Серік Ерғали. «Наурыз» сөзінің тегі
В.Шуховцев «Что такое Наурыз?» мақаласында «жарық», «сәуле» сөздерін өзінше індетіпті: «Персидское слово руз имеет длинную историю, и не всегда оно означило «день» . В Авесте встречается словоraučaв значении «свет» и «луч».
В.Шуховцев «Что такое Наурыз?» мақаласында «жарық», «сәуле» сөздерін өзінше індетіпті: «Персидское слово руз имеет длинную историю, и не всегда оно означило «день» . В Авесте встречается словоraučaв значении «свет» и «луч».
Ежелгі ебропалық тілдер «r» [р] мен «l» [л]дыбыстарын ауыстыра қолданғандықтан, ал ежелгі ирандық «č» праиндоевропалық жіңішке «k» дыбысынан шыққандықтан,бұл ежелгі түбірсөз латындық luceo - жарқырау, lucema - шам, ағылшындық light - жарық, славяндық лоучь - сәуле сөздерінде жүр деп пайымдайды.Мұның наурызға қандай қатысы барын, пайымның қаншалықты растығын білмейміз. Біздіңше, «руз» сөзі о баста «ра+уз» (олаушы жұрттар үшін - «роуз») тіркесінен шығып, Ра - Күнтәңір, түркілерде ол «ыр», «ір» түрінде айтылуы ықтимал; ал уз - ауыз ұғымдарын білдірген. «Уз» сөзінің ежелгі түркілік «ауыз» екенін, кейін славяндық «устқа» айналғанын Олжас ағамыз дәлелдеп жүр. Сонда «рауз»: Ра+уыз - Күннің ауызы (еріні) болып шығады да, раушан гүлін авесталық ғұлама абыздардың «Күннің ауызынан түскен» ұшқын ретінде бейнелегені шығады.
Біздің ойымызша, бүгінгі әлем тілдеріне тараған роза, роуз сөздері Наурызбен байланысты; ал бұның қазақ тіліне қатысы бар ма? Бар! «rauča» сөзі екі сөзден құралған болу керек: ra + uča. Қазақ тілінде «Ра» ұғымына қатысты сөздер жетіп артылады: рә түріндегі шылау, ыр (ір, ғыр, гір, ғар, гер) түріндегі суффикстер,тіпті, ірі сөзі кәзір «үлкен» ұғымын бергенмен, о баста «құдырет» ұғымының орнына қолданылған. Бұған «шындық», «тура» ұғымдарымен мәндес «рас» сөзін де алуға әбден болады. Бұл сөз «Ра(ның) + іс(і)» тіркесінен шығып тұрғанын қиындықсыз байқауға болар. Ал, келесі «uča» сөзінің соңындағы «а» дыбысы ашық буынды туындататын индоебропалық тілдерге тән, бабатүркі тілінде ол «рауша» емес, «рауш» болар еді. Сонда аса ежелгі «РАу(ұ)Ш» сөзі қалпына келеді. Бұл дегеніміз - Күннің (Ра) ұшы, яғни, сәулесі деген сөз. Ал, Уш (ұш) сөзінен бүгінде «ұшқынның» шығуы табиғи жайт. Кез келген үшкір нәрсенің ұшын білдіретін ұғым да осы РАҰШқа қатысты екені өзінен өзі шығады, бұл жерде ол Раның (Күн-құдыреттің) «басы», «тұңғышы» дегенді білдіріп тұр. Ендеше авестелік rauča сөзі түркі тілінің түсіндірмесіне барынша жуық болғаны. Демек, «Роза» сөзінің қазақшасы аталып жүрген «раушан» сөзі де осы тіркеспен тығыз байланыста. Ендеше Джамшед бабаның құрметіне нұр алмас жауған күн әуелде «жаңа күн» емес, «Күннің балғын сәулесі (нұр,нар) жауған күн» немесе «Күн сәулесі ұшқындаған сәт» мағынасында болған. Басқаша айтсақ, «новруз» сөзінің ежелгі Авест заманында «ноу роуз» (олаушылардың ауызында)немесе «нау рауз (рауш)» (мұндағы «ноу», «нау» - жас, өскін мағынасында болған) түрінде айтылып, жазылған болуы керек. Сонда «науырыз» сөзінің ежелгі нұсқасы есте жоқ ескі заманда «НАУ ЫР ЫС» атты шартты сөйлемді білдірген болуы да мүмкін-ау: нау - жас, ыр - құдырет(ті), ыс - іс!
«Наурыз» (өткен ғасырда қазақша «науырыз» болып жазылатын) сөзін індетушілер, оны парсының «ноу» - жаңа, «руз» - күн сөздерінен туындатып жүргені рас. Алайда, Наурыздың аса ежелгі мереке екенін ескеріп, Наурыз мерекесінің тео-мифологиялық мәнінің әуелгі тарихы барына ой жібердік. Ал, «Наурыз» ұғымының атау ретінде пайда болуы аталмыш нұсқадан да басқаша түрде түзілген болуы әбден мүмкін. Оған ежелгі Қосөзен (Тигр-Евфрат) өркениетіндегі сақталған мәліметтер мен жоғарыда келтірілген түркілік наурыз тарихын ескермегеннің өзінде, Қазақстандағы жартас суреттерін куәлікке тартуға болады. Бұған қоса, осыдан кемінде төрт-бес мың жыл бұрынғы парсының «жаңа» және «күн» ұғымдары сәйкес түрде «ноу», «руз» сөздерімен аталғанына күмәнмен қарауға тура келеді.
Аталмыш сөздің туындауына қатысты деген қазақ тіліндегі сырттай ұқсас сөздердің түсіндірмесін қарастыра отырып, оған өз мәндетпемізді беріп көрелік.
«Қазақ тілінің сөздігі» (А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білім институты,
Алматы, 1999 ж.) - 1-сөздік;
(«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 1961 ж.) - 2-сөздік.
1- сөздік: Нау 1. (көне): дау, жанжал. «Нау жүрген жерде дау жүреді» (мақал).
2. нау тарту - гүлдің, өсімдіктің жаңадан өсіп,шешектенуі.
«Нау» сөзінің 1-нұсқасының түсіндірмесі бұлдыр және айқындалмаған, келтірілген мақал бойынша «наудың» орнына мәндес сөздерді қойғанда, мақалдың орнына мәнсіз сөйлем аламыз: «Дау (жанжал) жүрген жерде дау жүреді». Жанжал мен даудың қатар жүретіні мақалсыз да белгілі. Сөз мағынасын талдаушылар бұл жерде қатеге ұрынып отырған секілді, өйткені, даудың жүретін жері көп: арақ жүрген жерде де, топ адам жүрген жерде де, ойын-тойда да болуы ықтимал. Сондықтан бұл талқыма «нау» мағынасын ашып тұрған жоқ. Алайда, соңғы шыққан сөздіктерде («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 2008, «Дайк-пресс»), тіпті, сілтемесіз «нау - көнеше дау, жанжал» деліне салған. Бұл жердегі «нау» сөзі «науқан» сөзінің басқы нұсқасы болмаса «жас адам» мағынасында болуы мүмкін. Дауласу мен жанжалдасудың жасқа тән екені де белгілі ғой. Бұл - «нау тарту» тіркесі арқылы «нау» сөзінің «жас», «жаңа» мағынасын берумен беки түсетін қыйсын.
1- сөздік:
Науа: 1. үлкен, ұзынша астау;
2. Астық, көмір, т.б. заттар ағып тұратын арнаулы нәрсе.
2- сөздік:
Науа - 1. Малға жем беру, суару үшін тақтайдан не басқа материалдан екі басы тұйықталып жасалатын қуыс астауша.
2. түбі мен екі жағын ағаштан, тақтайдан не басқа материалдан екі басы ұзынша етіп қуыстап істеген су ағызғыш.
Мұндағы «науа» сөзі кәзіргі «эскалатордың» сұйыққа қатысты ежелгі нұсқасы болып тұр.
1- сөздік:
Науадай: науадай құйды -табысты көп тапты. Жалпы, «науа» сөзі шығырмен тартылған суды жөңкілтіп арыққа қарай айдауға арналған ұзын астау болса керек. Ал, оның ежелгі мифологиялық мәні де болған секілді, оның мәні - Көктен тасқындатып құйылатын нұрдың жолы болуы ықтимал.
1- сөздік:
Науан: үлкен, биік. «Алдымнан ашылды бір науан есік» (Шалабаева).
2- сөздік:
Науан - өте жақсы, тамаша, әдемі. Туындыда келтірілген «науан есік» тіркесіндегі «науан» сөзі сын есім ретінде қолданылып тұрғанымен, ол бір «науан» аталатын ірі нәрсеге теңестіріліп тұрғанын аңғарған жөн. Біздіңше, ол науан бәйтеректің бір атауы болуы ғажап емес. Бәйтеректің Көк пен Жерді қосушы мифологиялық мәнін ескерсек, адам үшін одан асқан ірі нәрсені табу оңай болмас. Міне, ақын ежелгі тіркесті интуитивті түрде қолданып отыр. Ал, 2-сөздік бойынша «науан» сөзі мүлдем басқа мағына білдіріп тұр. Алайда, бұл екі мағына да, оның ежелгі бір сөзбен берілгендігінен хабар береді, егер «науан» деп мифологиялық бәйтерек аталса, онда оның бүгінгі сананы шатастыруы әбден орынды. «Науан» сөзінің «өте жақсы, тамаша, әдемі» мағыналары жоғарыда бәйтеректің әлемаралық жол ретіндегі семантикасына тоқталғанда, өзінен өзі ашылды деп ойлаймыз.
1- сөздік:
Наубай: нан пісіретін орын, наубайхана. Базарда наубайға жабылған нан сатылады (Бақбергенов). Жалпы, «наубай» сөзі о баста «нау» мен «бай» сөздерінің қосарланып «нау-бай» түрінде қолданылуынан пайда болған сияқты. Және де аталмыш екі сөз де әуелде мағыналық жағынан бірін бірі толықтыратын сөздер болған: «нау» жаңа (піскен нан ұғымын берсе) болса, «бай» сөзі «бақ», «ырыс» ұғымдарын беретіні рас.
1- сөздік:
Науғы: арғы тек, тұқым. «нау» сөзі «жаңа» ұғымын бергенімен, ол «әуелгі», «соны» (свежий) дегенді де меңзейді; ал -ғы, -қы жұрнақтары арқылы қазақ тілінде түбірге қатысты туынды зат есім жасалатынын ескерсек, бұл жердегі «нау» сөзі осы жолы әуелгі, түпкі (первичный) дегенді аңғартып тұр.
1- сөздік:
Науқан: қауырт істелетін мерзімді іс.Бұл сөздің мағынасын мына түсіндірме қосымша айқындай түседі:
2- сөздік:
Науқан - кезектегі қоғамдық-саяси және шаруашылық міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды шара.
Әрине, бұл кеңестік дәуір тұрғысынан берілген түсіндірмелер. Ал, оның бұрынғы мәні не болды екен? Шамасы, кезек күттірмейтін, басқа іске қаратпайтындай, маңызды да мәнді, аса өзекті де құзырлы шара болуы керек.
1- сөздік:
Науша - 1. жаңа. 2. жас жігіт,бозбала.3.Ауыспалы мағына: бойшаң, бойжеткен, сымбатты - жігіт (қыз).
2- сөздік:
Науша - балиғатқа толмаған өрімдей жас.
Жоғарыда қарастырылған «нау» түбіріне қатысты сөздердің барлығы дерлік жас, соны және береке, ырзық деген мағынаға саяды. Осыны ескере отырып, мынадай жорамал жасауға болады. О баста жыл мен мүшелдің қабат алмасуы қарастырылған ежелгі түркілік мағынасында, мереке «нау ырыс» (ну ырыс) аталған болуы керек. Бірақ «нау» сөзі соны, тың, жас, жасыл деген ұғымдардың әуелгі айтымы болған. Оған жоғарыда келтірілген «нау» түбіріне қатысты бірнеше сөздің түсіндірімі куә. Өйткені, ежелгі адамдарда «жаңа» ұғымы болды деу қыйсынға келмейді.
Бұған ежелгі ғұндардан ағылшындардың түркітекті бабаларынан қалған делінетін кейбір сөздердің мағынасын қосып та көз жеткізуге болады:Young (йанг)- жас (молодой); - йаң, «жаңа» сөзінің түбірі. Өзбек (оғызтектес) бауырлардың «жаңа» сөзі әлі күнге «йангы» болып айтылатынын ескерсек, бұл уәжде жалғандық болмас. Демек, түркілердің ежелгі ұғымында «жас» пен «жаңа» ұғымдары мәндес түсінік ретінде қолданылған.
Сондай-ақ, ата-бабаларымызда кез келген үдерістің басы сонылық, жастық ретінде мойындалып, жаңа құбылыс есебінде қабылданған. Олардың пайымында істің, құбылыстың барысы оның басталуына байланысты болып саналған. Құбылыс пен іс-әрекеттің басына зор маңыз беретін түркілерде мұны дәйектейтін сан алуан көріністер жеткілікті.
Сонымен бірге, «нау» сөзінің түркілік үндесім заңына сәйкес жіңішке «ну» нұсқасы да болған деуге негіз бар. Оған аталмыш түсіндірме сөздіктердегі мына сөздер куә.
1- сөздік:
Ну: арасынан ит тұмсығы өтпейтін, қалың, жыныс - орман (қамыс);
2- сөздік:
Ну - арасынан ит тұмсығы өтпейтін, қалың. Ну тоғай/орман. Сын есім түрінде қолданғанымен, бұл сөз тек қана өсімдікке қатысты екеніне мән берген жөн. Ал, өсімдіктің қалыңдығын «тығыз», «қалың», «бітік» секілді сөздермен де беруге болады. Алайда, бұл жерде аңғарыла бермейтін бір мән бар, ол «ну» сөзінің «қалың» дегенді емес, «жасыл», «көк» дегенді білдіріп келгендігі. Өсімдік жаппай жасыл болу арқылы арасынан «ит тұмсығын өткізбестей» көрінеді емес пе?! Бірақ сөздің ондай түпкі мағынасы өз мәнін бертінірек жойған да, өсімдікке қатысты «тығыз» ұғымымен қалыптасқан. Егер ол жалпылама «қалың» ұғымын бергенде, кәзір қазақ тілінде ну қоқыс, ну мал, ну жүн секілді тіркестер жүрген болар еді.
1- сөздік:
Нулан: қалың болып, бітік өсу, ну болу.
Нулы: ну тоғайлы - өлке (жер, орман). Бұл да жоғарыдағы келтіріндіні толықтыратын мысалдар.
«Ну» сөзіне қатысты «нұр» сөзінің мағынасы көп жайдан хабардар етеді:
1- сөздік:
Нұр: сәуле, жарық, шұғыла.
2- сөздік:
Нұр - бізді қоршаған дүниені көз арқылы қабылдататын сәулелі қуат, жарық.
Нұра - су шайып, қазылып кеткен терең жыра.
Тобылғылы нұрадан, сексеуілді жырадан жалғыз шауып жол шекті (Қобыланды).
Нұршашу - мереке, салтанат кездерінде әуеге атқылайтын түрлі-түсті сәндік ұшқындар; салют.
Шын мәнінде, «нұрдың» баламасына «шұғыла» сөзі келіңкірейді, бірақ ол құбылған алуан түсті сәулені білдірсе керек. Ал, «сәуле» ұғымы - қараңғыны тіліп түсетін жарық жол. «Жарық» ұғымына келсек, ол «қараңғы» сөзінің антиподы, жалпылама жарық кеңісті білдіреді. «Нұр» дегеніміз - сәуле ұшқыны, жарықтың түйірі. Сондықтан да қар, тамшы түйіршіктерінің орнына, «Нұр жауып тұрған көктемде» деп нұрды түйір орнына қоямыз. Былайша айтқанда, нұрдың жаппай саулауынан сәуле (осы сөз «сауланың» жіңішке нұсқасы да болуы ықтимал) туындап, ал сәуленің кеңіске жайылуынан жарық пайда болады. Тіпті, «шұғыла» дегеніміз - нұрдың пішіні, түрі секілді. Өйткені, Ө.Жәнібековтың «Жаңғырық» кітабындағы ою түрлерінің ішінде шығыстық «ин-ян» белгісіне ұқсас ою «шұғыла» аталады. Мұндағы «шұғыланың» түбірі «шоқ» екенін ескерсек, «шұғыла» бұл жолы «жылтырақ», «жұлдыз» мағынасында қолданылып тұр.
1- сөздік: Нұрлан - нұрға бөлену, жайнау. «Нұрға бөлену» тіркесінің өзі нұрдың соншалықты икемді екенінен хабар беріп тұр, ол адамның жан жағынан қымтай алатындай «материал» болғандықтан және түйірлік сыйпаты болған себепті адам жайнай алады емес пе? Ал, үстіне сәуле не жарық түскен адам соншалықты жайнай қоймас! Кәзіргі қазақ тілінде бұрын қолданылып келген Нуырла деген адам есімі бірте-бірте қолданыстан сусып барады. Шындығында, Нұрлан есімі о баста «нуырладан» шыққан болуы керек. Бұл сөзден етістендіруші бұйрық райлы «ла» жұрнағын алып тастасақ, «нуыр» сөзі қалады. Ал, бұл «нұр» сөзінің жасалу жолын нұсқап тұрғандай: ну+ыр.
«Ну» сөзі, кәзіргі «жаңа» ұғымын білдіретін әр тілдегі нав, нео, нью, нов, ноу, новь т.б. сөздердің арғы атасы болғандығы тілгерлердің тақырыбына айналғалы біршама уақыт болды. Мұны этнолингвистика саласында дәлелдеуші ғалымдар жеткілікті. Кәзіргі кезде «ну» сөзі «ну орман»тіркесінде «қалың» мағынасын бергенмен, бұл о баста «жасыл орман» дегеннің бұрмалануы, себебі, «сулы жер - нулы жер» деген мәтелде «ну» сөзі «жасыл», «көк» ұғымдарын беріп тұр.
«Ну» мен «жаңа» ұғымдарының дүниеге келуі адамзаттың даму барысына тәуелді. Қос ұғымның қайсысы әуелі пайда болды деген сауалды қойып, жауап іздеу сөкет емес. Бұл жағынан алғанда, қарапайым қыйсынға келетіні - «ну», йағный, «жас», «соны», «балғын» (свежий) ұғымының Адам баласының алғашқы түсінігі екені, оның аңшылық пен терімшілік дәуіріне тән екендігі дау айтқыза қоймас. Ал, «жаңа» ұғымы адамның өз қолынан әлдебір зат жасау қабылеті мен оның ескіру үдерісін түсіну кезінен бастап, пайда болуы әбден қыйсынды. Бұдан «ну» мен «жаңа» ұғымдарының адам санасында қайсысы бұрын туындағаны өзінен өзі шығады.
Сонымен, «ну» сөзінің кәзіргі «наурызға» қатысы болмаса да, қазақша «ну» - жасыл, «нау» - жас ұғымын береді де, «ырыз» (ырыс) сөзі сол күйінде, әлі күнге дейін «Жаратқанның бұйрықты игілігі» деген мағынадағы «құт», «береке» ұғымдарының жыйнақты мәні күйінде қалған. Сол себепті де «соны», «тың», «жаңа» ұғымдарын біріктірген «ну» (нау) сөзін қазырғы әр тілдегі «ноу», «нав» «нов», «новь», «нью», «нойе» секілді нұсқаларының о бастан келе жатқан басқы нұсқасы деуге әбден болады. Басқаша айтқанда, «жаңа» ұғымы тумас бұрын, «жасыл», «жас» ұғымдарын беретін табиғи нұсқалары туындап барып, адамзат ұғымында бірте-бірте «жаңаны» білдіретін түбірі «нау» мен «ну» нұсқалы өзара жақын мағыналы алуан сөздер қалыптасқан.
Сөйтіп, әдеттегі мойындалған «наурыз» сөзі парсының «нов» - жаңа, «руз»- күн сөздерінен шыққан» дейтін уәжіне басқаша қарауға тура келеді. Өйткені, «наурыз» сөзінің «жаңа күн» ұғымын білдіретіндей байсалды дәйек керек, ал бұған жай ғана уәж жеткіліксіз. Наурыздың шығу тегі, аталған екі сөздің бір этносқа тиесілі екенінен гөрі, барынша жеткілікті жан-жақты дәлелді қажет етеді. Оның үстіне, «жаңа» ұғымы туғанға дейін адамзат соны, балғын (свежий) ұғымымен біршама уақыт кешкенінде күмән жоқ. Себебі, «соны» ұғымы адамзаттың табиғат күйіне байланысты ұғымынан, ал «жаңа» түсінігі жасампаздықтан туындайтынын ескерген жөн. Адамзаттың мыңдаған жылдар бойы табиғатпен етене тірлік ете отырып, «жаңадан» гөрі «соны» ұғымын ерте қолданғанын ескерсек, кемінде алты мың жылдық тарихы бар рәсімге байланысты «жаңа күн» тіркесінен гөрі о баста «ну(нау) ырыс» тіркесі алғаш ауызға іліккен болар деуге негіз бар. Басқаша айтқанда, «жаңа» ұғымынан гөрі «соны» (свежий) ұғымы барынша ежелгі. Себебі, отырық сана барынша нақты болса, көшегендік сана барынша жалпылатпа (абстракты) келеді, ал «жаңа» сөзі - «соны» ұғымының нақтыланған нұсқасы, отырық санаға тиесілі туынды. Оның үстіне, «ну» мен «нау» сөздері парсыдан түркілерге көшсе, бүгінгі қазақ тілінде соншама бір біріне жуық мағыналы, жоғарыда қарастырылғандай қаптаған сөздердің туындауы неғайбыл болар еді. Ондай жағдайда, әлгі кірме сөз одан әрі туындамастан, «жалғызсыраған» күйі бірен-саран қолданыспен шектелген болар еді. Мұндай жайтты «ырыз» (ырыс) сөзіне де қатыстыруға әбден болады.
«Ырыз» сөзінің түбірі «ыр» (ір) түрінде «ие», «меңгеруші», «іске асырушы», «жасампаз» дегенді білдіретін аса ежелгі сөз, мысалы: тәң+ір - таң мен жарық иесі, жарықты жаратушы, меңгеруші, иеленуші. Ежелгі кезде өз алдына бір ұғымды берген «ір» (ыр) сөзі кейінгі дәуірлерде суффикске айналып, оның бүгінде «гір», «гир» «ғыр», «гер», «ғар», «кер», «қар» секілді алуан нұсқалары туындаған. Бір кездері «ір» сөзі кәзіргі «ірі» сын есімінің түбірі ретінде, ал әуелде зат есім күйінде болғандығына сенуге болады. Демек, «ырыс» сөзіндегі «ыр» форманты бұл жерде «Жаратқание», «Құдырет» ұғымын беріп тұр. Ал, оның екінші бөлігі «ыз» (ыс, іс) түрінде заңдылық, пешене, жазмыш, бұйрық дегенді білдірген. Мұның қазырғы кезде қазақ тіліндегі «басқа іс түсу» тіркесі нықтай түседі, мұндағы «іс» (із, ыс, ыз,) Жаратқанның бұйрығымен болатын адам үшін сынақ пен қиындықты білдіреді. Сонда «ырыз» (ырыс) сөзі «Құдыреттің несібелік бұйырымы, берекесі» деген ұғым болып шығады. Ал, оған «нау» қосылғанда, ол бұйырымға жаңалық, сонылық, әуелгілік сыйпат береді.
Жалпы, ежелгі түркілерде істің, үдерістің басы пір тұтарлықтай нысанға айналған. Өйткені, түркілердің танымы бойынша әр құбылыстың басы Құдыретсіз басталмайды. Йағный, Жаратқанның батасымен басталған іс құтты болады деген сенім қалыптасқан, мұның аяғы кез келген құбылыстың барысы оның басталуына байланысты деген түсінікті сіңірген. Сондықтан да, әдеттегі ырыстан гөрі «нау(ну) ырыстың» орны бөлек болса керек. Сол себепті, он екі айдан тұратын жылдық мүшел басының «жас ырыс» ұғымын білдіруі заңды еді. «Ырыс» сөзі осылайша ежелгі бірбуынды екі сөздің: ыр (іске асырушы) және ыс (іс - жазмыш, Көктің бұйырымы,бұйрығы) бірігуінен құралған. Жалпы, бүгінде адамзаттың алуан тілдеріндегі басты құрамталардың бірінен саналатын с (іс, із, ыс, ыз, ис) формантының жайыла таралуына да, осы бір әрі мифтік, әрі даналық мағынаның септігі зор болғандай.
«Наурыз» сөзінің қазақ тілінде өз орнын тапқаны сондай, оның түбір ретінде де лексикаға қызмет ету көрінісі жеткілікті:
1- сөздік:
Наурыздама: наурыздама қылу - жаңа жылда болатын мерекені мейрамдау, тойлау.
Наурызек: наурыз айында келетін аяғы жіңішке, құйрығы ұзын көк ала торғай; қаратамақ.
Наурызшешек: наурыз айында гүлдейтін гүлді өсімдік.
Шамасы, «Нау+ыр+ыз» ежелгі сөйлем ретінде парсылық «жаңа күн» тіркесіне отырық мәдениетке тән, нақтыланған мағына түріне түсіп барып кейінірек жеткен, ал оның ежелгі мәні: «Құдыреттің жас ырысына кенелу сәті». Демек, Наурыздың арғы мәнінде Уақыттың жаңаруын Жаратқанның еркімен болатын табиғаттың жаңарысымен және адамзаттың құдыретті жаңа құбылыс күтуімен байланыс бар. Қысқасы, «Наурыз» - саясатқа айналмаған пәк сенім мен ежелгі танымдық ұғымдардың жыйынтық нұсқасы. Бұл ұғым бүгінгі түркілерде дүниетанымға негізделген алуан сыйпатты ғұрып пен мәнге толы.
«Нау мен ырыс» кітабынан үзінді.
Нау мен ырыс:пайымдама. /Серік Ерғали. - Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2011. - 184 бет.
Abai.kz