Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3929 0 пікір 20 Наурыз, 2013 сағат 04:00

Алма Мұхамеджанова. Бетпақдаланы алтын далаға айналдырған

Ұзақ жылдар бойы аса құпия ақпарат иесі болған, 100-ден аса алтын қорын тапқан геолог-қазақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дубек Дүйсенбеков туралы бір үзік сыр

 

Қойнауындағы толы қазынаның нағыз иесінен айырылып, сарыала мұңға батып, Бетпақдала қалды артында. «Шөл дала әбден эрозияға ұшырағаны сонша, ондағы пайдалы қазбалардың өзі тот басып шіріп кеткен, егер бірдеңе қалған күнде де өндіруге тұрмайтын тек ұсақ түйіршіктер ғана» деген баға берген геологиялық әлем­нің ғалымдарының қатал үкімінен кейін Бетпақдала сол өлі күйінде жата берер ме еді, егер Дубек Дүйсенбеков болмағанда.

Бүгінде Бетпақдала Алтын далаға айналды. Үлкен зауыт салынып, жарқыраған жолдар тартылды. Мемлекет қоржынына алтын құйылуда. Мұнай мен газдың бағасы халықаралық нарықтардағы ахуалға тәуелді екені белгілі. Ондағы мұнайға деген сұраныс бір күнде түсіп кететін болса, «қара алтынның» құны да көк тиын болып қалады. Ал нағыз алтын құнын жоғалтпайды, мемлекеттің байлығы алтынмен есептеліп, оның қоры алтынмен салмақталады. Дубек ақсақал сол мол алтынмен елін, мемлекетін қамтамасыз етіп кеткен алып тұлға болды. Мұны біреу білсе, біреу білмейді, білгенімен мойындағысы келмейді.

Ұзақ жылдар бойы аса құпия ақпарат иесі болған, 100-ден аса алтын қорын тапқан геолог-қазақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дубек Дүйсенбеков туралы бір үзік сыр

 

Қойнауындағы толы қазынаның нағыз иесінен айырылып, сарыала мұңға батып, Бетпақдала қалды артында. «Шөл дала әбден эрозияға ұшырағаны сонша, ондағы пайдалы қазбалардың өзі тот басып шіріп кеткен, егер бірдеңе қалған күнде де өндіруге тұрмайтын тек ұсақ түйіршіктер ғана» деген баға берген геологиялық әлем­нің ғалымдарының қатал үкімінен кейін Бетпақдала сол өлі күйінде жата берер ме еді, егер Дубек Дүйсенбеков болмағанда.

Бүгінде Бетпақдала Алтын далаға айналды. Үлкен зауыт салынып, жарқыраған жолдар тартылды. Мемлекет қоржынына алтын құйылуда. Мұнай мен газдың бағасы халықаралық нарықтардағы ахуалға тәуелді екені белгілі. Ондағы мұнайға деген сұраныс бір күнде түсіп кететін болса, «қара алтынның» құны да көк тиын болып қалады. Ал нағыз алтын құнын жоғалтпайды, мемлекеттің байлығы алтынмен есептеліп, оның қоры алтынмен салмақталады. Дубек ақсақал сол мол алтынмен елін, мемлекетін қамтамасыз етіп кеткен алып тұлға болды. Мұны біреу білсе, біреу білмейді, білгенімен мойындағысы келмейді.

Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы Маңғыс­тау облысында өткен жастармен кездесуінде белгілі бір адамдардың маңдай терімен келген еңбекті бүгінде оп-оңай өзгелер иемденіп, рахатын көріп жатқаны туралы әңгіме қозғап, жастарды ондай «дайын асқа тік қасық» болудан аулақ болуға үндегені есімізде. Атақты геолог, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дубек Дүйсенбеков ақсақал 45 жылғы өмірін дала кезіп, жер қойнауындағы кендерді зерттеуге арнаса, оның 35 жылын Бетапақдалада өткізді. Табиғаты қатал Бетпақдалада қысы-жазы іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жер асты қабаттарын сантиметрлеп өлшей жүріп, қойнаулардың алтын өзегін бірінен кейін бірін ашқан геолог «хрущевка» үйдің үш бөлмесіне өмірінің соңғы он жылында ғана қол жеткізген. Шет елде болса, мұндай адамдардың үрім-бұтағына дейін миллиардер болар еді. Алтын даланың құлағын ұстап отырған бүгінгі ұрпақ кімге қарыздар екенін білсе ғой.

Ал, Дубек Дүйсенбековке құла дүз Бетпақдаланың асты алтын қоймасы екенін, оның болашақта ел қазынасына айналатынын дәлелдеу оңай болмаған. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейін «өлі дала» деп саналып келген ұзындығы 700, ені 200 шақырымға созылып жатқан Бетпақдала (Шу мен Жезқазған арасы) қойнауында алтынның көмбесі бар дегенге ешкімнің де сенгісі келмеген. Тек Дүйсенбеков қана сұры қашқан даланың қойнауында тығулы жатқан мол қазына бар екеніне ішкі бір түйсік арқылы сенді. Ол жер асты қабаттарының әрбір бүлкілін сезіп, оны жүрегімен қабылдайтын.

Бетпақдалада ірі үш геологиялық партия алтынды барлау, іздестіру жұмыстарымен айналысып, бірінен кейін бірі «Бетпақдала - өлі дала» деген диагноз қойып, ары қарай зерттеу­ден бас тартып, кейін қайтқан. Тек Оңтүстік Қазақстан геологиялық экспе­дициясының аға геологы Дубек Дүйсенбеков қана алтынды талмай іздестіре берді. Тіпті, оған жұмысты тоқтат деген бұйрықтар да берілді. Ондай кезде бұрғышылар жұмысты тоқтатқан болып, тыныс алатын да, басшылардың демалысқа кетуін күтетін. Өйткені, бұрғышылар Дүйсенбековке сенетін, ол қолға алған іс өз жемісін бермей қоймайтынын білетін.

1969 жылы Дубек ақсақал бүгінгі атақты Ақбақай алтын кенішін ашты. Ол кезеңдерде стратегиялық маңызы бар мұндай жаңа ашылулар халыққа жария етілмейтін. Сондықтан да, бәрі құпия, жасырын болды, ешкімге жарияланбады. Қанша жерден жасырып-жапқанымен, ғасырдың алапат жаңалығы жер шарын шарлап кетті. Қа­зақтың Бетпақдаласында үлкен алтын кенішінің ашылғаны жайында әлем­ге Американың «Голос Америки» ра­дио­­с­тан­сасы жар салды. «Батыс Балқаш аймағынан әлемдегі алтын қорының үлкен бір бөлігі табылды» деп таралған хабардан әлем құлағдар болғанымен, КСРО халқы мақұрым қалды. Ақбақай сол ірі алтын қорының бір ғана кеніші болды. Оның ерекшелігі - кеніштегі алтын желісі кейде бір тонна рудадан алты килограмға дейін алтын беретіндігінде. Ал қатардағы желілері 5-тен 20 граммға дейін алтын береді. Бір тонна руданы қазып шығарған кезде одан 3 грамм алтын табылғанның өзінде бұл мемлекет үшін рентабельді болып есептеледі. Алтынның мол қоры бар делінетін Африканың өзінде кеніштегі өзге рудалардың құрамындағы алтын бір тоннаға 3 граммнан-ақ келеді екен. Ақбақайдың ашылуы әлемге сенсация болғанының бір сыры осында жатса керек. Кейіннен Ақбақай кенішін алғашқы ашқан геологтың атын бекітуге байланыс­ты Мәскеуде өткен ресми шарада кенішті бірінші ашқан адамдар басқа да, Дүйсенбеков тек кеніштің атын беруші ретінде, алтыншы адам болып тіркеліп тұрғанын көреді. Алдында алтын тұрмақ тас та жоқ деп кеткен үш геологиялық пар­тияның басшылары тізімге ілігіпті. Мұндай әділетсіздікке шыдай алмаған Дүй­­сенбеков тізімді қайта қараңыздар деген талабына «жалақор, эгоист» деген жауап алады. Ақбақайға өздерінің еш қатысы жоқтығын өзге білмегенімен, өздері іштей білетіндіктен де болар, олар қайткен күнде де Дүйсенбековтен құтылуға жанталасса да, қарапайым да, білімді-білікті, әділетті геологтың ісінен мін таба алмайды. Бар қолдарынан келгендері - кандидаттық минимум тапсырар кезде бәрі жабылып, арнаулы емтиханнан құлатып, әр кездескен сайын «Егер біз сені жұмысқа алмасақ, сен Ақбақайды ашпаған болар едің» дегенді айтып қалады екен. Пендешілік деген осы болар.

Бірақ, мұндай алдынан шыға беретін қолдан жасалынған кедергілер мен тос­қауылдар Дубекті жасытқан емес. Өз ісін жақсы білетін, өзіне сенімді маманның ешкімге жалтақтамай, ешкімнің алдында жалбаңдап, жағымпазданбай тәуелсіз болатыны белгілі. Бар есіл-дерті алған білімін, бойындағы ізденімпаздық қасиетін елінің игілігіне жарайтындай етіп жүзеге асыру еді. Жасынан жетім қалып, интернатта өскен Дубек ағамыз алғырлығы мен бірбеткейлігінің арқасында мектеп бітіре салысымен 1947 жылы Мәскеуге барып институтқа оқуға түседі. Жарты жылдан кейін нан алатын карточкасын жоғалтып алып, амалсыздан елге қайтуға мәжбүр болады. Пойызға билет алуға ақшасы жоқ жетім бала, Қазақстанға дейін бірнеше тауарлы пойызы бар, басқасы бар, әр стансада ауысып отырып, қашып-пысып зорға жетеді. Алланың бұйрығы шығар, Мәскеуде басқа сала бойынша оқыған ол Алматыға келгенде стипендиясы жоғарылау тау-кен факультетін таңдап, оны 1953 жылы бітіріп шығады.

Қаныш Сәтбаевпен алғашқы кездесуі жайында әсерлене әңгімелегені есімізде. «Институтты бітіргеннен кейін геологиялық партияда жұмыс істеп жүріп, 1956 жылы өмі­рімдегі бірінші ашқан кенішім - бето­­нит­ті саз болды. Саздың кішкене бір бө­лі­­­­гін Алматыға алып келіп, өзімнің ұста­зым, академик Иван Иванович Бок деген кі­­сіге көрсеттім. Ол оны сол кездегі Ғылым ака­­­демиясының президенті Қаныш Сәтбаевқа апарып көрсетіпті. Сәтбаевқа саздың үлгісі ұнағаны сонша, белгісіз гео­лог­пен кездескісі келгенін айтқан. Ака­де­миктің кабинетінде көптеген белгілі ғалымдар отырды. Ал Қаныш аға болса менімен бір сағат бойы әңгімелесті. Осылай Андреев бетонитті саз кеніші ашылды» деген, ол алыста қалған жалындаған жастық шағының отты жылдарын көз алдына елестетіп.

Сол 1956 жылы Дүйсенбеков жұмыс істеген геологиялық партия жабылады да, ол жұмыссыз қалады. Академик Бок талантты шәкіртіне қолұшын бергісі келіп, Сәтбаевқа мұны аспирантураға қабылдау туралы өтініш апарып береді. Ғылым академиясының президенті болса, оны жыртып-жыртып, қоқыс салатын шелекке атып ұрып: «Сіз менің кадр­ларымды бұзбаңыз, іздестіру жұмыстарымен айналыссын», деп жауап беріпті. Кейіннен Дүйсенбековтің өзіне де «Дубек, сенде нағыз геологқа тән жер қойнауының бүлкілін сезе білетін ерекше қасиет бар. Сондықтан қажыдым деп, оқытушылық қызметке кетіп қалып жүрме. Қайткенде де алып кен орнын ашуға тырыс. Ол сенің қолыңнан келеді. Сонда ғана еліміздің дамуына үлкен үлес қоса аласың», депті. «Қаныш ағадай геологияда бір із қалдырсам» деген арман қанат берген жас маман 100-ден аса алтынның белгісі бар кен орындарын табады. Оның оншақтысы аса ірі кеніш деп есептеледі. Олар бүгінде мемлекеттің алтын қорында тұр.

«Классикалық халық әндерін өзі өте сүйіп салатын еді. Соның әсері ме, ашқан алтын кеніштерінің бәріне ол сол әндердің атын берді. «Ақбақай», «Бурылтай», «Мақпал», «Қаракесек», «Япурай», «Ақмаңдайлым», т.б. әндер Бетпақдаладан мәңгілік орын алды. Бір кеніштің аты «Ақсақал». Бұл Дүкеңе арнап қойылған ат. Ортаншы баламыз Думан қайтыс болған кезде Дүкең «Северный-Шуақ» деген кенішті баласының атымен атағысы келді. Содан бері ол «Думан-Шуақ» деп аталады. Ал «Ақсақал», «Бескемпір», «Кенжемский» деген кеніштердің алтын қоры «Ақбақайдағыдан» да ірі деп айтып отыратын», - дейді Қантай апай.

Қантай апай - Дубек ағамыздың жары, өмірдің ыстық-суығын бірге өткізген жан серігі. «Дубектің бүкіл саналы өмірі Бет­пақдалада өтті. Алматыға бес-алты айлап келмейтін кездері жиі болатын. Алтынның соңына түсіп, елімнің болашағы үшін қайткен күнде де үлкен қорды тауып беріп кетуім керек дегенді ол өзінің өмірлік се­рігіне айналдырып алғаны соншалықты, дү­ниенің бәрін ұмытып кететін, дейді Қантай апа әңгімесін жалғап.

Дубек ағамыз Бетпақдалада қазаққа бес ғасырға жететін алтын қоры бар екенін айтып кетіпті. Бүгінде игеріліп жатқаны оның 0,5 пайызы ғана болса керек. Егер көзін тауып, Дүйсенбеков алтынның өзегі бар деп белгі салып кеткен скважиналарды ары қарай зерттеп, іске жарата алатын болса, бүгінгі «Алтыналмас» АҚ-тың табысы зор болмақ. Бұл мемлекеттің қазынасын да табысқа кенелтеді деген сөз.

Жалғыз өзі мемлекет үшін алтынның осындай қорларын ашып кеткен Дубек Дүйсенбеков екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақстан Рес­­­­публикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бұдан да басқа бірнеше марапаттаулар мен сыйлықтардың иегері болуға лайықты Дүйсенбеков ешкімнің алдында күбіжіктеп, жағымпазданбайтыны, бетің бар, жүзің бар демей шындықты айтып салып, қарап жүретін бірбеткейлігі бар, әйтеуір, жоғары шенді ғалым-шенеу­ніктермен тіл табыса алмапты. Содан да болар, Кеңес Одағы кезінде Оңтүстік Қа­зақстан геологиялық экспедициясы оны екі рет Одаққа еңбегі сіңген геолог және Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынғанына қарамастан, министрліктегілер табанды түрде қарсылық танытқан. Олар қанша жерден тыраштанып, қайтсек, осының үнін, атын шығармаймыз деп өршеленгеніне қарамастан, осының бәрі шын мәнінде Дубек Дүйсенбеков үшін қажет те емес еді.

Оның бір ғана тілегі болыпты. Ол Индияны көру. «Қантай, қаражат жинап, екеуміз Индияға қыдырып барайықшы», деді ол маған бір жылдары. Содан алатын еңбекақымыздан үнемдеп ақша жинадық. Визаға өтініш беріп, дайындалып жатқанбыз. Бір күні екі адам үйге келіп, бізге сапарға шығуға болмайтынын хабарлады. Екеуміз де аң-таңбыз. Неге болмайды, өзіміздің ақ­шамызға қыдырып барып келмекпіз, дей­міз ғой баяғы. «Болмайды, өйткені, аға­мыз аса құпия ақпараттың иесі болып табылады. Сондықтан, тек социалистік елдерге ғана баруларыңызға рұқсат» деп қарап тұр. Бір айдан кейін әлгілер ыңғайсызданды ма, бізге Кубаға тегін жолдама әкеліп берді, деді Қантай апамыз.

Бүгінде Ақбақайдағы алтын өндіретін зауыт Дубек Дүйсенбековтің есімімен аталады. Жетпіс жасқа толған кезде ақбақайлықтар ондағы мектепке Дубек Дүйсенбеков есімін беру туралы министрлікке өтініш береді. Министрлік тірі адамдардың атын беруге болмайды деп жауап қайтарады. Ал, Австралия­дан келген инвесторлар Дүйсенбековтің еңбектерімен танысқаннан кейін алтын мен күмісті балқытуға арнап салған зауыттарына Дубек Дүйсенбеков деген атты берді. Ешкімнің рұқсатын сұраған да жоқ, ешкіммен ақылдасып шешкен де жоқ. Өйткені, адамның сіңірген еңбегі бағалануы қажет. Зауытқа кіре беріс қақпада «Зауыт Ақбақай алтын кенішін алғаш ашушы Дубек Дүйсенбековтің құрметіне аталды» деген тақтаны да іліп қойды,  - дейді Қантай апамыз.

«Алтыналмас» компаниясы Ақбақай алтын шығару фабрикасында 2013 жылы 100 мыңнан аса алтын унциясын өндіруді жос­парлап отырғанын хабарлайды. 2012 жылы 45 мың алтын унциясын өндірген. Өйткені, қазіргі кезде фабрика бір тонна рудадан 1,5 грамм алтын алатын болса, биылдан бастап тоннасына 4,5-5 грамм алтыннан айналатын руданы өңдеу басталады екен. Ақбақай жобасының ресурстық базасы алты кен орнынан құралған. Еліміздің алтын өндірудегі мұндай жетістіктерінің негізін ашып беріп, қалап кеткен - Дубек Дүйсенбеков. Осындай алтынды кешіп жүріп, бір грамм алтынға ие болмай кеткен қарапайым геологтың отбасына бір акцияның да бұйырмағаны өкінішті-ақ. «Алтыналмастың» құлағына алтын сырға.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371