Қоспаевтың қылмыстық тобына іздеу жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігі Елдос Қоспаевтың үйлестіруімен рейдерлік әрекет жасады деген күдікке ілінген ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 мүшесіне іздеу жариялады.
Елдос пен Айдос Қоспаевтар, Ерлан Имашев, Руслан Шалин, Оксана Кудряшова, Алексей Кузнецов тергеуден жасырынып жүр.
Еске сала кетейік, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы күш қолдану және қорқыту арқылы алматылық кәсіпкерлердің мүлкін, серіктестіктердегі үлестерін тартып алып, көлеңкелі кәсіпкерлікпен айналысқан.
«Рейдерлік шабуылдар бойынша сотқа дейінгі тергеу және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар адамдарды анықтау жалғасуда. Іздеудегі адамдардың қайда болуы мүмкін екендігі туралы ақпараты бар адамдарды ҚМА сенім телефонына хабарласуды сұраймыз», - деп жазды ведомстводан.
ҚМА байланыс телефондары: 8 (7172) 708-478, 8 (727) 279-29-56. Ақпарат берген адамдарға сыйақы қарастырылған.
2019 жылғы 4 наурызда Алматы қаласында Қоспаев өзінің сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 млн теңге салған «Profit Trade Ltd» ЖШС иелерін өз үлесінің 40% -ын ҰҚТ-ның белсенді мүшесі Имашевқа жазып беруге мәжбүр етті. Бұрынғы басшыларды басқармадан шеттетіп, ҰҚТ мүшелері құжаттарды қолдан жасау арқылы қалған 35% үлесті иеленген. Компания алкоголь өнімдерін көтерме сатумен айналысып, тұрақты табыс тапқан.
Ал 2020 жылғы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн теңгеден астам инвестиция салған «Azovita Aktay» ЖШС мен «Azovita Atyray» ЖШС меншік иесінің өміріне қауіп төндіріп, ҰҚТ мүшелеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге көндірген.
Abai.kz