Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 2970 13 пікір 5 Ақпан, 2023 сағат 18:11

Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы

Алыптар көшінің соңғы тұяғы, әдебиетіміздің абызы Әбеңмен бірге тұтас бір дәуір көшіп кетті. Тіршілікте талай жақсылығын көрген, туған әкемдей қамқоршым болған ақсақалмен сағаттар бойы сырласқан кезім есіме түссе, көзіме мөлтілдеп жас келеді.

Көзімізден кетсе де, көңілімізден кетпейтін Әбеңмен сырлас, сұхбаттас болғанымды мақтан тұтамын. Асыл бейнеңізді мәңгі ұмытпаймын. Сізбен өткізген әр сәтті еске алып, сағынатын боламын. Жақсыларды сағынудан басқа қандай жұбаныш қалды мына жалғанда.

АДАМЗАТТЫҚ АМАНАТ

(Жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы туралы келелі әңгімеге кіріспе)

Суреткер Әбдіжәмил Нұрпейісовтің жаңа шығармасын ұсынғанша оқырманын ынтықтырып, төзімін тауысып, зарықтырып қоятын әдеті бар. Үнемі асыл тастармен жұмыс істеп үйренген зергердей, жүз ойланып, мың толғанып барып әр сөзін қағаз бетіне түсіретін суреткердің мөлдір бұлағынан сусыныңызды қандырып үйренген сіз, жазушының жаңа туындысын шөл далада келе жатып құдықтың суын іздеген жолаушыдай аңқаңыз кеуіп, аңсайсыз. Жұрт кірпіштің қалыңдығындай бірнеше романды аяқтап, жазған дүниесінің бағасын алуға асықса, бұл кісінің ештеңеге мән бермей, әдемі күлкісін езуіне қыстырып алып, жасаған образдарын қайта-қайта жонып, ақ тер, көк терге түсіп, шығармашылық шеберханасында жұмыс істеп жатқаны. Суреткердің өзін-өзі аямайтындығы соншама, жалғыз сөйлем түгіл, көңілінен шықпаса әр сөзі бір-бір қаралықтай тұтас тарауларды өшіріп, қайта жазудан жалыққан емес. Ерінуді айтасыз-ау, керісінше жазушылықтың қара жұмысына ынты-шынтысымен беріліп, қайта жазуға құныға кірісетінін қайтесің. Әйтсе де үнемі бізді таңқалдыруды алдына мақсат етіп қойған суреткердің жаңа шығармасы ылғи да әдебиеттің айдынына ешкім күтпеген ұлы сауалдарды алып шығып, жанымызды жабырқатып, көңілімізді қобалжытып тастайды. Бойына Құдай берген мол бояуды аса бір үлкен талғампаздықпен қолданатын суреткердің жазған дүниесін қайта-қайта өңдеуден жалықпайтын еңбекқорлығының сырын содан кейін түсінгендей боламыз.

Әбдіжәмил Нұрпейісов үшін өнер ең алдымен талант, еңбек және төзімділіктің қосындысы. Осы үш қасиетті өз бойына өлшем қылып алған жазушының соңғы жазған романы «Соңғы парыз» деп аталады екен. .

Оқыдық. Жазушының романындағы көтерген мәселесі бізді де толғандырып, терең ойға батырды. Сосын біз де осы роман туралы алған әсерімізді айтып, бір ауыз пікір білдіруді парыз санадық.

Сонымен Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы не туралы? Егер біз осы сауалға «жазушының жаңа туындысы экология тақырыбына арналған шығарма» деп, қысқаша ғана жауап қайырсақ, қаламгер көтерген ауқымды проблеманы біржақты түсініп, ақиқаттың ауылынан алыстап кеткен болар едік. Шындығында бұл роман өмір мен өлім, мейірімділік пен зұлымдық, махаббат пен ғадауат, әділеттілік пен арсыздық жайында; бір-бірін алмастырып жатқан осы ұғымдардың өліарасына тап келген тағдырлар туралы - соны туынды, кесек шығарма, адамгершілік туралы айтылған ірі сөз. Жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов кеуіп, құр қаңқасы қалып, қу тақыр шөлге айналған Аралдың ауыр ахуалы мен жан-дүниесі жалаңаштанып, ой орманы өртеніп, күйзеліске ұшыраған адам тағдырын шығармасына арқау ете отырып, адамзаттың алдына Гамлеттік мәңгілік сауалды қайтадан қойыпты. Өлмек пе, өмір сүрмек пе?! ( Быть или не быть) Кім-кімді де бейжай қалдырмайтын ұстара сауал.

ХХ ғасыр адамзат баласы үшін ғылыми-техникалық прогресс аса қатты дамыған ұлы өркениеттің дәуірі болды. Бірақ осы өркениеттің пайдасымен қатар, адамзатқа тигізген зарары да шаш-етектен. Әсіресе, формациялық даму үлгісін белден басып зорлықпен орнатқан Коммунистік қоғам қазақ халқын зар илетіп, қасірет шеккізіп, қайғының уын ішкізді. Өркениеттің мүддесі үшін адамды айтпағанда, тұтас бір ұлттың жері құрбандыққа шалынып, тоз-тозы шықты. Қазақтың жері сынақ алаңына, ұлтымыздың тағдыры ойыншыққа, айналды. Қазақ даласына адамгершіліктен іргесін аулақ салған жабайы өркениет қанатын жайды. Адамды сүюге негізделмеген өркениеттің келешегіне күманмен қараған жазушы өз шығармасында Арал теңізі секілді екі аяқты пенденің бойындағы адамгершілік қасиеттердің де суалып, қу тақыр шөлге айналып бара жатқандығын аса бір үлкен сезімталдықпен суреттейді. Ұлы суретші Винсент Ван Гогтың: «Әлсіздердің езілгенін жиі көргендіктен, өркениеттің прогресіне үлкен күманмен қараймын», деп, айтатыны бар емес пе. Ендеше жазушының ұзақ жылдар бойы толғанып, өз жерінде өгей баланың күйін кешіп, өркениеттің табанында тапталған қаймана қазақтың аянышты тағдыры туралы «Соңғы парыз» сынды айтары мол, ауқымы кең роман жазуын, заңдылық деп қабылдауымыз қажет. Бұл туынды тыңнан түрен салған қазақ прозасының үлкен табысы, әдебиетіміздің көркемдігін онан сайын байытқан асыл қазына. Оқырманды қамықтырып тастайтын «Соңғы парыз» шығарма ғана емес, адамгершілікке бет бұрмаса, жер бетінен жойылып кетуі мүмкін екендігінен сақтандырған, жазушының атынан жұмыр басты пендеге айтылған – адамзаттық аманат.

Жазушының ауыр жүкті арқалап, адамзаттық аманат айтуға толық қақысы бар деп ойлаймыз. Адамзатқа қарсы жасалып жатқан зұлымдық пен нәубатты жазушыдан артық кім сезіне алады. Айтыңызшы кім?! Жер-Анаға жасалған қиянат, қай кезеңде болса да ең алдымен жазушының жанын ауыртып, жүрегіне тікенек болып қадалған емес пе. Ал, төбе шашыңызды тік тұрғызатын сол зұлымдық көз алдыңызда жасалып жатса ше. Ондайда жазушының үндемей қалуы перзенттік парызын сезінбеген нәуетектік қана емес, қылмыс. Мұндай қиянаттың кез-келген ұлт пен ұлысқа жасалуы мүмкін екендігінен сақтандыру үшін не істеген жөн? Әлемді жыртқыштық сезімі оянған хайуандық зұлымдықтан құтқаратын қандай күш, қандай амал бар? Жазушы өз шығармасы арқылы бүкіл әлемді толғандырып отырған осы бір мазасыз сауалдың жауабын іздейді.

Бәлкім сіз, талай нәубаттан аман қалған бүкіл әлемнің тағдыры жалғыз Аралға тіреліп тұр ма деп те дау айтатын шығарсыз. Жо, жо, жоқ. Мұндай жаңсақ пікірмен біз әсте келісе алмаймыз. Айналып келгенде Арал да Жер-Анамыздың бір жанды тамыры, ажырамас бөлшегі емес пе. Арал өлсе әлемнің де бір жанды тамырының үзілгені. Ендеше Жер-Анаға істелген қиянаттың үлкені немесе кішкентайы болмайтындығын неге ұмытамыз. Егер көз алдыңызда туған жеріңіздің топырағы азып, табиғаты бордай тозып бара жатса, бүкіл әлемнің керемет болып жаратылғанының не керегі бар? Сондықтан да жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов үшін Арал мен Жердің, Арал мен Адамның, Арал мен Әлемнің тағдыры бір-біріне ажырамайтын егіз ұғым.

Неге екені белгісіз, дәл осы тұста менің ойыма ұлы жазушы Уильям Фолкнердің есімі орала береді. Есіңізде болса, бір кездері ұлы суреткер Йокнапатафаны ойлап тауып, Құдай ұмыт қалдырған, жердегі адамдардың тағдыры туралы «Тамыздағы сәуле», (Свет в августе), «Авессалом, Авессалом» атты кесек туындылар жазып, оқырманды қамықтырып тастап еді ғой. Фолкнердің өзі де бір сөзінде әлемнің жарға құлап кетпей аман қалуы, өзі суреттеген осы бір кішкентай ауылдың тағдырына байланысты екеніндей сезінетіндігін айтқан болатын.

Нұрпейісовтің Фолкнерден айырмашылығы ол өз Йокнапатафасын ойдан шығарған жоқ. Ол Құдайдың мейірімі жаумаған, шапағаты сіркіремеген, дауылы тұрмаған осындай өлкеде туып-өсті. Сол себептен де бұл тақырып Фолкнерге қарағанда Нұрпейісовтің жанына әлдеқайда жақын. Ақиқатқа жүгінсек, «Соңғы парыз» тек жазушының жан сыры ғана емес, Нұрпейісовтің жүрегін талай жыл жаншып, жанын езгілеген өмірдің ащы шындығы, халықтың көзінен жас емес, қан болып сорғалаған қасіретті мұңы. Суреткердің шығармасын оқи отырып, Микаланджелло Буонарротидің «Страшный суд» атты картинасын қайта көргендей әсер алып, құлағыма азалы муза естілгендей тұла бойым түршігіп қоя берді. Ұмытпасаңыз Италияның ұлы суретшісінің картинасында Ғайса –Пайғамбардың адамшылықтан кетіп, Алла-Тағаланың жолынан адасқандарға лағнет айтып жатқан сәті бейнеленген. Оның жүзінен мейірімділіктің нышаны байқалмайды. Қорқынышты кескін.

Жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романында да адамшылықтан кете бастаған, ұлы Жаратушының мейірімін ұмытқан халықтың аянышты тағдыры жан-жақты суреттелген. Құрғап, құр қаңқасы қалған байғұс Арал теңізі секілді адамдардың жан-дүниесі де азып-тозған. Арал теңізі секілді адамдардың сана-сезімі де уланып, кенезесі кеуіп, ойы суалған. Арал теңізі суды қалай аңсаса, адамдардың жаны да мейірімге шөліркеп қалған. Ұлы Жаратушысын ұмытқан адамға Құдай да көз қырын салмайтын секілді. Жон арқаңа кірпі аунағандай болып, тұла-бойың түршігіп, сана-сезіміңді үрей билейді. Шынымен де дүниенің аяғы ырың-жырың болып бара ма?! Суық ойлардан жүрегіңіз шошиды. Әлемнің қабағына мұз қатып, мына адамдықтан кеткен, аласапыран сұм заманда пенде баласы түгіл, Құдай да қатымырланып, қатігез болып алған ба, қалай?! Адамға ұлы Жаратушының да жаны ашымағаны ма, сонда. Кімге керек сонда, бұл адамның тағдыры? Кімге?

Күннен-күнге теңіз тартылып барады. Балалар ана жатырында індетке шалдығып кемтар болып туып жатыр. Ауылдағы адамдар, ата-мекенін тастап, үдере көшуде. Күні кеше ғана тіршілік қайнаған ауылдар қаңырап, бос қалуда. Елде тек шал-кемпірлер мен ауру-сырқау жандар ғана. «Соңғы парыздағы» әдірам қалған ата-мекеннің аянышты тағдыры туралы сыр шертетін осы бір көңілсіз көрініс, жаныңызға мұң ұялатып, кеудеңізді шерге толтырады.

« ...Баяғыда кеме жүзген қолтық, басаттардың бәрі кәзір қара жер. Теңіздің бұл бетіндегі баяғы аралдар – Жалаңаш, Бұйырғынды мен сол анау көз ұшында бұлдырап қалып бара жатқан Көк-Арал –кәзір қара жерге тұтасып кеткен. Баяғыда ата-бабалары қостанып жатып балық аулаған су ортасындағы сол аралдарды сен көбіне-көп шамамен ойша танып, көңілі құрғыр күні бойы құлазыды да отырды. Есіне қай-қайдағылар түсіп, баяғыда осы елдің басынан өткен өмір бірінен соң бірі тіріліп жатыр. Өткен күннің қайта тіріліп жатқан елестері ызалы аш иттей, қасақана көкірегіне жармасып, ащы тырнақпен аямай осып-осып алады. Кенет, елең етіп, еңсеңді тіктеп алдың: Әй-әй, мына шұңғыма шұңқыр қайдан шықты. Бұл жерде дәл осындай қазан шұңқыр жоқ еді ғой? Тоқта... Бәтір-ау, мынау Шөміш-көл емес пе, әй? Тұзды сор бетіне шыққан мына қазан шұңқыр баяғыда балығы тайдау тулаған атақты –Шөміш-көл болды-ау! Ой, адыра қалған ата мекен-ай?» (Соңғы парыз, Алматы, Жазушы баспасы, 1999 жыл, 24 бет)

Байқаусызда денеңе суық жылан кіріп кеткендей тұла-бойыңды тітіркендіретін қорқынышты сурет. Осы жолдарды оқығанда кеудеңізге өксік тіреліп, көзіңізге жас келіп, ащы шындық жүрегіңізді тырнайды. Жазушы өз шығармасында келешектен үміті үзілген, ынсаптан, ар-ұяттан айырылған, күннен-күнге қатігезденіп бара жатқан халықты суреттеп қана қоймай, оны осындай бейшара, дәрменсіз күйге кім жеткізді деген сауалдың жауабын іздейді. Шындығында да бұған кінәлі кім? Заман ба, Құдай ма, әлде адамшылықты ұмытып, ұлы Жаратушыны алдағысы келетін екі аяқты пенденің өзі ме? Табиғатта ештеңенің кездейсоқ болмайтыны рас болса, Жер-Ананың тозуы мен адам баласының азуының арасында біз білмейтін бір заңдылық бар, әйтеуір.

Айтып отырған әңгімемізге қатысы болғандықтан, сәл шегініс жасап, жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісовтің осыдан талай жыл бұрын жазған «Қан мен триллогиясын» еске алайықшы. Ұмытпасаңыз осы триллогияда шығарманың басты кейіпкері Тәңірберген орыс солдаттарымен келіп өзінің ауылын шабады емес пе. Өз әйелінің қалай зорланғанын көзімен көреді. Тәңірберген өзі орнатқысы келген идеалды өмірдің қандай екендігін сонда ғана түсінеді.

«Соңғы парыз» романынан біз сол Кеңес үкіметі орнатқан идеалды өмірдің шырқау шегіне жеткен кезіне куә болып, Құдайды ұмытқан, мағынасыз өмір сүріп жатқан халықтың далбаса тіршілігін көреміз.

«Теңіз тартылғалы бұл өңірдің халқының ісі мен мінезі ұсақтап барады. Ел ішінде ырым-жырым көбейіп, садақа жаназа десе, жұрт жұмысын тастай жүгіреді. Бұрынғы активтердің көбі кәзір басында сәлде, қолында Құран; бала піштіргенде, өлік жерлегенде, үшкіріп-түшкіргенде әсіресе пітір-зекет тиетін тұстарда, бір кездерде «Құдай жоқ! Құдай жоқ!» деп, халықты қырып жібере жаздаған қызыл көз белсенділер, кәзір молда жанында мүлгіп отырғандары» ( Соңғы парыз, Алматы, Жазушы баспасы, 1999 жыл, 27 бет)

ХХХ

Жарық дүниеге келген адам баласының қанша қашса да құтыла алмайтын бір серігі бар. Оның аты –тағдыр. Сенің дүниеге келуің, жан махаббатын кешуің, перзент сүюің, өмірден өтуің.. бәрі-бәрі тағдырдың қолында. Жұмса жұдырығында, ашса алақанында.

Өнер үшін де ең маңызды тақырып –адам тағдыры. Жазушы үшін адам тағдыры –шығарманың кілті. «Соңғы парыз» романының кілті – Жәдігер, Бәкизат, Әзім атты үш адамның тағдыры арқылы ашылады екен. Әрине, шығармада басқа адамдардың да тағдырлары бар. Алайда негізінен оқиға осы үш адамның төңірегінде өрбиді.

Міне – айдалада, аңыраған ашық теңіздің үстінде жалғыздығымен арпалысып қалған Жәдігер. Оны осы өлім нүктесіне айдап әкелген де тағдырдың тәлкегі емес пе еді.

«Кешегі қара суықта балықшылар ауылының бет алдында қолтық ұстасқан-ды. Сонан артына бірер күн салғасын сыпыра жағалау еңіреп қатып, көкше мұз көз ұшына асып кетті. Бүгін үйден азанда жын ұрғандай атып шыққан ұзын қара кісі жаңа қатқан жас мұздың кісі көтеретін жеріне дейін барған еді де, тоқтаған еді. Кәзір, міне, түс ауды. Қысқы күн кешке тақады; ұзын қара кісі азанда кеп тоқтаған жерден әлі тапжылған жоқ; сол баяғы бір орында тұра-тұра табанынан ызғар өтті; тоңазыған дене оқтын-оқтын тітіркеп қалады; бұл бәрібір тырп еткен жоқ; келген ізбен кері қайтуға бетінен басады; ал не де болса бүгін ертеңгісін бет алып шыққан жаққа маңдай түзеп тарта берейін десе, оған... алды бір аттаса-қара су. Оның арғы жағы буланып жатыр. Ұлы теңіз ашулы. Әсіресе осы жолы өз-өзінен долданып, өкпектеп өкіреді. Қалған дүние жым-жырт.»

( Соңғы парыз, Алматы, Жазушы баспасы, 1999 жыл, 13 бет)

Әділеттілік үшін күрескен шығарманың басты кейіпкері Жәдігер адалдықтың символы. Әдебиеттің тілімен айтсақ, ардың арқанынан аттап кете алмаған - лирикалық қаһарман. Романдағы оқиғалардың бәрі де Жәдігердің көзімен баяндалып, дүниені пайымдау түйсігімен өріледі.

Жәдігер де барлық адам баласы секілді бақытты өмірді армандады. Ол арманы орындалғандай болып, Алла-Тағала алдынан жарылқап, жан-тәнімен сүйген адамына қосылды. Перзент сүйді. Бірақ бәрібір бақытты бола алған жоқ.

Қайта керісінше, адал ғұмыр кешіп абырой табам деп ойлаған Жәдігер мазаққа ұшырады. Аралды қалай аман сақтап қалам деп жаны күйзелген Жәдігерді ақыр соңында Құдай қосқан жары Бәкизатқа шейін келемеж қылды. Осы бір адал мінезі үшін өмірден опа таппаған Жәдігер отбасында да бақытты бола алмады. Некелі жарынан жылылықты сезіне алмаған ол күндердің-күнінде отбасының шырқын бұзып, удай мас болып келіп, әйелін сабады. Жәдігер мен Бәкизаттың арасындағы қарым-қатынас бірте-бірте суый берді. . Жұртқа ұқсағысы келмей, елден ерекше адал болғысы келген Жәдігер, жасаған еңбегінің де жемісін көрген жоқ. Отырса опақ, тұрса сопақ болды. Бірақ осыған кінәлі кім? Сеңнің үстінде қалып, ажал алқымнан алғанда ғана Жәдігер өмір бойы тыныштық бермей, жанын жегідей жеген мазасыз сауалдың жауабын тапқандай.

Міне, өлім сәтінің келгенін жан-тәнімен сезінген ол шұбалаңдап жатқан ізіне қарап, өткен өмірін ой елегінен өткізіп, қайта саралап тұр. Шындығында да мына опасыз тіршілікте жалғандықпен күрескен пенде баласының Өлім атты аждаһамен бетпе-бет келгенде ғана әлсіздігін мойындайтындығы неліктен?! Неге біз өмірде азаматтық парызымызды ұмытып, адамдық қасиетімізден айырылып, Табиғат-Ананың өзіне қарсы шығып, соңынан бәрін өзгелерден көріп жатамыз. Осы ұстара сауалдың жауабын Жәдігер бұрын-соңды да білгенімен, ақтық демінің таусылғанын жан-тәнімен сезінгенде ғана мойындағандай ма, қалай?!

«Адам шіркіннің кінәлі өзі болса да, кінәні басқадан іздейтіні не? Міне, бұ да басындағы бар пәлені өзінен, өзінің болып болған болмысынан көрмей, әлдебір ізден көретіні не? Айтса да, бүгін жерге симай, жаны ширыққанда бұны алды артына қаратпай, аңыраған ашық теңізге қуып әкелген із емес еді ғой? Қайта, осы ізді осы араға сүйретіп әкелген бұның өзі емес пе еді? Ия өзі еді» ( Соңғы парыз, Алматы, Жазушы баспасы, 1999 жыл, 14 бет)

Романның тағы бір басты кейіпкері –Бәкизат. Бәкизат- трагедиялық тұлға. Ол өмір бойы өзін шын жүрегімен беріле сүйген Жәдігердің кіршіксіз таза жанын бағалай алмай өтті. Әділіне жүгінсек Бәкизат пен Жәдігердің қосылуы жүрек қалауымен емес, тағдырдың тәлкегімен болған іс еді. Әйтпесе о баста Бәкизаттің жүрегі жолы болғыш, өмірге икемді Әзімді қалаған. Күйкі есебі үшін Әзім Бәкизаттан безініп кеткеннен соң ғана ол Жәдігердің етегінен ұстады. Әйел баласының бәрі секілді Бәкизат та бейнеті аз, қызығы мол идеалды өмірді аңсады. Ал, Жәдігер сынды адалдық сертіне болаттай берік, өзге біреудің ала жібін аттай алмайтын адамның жары болу Бәкизат үшін ауыр сын еді. Ол сынға Бәкизат төзе алмады. Міне, сондықтан да алғашқы күннен-ақ Бәкизат пен Жәдігердің арасындағы сезім күн өткен сайын салқындай берді. Тіпті, осы жаратылысы мүлде бөлек Жәдігер мен Бәкизаттың арасында шынайы сезім болмаған да секілді. Перзент сүю де Бәкизат пен Жәдігерді бақытты ете алмады. Қайта олардың өмірін онан сайын қиындатып, қасірет шеккізді.

«Оған міне он үш жыл. Сонан бері бұлар екі балалы болды. Екі баланың екеуі де ана жатырында кемтар боп туды. Әсіресе, он екіге қарап бара жатқан бұның дәл өзіндей денелі, ірі қара баланың тілі әлі дұрыстап шыққан жоқ; ақыл-есі кем. Ал, екінші баласы.. Бәкизаттың аузынан түскендей аппақ әдемі қыз бала.. бұл айналайын да сол қолы іштен үш саусағы кем туды» ( Соңғы парыз, Алматы, Жазушы баспасы, 1999 жыл, 49 бет)

Жазушы өз шығармасында бұған кім кінәлі? Құдай ма? Адам ба? Жоқ, әлде ант атқыр мына заман ба? деген сауалдың жауабын іздейді. Шындығында бұл ауыр трагедия екі адамның тағдырын тәлкек қылған, бейкүнә екі сәбидің өмірін ғана бақытсыз еткен нәубат немесе тіпті, Арал өңіріне келген ғана қасірет емес. «Соңғы парызды» оқи отырып, бұл күллі халықтың, қаймана қазақтың басына қара күн орнатқан, сұм заманның сұмдық зауалына айналып, етек алып, тамырын тереңге жайып бара жатқан індет екенінін сезінесіз. Әсіресе, күні кеше ғана балығы тайдай тулаған Арал тартылып, ана жақта Семей, мына жақта Байқоңыр, ол аз дегендей Маңғыстаудың мидай жазық даласы мен Ақтөбенің қатпар-қатпар кәрі таулары, Орал мен Орданың шағыл құмдарына дүркін-дүркін бомба жарып ұлан байтақ жер-су, ел-жұрт жаппай полигонға айналғалы бері бұл дүниеде қазақ татпаған у мен дерттің қалмағаны «Соңғы парыз» романында нанымды, әрі шынайы суреттелген.

«Соңғы парыздағы» үшінші кейіпкер -Әзім. Жазушы шығармасындағы Әзім бүгінгі заманның Хлестаковы мен Чичикові. Әзім - Жәдігердің антиподы, зұлымдықтың символы. Егер Жәдігер адал өмір сүруді мұрат тұтса, Әзім өзінің арам ойын жүзеге асыру үшін ештеңеден тайынбайды. Мансаптың жолында ар-ұят сынды өлшемдерден аттап кетіп, Жер-Анаға қиянат жасаудан да еш шімірікпейтін нағыз зұлымның өзі. Әзімнің сыртқы келбеті сұлу болғанымен, ішкі дүниесі құбыжық. Әзім өз ісіне мығым Чичиков секілді қорқынышты құбылыс. Ар-ұят түгіл, туған Отаны Аралды саудаға салудан да Әзім шімірікпейді. Бірақ Әзім көп наданның бірі емес. Қалай сөйлеу керек екендігін жақсы білетін, жұртты өзінің сөзіне иландыра алатын алаяқ, Көп оқыған, алайда «ақылына сәуле қонбаған»(Абай) зұлымдықтың көрінісі.

Ол зұлымдық жасай жүріп адал, қиянат жасай жүріп мейірбан болып көрінуді жақсы біледі. Егер Жәдігер адал жүріп бақытты бола алмаса, оза шауып бәйге алғысы келген Әзім де армандаған мақсатына жете алмады.

«Соңғы парыз» романы туралы келелі сөз айтқан жазушы Әбіш Кекілбайұлының дәл байқағанындай сырт қарағанда ғана, бір-біріне атымен кереқар антиподтар сияқты көрінетін екі еркек түптеп келгенде бір-бірінің дәл баламасы. Екеуінің таласып жүрген әйелі де, тек сырт көзге ғана екеуіне де ұқсамайтын ерекше тұлға. Түптеп келгенде, ол да бар болғаны үшінші балама ғана. Жалпылай алсақ, үш дара тұлға деп жүрген үш адамымыздың жеке-жеке бастан кешіріп жүргендері де, бәрі бірігіп, бір-бірімен табысып, бірде кетісіп, бірге бастан кешіріп жүргендері де –бір тағдыр.

Жазушы шығармасындағы Арал жоғалған жұмақтың символдық бейнесі болса, Жәдігер, Бәкизат, Әзім осы мекенде өмірдің мәнін іздеп адасып жүрген тағдырлар. Шығарманың соңында, оқиға кульминацисына жетіп, осы үш тағдыр бір сеңнің үстінде қалып, Ажалмен бетпе-бет кездескенде сүрген өмірлерінде ешқандай мән болмағандығын түсінеді.

Жәдігер мәнсіз өмір сүрген екен. Адал өмір сүрем деп, ақыр соңында ажалға жолықты.. Бақытсыз тіршілік кешіпті. Шын махаббатты сезіне алмапты. Өмірге бақытсыз ұрпақ әкеліп, айдыны сарқылыпты.

Оза шауып бәйге алам деп аласұрған Әзімнің өмірінде де мән жоқ екен. Досын алдап, сүйген қызынан айырылып, ағайын-туысын жоғалтыпты. Жалған тіршіліктің алдамшы құштарлығына дәндеп алған мансапқұмар Әзім ақыр соңында бәрінен айырылды.

Екі еркектің ортасындағы жалғыз әйел Бәкизат та өмірден мән таба алмаған бейшара жан. Адамдық сезімнің не екендігін ұмытқан ол, өзін жан-тәнімен сүйген Жәдігерді өмір бойы түсінбей өтіпті. Нағыз махаббаты қасында тұрғанда, оны ол басқа жақтан іздепті. Онымен қоймай, өзін-өзі алдаумен өмір сүрген Бәкизат Жәдігердің ішкенін ірің жегенін желім қылып, бақытсыз етіпті. Күйеуінің көзіне шөп салып, махаббатын сатыпты. Мұндай өмірде қандай мән, қандай мағына болуы мүмкін.

Сонымен өмір бойы бірін-бірі түсіне алмаған үш тағдырды ұлы Жаратушы соңғы сыннан өткізбекші. Адамның басы Алланың добы. Кімнің жанын алып, кімді аман қалдыру ендігі уақытта Алланың қолында. Осы сын сағатта үш тағдырдың бүкіл бет-бейнесі мен жұмбақ болмысы ашылып, жарқырай көрінеді.

Айлакер Әзім амалын тауып, сең үстіндегі сергелдеңнен сытылып шығып, Ажалдың құрығынан құтылса, адалдықтың символы Жәдігер қаза табады. Шығарманы оқып шыққаннан кейін, расымен де зұлымдықтың күшті болғаны ма деген ойға батасыз. Ал, шындығында зұлымдық жеңген жоқ. Адамгершілік жеңді. Өмірдің алдындағы өзінің шындығы мен адалдығын дәлелдеу үшін Жәдігер өлді. Әзім болса тағы да өзінің зұлымдығын дәлелдеп аман қалды. Ғұмыр бойы зұлымдықтың жалына жармасып өмір сүрген бейшаралар үшін ғана өлім қорқынышты, ал жүрегі таза, иманына берік жандарға о дүние қорқынышты емес. Шығарманың соңында рухтың өлмейтіндігі символдық деталь арқылы шеберлікпен суреттеліп, Бәкизаттың көз алдында Жәдігердің жаны құсқа айналып ұшып кетеді.

«Сөнер алдында сәулесін сарыққан әлсіз жанарын әзер көтеріп, жаңа, тап жаңа ғана арыстай азаматтың кеудесінен құс боп ұшқан шыбын жанның соңынан телмеңдеп әлі қарап тұр. Көзінде жас. Мөлт етіп омырауға тамған екі түйір сол бойда мөлдіреп мұз моншаққа айналды. Бірақ оны әйел сезген де, білген де жоқ. Еріні жыбырлады: «Ұш пақыр!»-деді; «Берекесі кеткен дүниенің тағы бір қарлы қара дауылын басынан өткізіп, енді, әне, шығыстан қызарып атып келе жатқан жарық күннің жаршысындай ұйқысынан жаңа оянып жатқан адамдарға жет»-деді; «желтоқсанның тағы бір қарлы дауылында бұлар бастан кешкен бар-бар шындықтың түгін қалдырмай, түгел айт!»-деді». «Шырылда!» -деді. «Дүниеде ештеңеге тұлға болмасаң да, бірақ сен аман бол!»-деді. «Шырылда! –деді. –Шырылда! Шырылда, байғұс!». (Соңғы парыз, Алматы, Жазушы баспасы, 1999 жыл, 445 бет)

Роман аяқталды. Жазушының шығармасындағы адамдардың тағдыры қатты тебірентіп, ондағы оқиғалар көз алдымнан кетпей қойды. Сосын бір күні отырып осы мақаланы жазып шықтық. Алайда «Соңғы парыз» сынды әдебиетіміздің үлкен табысы болған, бітімі бөлек шығарма туралы келелі әңгіме әлі алда деп ойламыз. Мүмкін біздікі, келешекте болатын сол келелі әңгіменің кіріспесі ғана шығар...

Амангелді Кеңшілікұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563