Елімізде әскери міндетін өтеушілерге жан-жақты жағдай жасалуда
Көктемгі жаппай әскерге шақыру науқанының басталуы алдында қоғамда, әсіресе жастар арасында әскери қызметтің маңыздылығын түсіндірудің берері мол. Бұл ретте әскери қызметке байланысты ата-аналармен, әскери міндетін өтеуге баратын жастардың әр түрлі кереғар түсініктің әсерінен туындаған көңіл алаңын сейілту үшін мұндай насихат жұмысының өнімділігі өте жоғары екені айтпасада түсінікті.
Әскери салаға көңіл бөлудің айқын көрінісі болған жыл сайын кемелденіп келе жатқан жарқын өзгерістерді көпке жеткізудің, құлағдар етудің басқа тиімді жолы жоқ. Соны көрсету арқылы жастардың Отан қорғауға деген ынтасымен жігерін, болашағына деген сенімділігін оятуға, әскери міндетін өтеуге алаңсыз аттануға жол ашуға болады.
Соны жақсы түсінген қорғаныс министрлігі өкілдері осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды алып баруда. Оған жарқын мысал ретінде өңірлік екі насихаттық қимылды атауға болады. Оның бірі болашақ әскери міндетін өтеуге үміткер мектеп оқушыларымен сарбаздардың онлайн режимде өткен кездесуі.
Мектеп оқушылары мен студенттерге арналған мұндай қызықты форматтағы кездесу Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының бастамасымен өтті.
Елордалық 68665 әскери бөлімінің басшылығы алғаш рет жақын арада сарбаздардың орнын басатын жасөспірімдермен кездесу ұйымдастырды. Аталған шараға Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Самат Төлепбаев басшылық етті.
Бейнебайланысқа мерзімді қызметтегі сарбаздар әскери қызметке дейін оқыған Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының оқу орындары шықты.
Полковник Самат Төлепбаев армиядағы қызметтің әскерге шақырылған жастарға беретін артықшылықтары туралы жан-жақтылы айтып берді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз түсу болды.
Биылғы жылы еліміздің жоғары оқу орындары жауынгерлік даярлықтың үздіктері мен өздерін жақсы жағынан көрсеткен әскери қызметшілерге үш мың квота бөліп отыр. Олар сондай-ақ ақысыз жоғары білім де ала алады. Тағы бір жеңілдік – мерзімді әскери қызмет өткеру уақытында несиені және шағын кредиттік ұйымдардағы қарызды төлеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік жасалып отыр.
Мерзімді қызметтегі әскерилер балаларға әскери қызметтің қыр-сырын, жауынгерлік достық, демалысты ұйымдастыру туралы, әскери-есептік мамандықты игеруге қажетті білім мен дағдыларды беретін командир-тәлімгерлер жайлы әңгімелеп берді.
Оқушылар әсіресе бейімделу кезеңінен өту, әскери және азаматтық оқу орындарына түсу, әскери атақ алу және белгілі бір әскер түріне қалай кіру туралы білгісі келіп, қызығушылық танытты. Балалар ойындағы сұрақтарына толық жауап алды.
Ерекше форматта өткен кездесу арқылы оқушылар отан алдында борыш өтеудің маңыздылығын жете түсініп, әскери қызметке қызығушылығы артып, ерекше ынталылық көрсетті.
Екінші кездесудің де маңыздылығы, насихаттық күші, тәрбиелік салмағы өте жоғары болды. Алдыңғы кездесуден болашақ әскери міндет өтеушілер әскери қызметпен жаңалықтармен жан-жақтылы танысса, екінші кездесу әскери міндетін өтеушілердің болашағы жайында үкіметтің жасап жатқан игіліктерін, нақты жүзеге асу жолдарын анық түсіндіріп берді. Сол мақсатта Қорғаныс министрлігінің ақпараттық «десанты» Ақтау гарнизонында болды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінде болды. Сарбаздармен кездесу барысында ол әскердегі қызмет қандай мүмкіндіктер мен перспективалар ашатыны туралы хабардар етті.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен меморандум жасалып, мерзімді әскери қызмет кезеңінде азаматтардың несиелері бойынша төлемдерді «тоқтату» алгоритмі әзірленді. Қырықтан астам жоғары оқу орнымен отан алдындағы әскери борышын өтеген жастар үшін білім беру преференциялары туралы келісімдерге қол қойылғанын жеткізді.
– Биылғы жылы жоғары оқу орындары Қарулы күштер қатарында белгіленген мерзімде қызмет еткендерді тегін оқыту үшін үш мың орын бөліп отыр. Квоталар үздіктердің үздігіне беріледі. Бұл сендер үшін үлкен ынталандыру, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскери теңізшілермен кездесуде.
Жауынгерлік даярлық пен жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, үлгілі әскери тәртібі бар әскери қызметшілер оқу орнының квотасы есебінен ЖОО-да оқу үшін әскери бөлім қолбасшылығының ұсынымын ала алады. Қолданыстағы регламент бойынша оқу орнына жіберу туралы шешімді Қорғаныс министрлігінің комиссиясы қабылдайды.
Астана қаласының Сарыарқа қорғаныс істері жөніндегі аудандық басқармасынан шақырылған матрос Байболсын Құдыш елордалық жоғары оқу орнына түсуді армандайды:
– Өз болашағымды Astana IT University-мен байланыстырғым келеді. Бала күнімнен бейнемонтажбен айналысамын. Аталған оқу орнында заманауи технологияларды игеріп, осы бағыттағы жұмыстарды дамытатын боламын деп ойлаймын,- дейді ол.
Қорғаныс ведомствосы Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары капитан Людмила Перякина әскери теңізшілерге әскери қызметшілерді тегін жоғары білім алуға ұсыну үшін іріктеудің ашықтығы қалай қамтамасыз етілетіні туралы айтып берді.
– Сіздердің әрқайсыңыз Қорғаныс министрлігінің «Мерзімді қызмет 2.0» сайтының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, өз деректеріңізді таба аласыздар. Бұл алаңда жауынгерлік, әскери-кәсіптік даярлық және әскери тәртіп нәтижелері бойынша ұпайлар көрсетіледі, – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев кездесуге қатысушыларға Қорғаныс министрлігінің білім беру жеңілдіктері жөніндегі жобасын отандық IT компаниялар қолдағанын жеткізді. Олар әскери бөлімдерге әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарына түсуге дайындалуға көмектесетін планшеттер мен ноутбуктерді сыйға тартқан.
Мұндай нәтижелі шаралардың жастарды әскери міндетін өтеуге, ел алдындағы, отан алдындағы борышын адал атқаруға, ел ертеңі үшін адал қызмет өтеуге жігерлендірері сөзсіз.
Abai.kz