Ақорда мен Мәжіліс: Үкіметке Әлиханнан артығы жоқ...
Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымында қалды. Ол қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Үкіметін басқаруға келген. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысында Үкіметті басқаруға Әлихан Смайыловты ұсынған.
«Мен сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына Премьер-министрдің кандидатурасын ұсына алатынын атап өттім. Бүгін мен Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановты қабылдадым. Жаңа ғана фракция жетекшілерімен арнайы кездестім. Үкімет басшысы лауазымына «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты талқыладық. Ортақ мәмілеге келдік.
Ата заңымыздың 44-бабына сәйкес, Премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынамын. Баршаңыз бұл азаматты жақсы танисыздар. Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол Үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі. Оған жаңа Үкіметтің тізгінін сеніп тапсыруға болады деп санаймын.
Конституцияның 56-бабына сәйкес Премьер-министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындау үшін Мәжілістің келісім беруін сұраймын», - деді Президент.
Осыдан кейін дауыс берген 97 Мәжіліс депутатының 7-еуі қарсы дауыс берді, 8 адам қалыс қалды. 82-ісі ләппай тақсыр деді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Асханұлы Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Айта кетейік, Әлихан Смайылов 2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі қызметін атқарған.
2019 жылғы 25 ақпанда Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.
Түйін. Қасіретті қаңтардан кейін Үкіметтің тізгінін ұстаған Әлихан Смаиыловқа әзір тең келетін табылмай тұр. Бұл Ақорда мен оның айналасындағылардың пікірі. Соның дәлелі, биліктегі доминант партия бүгін премьерлікке қайта ұсынып, Мәжіліс бірауыздан дерлік қолдап, Президент қол қойып, креслосын сақтап қалды.
Осыған дейін қазақ қоғамы Үкіметті кім тізгіндейді деген сауал төңірегінде қызу-талқы жасаған. Үкімет креслосына үміткерлер қатарында ең ықтимал нұсқа ретінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың аты аталған.
Abai.kz