Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 3991 9 пікір 17 Наурыз, 2023 сағат 11:13

Түркі мемлекеттері ұйымы – Түркістан атана ма?!

Түбі бір Түркі елдері кеше Анкарада тағы да бас қосты. Кездесуде: Түркі елдері саммитінің Анкара декларациясы; Түркі елдерінің азаматтық қорғаныс механизмдерін қабылдау туралы шешімі; Түркі елдерінің инвестициялық қорын құру туралы келісім қатарлы құжаттар қабылданды.

Түркі мемлекеттерінің ұйымы (кезінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі – Түркі Кеңесі деп аталған) 2009 жылы Түркі мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында үкіметаралық ұйым ретінде құрылды. Оның негізін Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия – төрт мемлекет қалады. 2019 жылдың қазан айында Бакуде өткен 7-ші Саммит кезінде Өзбекстан толыққанды мүше ретінде қосылды. Мажарстан 2018 жылдан, Түрікменстан 2021 жылдан бақылаушы ел мәртебесімен қатысып келеді.

Орыс өктемдігінен құтылған түркі жұрты көп күткен бұл ұйым – бұғанасы қатпаған алғашқы қадам. Түркия мен Венгрия мүше болып табылатын НАТО-мен де, Кеңес құрамында болған республикалар кіретін Ресей ықпалындағы ТМД-мен де, ҰҚШҰ-мен де, Қытай жетекшілігіндегі ШЫҰ-мен де салыстыруға келмейді. Ортақ тарихы, тілі, мәдениетті ұйыстырған Түркі мемлекеттерінің ұйымы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, ынтымақтастықты дамытуға және оған мүше мемлекеттер арасындағы ортақ даму әлеуетін ашуға ұмтылады.

Түбі бір түркі елін көк ту астында біріктіру идеясы өткен 20-ғасырдың басында басталғаны, оның көш басында «Түркістан» республикасын құрған Алаштың аяулы оғланы Мұстафа Шоқай тұрғаны жұртқа мәлім. Осыны ескерсек, енді-енді жұмысы жанданып келе жатқан Түркі мемлекеттері ұйымына ортақ атау қою мәселесі туындайды. Марқұм Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабайдың жолымен «Түркістан» деп атауға болар еді. Бірақ, қазіргі геосаяси жағдай ушыққан күрделі кезеңде мүше елдер ондай батыл қадамға бара қоймас. Түркі елдеріне Орыс пен Қытай билігінің ықпалы әлі де басым. Мұндай қасиетті атау патша заманынан «Пантуркизммен» күресіп келе жатқан, бүгінде Еуразия идеологиясын өршелене дәріптеп отырған Кремльге, «Шығыс Түркістан» десе төбе шашы тік тұратын Қытай коммунистік билігіне ұнамайтыны анық.

Қызылдар билік құрған кезеңде ежелгі түркі жұртының жері мен халқының тарихы бұрмаланып, жосықсыз әкімшілік райондарға (Республикаларға) бөлінгені белгілі. Оның салдары қазірде сейілген жоқ.

Түркі мемлекеттерінің ұйымына ортақ атау белгілеуден бұрын, бізше, ұйымға мүше Кеңес шекпенінен шыққан елдер бірінші кезекте Кеңес билігі күштеп таңған «стан» атауынан құтылып, өз болмысын әйгілейтін жаңа атау алуы керек. Қырғыз бен қазақты қосақтап, «Киргиз» деген ұлт жасаған орыстың империяшыл тарихшыларының ежелгі парсы тілінде жер, аймақ деген мағына беретін «stan» сөзінің әуелгі мағынасын бұрмалап «уақытша тұратын жер» деген анықтама беруі бекер емес. Ұлттарға теңдік береміз деп алдаусыратқан қызыл көсемдер де Түркі республикалары атауының соңына оны жайдан-жай қосарлаған жоқ. Путиннің «Кеңес құрамынан шыққан елдерге жерді біз сыйға тарттық» деген уәжінің астарында да сол бұрмаланған тарихи алаяқтық жатыр.

Былтыр Түркия президенті Ердоған елдің халықаралық аренадағы беделін арттыру үшін «Republic of Turkey (Түркия Республикасы)» болып келген Түркияны «Republic of Türkiye» деп өзгертуге БҰҰ-ға өтініш жолдап, талабы орындалған еді. Сөйтіп түрік елі кеште болса ағылшындар зорлап таңған Turkey (тауық) деген лақап аттан құтылған. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан билігінің алдында да осындай өзекті мәселе тұр. Жақында Астанада сапарда болған АҚШ мемлекет істер хатшысы Блинкен твиттер парақшасында Қазақстанды «Қазақ елі» деп атап, жылы лебіз білдіргенді. Біле білсек алпауыт Американың әлемдік геосаяси жағдайды реттеуші өкілі түркі елдерінің әлемдік аренада «стан» қалпымен емес, тарихи шынайы бейнесімен көрінудің, өзінің тарихи орынын алудың өзектілігін меңзеп отыр. Өзге елдерде Ердоғанның ерлігін қайталай алғанда ғана, Түркі мемлекеттерінің ұйымы ежелгі қаһарлы «Түрік қағанатын» еске түсіретін аты затына сай қуатты бірлестік болмақ.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560