Украина мен Ресей: Қазақ кімді қолдады?
Әлемдік геосаяси жағдайға, экономикалық, энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндірген Ресейдің Украинаға шапқыншылық соғысы екінші жылға аяқ басты.
Ақпанның 23-күні өткізілген Біріккен Ұлттар Ұйымының «Ресейдің украинадан шартсыз түрде әскерін алып кету» қарарына дауыс беру нәтижесі көрсеткендей әлемдегі елдердің көбі Ресейді айыптағанымен, «қырғи қабақ соғысы» кезінен Кеңес ықпалында болған, жақтас болған елдер Ресейді қолдап, қарсы шықпаса да қалыс қалып, демократиямен диктатураның ортасында таңдау жасауға мәжбұр болуда.
Украина мәселесінде Қазақстан былтыр да, биыл да қалыс қалды. Президент Тоқаев Путиннің «бөліп ал да билей бер» саясатын қолдамайтынын, Украинаның мемлекет тұтастығын құрметтейтінін Кремль қожайынының бетіне тіке айтты. Ал Қазақстандағы саяси, қоғамдық ұйымдар мен қарапайым халықтың Ресей агрессиясына байланысты көзқарасы әр алуан. Бұл арада Тоқаевтың негізгі заңға өзгеріс енгізуді ұсынып (билік басындағылардың ешқандай партияға мүше болмау), тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев төрағасы болып келген «Аманат» (Бұрынғы «Нұр Отан»), Қазақстан халық ассамблеясы ұйымдарынан жеке басын ауашалап алғанын ескеру керек.
Ассамблея демекші, Кремль саясаткерлерінің ақпараттық шабуылында, ішкі ұлттық мәселелерде көбіне-көп үнсіз қалатын Қазақстан Халық ассамблеясының Путиннің аталмыш «соғысын» қолдауда ерекше белсенділік танытқанын айтпай кетуге болмас. Украинаның Қазақстандағы елшісі ашумен бірер сөз айтқанда, осы ұйымның бейне бір тәуелсіз қазақ елінің емес, Ресейдің қолбала ұйымы іспетті өре түрегеліп, еліміздің Сыртқы Істер министріне шағым түсіріп, жеңімпаздар елінің елшісін елден кетіріп тынғаны белгілі. Халық атын жамылған бұрынғы коммунистік партияның, оның қазіргі басшысы Ермұхамет Ертісбаевтың Кремльге, оның қожайынына деген ықыласы да ерекше. Ашық айтудан әрдайым жасқанған емес. Әлемнің 141 елі айыптап отырған Путиннің фанаты екенін жасыра алмай ашық айтып, «Ақ жол» партиясынан қуылған Азамат Әбілдаевтың қатарының мол екені тағы да шындық. Оған «Путин кем дегенде Киевті алып барып тоқтайды» деп сәуегейлік танытқан «Жаңа Қазақстандық» саясаттанушыларды қосыңыз.
Ал бұлардан ұстанымы бөлек, ата қазақтың «Орыстан досың болса, қойныңда айбалтаң болсын» қағидатын ұстанып, Украинаның тілеуін тілеп отырған жұрттың саны да жетерлік. Оны Кремль де сезіп отыр,
Қазақ кәсіпкерлерінің жарықсыз, жылусыз қалған украина қалаларына тіккен киіз үйінің орыс билігінің көзіне тікенше қадалып, түсінік талап еткені соның айғағы.
Айтып-айтпай Путин бастаған соғыстың тікелей зардабын жауынгер Украина халқы тартқанымен, бізге де идеялық, экономикалық жағынан айтарлықтай әсер етті. Жоғарыда біз келтірген мысалдар соның бір парасы ғана.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ пен украин халқы тағдырлас халық. Қызыл диктаторлардың кесірінен әлемдегі алдыңғы астықты өлке бола тұра, геноцидке ұшырап, аштан қырылып қала жаздады. Ядролық дауылдың зардабын тартты. Кеңес одағы тарағаннан кейін санаулы ядролық державалардың кепілдігімен, қырып-жойғыш қарулардан өз еркімен бас тартты. Путин билігі соның бәрін біле тұра уәдесінен бір-ақ сәтте айнып, тағдырлас елге соғыс ашты. Орыс билігінің жаңа ғасырда да зорлықшыл табиғатының өзгермегенін айдай әлемге жария етті. Бұл да бізге қауіпті сигнал. Орыс билігі Украинаға соғыс ашудың сылтау ретінде көрсеткен нацизм көріністері Қазақстанда да етек алып келеді (Русфобия сипатында) дегенге сендіргісі келеді.
Тұңғыш президент Назарбаев дәурендеп тұрған кезде ҰҚШҰ, ЕАЭО-ға мүше болып, Ресеймен, орыс билігімен іштесіп кеткені мәлім. Соғыстан кейін де, соғыстан бұрын да, Кремльдің қазақ мемлекеттігін тәрк еткен ақпараттық шабуылына, экономикалық бопсасына ұшырап келген Тоқаев билігі жаңа әлемдік геосаяси дағдарыс жағдайында Кремльмен қатынасын қайта қарауға мәжбұр болуда. Экономикалық қауіпсіздік үшін жаңа бағыттарды, жолдарды қарастырып, нақты қадамдар жасауда. Қарулы күштерде соғыстан сабақ алып, әскери докторинаға түзету енгізді. Күні кеше сенат отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Камалдинов соғысты жіті бақылап отырғандарын, бұрынғыдай Ресейдің қауқарсыз соғыс қаруларына емес, дрон сияқты жаңа технология қаруларын сатып алуға басымдық берілетінін жеткізді.
Бірақ ең маңызды түйткілге, атап айтқанда, Ресейдің ақпараттық экспансиясына тосқауыл қойылмауда. Біл жылдан бері тәуелсіз еліміздегі ұлты орыс тұрғындардың Путиннен соғысын Қазақстанда да жүргізуге шақыруы, өз қандастарымыздың ішінде де оның жақтастарының көп болуы Кремльдің біздегі үгіт насихатының күштілігінің нақты көрінісі. Тұңғыш президенттің «алдымен экономика, сонан соң саясат» бастамасының неге алып келгені белгілі. Қазірден бастап Кремльдің ақпараттық шабуылына тосқауыл қойылмаса, бала Ертісбаевтер мен бала Әбілдаевтердің көбейе берері анық. Ол кезде экономикалық, және басқа да тәуелсіздік жолындағы еңбектің бәрі еш болады.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz