абай облысы). Арғы аталары 1870-жылдары тағдыр тәлкегімен (Ресейдің қысымынан) Шәуешекке ауа көшіп, сол жақта тұрақтап қалған екен.
Әулет шежіресін тереңнен тартсақ, Фариданың әулеті – өнер мен білімді қатар ұстаған шаңырақ. Арғы атасы Құрманбайдан Байкенже, Мұхамеджан, Ахметжан атты үш ұл тарайды. Құрманбай көзі қарақты, ескіше сауатты кісі болған.
Әулет ішінен сауда керуенін басқарған іскерлер де, әйгілі математик, ағартушы, алғашқы баспагерлердің бірі болған руханият жанашырлары да шыққан.
Үлкен ұлы Байкенже мәнжурше сауаты болып, Шәуешектегі Жамбылда (жергілікті ұлық мекемесі)іс жүргізушісі, шабарман қызметін атқарған. Содан ел ішінде «Шабарман» атанып кеткен. Пекинде сол тұстағы Қытай билеушісі Юань Шыкайдың таққа отыру салтанатына (1916 жылдары ) қатысқан екі қазақтың бірі – осы Байкенже, екіншісі – Алтайдан барған Зәкәрия төре еді.
Екінші ұлы Мұхамеджан да сауатты, шаруаға епті, іскер жан болған. Шәуешек пен Семей арасында мал саудасын жүргізетін керуенді басқарған. Мұхамеджанның екінші ұлы Абдолла Құрбанов Шәуешек гимназиясында математикадан сабақ берген әйгілі педагоктардың бірі болған, ал үшінші ұлы Тұрсынғали Құрбанов – Шыңжаңдағы алғашқы баспагерлердің бірі, 1950 жылдары Шыңжаң жастар баспасының алғашқы редакторларының бірі .
Мұхаметжанның үлкен ұлы Қабыл – сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз, сері адам болған деседі. Осы Қабылдан 1939 жылы Мерхамит дүниеге келеді. 1925 жылдардан бастап Қазақстанда Алаш зиялыларына қуғын-сүргін басталады, солардың біраз бөлігі Қытайға соның ішінде іргедегі Шәуешек қаласына барып қоныстанады да, олар сол өңірдегі тұрғылықты қазақ зиялылары мен ауқатты қауыммен тығыз бірлесіп, жаңаша мектеп, өнер мәдениет ошақтарын ашып, өте маңызды ағартушылық жұмыстар атқарады, Сол тұста Шәуешек бүкіл Шынжаңдағы алғабасар істердің көш басшысына айналған өңір болады. Шәуешек орыс, өзбек, манжұр, сібе-солаң және татар, ұйғыр халықтары аралас қоныстанған қала еді . Сол себептен Шәуешекте татар мәдениетінің де өзіндік ықпалы бар болатын. 19-ғасырдың орта шенінен ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін шекарадағы Шәуешекке татар саудагерлері мен оқығандары топтасып, саудамен айналысып, татарша мектеп ашып, мәдени орта қалыптастырады. Құрбановтар отбасы татарлармен тығыз араласты. Бұл орта Мерхамиттің музыкаға құштарлығын арттырды, баян аспабын аса үлкен ынтамен үйренеді. Оның үстіне әкесі де мандолина тартып, скрипкада ойнаған үлкен музыкант болатын.
Алайда тағдыр оны ерте сынады. Он жасында әкеден айырылған Мерхамит өмірдің ащы-тұщысын ерте тартты. Соған қарамастан мандолина, скрипка, аккордеон, баян аспаптарын жанындай сүйіп өсті. Шәуешек гимназиясында оқып жүргенде-ақ аймаққа өнерпаз ретінде аты кеңінен танылды. «Оның аккордеон мен баянға көңілі алабөтен еді» дейді сонда бірге оқыған қатарлас достары.
1945- 1953 жылдары Абдолла Құрбанов Шәуешек гимназиясында ұстаздық етсе, ағалы-інілі Тұрсынғали (көрнекті әдебиетші, ғалым, Шыңжаңдағы қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі), Қабдолла және Мерхамит достары Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов бәрі бір сыныпта оқыды .
1956 жылы гимназияны үздік бітірген Мерхамит Бейжің педагогикалық университетінің физика факультетіне оқуға қабылданады. Бұл кезде қазақ баласының Пекинге оқуға түсуі сирек құбылыс еді. Студенттік жылдары өнерімен де, мінезімен де құрметке ие болды. Бейжің консерваториясының атақты профессоры арнайы шақырып, консерваторияға ауысуға кеңес береді. Бірақ ол физика мамандығын жалғастырып, 1961 жылы оқуын тәмамдайды.
Кейін Шыңжаң институтының жанындағы тәжірибе орта мектебінде ұстаздық етеді. Одан соң Тарбағатай аймақтық үкімет аппаратына аудармашы болып ауысады. Саяси науқандар кезінде қудалауға түсіп, елдегі жағдай оңалғанда мәдениет саласына қайта оралады.
1978-1993 жылдары Тарбағатай аймағының мәдениет саласына басшылық қызыметке келіп, өңірдің мәдениетін көтеруге зор үлес қосады. «Қазақтың 100 әні», «Қазақтың 100 күйі» антологияларын құрастырады.
«Ел іші – өнер кеніші» қағидасымен ауылдарды аралап, жас таланттарды жинап, Іле көркемөнер мектебіне, Шыңжаң көркемөнер институтына, Бейжің мен Шанхай консерваторияларына жіберіп, тәрбиелеп шығарады. Солардың қатарында Гүлнар Абдуллақызы, Ахан Бақшайұлы, Даму, Еркін Ерген, Жанат Тоқтасын, Құрманбек Әлімғазы, т. Б-лар бар.
Шәуешекте мәдениет басқармасының жанынан «Дүбек» ансамблін құрып, аймақ мәдениетінің ұйытқысына айналдырды. Ал Фариданың анасы Батима Бекетайқызы да жоғары білім алған, қазақ әйеліне, анасына тән ізгі қасиетімен елге сыйлы зиялы ана, Фарида отбасының тұңғышы болған соң қазақы дәстүрі бойынша әжесі оны қырқынан шығар-шықпастан етегіне салып, бауырына басады. Осылайша ол әжесі Тұрсынбүбі Нөкебайқызының тәрбиесінде өседі. Марқұм Әжесі де сөз ұстаған шешен, он саусағынан өнер тамған шебер кісі еді. Біздің кейіпкеріміз міне осындай отбасында 1966 жылдың 22 ақпанында дүниеге келеді. Әне сондай өнегелі, өнерлі, талапшыл отбасында өскен Фарида бала күнінен талғам мен тәртіпті қатар бойына сіңірді. Әкесінің қатаң талабы, суретшілік, эстетикалық талғамы оның кейінгі жолына ықпал етті.
Алматыға алғаш келген жылдары біраз уақыт шетелдіктерге қазақ тілінен сабақ бере жүріп, өзі жобалап, ою-өрнегін өзі салып, өзі тігіп жасаған алғашқы екі авторлық костюмін сауда орындарына өткізеді. Бірте-бірте сұраныс көбейеді.
1997 жылы бизнес-жобасын жасап, Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығына ұсынады. Жоба мақұлданып, сол тұстағы дағдарыс салдарынан тығырыққа тіреліп жабылып қалған зауыт-фабрикалардың жұмыссыз қалған білікті мамандары жұмысқа тартады. Осылайша шағын шеберханада басталған шағын кәсіп жүздеген адам еңбек ететін «Ерке-Нұр» фабрикасына айналды, бюджет қоржынына қомақты салық құйды, сол тұстағы еліміздегі ең қиын әлеуметтік мәселе халықты жұмыспен қамтуда елеуілі үлес қосты. Фабрика қазақтың ұлттық киім негізінде заманауи стиль қалыптастырды. Еліміздегі көптеген театр ұжымдарын, өнер адамдарын жаңа стильдегі ұлттық киіммен қамтамасыз етті. Сонымен қатар «Еркенұр» сән театрын және сән журналын шығарып , қазақы ұлттық ким мен төл мәдениетімізді насихаттауға аса көп еңбек сіңірді
«Еркенұр» сән театры 2000 жылдардың бас шенінде Голландия, Бельгия, Франция, АҚШ, Түркия, Қытай, Жапония қатарлы елдердің үлкен саханасында қазақы нақыштағы ұлттық костюмдердің коллецияларын көрсетілімге шығарып, Қазақ киім өнерін тұңғыш рет әлемдік деңгейде насихаттады, Қазақтың әдемі де әсем киім мәдениетін әлемге паш етіп шетелік қауымды тамсандырды.
Фарида Мерхамитқызының шығармашылық өнері, табанды да қажырлы еңбегі оны жалпақ жұртқа танымал, қалаулы тұлғаға айналдырды. Мемлекет басшыларының бірқанша мәрте қабылдауында болып, биік мінберден елімізде кәсіпкерлікті, отандық өндірісті дамытуға ,қазақ халқының, Қандастардың тағдырына қатысты қаншама өзекті мәселелерді дүркін-дүркін көтеріп, қауымның алғысына бөленді. «Аманат» партиясының орталық саяси кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы саяси кеңесі мүшесі ,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, басқарма мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты. 2021-2024 жылдары Алматы қаласы әкімі жанындағы әйелдер мен балалар ісі жөніндегі коммисияның мүшесі ретінде, респуликаның және Алматы қаласының әлеуметтік және мәдени-рухани дамуына айтарлықтай үлесін қосты, ұлттық мүддеге қатысты қаншама өзекті мәселелерді көтерді. «Шарапат» қайырымдылық қорын құрып, сол арқылы көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. 2011 жылы Қазақ көші-қонына байланысты ұлттық авторлық жобаны даярлап, шетелдегі қазақ көші-қоны мен ішкі көші-қонның жаңа концепциясын үкіметке ұсынды. Қытайдағы қандастарға көп мәртелі виза мәселесін көтерді. Қазақстан Президентінің жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде отбасы институтына, ана мен бала құқығына байланысты өзекті мәселелердің шешім табуына мұрындық болды.
2012 жылы сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың ұсынысымен Семей қаласының іргесіндегі Курчатов қаласына Қытайдан жүз отбасын көшіріп әкеліп, қоныстандырды.
Фарида Мерхамитқызы осындай еңбектерінің нәтижесінде , ел Президентінің «құрмет» гарматаларымен бірнеше мәрте марапатталса, 2013 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Мәдениет ісінің үздігі» атағын алса, 2025 жылы «Құрмет» орденінің иегері болды .
«Өнерілі – өрге жүзеді» деген дана сөз бар. Сол өнерін өмір бойы серік етіп, еңбегімен елге өрнек салған Фарида Мерхамитқызының әйгілі Шәуешек жерінен басталған ғұмыр жолы Қазақстаның мақтанышына ұласқан өнегелі дара жолына айналды.
Мерейлі мерейтой белесіне көтерілген Фарида Мерхамитқызына мықты денсаулық, қажымас қайрат, толассыз шабыт тілейміз. Өмір жолы – өнеге, еңбегі – ұрпаққа үлгі, өнері – асыл мұра болсын!
Сержан Сәрсенбайұлы
Abai.kz