Сейсенбі, 22 Қыркүйек 2026
Күбіртке 213 0 пікір 22 Қыркүйек, 2026 сағат 14:43

Рейтинг қуғандарға Баян бап келді!

Суреттер: abai.kz, persono.kz сайттарынан алынды.

Осыдан он шақты жыл бұрын-ау шамасы, үлкен қызбен бір топ журналист Алматыдағы «Достық» үйінде кездестік. Әртүрлі тақырыпта әңгіме өрбіп жатыр. «Алтын астауға» қасық батырып жүрген орыстілді әріптестеріміз белсенді. Дариға сол қыздың көзіне түсіп қалуға барын салып, жанығып-ақ отыр.

Жиын үстінде тотай қыз тақырыпты тосыннан өзгертіп, рейтинг туралы айтып қалды. Жел соқпастан бұрын қоғадай жапырылатындар жамырап рейтинг дегеннің аса керек екендігін қоштап шыға келген. Үндемей қалғандар да болды. Есімде, біз Батыр екеуміз ғана рейтингті қуалай беру баспасөздің мазмұнын жеңілдетіп жіберетінін сыпайылап жеткізген болдық. Орысша сөйлеген Батыр Кәкімжанов (жаны жәннатта болсын) еркінірек сөйлеп, рейтингтің қолдан жасалатынына дейін жайып салды.

Жиын бітті. Тарқадық. Менің қасымда таяуда атын айқайлатып сайт ашқан бір інім болды. Сыртқа шыққаннан кейін мен әлгі ініме рейтингтің баспасөзге пәлендей абырой әпермейтіндігін біраз сөз қылдым. Жақсы інім ыржалақтап күле берді. Сөйтті де ертеңінде-ақ сайтының басты тақырыбы етіп Баян Мақсатқызының жүріс-тұрысын, ішкен-жегенін, жазған-сызғанын бекітіп қойды.

Інім ақылды екен, інім сұңғыла екен. Баянды көрсе, бас салатын оқырманның қатарын көбейту арқылы ол рейтингтің ұшар шыңына көтерілді. Ел-жер, көші-қон, тіл, тарих, әдебиет, әлеуметтік мәселелер, саясат, дін жайы деп «зарлаған» біз салпақтап көштің соңында қалып қойдық. Біз деп отырғаным - Abai.kz ақпараттық порталы.

Сол жылдары ПӘ-дегі пәрмені күшті біреулер Алаш ардагерлері мен жалпы қазақ тарихы туралы жазылған мақалаларды жариялатпауға тырысты. Көші-қон деген тақырыпты мүлдем жауып тастауға ұмтылды. Бұл кезде кезекті рет сырттан көшіп келіп жатқан ағайындарымыздың көшіне қарсы жымысқы әрекеттер көбейіп, көш тоқтауға айналған. Бірақ біз елдік, ұлттық тақырыптардан табан аудармай жаза бердік, жаза бердік. Сол кезде Баянның омырауқабы, Баянның белдемшесі дейтін «ходовой» тақырыпқа бармағанымызды көзіқарақты оқырман жақсы біледі деп ойлаймын.

Қазір де Баян қарындас баспасөзде - бас тақырыптардың қаһарманы. Қазақ баспасөзі (сайттар, порталдар, өзге де платформалар) халықтың басым бөлігін толғандыратын мәселелерді жаза-жаза жалыққан сияқты ма, қалай?... Әлде күрделі жайттерді сараптап, салмақтап жазатын қазақ журналистикасы жүрісінен жаңылды ма екен... бәлкім, қазақ журналистикасындағы дәстүрлі мектептің іргетасы сөгіле бастаған болар?.. Білмеймін. Білетінім: қазіргі жазармандардың жазатындары ұсақ-түйек бірдеңелер болып кеткенге ұқсайды. Бұрынғы әдеби көркем тілге жақын әрі қандай тақырыпқа болсын терең үңілетін қазақ журналистикасы бұл күнде пресс-релиздік деңгейде қалып қойғандай көрінеді маған. Аналитика, эксклюзив материалдар Abai.kz бастаған кәсіби білігі жоғары сайттарда ғана қалыпты.

Ертеден кешке дейін ләйліп лайфтану, рейтинг қуу, фейктерден сенсация жасауға жанды салу - уақытша нәрсе. Дәл осындай жұғымсыз нәрселерді бағалап, оны ендігі ұлттық баспасөздің келбетіне айналдыру - ұят тіршілік.

Баспасөздің беделі - мемлекеттің беделі. Солай екен, ендеше, оқырманға ойлы дүние ұсынып келе жатқан жаңа медиа саласындағы салмақты сайттар мен порталдардың жұмысын бағалап, мемлекеттік саясат соларды қолдамаса, баспасөзіміз басында Баян, соңында бақа-шаян болып құритын түрі бар.

Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1385
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2965
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1031
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 967