Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
2271 3 пікір 13 Қаңтар, 2023 сағат 12:46

Аркадаг қайта билігін күшейтуде

Түркіменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхамедов парламенттің жоғарғы палатасын қайта жойып, бір палаталы жүйені қайтаруды ұсынды. Бұл туралы 11 қаңтарда парламенттің бірлескен отырысында айтылды.

Ұсынысқа сәйкес, екі жыл бұрын ғана парламенттің жоғарғы палатасы деп жарияланып, төрағалыққа өлкенің сол кездегі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сайланған Халк Маслахаты (Халық кеңесі) қайтадан өз алдына бөлек орган болып қалады. Оған Конституцияны өзгерту, конституциялық заңдарды қабылдау, өлкенің ішкі және сыртқы саясатын анықтау секілді құқықтар берілетіні хабарланды.

Экс-президент жаңадан құрылатын Халк Маслахатының құрамы төмендегідей болуы тиіс деді: Халк Маслахатынын төрағасы, ел президенті, Мәжіліс төрағасы, Жоғарғы соттың төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Мәжіліс депутаттары, Министрлер кабинетінің мүшелері, Адам құқықтары бойынша арнайы өкіл, бас прокурор, әділет министрлігі, аудан және қала әкімдіктерінің басшылары, Халк Маслахатының аймақтардағы бөлімдерінің, жергілікті билік өкілдері, саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сонымен бірге ақсақалдар.

Сонымен бірге сол күні мемлекеттік БАҚ Гурбангулы Бердімұхамедовтің және оның ұлы, қазіргі президент Сердар Бердімұхамедовтің жарлығы мен тоқтамын жариялады.

Бейресми деректер бойынша Гурбангулы Бердімұхамедов "абсолюттік билікті" қайта өз қолына алу үшін бұл реформа жөнінде 2022 жылы қайта ойлана бастаған.

Abai.kz

3 пікір