"Біздің азаматтар қаңтар оқиғасына қатысқан жоқ"
Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Қаңтар оқиғасына шетелдіктердің қатысқаны жайлы қазақстандық прокурордың сөзін теріске шығарды. Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов 5 қаңтар күні Мәжілісте Қаңтар оқиғалары бойынша тергеу қорытындыларын мәлімдеген болатын.
Ол Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтарының жаппай тәртіпсіздікке қатысқанын айтқан.
«Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов бүгін парламенттік тыңдауда 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздікке Қырғыз Республикасы азаматтарының қатысқаны жайлы мәлімдеме жасады. Осыған байланысты министрлік Қырғыз Республикасы азаматтарының қаңтар оқиғаларына қандай да бір қатысы барын түбегейлі жоққа шығарады. Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша қылмыстық істерді тергеу кезінде Қырғызстанның екі азаматы шартты мерзімде жаза өтеу түрінде жауапқа тартылды. Бұл азаматтар өздеріне тәуелді емес мән-жай бойынша кездейсоқ жеке эпизодқа тартылды», - деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде.
Министрлік Қырғыз Республикасының басқа азаматтарының жауапкершілігі мен кінәсі дәлелденбегеніне баса назар аударды.
«Қырғызстанның бір де бір азаматы Қазақстандағы митингілерге, жаппай тәртіпсіздік пен тонауға қатысқан жоқ. Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі және Қырғызстанның шет елдердегі мекемелері 2022 жылғы қаңтар оқиғасында Қазақстандағы Қырғыз Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізді, оның ішінде 600-ден астам қырғызстандық жедел түрде эвакуацияланды», - дейді министрлік.
Abai.kz