Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3615 0 пікір 14 Тамыз, 2009 сағат 15:23

Ықпал агенттері кімге ырықты?

Биылдың өзінде былтыр құрылған қарсы барлау жүйесінің тыңшылары шет елдік құпия ұйымдарға «құлшылық» қылған 12 қызметкер мен 5 тыңшыға құрық салыпты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Қытайға мемлекеттік құпия құжаттар берумен айналысқан ҚР Қарулы күштерінің бұрынғы офицері тұтқындалып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. ҰҚК қызметкерлері өткен жылы мемлекеттік құпияны сақтауға қатысты нормативтік-құқықтық актілерді бұзған үш мың істің бетін ашқан. Әрине, бүгінгі әңгімеміз бұл жайында емес, бірақ тақырыптас. Сонымен, олар біздің ортамызда жүр... Қалпағын басып киіп, жүзін қалқайтқан жағасына жасырмайды. Қойны-қонышын тыңдағыш «жучокпен» толтырмайды, қорғасын оқты қолшатырды қолына алмайды. Тым болмаса, жағасын бір тістеп, тіл тартпай өлтіре салатын зарин уын да ішпейді-ау. Яғни, бұлар - екібастан Ян Флемингтің «Бондианасын» бастан-аяқ оқыған бүлдіргі тыңшылар емес. Сонда бұлар кім дерсіз? Түр-сипаты, киім киісінен мін таппайсыз, бар кінәсі - пиғылы бұзық, пейілі тар. Сол ғана. Ендеше, таныс болыңыздар - бұлар ықпал агенттері.

 


Биылдың өзінде былтыр құрылған қарсы барлау жүйесінің тыңшылары шет елдік құпия ұйымдарға «құлшылық» қылған 12 қызметкер мен 5 тыңшыға құрық салыпты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Қытайға мемлекеттік құпия құжаттар берумен айналысқан ҚР Қарулы күштерінің бұрынғы офицері тұтқындалып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. ҰҚК қызметкерлері өткен жылы мемлекеттік құпияны сақтауға қатысты нормативтік-құқықтық актілерді бұзған үш мың істің бетін ашқан. Әрине, бүгінгі әңгімеміз бұл жайында емес, бірақ тақырыптас. Сонымен, олар біздің ортамызда жүр... Қалпағын басып киіп, жүзін қалқайтқан жағасына жасырмайды. Қойны-қонышын тыңдағыш «жучокпен» толтырмайды, қорғасын оқты қолшатырды қолына алмайды. Тым болмаса, жағасын бір тістеп, тіл тартпай өлтіре салатын зарин уын да ішпейді-ау. Яғни, бұлар - екібастан Ян Флемингтің «Бондианасын» бастан-аяқ оқыған бүлдіргі тыңшылар емес. Сонда бұлар кім дерсіз? Түр-сипаты, киім киісінен мін таппайсыз, бар кінәсі - пиғылы бұзық, пейілі тар. Сол ғана. Ендеше, таныс болыңыздар - бұлар ықпал агенттері.

 


Б.з.д. 328 жылы Ескендір Зұлхарнайын ежелгі Соғды (қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан территориясы) жерін жаулап алады. Әскерін тынықтырып, жергілікті тұрғындардың ау-жайын білісімен, Македония мен Грекиядағы текті деген әулеттерден іріктеп алған 100 жігіт алдыртады. Жүзінің бәрі де «сен тұр, мен атайын» деп жұлынып тұрған, білім-білік жағынан ешкімге есесін жібермесе керек. Соғды жеріне табандары тиісімен, Ескендірдің өзі құда ретінде оларды жергілікті билеуші ортадан шыққан қыздарға қосып, тойларын өткізіп береді. Бір қарағанда, бұл «туыс» болған халықтардың ендігәрі соғыс болмасын деген ниетпен қыз алысып, құда болатын салтына ұқсайды. Бірақ... айлакер әмірші арыдан ойлап еді. Құдалық арқылы грек-македон империясының мүддесін ойлайтын жаңа әулеттің, билік құрылымының негізін қалау. Міне, әйгілі македондықтың шын мақсаты.

Мұндай мысалдарды тарихтан көптеп табуға болады. Айталық, Кеңестер Одағының құлауы да көбіне-көп билік эшелонының ұшар басындағы ықпал агенттері арқылы жүзеге асқан-ды. Бұл сенсация емес. 1947 жылдан бастап-ақ Вашингтон «коммунизммен күрес» деген желеумен Одақ территориясында «тілектестерін» тәрбиелей бастады. Қайбір дерекке сүйенсек, тек 1985 пен 1992 жылдар аралығында Батыс (оның ішінде АҚШ бар) «КСРО-ны демократияландыру үрдісіне» деп 90 млрд доллардың басына су құйған. Ағыл-тегіл ақша Крибла институты, «Демократияға қосылған ұлттық үлес» қауымдастығы секілді ұйымдар арқылы қорытылып, қоғамдық пікірді өзгертетін талай бағдарламаның тамырына қан жүгірткен. Тіпті, 1986-90 жылдары Коммунистік партия Орталық комитетінің хатшысы болған, «Қайта құрудың» бас идеологы А.Яковлевтің өзі ықпал агенттерінің «өкіл атасы» болған-мыс. Бұны Горбачев білсе де, білмеген сыңай танытқан. Үш әріптілерге оның үнін мәңгілік өшіруге мұрсатын бермепті.

Сонымен, ықпал агенті дегеніміз - белгілі бір елдің сыртқы саясатындағы курсына, билеушілердің пиғылына сай шешімдерді қабылдатқызу үшін қоғамдық пікір қалыптастыратын органдарға, элиталық-қаржылық топтарға ықпал ете алатын адам. Иә, осылай. Бірақ, олардың орындалуы тиіс бұйрықтарды барынша бұрмалап, ішкі саясатта, не экономикадағы өсуді тежеуге кесірін тигізетіні көп. Ықпал агенті Сізге шекеден қарайтын шенеунік-министр, депутат, болмаса, ірі компанияның басшысы да болуы мүмкін. Әйтеуір, «көңілі кеткен» елдің бүйрегі бұлтисын деген мақсатына жетудегі тірлігін жүйелі жүргізе алса болғаны. Тіпті, шығармашылық интеллигенцияның да осы шырмауыққа тартылуы бек мүмкін. Мысалға, Израилдің «Моссад» барлау қызметі өз жұмысында жер-жердегі еврей қауымдастықтарының өкілдерін кеңінен тартатын көрінеді. Осы қисынға салсақ, Қазақ еліндегі сан түрлі ұлттық-мәдени орталықтар, халықаралық қауымдастық, қорлардың тізімін қолға алып-ақ, қорқуға болады. Бұлардың қатарына «оғаш» ойлайтын кейбір орыстілді БАҚ-тарды да қосса болар.

Ақыры, әңгіме ауаны Қазақстанға ауған соң айтарымыз - бізде ықпал агенттерінің болуы ешқандай миф емес, қайта мәселе. Неге десеңіз, геосаяси, экономикалық тұрғыдан біздің өсу «феномені», «асқан толеранттылық» құпиясы кім-кімді де қызықтырады. Тағы да осы теорияға салсақ, елімізде Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ агенттерінің ықпалы күштірек сезіледі-ау. Әсіресе, Ресейдің. Бұл жағынан еліміздің саяси өмірін бақылап жүрген жан бірден 5-6 мысалды айтып бере алады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ықпал агенттері бар ма, болса оның әсері қандай деген сұрақ  көтеріле бермейді. Апта сайын алуан елдермен, компаниялармен болып жатқан келісім-шарттарға жүйелік сарап, талдау жүргізіле ме? Ұлттық мүддеден ұтылып жатқан жоқпыз ба? Оны індете зерттеп жүрген орталықтар да шамалы. Десек те, бұл мәселені көзге ілмесек, ертең-ақ ұлттық қауіпсіздігіміздің қабырғасы қақырамасына ешкім кепіл болмайды. Молдавиядағы румын агенттерінің «риясыз» әрекеті - осының айғағы...

 

 

 

Сарапшы сөзі


Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

Өз басым біздің кейбір ағайындарымыз сияқты «ішімізді жау алды» дейтін аттаншыл аурулар мен фобиялардан аулақпын. Дегенмен де, елімізде сырт елдердің мүддесін қорғап, солардың сойылын соғып жүргендердің аз емес екендігін жақсы білемін. Оларды екі топқа бөлуге болады. Біріншілері - өздерінің істеп жүргенін ең дұрыс, ең сара деп түсінетіндер (саясаткерлер, саясаттанушылар, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері). Бұлар, мысалы, Қазақстанның болашағы Ресеймен, не болмаса басқа елмен байланысты болуы керек деп сенеді және сол ұстанымдарын насихаттаумен айналысады. Екіншілері - өз жұмыстары үшін шетелден қаржы алып, соған жұмыс істейді. Бұлардың қатарына шетелдің қорларынан ақша алып, сол елдердің мүддесін қорғап жүргендерді қосуға болады. Мысалы, Қазақстандағы орыс және славян ұйымдары. Үшінші шағын ғана топ - нақты елдердің тыңшылары. Біздің елде жыл сайын жиырма шақты «тыңшылар» ұсталып жатады. Алайда, шындап келетін болса, Ресейдің арнайы қызметтерімен салыстырғанда басқа елдердің қолы қысқа. Өкініштісі, олармен шындап күресіп жүрген біздің барлаушылар жоқ. Ол қауіп-қатердің ел қауіпсіздігіне тигізіп отырған әсері әртүрлі. Мысалы, Иран мен Қытайдың қолға түскен агенттері негізінен экономикалық, техникалық және саяси шпионажбен айналысқаны белгілі. Батыс елдерін де осындай ақпарат қызықтыруы ықтимал. Ал, Ресейдің арнайы қызметтерін «қызықтырып» отырған ақпарат өте ауқымды. Олар еліміздің ішкі мәселелерімен де айналысады, элитамыздың ішінен ресейшіл топтарды «өсіруге» тырысады. Билеуші элиталардың ішінде Ресейдің саяси және бизнес топтарымен етене жақындасқан, ауыз жаласқан адамдар да жеткілікті. Олардың еліміздің бюджеті мен қауіпсіздігіне тигізіп жатқан кері әсері туралы кез-келген газеттен оқып, теледидардан көруге болады. Мысалы, Ресеймен әскери техникалық немесе ғарыштық ынтымақтастық деген желеумен бюджеттің миллиардтаған қаражаттың талан-таражға түскенін жақсы білеміз. Қазақстанға тиімсіз келісім-шарттар қаншама! Жалпы алғанда, еліміздің белгілі бір салалары ақсап жатса біз оны ең алдымен өзімізден көруіміз керек. Шетелге өкпелеудің қажеті жоқ. Әр ел өзінің мүддесін қорғауға тырысады. Бұл заңды нәрсе. Бұған қарсы тұру үшін біз ең алдымен «ұлттық мүддеміз неде, қандай?» деген сұрақтарға жауап беруіміз керек. Егер еліміздің барлық азаматы «біздің ұлттық мүддеміз осындай», «мынаның істегені ұлттық мүддемізге қайшы» деген түсініктер болса, ішіміз бүтін болса, бізді сырттан жау ала алмайды. Ұлттық, мемлекеттік мүдде деген нәрселер тек ат төбеліндей ғана топтың мәселесі емес, баршаға ортақ тақырып болуы керек.

 

Өркен КЕНЖЕБЕКОВ,

«Дала мен Қала» газеті, 10.08.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322