Ресейдің бопсасы: Астана мен Ташкент көнбей отыр
Өткен жылдың соңында Ресей Қазақстан мен Өзбекстанды қосып, «Үштік газ одағын құру» идеясын көтерді. Бірақ Астана мен Ташкент Путиннің ойын қолдамады. Кейбір сарапшылар ұсынысты Орталық Азиядағы басты ойыншының саяси және экономикалық ықпалын сақтап қалу және кеңейту әрекеті ретінде қарастырды.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сол кезде: «Қазақстан өз аумағын санкцияларды айналып өтетін аймақ ретінде пайдалануға рұқсат бермейді. Сонымен бірге біз санкцияны халықаралық проблемаларды шешудің тәсілі ретінде пайдалануды қолдамаймыз», - деген болатын.
Бұл ретте Өзбекстанның Энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов «Егер біз басқа елден газ импорттасақ, тек коммерциялық сату мен сатып алу келісімі негізінде ынтымақтасамыз... Біз саяси шарттарға ешқашан келіспейміз» дегенді айтты. Нәтижесінде, бүгінгі күні ресейлік «Газпром» Қазақстанмен де, Өзбекстанмен де газ саласындағы ынтымақтастық туралы жол карталарына қол қойды. Олардың нақты мазмұны туралы мәлімет аз. Ташкент те, Астана да Ресейден газ импорттай бастайды.
Бұл Мәскеудің Орталық Азиядағы серіктестеріне қысым жасап, қалағанына қол жеткізді дегенді білдіре ме? Жоқ. Керісінше Қазақстан мен Өзбекстан өздерінің ұлттық мүдделерін қорғай алды және Мәскеудің талабын орындамады.
Биылғы қыстың аязды күндерінде Ташкент пен Астана газ тапшылығын көрді. Тіпті ішкі тұтынушыларды қамтамасыз ету үшін Қытайға экспортты қысқартты. Мұны көріп отырған Мәскеу Орта Азиядағы әріптестеріне мынадай ұсыныстар жасады: біріншіден, Қазақстан мен Өзбекстанның газ тасымалдау жүйелерін нарықтық бағамен Ресейге беру.
Екіншіден, Мәскеу Қытай-Қазақстан және Қытай-Өзбекстанның тиісті құжаттарына екінші тарап ретінде «Газпром» деп жазып, Қытайға газ экспорттау құқығын беруді талап етті. Бірақ қазақ та, өзбек те үзілді-кесілді бас тартып, бұл шарттарды мүлдем ыңғайсыз деп атады. Иә, Қазақстан мен Өзбекстанда газ тапшылығы бар. Алдағы уақытта мәселе тек ұлғая түспек. Халық санының артуына байланысты тұрмыстық тұтыну үнемі өсуде, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының табиғи газына сұраныс артып келеді, газбен жұмыс істейтін ЖЭС салынбақ. Газ тапшылығы жойылмаса, Ташкент пен Астананың қазір жүзеге асырып жатқан кез келген реформасы құрдымға кетуі мүмкін.
Биылдың өзінде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан газ экспортын тоқтату мүмкіндігін қарастырып отыр, ал Өзбекстан мұны 2025 жылға дейін жүзеге асырады. Мұндай жағдайда ресейлік газды әлі де импорттауға тура келеді. Бірақ, қазақ пен өзбектің шарты бойынша ғана жүзеге асады. Өйткені Астана да, Ташкент те өздерінің қиын жағдайын дұрыстау үшін егемендігін құрбан етіп, Мәскеудің құлдық келісімдеріне қол қоюды көздеп отырған жоқ. Мәскеудің «Газ одағын» құру талаптарын қабылдамау арқылы, олар дәл осыны дәлелдей алды.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz