Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 3255 0 пікір 15 Сәуір, 2013 сағат 08:25

Тұрсын Жұртбай. «Мұқанов жолдас өз басында болған қаталарды әлi ашып айтқан жоқ»

3.

3.

Дүние көшiнде адамзат қаншама рет ақыл азабын шектi десеңiзшi. Солардың барлығының да жарасы әлi де жаныңды сыздатады. Қасiреттiң iзi ешқашанда өшпейдi. Шексiз билiкке ие болған әмiршiлердiң психологиясының да ұқсастығын ашқан ғалымдар, бiр тұжырымға тоғысады. Цезарь да, Кромвель де, Грозный да, Петр бiрiншi де, Наполеон да... Сталин де өздерiнiң арының тазалығына, әрекетiнiң дұрыстығына, өзгелерден әлдеқайда биiк екендiгiне ешқашанда күмәнданбапты. Қысқаша қайырғанда, өздерін құдай деп, құдай болмаса - құдайдан былай емеспiн деп түсiнген. Құдай да жалғыз, олар да жалғыз. Сол жалғыздықтан жапа шегiп, iшкi жан күйзелiсi шарасынан асқанда адамды адамға айдап салып, азаптан рахат табады екен. Сәл ғана суық көзқарастың өзi жан алғыш әзiрейiлдей елестеп, дереу жазаға тартуға, қиналуға, үрей тудыруға ұмтылатын көрiнедi. Лениннiң «Съезге хатындағы» өзiнiң қаталдығы туралы ескертуiне: «мен жауларыма ғана қаталмын»,- деп жауап беруi өктемдiкке, үстемдiкке құмарлық Сталиннiң бойында бұрыннан-ақ бар екендiгiн аңғартады. Оған бұл жылдары ешкiм де мән бермедi. Ол - Каменевтiң ұсынысы бойынша Бас секретарьлыққа сайланды. Орталық комитеттiң мүшелерi Сталинге «орташа ғана қабiлетi бар» кадр ретiнде қарады. Демек, шыңыраудан көтерiлiп келе жатқан аса қуатты күштi жете бағаламаған. Дөрекi әрi қарапайым, жан-дүниесi тұңғиық, қатал адам өз тұстастарының барлығын жолынан ысырып тастап, дара тұлға, тiптi, көсем атанды. Социализм құрлысы алға қарай жылжыған сайын тап күресi бұрынғыдан да шиеленiсiп, ушыға түседi деген қате пiкiр ол тұста «ұлы қағида» есебiнде қабылданды. Бiр адамды екiншi адамға айдап салып, арандатуға негiз қалады. Зауал науқаны сәт сайын өршiген дүлей (смерчь) сияқты жаппай отауға көштi. Оны тоқтату мүмкiн емес едi.

Бұл - адамзат тарихындағы кезектi азап белдеуi, социалистiк қоғам тұсындағы инквизиция соты едi. Фейербахтың:

«Тарихқа көз салу - жүрекке ине шаншумен бiрдей»,- деуi де сондықтан.

Отыз жетiншi жылдың ең қатерлi кезеңi, қауiптi зауал шағы қыркүйек, қазан айына тура келдi. Авгуске дейiнгi әшкерелеулер алғашқы «барлау», қарашадан соңғы науқан - «алғашқы соққының» екпiнi сияқты едi. Қыркүйектiң басында барлық газеттерде iрi-iрi партия қайраткерлерiнiң арасындағы «халық жауларының» тiзiмi берiлiп, алды ату жазасына бұйырылды. Дүлей құйын күшiне ендi. Ол науқан Жазушылар одағында да өз дәрежесiнде өттi. Сәкен де, Iлияс та осы толқынның құрбаны болды. Қандай күйiнiштi күз едi десеңiзшi.

Аспанның бұлтынан көңiлдiң бұлты басым болған күйiнiштi күздi басынан кешкендердiң бiрi...

Мұхамеджан Қаратаев: «Ешкiм де ондай апат кезеңi туады деп ойлаған жоқ. Бәрiмiз де ертеңiмiзден үмiттенiп мамыражай қалыпта, той-тойлап, қызық көрiп, қызмет харакетiмен жүргемiз. Мен 1936 жылы күзде Ленинградтың аспирантурасынан қайтып оралып, Жазушылар Одағының жауапты секретарьлығына бекiтiлдiм. Екi жылдай Сәкенмен, Бейiмбетпен, Iлияспен, Сәбитпен, Ғабитпен, Мұхтармен аралас-құралас жұмыс iстедiм. Мұхтардың ұсынысымен отыз алтыншы жылы ноябрьде бiр топ жазушы Семейге бардық. Құрамында Тайыр, Жақан, Ғали, Павел Кузнецов бар. Қуанышты оралып, көрген-бiлгенiмiздi секретариатқа мәлiмдедiк. Мұхаң: «Қызметiңдi Абайға тағзым етуден бастағаның дұрыс!»,- деп ризашылық бiлдiрдi. Сәду Машақов, Төкен Әбдiрахманов сияқты жас таланттарды тауып қайттық. Отыз жетiншi жылды Пушкиннiң қайтыс болғанына жүз жыл толуын атап өту қамымен бастағамыз. Оған Жамбылдың ақындық өнерiнiң 75 жылдығын тойлау қызығы ұласты. Сөйтiп алабұртып жүргенде, көктемгi найзағаймен қоса заман найзағайы да ойнап қоя бергенi. Әдебиет ортасында да ешкiмге түсiнiксiз, алай-дүлей жағдай туды. Үрей, жаманшылықты көздеген пиғыл өршiдi. Ақыры не болатынына ешкiмнiң көзi жетпедi. Мұндай зобалаңның себептерiн де ешкiм бiлмедi. Мұхтарды да қорқыныш билеп, қабағы жиырылып жүрдi. Ол кiсi де жұрт қатарлы пiкiр айтты. Алайда творчестволық iзденiстерге, адамның бойындағы жағымсыз мiнездерiне, бюрократтық кесiрлiктерiне тоқталған. Ал «халық жауы», «ұлтшыл» деген сөздерден қашып, аузына ала бермейтiн. Ол кезде мынадай әдіс бар едi: кiм де кiм ұстала қалса, соның ертеңiнде газетке қаралау мақала басылатын. Сондайлардың iшiнде Мұхтардың да сөзi жүрдi, тек қаралаған кiсiнiң жеке басындағы мiнез-құлқына болмаса, саяси айып тағуға жоламайтын. Мiне, мына кiтапты көршi. 1934 жылы шыққан. Қазақстан жазушыларының өмiрбаянының анықтамасы. Солардың қатарынан қазiр екi-үшеумiз ғана бүгiнгi күнге жетiппiз. Сұмдық қой. Бұлардың барлығынан бiр жазда айырылдық. Кiмдi-кiм кiнәлағандай едi. Түсiнiктi ғой. Сөзге де, бұйрыққа да, қорқытуға да көндiк...»

Иә, кешкен ғұмырдың қызығын еске алу - рахат та, аласапыранын ойға оралту қандай азап. Түсiнесiң. Түсiне тұрып амалсыздан амалсыз сол күндердiң куәгерiне жүгiнiп, қинала сауал қойып, қылпылдай отырып жауап күтесiң. Екi жаққа да ауыр. Кiм жастық шағының жарқылдап, жарқын көңiлмен өткенiн қаламайды. Алайда төрелiктi уақыт айтады, заман билейдi. Оған мойынсұнбай көр - мойның үзiледi.

Егер де үлкендi-кiшiлi, белгiлi-белгiсiз жазушылардың ешқайсысы талқылауларға қатыспады, пiкiр айтпады десек, жалғандыққа жатады. Бәрi де айыптауға қатысқан. Мәселе - сол сөздi қастандықпен айтты ма, жоқ, көлеңкесiн қорғап, уақыт көшiне iлестi ме, әлде, қарсы шықты ма - сонда. Үш түрлi көзқарастың үшеуi де кездескен. Әрине, соңғы, үшiншi топқа жататындар бiрен-саран ғана. Мұхтар ортаңғы лектен табылған. Себебi: науқанға қарсы тұруға қақысы жоқ-тын. Ондай ерлiкке бiр рет барып, басын тiккен. Ендiгiсi, тек өзiн-өзi өлiмге итермелеу екенiн түсiнетiн. Құрбы-құрдастары да тым тез сиреп бара жатты. Қыркүйектiң онына дейiн аға буын өкiлдердiң барлығы да темiр тордың iшiне түсiп үлгiрдi. Оны, 7 қыркүйек күнгi жазушылардың жалпы жиналысынан аңғару қиын емес. Назар салыңыз.

«Алматы қаласындағы жазушылар жиналысы.

Осы жылы 7 сентябрь күнi қазақ педагогика институтының үйiнде Алматы қаласындағы жазушылардың жиылысы болды. Жиылыста қаладағы жазушылардан 35 адам қатысты. Жиылыста «Көркем әдебиеттегi зиянкестiктiң зардабын жою және тәрбиелеп өсiрiп, көтеру шаралары туралы» Қазақстан жазушылар союзының жауапты секретары Қаратаев баяндама жасады.

Халық жаулары Тоғжанов, Жансүгiровтердің және олардың ұялас күшiктерiнiң көркем әдебиетке iстеген зиянкестiгi жөнiнде баяндамашы ашып айтты. Қазақ жазушыларының арасында, әсiресе, басты жазушыларда болып келген саяси бейғамдық, есуастық, дерттi, либералдықты айтты.

БК(б)П Орталық комитетiнiң февраль - март пленумы бiзге қырағы болуды, саяси бейқамдықтан, есуастық дерттен арылуды тапсырды. Халық жауларын тани бiлудi, капиталистiк қорғауды бiр минут естен шығармауды, большевизмге жетiлудi үйреттi.

БК(б)П Орталық комитетiнiң февраль - март пленумының осы нұсқауын орындауға ойдағыдай кiрiскен болсақ, халық жауларының сырын әлдеқашан ашып, оларды бұдан бұрын әшкерелеген болар едiк, - дедi баяндамашы.

Баяндамашы, көркем әдебиетте болған зиянкестiктiң зардабын тезiнен жойып, көтеру шараларын айқындап айтып, жазушыларды, Сталин жолдастың нұсқауларын бұлжытпай орындауға, қырағылықты күшейтуге, халық жауларының сiлiмтiктерiн күнбе күн әшкерелеп отыруға, жауларға оқ боп тиетiн, халық сүйiп оқитын құнды шығармалар беруге шақырды. Жарыс сөзге шығып сөйлеген жолдастар, жеке жазушылардың дара басындағы кемшiлiктерiн сынады, сын, өзара сынды күшейту керектiгiн айтты.

Жиылыста сөйлеген Малдыбаев жолдас: Жазушылар ұйымында әлi нақты iстен сөз басым болып келдi. Ұйымның басындағы Мұқанов жолдас өз басында болған қаталарды әлi ашып айтқан жоқ. Ұйымның басшылары Алматы қаласындағы жазушыларды ғана бiледi. Оларға басшылық етудi әлi ойдағыдай қолға алған жоқ. Бiз жазушылар ұйымынан, оның басшыларынан облыс, аудандардағы қаулап өсiп келе жатқан жастарға нақтылы басшылық етудi талап етуiмiз керек,- дедi.

Әуезов жолдас: Халық жаулары Жүргенов, Тоғжанов искусство жұмысына қырсығын тигiзiп, зиянкестiк iстедi. Қазақтың советтiк искусствосын жоққа шығармақшы болды, өздерiн әдебиеттiң, искусствоның «генилерi» етiп көрсетуге тырысты, сол дұшпандардың сiлiмтiктерiнен тез арылуымыз керек - дедi» «Қазақ әдебиетi», 10 қыркүйек).

Иә, оның да төзiмi жұқарып, тiкелей жала жаппағанмен, көшке үн қосқан тұсы болыпты. Олай демеуге лажы да қалмаған. Сұрапыл толқын қақпайлап ерiксiз соған ілестіріп жіберген. Екiншiден, алғашқы екi адамның тағдыры әлдеқашан шешiлiп қойған. Зады, мынадай көзге көрiнбейтiн заңдылық байқалады. Белгiлi бiр саяси ағым, не науқан туралы кiм бiрiншi боп баспасөз арқылы пiкiр бiлдiрсе, сол ең алдымен «қара тiзiмге» iлiнiп, «тап жауының» қатарына қосылған.

Мұхтар неге сөйледi, сөйлесе де дәл осылай нығыздап айтуы нелiктен? Әлде, «дұшпандардың сiлiмтiктерi» деген тiркестер газетке есеп жазған адамның «творчествосы» ма? Қазбалап жатпаймыз мұны. Басы ашық мәселе - Мұхтар өзi сөз сұрасын, жоқ оны әдейi сөйлетсiн, бәрiбiр, қалайда осы сарында пiкiр бiлдiруi қажеттiлiк едi. Өйткенi оның әрбiр қылығы, қимылы, сөзi қатаң қадағаланып, жiпке тiзiлiп жүрген. Өзi де сынауы керек, оған да сын айтылуы керек. Дәл сол жиналыста Мұхтардан кейiн сөз алған Дихан Әбiлевтiң сөзiнен бұл жағдай анық аңғарылады. Себебi: кiнәсiз адам, күдiксiз кiсi болуы тиiстi емес-тiн.

Мәжiлiс былай өрбiдi:

«Әбiлев Дихан жолдас: Қазақстан көркем әдебиетi баспасының бұрынғы директоры Жаманқұлов жас жазушылардың шығармаларын баспай тастап отырды. Жастардың шығармаларын басуды соңғы кезекке қойып, кейiнгi планда қалдырды. Бiз Мұхтар жолдастан құнды шығармалар берудi талап етемiз. Мұхтар өзiнiң «Ескiлiк көлеңкесiнде» деген қате әңгiмелер жинағын бастырып iрi қате жасады. Бұл қатасын Мұхтар iсiмен түзеуi керек. Халық жаулары аударма жұмысында да зиянкестiк iстегенi мәлiм. «Евгений Онегиннiң» аудармасын қайта қарау керек»,- дедi.

Осы пікір туралы Дихан Әбiлев бізге мынадай естелік айтып берді

«Дәл осы сияқты пiкiр айтып, жиналыстарда сөйлеу - ол кезде пәлендей оғаш көрiнбейтiн. Әрине, саяси айып тағып, әшкерелеудiң жөнi басқа. Бiр-бiрiмiзбен қырғи қабақ күн кешкен күннiң өзiнде ондайға дәтiң шыдар ма. Рас, мен Мұхтарды екi рет ренжiтiп алдым. Қаншама қимастықпен, сыйластықпен қарасаңда күнделiктi тiршiлiкте жиi араласқан соң бiрде болмаса бiрде жағдайдың еркiне бағынасың. Отыз жетiншi жылғы жоғарыдағы пiкiрден кейiн үй-iшiмiзбен бiрге демалыс орнында жаттық. Бұл сөздiң Мұхтардың көңiлiне ренiш ұялатпағанын содан-ақ бiлерсiздер. Әлi есiмде, 1939 жылы жазушылардың пленумы болды. Мен одақтың председателi ретiнде баяндама жасадым. Сөз арасында, жоғары жақтың арнайы нұсқауымен «Ескiлiк көлеңкесiнде» атты жинақты тағы да сынауға тура келдi. Шынын айтқанда, бұл жолы Мұхтар менi жақтырмай қалды. Ал, айтпасқа амалың қайсы. Арада жылдар өттi. Қайтадан араласып-құраласып кеттiк. 1949-1950 жылдары «Жұлдыз» журналының жұмысы талқыланып, мен кезектi баяндама жасадым. Сынадым. Сөз арасында «толыққанды, тың шығармаларды басудың орнына кейде «қыстырмалар» кiрiп кетедi» - дедiм. Журналда «Абай» романының екiншi басылымына қосымша ретiнде кiрген переселендер туралы тарау басылған. Соны мегзеп ем. Ел-жұрт «ол қандай қыстырма ?» - деп ерiксiз айтқызды. Мұхтар қолын бiр-ақ сермедi. Арада тағы да жылдар өттi. Москвада бес-алты ай паналаған Мұхтар елге қайтуға қамданды. Сондай қуанышты. Әңгiме арасында «Алтай жүрегi» романымның жайын сұрады. Әлi машинкаға бастырмағанмын. «Түнде оқып шығамын. Әкел»,- дедi. Ертеңiнде мәз болып қарсы алып: «Москва баспаларына пiкiрдi өзiм жазып берейiн. Көркем дүние. Ал, ендi қайтадан достасамыз ғой», -дегенi күлiп. Мен әлдеқашан ұмытып кеттi ғой деп жүргем. Ұмытпапты. Мұхтардың ол мақаласы жиырма томдық шығармалар жинағында бар. Мiне, өмiр шындығы солай».

Калашников жолдас: «Жазушылар ұйымының жанындағы орыс секциясын кездейсоқ адамдар басқарып келдi. Жас жазушылардың еңбегiн ешкiм бағаламады. Ұлтшыл-фашист халық жаулары - орыс жастарын тiзгiндеп, қазақ жастары мен орыс жастарының арасында араздық өртiн салмақшы да болды. Ендiгi жерде орыс секциясының жұмысын жандандырып, өсiп келе жатқан жастардың шығармаларын басуды тездету керек,- дедi.

Қалмақан жолдас: Халық жауы Тоғжанов көптен-ақ мәлiм едi, бiрақ оған мезгiлiнде соққы бере алмадық. Тоғжанов қатардағы қазақ жазушыларын тiзгiндеп отырды, «сынағансып» соққы бердi. Көркем әдебиет баспасының бұрынғы бастығы Жаманқұлов Жансүгiровтің түкке тұрмайтын «Жолдастар» деген романын басып шығарды,- дедi.

Шығып сөйлеген Тайыр, Саин, Хамза, Шашкин тағы басқа жолдастар да сын және өзара сын негiзiмен сөйлеп, жазушылар ұйымын қатал сынады. Өздерiнiң нақты ұсыныстарын айтты».

Ол қандай ұсыныстар? Ендi олардың мазмұнын бiлу үшiн әсте мүмкiндiк туа қоймас.

Сырттай көзге шалына қоймағанымен, жиналыстың барысынан-ақ оған қатысушылардың бойын билеген шарасыздық, суға кеткен тал қармайдының керiн құшқан дегбiрсiздiк аңғарылады. Сөйлеген адамдардың арасында Мұхтар Әуезовтен басқа «көсем жазушылардың» бiрде бiреуi жоқ. Тек Тоғжанов Ғаббастың есiмi «халық жауының» қатарына қосылуы ғана iстiң мәнiн ашады. Бейiмбеттiң, Iлиястың атын Мұхтар неге атамайды? Демек, аузы бармаған, дәтi жетпеген. Нағыз жау екенiне сенбеген. Мұны iштей қарсылық, келiспеушiлiк деп түсiну керек. Жарайды, ендеше мәжiлiске Сәкен, Сәбит, Ғабит неге қатыспаған? Себебi, үшеуi де күдiктi күй кешiп, жанталаса жабығып жүрген қатерлi күндер болатын. Әсiресе, Сәкеннiң басына бұлт төнiп-ақ тұрған. Әр қилы деректiң қиюын өзара қиыстырғанда Сейфуллиннiң ұсталған күнi 6 қыркүйектiң түнi мен 26 қыркүйектiң арасына тура келедi. Ал тура 26 қыркүйекте ұсталды дегендi Ә.Әбiшев, С.Қирабаев сенiмдi дерек ретiнде көрсетедi. Нақты мезгiлiн анықтап, көшiрмесiн көзге көрсететiн азамат та туар. Тек Iлияс сол күндерi түрмеде жатып, екi шумақ өлең шығарып, ретiн тауып сыртқа жiберткiзiптi. Ашыну, ыза, қорлық, жеккөру сезiмi от шашып тұр. Әр сөзi тотияйын сияқты ойып түседi.

Усойқы, шойқы, майқы, ақсақ,

Әңгүдiк, шыжың, сiдiк бетқап.

Сарысу ми, сарынға ұшқан соқыр қарға,

Шелегi қарамайдың қойған боқ сап.

Сен итке сөзiм шығын, жалтақтаған,

Итсiң көрiнген кеп айтақтаған.

Үре бер, көрiнгенге, тіфу, арсыз,

Қаншықтай құйрығы қатып, сатпақталған.

Қапастан да саңылау тауып, үзiлiп жеткен осынау жолдардан Iлиястiң жан дауысы естiледi. Теңеудi де төкпелетiп, қарғысын да аямаған. Әр сөздiң көбесiн сөгiп, сол арқылы арандатушының портретiн жасамай-ақ қояйық. Асыл азаматтың әсiрелей жаққан қара бояуына да, теңеуiне де, сөз саптасына да кешiрiммен қарайық. Жаны қылбұрауға түсiп, қиналған шағында жазықсыз күйдiрген жантықтарға одан артық балама таппаған да шығар.

Бұл шумақты жиналысқа қатысқандар, әрине, бiлген жоқ. Бiлуге тиiстi емес. Олардың көңiлiн сыздатқан күбiрткi - кеше түнде, не бүгiн таңертең ұсталып кеткен, не ертең, не бүрсүгiнi қолды болуға тиiстi Сәкен тағдыры едi. Әлдебiр жайды бүгежектеп айта алмауларынан сондай шарасыздық, үнсiз күйiнгендiк аңғарылады. Ал, қазан айының басында, барлығы да «орын орнына қойылып» жөнiн тапты. Ең соңғы «қызыл сұңқар», революцияның Еркебұланы, қазақ ақындарының аққуы - Сәкен, Сәкен Сейфуллин де заман торына түстi.

Мұхамеджан Қаратаев: «Бұрынғы сұмдық сұмдық па, нағыз сұмдық ендi басталды. Кiмге сенерiңдi бiлмейсiң. Сәкен ұсталысымен Орталық комитеттен арнайы бұйрық келдi. Кiм екенiн ұмытып қалдым. Телефон арқылы жарлығын жариялады. Бөлiм меңгерушiсi Жанайдар Садуақасовтың өзi де «ғайыпқа айналғандардың» қатарына қосылған. Және жиi-жиi ауысып, қайшыласып жатқан кез. Бiзде де ес жоқ. Қайсы бiрiн ойда ұстағандайсың. Сол адам маған баспасөздерде Сәкен туралы «үн қосуды» ұйымдастыруды тапсырды. Амалың қайсы, көнесiң. Одан Сәбит те, Ғабит те шет қалмады. Мен де, жаздым... Көрдiң бе, бiздi сондай сұмдыққа итермеледi. Сәкенмен байланысты деп Сәбиттi орнынан алып, партиядан шығарды. Бос орынға менi қойды. Iле, араға аз жыл салып мен де кеттiм. Ғабит екеумiз партиядан 1938 жылы 5 августа бiр күнде шығарылдық. Алты күннен соң мен ұзақ әрi ерiксiзден болған «сапарға» аттандым. Ғабит аман қалды. Қайран асыл жылдарым текке рәсуа, қор боп кеттi-ау».

Расында да жан ауыртатын сөздер. Еске алудың өзi қорқынышты. Қайтемiз, заман ағымының сарыны. Ағысқа қарсы жүзсең өзiңдi қоса алып кетедi. Сол тасқыннан Мұхамеджан Қаратаев та құтылмады. Жиырма жылғы сергелдеңнен соң ғана қайтып оралды.

«Қазан тумай қар жаумас» дейдi дала даналығы. Қазан туды. Қар, табиғаттың ақша қары жауды ма, жаумады ма, қайдам. Ал әр адамның өмiрiн аяз қарып, үмiтi үсiкке ұшырады. Нақты дәлелi, анық айғағы жоқ айыптаулар қарша борады. Кiм айтып жатыр, оны сұрауға мұрша да жоқ. Дау-дамай, арандатулар адамды қыстан бетер қыспаққа алды.

Кiлең кiжiнуден, қоқан-лоқыдан, бопсалаудан тұратын сондай мақаланың бiрi «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бiр жола құртайық» деген «Қазақ әдебиетiнiң» 8-қазан күнгi санында жарияланды. Әрине, жазған адам аты-жөнiн көрсетпеген. Бұл мақаладан прокурор Вышинскийдiң терминдерiнiң бiраз қазақша «сәттi баламаларын» да табуға және ендiгi кезек кiмдiкi екендiгiн де бiлуге болады. Онда Iлияс та, Сәкен де нағыз «ұлтшыл-фашист» ретiнде аталады. Ал, Бейiмбет қайда? Оның себебi келесi мақалада ашылады. Ал әзiрше мынаған көз қырын салайық: қос дүлдүл не үшiн ұсталды дейсiз бе? Мiнекиiңiз:

«Октябрь революциясының нұрлы сәулесiмен жаңарып, қайта түлеген қазақ даласының өркендеп өскен қазақ совет әдебиетiндегi және Қазақстан жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист халық жаулары Тоғжанов, Жансүгiров, Сейфуллиндер бет пердесi сырылып, әшкереленгенге шейiн партияға қарсы өздерiнiң қара ниеттерi мен жаулық, ұлтшылдық-фашистiк iстерiн iстеуге тырысып келген, бұл жаулардың әдебиетте iстеген зиянкестiк зардабы аз болған жоқ. Құлымбетов, Жүргенов, Садуақасов сияқты жаулар шаруашылық, саяси өмiрiмiздi қандай зиянкестiк зардабын iстеуге тырысса, Тоғжанов, Сейфуллин, Жансүгiров, Жаманқұлов сияқты фашист күшiктерi де қазақ совет әдебиетiне өздерiнiң контрреволюциялық зиянкестiгiн тигiзуге тырысты. Олар өсiп, өрбiп келе жатқан совет әдебиетiне бөгет жасамақшы болып, жас жазушыларды өсiрмей, қақпайлап отыруға тырысты. Сын, өзара сын мәселесiн бұрмалап, өзара сын күшейiп өркендеуiне бөгет жасап, сонымен қатар өздерiнiң контрреволюциялық бұзақы қылықтарын, жаулық қара ниет беттерiн аштырмауға тырысып, өздерiн қазақ совет әдебиетiнiң «классигi» етiп көрсетуге тырысты. Бұлардың ұлтшылдық-фашистiк бет пердесiн кезiнде айқындап ашу жөнiнде не жазушылар ұйымы, не жазушылар ұйымының жанындағы бастауыш партия ұйымы еш нәрсе iстей алмады, ол жаулармен дұрыстап большевикше күресе алмады. Ол жауларға күресу былай тұрсын, жазушылар ұйымының басында отырған Мұқановтың өзi жаулармен күресудiң орнына, сол жаулардың құшағында болып, солармен ауыз жаласып, солардың айтқанын iстеп, ол ұлтшыл-фашистердiң қолшоқпары болып, бiле тұра солардың зиянкестiк, жаулық амалдарын үдетуге себеп болып, партияға, үкiметке қарсы iс iстеуге тырысқан жаулардың зиянкестiгiне толығынан қосылып, олармен табақтас, қанаттас болып келген. Мұқанов он жетi жыл бойы партияда болып келсе де, оның ешқашан да партиялық бетi болған емес, ол 23-жылдан берi осы күнгi халық жауы болып әшкереленiп отырған ұлтшыл-фашист Сәкен Сейфуллиннiң партияға қарсы ұлтшыл контрреволюциялық жiгiнде болып келген. Ұлтшыл-фашист Сейфуллин не iсте десе, соны Мұқанов қалдырмай iстеп отырған, Сейфуллиндi көтермелеп, оны мақтап, соның ұлтшылдық идеясын пропаганда етiп келген. Мұқановтың жазған шығармалары бастан аяғына дейiн ұлтшылдық, партияға қарсы пропаганда болып отырған, оның «Сұлушашы» ескi феодальный тұрмысты мақтап көрсеткен шығарма, «Адасқандар» дейтiн романы байдың жырын жырлайды, оның «Мырзабегi», «Темiртасы» контрреволюционный идеяда жазылған зиянды шығармалар. Сонымен қатар, Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетi» деген кiтабында қарғалған халық жаулары Дулатовтарды дәрiптеп, оларды мақтап, оларға трибуна берiп, жұртшылықтың көзiн бояуға тырысқан барып тұрған зиянды контрреволюциялық шығарма, жауды пропаганда жасаған шығарма, Мұқанов өзiнiң өмiрiнде халық жауларымен еш уақытта қатынасын үзген емес. Ол әшкереленген халық жаулары Асылбековпен, Сейфуллинмен, Рысқұлов, Нұрмақовтармен табақтас болып келген. Өзi жазушылар ұйымына бастық болып тұрған кезде ұлтшыл Жұмабаевты жұмысқа алуға тырысқан. Соны сүйемелдеген, оған жаны ашыған, соған қызмет еткен, көмек берген. Партия ұйымының парторгi Әбдiқадыров Қалмақанды алсақ, о да Сейфуллин, Тоғжанов, Жансүгiров, Жаманқұлов сияқты ұлтшыл-фашистердiң зиянкестiк батпағына белшесiнен батып, солардың жетегiнде жүрiп, олармен ауыз жаласып, олар не iсте десе соны тапжылтпай iстеп келген».

Мiне, үкiм осы. Тергеу iсiнiң қорытындысындағы айыптаудан бiр сөзi артық, бiр сөзi кем болар. Осы да осал «қылмыс» емес. Кiмнiң де болса басын мүжуге жетiп жатыр. Ал жазықсыз жандардың жапа шеккенiн, жаланы мойындамай қасарысып тұрып алғандағы көрген қорлығына қалай төзерсiң. Осынау жолдарды оқып бергенiмде, өзге-өзге, дiлi қатты, сырласына да сыр алдырмайтын қасқайып-ақ жүретiн Сафуан Шаймерденовтың жанарынан жас парлап, сөйлей алмай қыстығырылып, өксiп жiбергенiн көргенiмде, сол жылдардың адам жүрегiне салған жарасының әлi де сыздатып жүргенiне, өксiктерiнiң әлi де басылмағанына iшiм езiле, өзегiм өртене отырып иландым. «Бiтпейтiн дауды жаңғыртып қайтем»,- деген ойымнан бас тартып, бiлген-естiгенiмдi, оқығанымды жасырып қалмауға серт бердiм. Сол серт, жас балаша еңiреген ағаның бейнесi екiншi бiр уәденi бұзуға мәжбүр еттi. Сiз де кешiрiңiз, отағасы. Мейлi есiмiңiздi атамайын. Бiрақ ендi бүге алмаймын. Аты-жөнiн сұрап сiздер де қинамаңыздар. Мәселе, Шындықта ғой.

Отағасының өзi: «Мұны таспаңа (магнитофон) жазба. Есiңде жүрсiн. Кiм бiледi, көлеңкемiз қысқарып келедi... Тергеу камерасында жатқанымда қасыма бiреудi әкеп қосты. Өскеменнiң омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкендi есiне алды... Менен бұрын сол кiсiмен бiр камерада болыпты. Ол: «Мен өзiм орнатқан өкiметтiң жауы емеспiн»,- деп ұзақ қасарысыпты. Бар қорлыққа шыдапты. Бiр күнi тергеуге кеткен Сәкен кiрiп кеп: «Мен бiттiм, төзбедiм қорлыққа!»,- деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетiнен жата кетiп, солқылдап жылапты. Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннiң морт сынуына сенбеген омарташы себебiн сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәрiне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бiзге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екi жас баласын алып келiп, екеуiне екi құлағымды создырып: «Ой, әкеңнiң аузын... Сейфуллин, ой шешеңдi... Сейфуллин! Сен халық жауысың!»,- дегiзген де шыдамадым. Қорлық қой. Олардың көзiне жексұрын боп көрiнгенше өлгенiм жақсы. Қағазына қол қойдым,- дептi».

Бар шындық, мүмкiн көп шындықтың бiреуi осы.Сол Сәкеннiң серiгi Сәбит жөнiнде:

«Қазақстан жазушылар ұйымының жанындағы бастауыш партия ұйымы өзiнiң жуық арада болған жиналысында халық жауларының жазушылар ұйымында болған зиянкестiк зардабын құрту туралы және Мұқанов туралы мәселе қаралды. Жиылыста сөйлеушiлердiң бәрi де Мұқановқа саяси жағынан сенбейтiнiн бiлдiрдi. Оның барлық зиянды қылықтарын бетiне басты. Жиылыс БК(б)П қатарынан шығарды, жазушылар ұйымының бастығынан алуды тиiстi орынның алдына қойды. Жиылыста Жүсiпбеков Хамза, Әбдiқадыров Қалмақан, Бекенов Елжастың көп қаталарын сөйлеушiлер көрсете айтты. Партия жиналысы олар туралы да мәселе қарауға керек деп тауып, комиссияға тапсырды»,- деген қаулының алынуы онша таң қалдырмады.

Демек, тиiстi жерде Сәбит Сәкендi қорғап сөйледi деген тұжырым жасатады. «Кедей таптың жаршысы» Сәбиттiң өзi сергелдеңге түскенде Ғабиттiң аман қалуы мүмкiн бе? Оның үстiне сонау көктемнен берi Бейiмбеттi қорғап, қасарысып келгеннiң бiрi де сол едi.

Дүние - кезек дейдi. Сол кезектi, зады, жаманаттың өзi де мойындайтын болуы керек.

Бақ пен сордың арасы - бiр-ақ елi, ерлiк пен ездiктiң арасы - бiр қадам. Қадым заманнан дала бесiгiнде тербелген осынау қанатты ұғымның мағынасын қалай түсiнуге болады? Серiлiк пен сорлылықтың арасы неге жақын? Бақыт дегенiң соншама айнымалы ма? Әлде, ар мен арамдықтың ара жiгiндегi көрiнбейтiн түссiз перде ме? Мүмкiн, тағдыр тасырлығы мен тәлкегi ме? Ал ерлiк пен ездiктiң арасындағы өлшем неге алыс? Зады, кез-келген адамның өлiмге басын тiге бермейтiндiгiнен бе? Қалай толғасақ та, Ғабит Махмұтұлы Мүсiреповке Ер атағы тегiн берiлмеген. Ол екi рет Ерге лайықты қатерлi де қасиеттi мiнез көрсеттi. Бiрiншiсi - Ел басына ашаршылық апаты төнгенде Сталинге шындықты ашына баяндаған хатқа бес адамның бiрi боп қол қоюы. Екiншiсi - «Бейiмбет жау болса, мен де жаумын!»,- деп мәлiмдеме жасауы. Екiнiң бiрi түгiл, егiздiң сыңары - бiр-бiрiн түрткiлеген шақта, ақылға сыймайтын тәуекелдiлiк. Көзсiз ерлiк. Себебi оған сенетiн және қолдайтын кiм бар? Арашалай алмасын бiле тұрып, қалай айтты? Iлиясты, Сәкендi қорғап қалмаған шындық Би-ағаңа тосқауыл қояр ма? Үш ай бойы қасарыса қорғауының мәнiсi не? Мәнiсi - ар мен парыз да едi. Ғабит Бейiмбеттi «қанатының астына алуы арқылы», оған қарсы болуы арқылы әдiлетсiздiкке, айналасындағы арандатушыларға, айқайға iлесушiлерге сес көрсетiп, дүниеде адамгершiлiк, адалдық, ақиқат, ақыл дегенiң бар екенiн, ертең сол ар сотының алдына жауап беруге тура келетiндiгiн ескертiп, салқынқанды сабырлыққа шақырды. Өзге ұлттардың арасында да осындай ер-азаматтар болған шығар. Болды. Ана сүтiмен ар иiсi сiңген ұл мен қыздарға адамзат қашан да қарыздар. Солардың аты өшпесiн.

Ондай ары үшiн жанын садаға еткендер бұрын да болған, қазiр де бар және ұлы ұлттарда да, аз халықта да кездеседi. Мың рет айғақ келтiрсек те дәлел табылады. Раскольниковтың Сталинге хаты соның бiр үлгiсi ғана. Ғабит Махмұтұлының жазушылық тағдырына қатты әсерiн тигiзген Виктор Гюго тек Квазимода арқылы ғана ықыласын аударған жоқ, «бостандықтың ғашығы» ретiнде жеңiмпаз ақынды пiр тұтты. Екiнiң бiрiн таңдайтын қысылтаяң шақта парламент құрылтайының төрағасы Дюпен:

«Заңнан тыс заңның шешiмiне қарсы шыққан адам қылмыскердiң сыбайласы болып есептеледi»,- деп шүйлiккен сәтте:

«Мен, төрағасы Дюпен мырзаға мынаны ескерткiм келедi: мың сегiз жүз он бесiншi жылы сотталған маршал Неяны заң орындары қылмыскер деп тапты. Ал, ол менiң көз алдыма батыр боп елестейдi, мен үшiн нағыз батыр сол, бiрақ мен оның сыбайласы емеспiн ғой»,- дептi Виктор Гюго.

Ғабит те дәл сондай әрекетке барды. Бейiмбет - ол үшiн нағыз азамат едi. Ал оны қорғағаны үшiн қалай «тап жауы» болуға тиiстi. Гюго жоғарыдағы сөзiнен соң Францияның ар-ожданының пайғамбарына айналды. Ал Ғабит ше?

Ол - Алматы қаласының тұрғындарының алдында «масқараланып», қылмысты атанды. «Қазақ әдебиетiнiң» 15 қазан күнгi «жазушылардың қалалық жиналысы» туралы хабарына зейiн қойсақ, келесi «халық жауының» кiм болатындығы да көзге шалынып қалады.

«Осы жылы 11-12 қазан күндерiнде Алматы қаласындағы жазушылардың жиналысы болды. Жиналыста: халық жауларының әдебиеттегi зиянкестiк зардабын түп тамырымен құрту туралы БК(б)П Орталық комитетiнiң агитация, пропаганда бөлiмiнiң бастығы Қабылов жолдас баяндама жасады.

Жиналыста Мүсiрепов Ғабит туралы көп сөз болды, шығып сөйлеген жолдастар Мүсiреповтің шығармаларындағы ұлтшылдық концепциялары туралы, халық жауы Майлиндi қорғап келгендiгi жиында дұрыс сыналды. Бiрақ Мүсiрепов өзiнiң сөзiнде қаталарын толық, дұрыс мойнына алудың орнына, «Социалистiк Қазақстан», «Каз. Правда» газеттерiнiң ол туралы айтқандарын және жұртшылыққа көптен берi мәлiм фактiлердi тiзiп, солардың айтқан сынына қосылған болып мәймөңкелеп өте шықты. «Бұл қаталар саяси бейғамдығымнан болды» деп мөнтеңдедi. Мүсiреповтен жиылыс, өзiнiң қаталарына большевикше мойындауды, халық жауы Майлиндi қорғап келгендiгiн, өзiнiң шығармаларындағы ұлтшылдық идеяларының себебiн толық айтуды күтiп едi. Бұған қарамастан Мүсiрепов, өзiнiң қаталарын толық ашып айтпады. Оған большевиктiк ерлiгi жетпедi.

Жиылыста шығып сөйлеген жолдастардың сөздерi онша қанағаттанарлық болған жоқ. Практикалық iс жөнiнде, жазушылар ұйымын саяси жағынан әбден сауықтыру жайында, жастарды iркiлмей батыл жоғарылату жағында не iстеу керектiгi жөнiнде конкреттi ұсыныстар шамалы болды. Сөйлеушiлердiң көбi бұрын айтылып жүрген фактiлердi, көптен сөз боп жүрген әңгiмелердi айтты.

Мысалы Ысмайылов Есмағамбет жолдасты алайық, ол басқаларды сынап, ұзақ сөйлесе де өзiнiң қаталарын, өзiнiң бiр кезде халық жауы Сейфуллиннiң ықпалында болғандығын, сын мәселесiндегi статьяларындағы және шығармаларындағы ұлтшылдық қаталары жайында үндемей кеттi. Ол тек өзiнiң «заслугаларын» айтып көрсетпекшi болды.

Саин жолдас бұрынғы болған жиналыстарда талай рет сөйлеген сөзiн қайталап айтумен болды, жастар секциясының жұмысы неге жолға қойылмайды, соңғы кезде iстелген практикалық жұмыстар қайда? Мiне, бұл жөнiнде Саин бiр ауыз сөз айтқан жоқ.

Ескендіров Ізім жолдастың сөзі де онша қанағаттандырарлық болмады. Ол өзінің шығармаларындағы ұлтшылдық идеясын айқындап айтып бере алған жоқ. «Бұл бiлiмнiң аздығынан болған қаталар едi»,- деп өзiнiң күнәсiн жеңiлдетуге тырысты.

Жиылыста Әуезов Мұхтардың қаталары жайында көп сөз болды. Бiрақ Әуезов өзiнiң сөзiнде: шығармаларындағы көптеген қаталарын, құнды шығармалар бере алмағандығын айқын айтудың орнына: «Менiң шығармаларымды жұртшылық кезiнде сынады «,- деп орынсыз дәлелге жармасты.

Жиылыс Әуезовтің шығармаларындағы қаталарын мейлiнше дұрыс сынады. Әуезов 32-жылдан берi Совет жазушыларының қатарында келе жатыр, жұртшылық Әуезовтің творчестволық қызметiне жағдай жасады. Бiрақ ол заманымызға сай құнды шығарма берген жоқ. Жиылыс Әуезовтен қаталарын түзеп, құнды, сапалы шығармалар берудi талап еттi.

Орманов Ғали жолдас өзiнiң қаталарын толық айтпады, халық жауы Жансүгiровтің ықпалында болғандығын, бүкiл творчестволық жолында Жансүгiровке елiктегендiгiн, шығармаларын соған арнағандығын ашық айтпады. «Жансүгiровтің жау екендiгiн бiлмедiм»- деп өте шықты.

«Мүсiрепов халық жауы Смағұлов Ғазиздi жақтап, оны «Социалистiк Қазақстан» редакциясының аппаратында ұстады. Белгiлi жулик Айсаринмен тығыз байланыс жасады, оны партия қатарында қалдыруға әрекет еттi. Мүсiреповтың «Өмiр ертегiсi» деген әңгiмесiнiң геройы белгiлi өтiрiкшi, қашқын, жулик Мәмбетбаев едi»,- дедi өзiнiң сөзiнде Тәжiбаев.

«Правданың» статьясы және ол статья туралы ҚК(б)П Орталық комитетiнiң қаулысы жазушылардың белсендiлiгiн мейлiнше көтердi. Жиылыс жазушылар ұйымын саяси жақтан сауықтыру және халық жазушыларының әдебиеттегi зиянкестiгiнiң зардабын түп тамырымен құрту жайында нақты шаралар белгiледi. Жазушылар союзының төтенше пленумын (шақыру) кадр, правленияның жаңа составын сайлауды жазушылар ұйымына тапсырды. Көркем әдебиеттiң барлық жанрларына шығарылған кiтаптарды қайта қарап, қорытынды жасау үшiн, секциялардың жұмысын көтеру үшiн бригадалар құрды. Проза, сын, поэзия, драматургияның әр қайсысына жеке-жеке бригада құрылды. Бригадалардың составына жазушылардың жақсы күштерi енгiзiлдi.

Жиылыс, жазушы Мүсiреповке саяси жағынан сенбейтiндiгiн бiлдiрiп, оның жұмысын қарау - тиiстi орындардан сұралсын дедi.

Жиылыс, Мұқанов Сәбиттi жазушылар ұйымының басшылығынан алу жөнiндегi қаулыны бекiттi, Мұқановты жазушылар союзының мүшелiгiнен шығарды».

Аңғарған адамға бәрi де түсiнiктi. Тiптi қиналатын да ештеңе жоқ. Сәбит Мұқанов қарауылға iлiндi. Тек шүрiппенi басу ғана жетпей тұр. Ғабит Мүсiреповтiң де «базары тарқады». «Басты жазушылардан» қалғаны жалғыз Мұхтар... Бұлқынып шығып кетпей тұрғанда оған бұғалық тастап қою керек едi. Бiр жақсысы, құрық қолдарында. Қашан тартса да кеш емес. Басқаны қайдам, «ажал тұзағын құрып» отырған арандатушының дәл осылай ойлағаны анық. Жиналыстың есебiмен қоса, Ғабиттi әшкерелеген «үн қосуды» дер кезiнде жариялады, ұмытпады. Неткен ұшқырлық десеңiзшi.

Iле, сол мәжiлiстiң есебiмен бiрге «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» деген мақала екi бетке жалғаса жарияланды. Түгелiн тiзiп шығу мүмкiн емес. Iшiнара Ғабит Мүсiреповке айып есебiнде тағылған тұстарды ғана ұсынамыз:

«Жаулармен табақтас болып келген, шығармаларында халық жаулары, алашордашыларға көрiне трибуна берген, большевиктiк сынға, өзара сынға мейлiнше қысым жасаған, өзiнiң қызмет орнын пайдаланып жазушылар ұйымының жұмысына бөгет жасап келген жазушы Мүсiрепов Ғабит туралы да көптеген фактiлер келтiруге болады.

Мүсiрепов Ғабит қазiргi әшкереленiп отырған халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiровтердің тұсындағы «өзгермейтiн бас жазушының» бiреуi болған адам.

...Шынында Мүсiрепов жаудың батпағына батып, аздаған адамдардың қойнына кiрiп, құшақтасып кеткен адам...

...Мүсiрепов халық жауы Майлиннiң жан аяспайтын досы. Онымен достасып, құшақтасып, бiрге тұрып, бiрге жүрген адам. Сондықтан да Мүсiрепов халық жауы Майлиндi қанатының астына алып, қорғап келдi. Майлиннiң бұрын алашорданың офицерi болғандығы, совет өкiметiне қарсы күрескендiгi, большевиктерге оқ атқандығы, шығармаларындағы контрреволюциялық концепциялары жайында жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымы мәселенi дер кезiнде көтерсе де, Мүсiрепов өзiнiң қызмет орнын пайдаланып Майлиндi жанын салып қорғап келдi. Майлиндi аман алып қалуға тырысты. Соңғы кезге шейiн ашықтан ашық сүйеп келдi.

«Қазақ әдебиетi» газетi осы жылы 9-көкек күнгi номерiнде Майлиннiң шығармаларындағы контрреволюциялық пiкiрлердi әшекерелейтiн статья басыларда Мүсiрепов: «Бұл статья Майлин туралы өте қатты айтылыпты, сондықтан статьяны қайта қарап, сынды жұқалау керек»,- деп, газеттiң сол нәмірiн өзi қарап, Майлин туралы жазылғанды өз қолымен «түзетiп», нөмірдi бұзып қайта жасатты. Содан асқан жауға либералдық, жаудың өмiр сүруiне мүмкiндiк беру бола ма? Контрреволюцияшыл алашордашыл Майлиндi Мүсiрепов осылай қорғап келдi.

Жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымының жиналысында Мұқановтың iсi қаралғанда, Майлин туралы көп сөз болды. Коммунистер Майлин туралы мәселенi сол жиналыста қарауды дұрыс көрдi. Алайда жиылыста болған Мүсiрепов Майлиндi қорғап, «Майлиннiң мәселесi кейiнге қалып, бөлек қаралғаны жөн» - деген «ориентировка» бердi. «Мен Майлинмен жақын жүрсем, оның кiм екендiгiн бiлген соң жақын жүрдiм»,- дедi. Шынында Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiледi. Майлин де, Мүсiрепов те бiлмейтiн сыр жоқ. Мүсiреповтің саяси бетiн осының өзi-ақ көрсетедi... Халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiров, Тоғжановтармен де Мүсiрепов тығыз байланыста болды. Олармен сөз жүзiнде араз болғансып, iс жүзiнде ауыз жаласып, дегенiн iстеп келдi. Ол, бiр кезде халық жауы Сейфуллиннiң партияға қарсы жiгiнде болды. «Алашорданың революциялық ролi болды»,- деген зиянды «теорияны» таратушылардың бiрi болды. Оның бұл зиянды пiкiрi шығармаларынан айқын көрiнiп отыр... Бiздiң жазушылар жұртшылығы жаулардың қалдықтарынан арыла отырып, өзiнiң қатарын табансыз, тұрақсыз адамдардан мүлде тазартуы керек».

Ендi бұған не дауыңыз бар.

Әрине, «Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiлдi». Бiлген соң, адалдығына көзi жеткен соң нақақтан күйiп бара жатқан адамға араша түсiп отыр ғой. Ал соны әлгi белсендiлер бiлмедi ме? Бiлдi. Бiрақ олардың өзi тiрi жүруi үшiн де өзгенi жарға итермеледi. Жаңағы мақала:

«Сталиншiл Нарком Николай Иванович Ежов жолдас бастаған қырағы НКВД орындары қазақ халқының қас жаулары ұлтшыл-фашистердiң қылмысын әшкерелеп қолға түсiрдi. Жапон-Герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды.

Қазақстанның совет көркем әдебиетiне кiрiп кеткен ат төбелiндей зұлым иттердiң күлi көкке ұшырылды. Олардың сiлiмтiк қалдықтарын да құртады. Қайта туған қазақ халқының ежелгi жаулары Тоғжанов, Сейфуллин, Жансүгiров, Майлин сияқты ұлтшыл-фашист сұмырайлар қылмысы әшкереленiп қолға түстi. Халық жауларымен ауыз жаласып, олардың жетегiне ерiп кеткен, өзiнiң партиялық, моральдық пiкiрiнен айырылған, буржуазияның жырын жырлаған Мұқанов партия қатарынан шығарылды»,- депхабарлады.

Бұл да «Қазақ әдебиетi» газетiнен алынды. Сонда Тайыр Жарокұлы қол қойған осы газет қана «халық жауын» әшкерелеумен шұғылданған ба деген сауал туады. Жоқ, мүлде олай емес. Мейлi, орталық, мейлi республикалық басылым болсын, бәрi бiр, олардың материалдарының мазмұны мен сөздiк қорының айырмашылығы жоқтың қасы. Айыпкердiң аты басқа, айыптаушының есiмi бөлек. Бiз басқа басылымдарда жарияланған жазушыларға қатысты материалдардың барлығы «Қазақ әдебиетiнде» көшiрiлiп басылғандықтан да негiзiнен соған сүйендiк. Аударылмай дербес күйiнде қалған мақалалар да қаншама. «Каз. Правдада», «Социалистiк Қазақстанда» шыққан «Сәкен Сейфуллин - Жапон империализмiнiң агентi» iспеттi байбаламдар да жеткiлiктi. Бiрақ мазмұны, сөз қолдану тәсiлi бiреу. Мысалы, «Каз. Правданың» қазан айының 11 күнгi санындағы Ғабит Мүсiреповке қатысты жоғарыдағы мәселенi жұртшылыққа мағлұмдаған:

«Две-три месяца назад в республиканской печати появились статьи разоблачающие национал-фашистскую агентуру, орудовавшую в союзе советских писателей Казахстана. Писатель коммунист Габит Мусрепов бывши в то время заведующим культпросвет отделом ЦК К(б)ПК, бия себя в грудь, заверял тогда партийную группу правления союза советских писателей Казахстана в том, что он несет полную ответственность и ручается за политическую благонадежность своего соавтора Беимбета Майлина. Б.Майлин разоблачен как подлый предатель Родины, как один из соучастников национал-фашистской банды»,- деген мақаланың алдыңғы «үндесуден» қандай айырмашылығы бар.

Журналистер де «уақыттың» тiлiмен сөйледi.

Сонымен, «жапон-герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды». Олар - Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов... едi. Ғабит Мүсіреповтің 1938 жылы 30 мамыр күнгі Сталинге жазған хаты оның аман қалуына қаншалықты септігін тигізгені белгісіз. Бұл оның өзіне де беймәлім күйінде қалса керек. Өйткені ол туралы еш жерде тіс жармаған. Онда: «Халық жауы» Б.Майлинмен тығыз шығармашылық байланыста болғаны үшін; «Шұғыла», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» шығармаларындағы ұлтшылдық сарын үшін; 1932 жылғы ашаршылық туралы «Ашық хаты» үшін; Мирзоян басқарған Қазақстан Орталық комитетінің бағытын ұстанғаны үшін 29 мамыр күні партиядан шығарылғаны айтылған. Ал А.Фадеевтің ықпалы туралы деректер бар. Соның ең сенімдісі М.-Х.Сүлейманова мен Ж.Сүлейманованың Ілияс Омаровтың «Күнделікті жазбаларына сүйене отырып келтірген мына дерек:

«Бірде Ілияс Омаров Ғабит Мүсірепов пен оның әйелін қонаққа шақырады. Ол кезде Ғабит Мүсірепов партиядан шығарылған еді, түрмеде үш ай отырып, жаңа босанған кезі еді. Бейімбет Майлинді тұтқындаған кезде Мүсірепов «Казахстанская правда» газетінде: Майлин - халық жауы емес, керісінше, оған жала жапқандардың өзі халық жауы - деген мақала жариялаған болатын. Тұтқындауға осы мақала себепкер болса керек. Ғабит Мүсіреповтің босанып шығуына А.Фадеев ерекше үлес қосқан. Мүсірепов түрмеде жатқанда А.Фадеев «Правда» газетіне Мүсіреповтің әңгімесін жариялатқан. Республика өкіметі содан кейін түрмеден шығарады. Бірақ партбилетін қайтармайды. Ғабит Махмұдұлы 1957 жылы ғана партбилетін қайтарып алды»

Тек бұл тiзiмге Мұхтар Әуезовтің есiмi жетiспей, шолақ қайырылып тұр.

Иә, ол неге оқшау қалды?

Әр адамның маңдайында кездейсоқтықпен астасып жатқан бақ жұлдызы, белгiсiз қорғаушысы бар - деген диалектиканың мойындап-мойындалмайтын заңдылығы бар. Мұхтардың бақытына орай «кезегi келген кезде» сол кездейсоқтық күтпеген жерден тағы да «жанын олжаға» сыйлады. Екi-үш айдың iшiнде қазақ мәдениетiнiң барлық белдi қайраткерлерiнiң саны күрт сиреп, өнер орманы асқан шапшаңдықпен оталып, жалаңаш қалды. Әр жерде бiр қарауытқан емендердiң де түбi босап, құлауға шақ тұрған. Ендi сәл кешiгiп барып тiзгiн тартса, орны толмас өкiнiшке ұшырарын аңғармау мүмкiн емес-тiн. Басқа адамды қайдам, Мирзоян сияқты жандар ол қасiреттiң орны толмасын бiлген.

Мұхамеджан Қаратаев: «Мұхтар қалай аман қалды дейсiң бе? Мен оның анық-қанығын бiлмеймiн. Әйтеуiр, қатты торығып, қалтырап, үреймен күнелткенi рас. Сәбиттi де, Ғабиттi де, Мұхтарды да ұстамақшы болып әрекеттендi. Анық-қанығына дәл көзiм жетпейдi, бiрақ, Мирзоян осы мәселеге орай арнайы Москваға барып, Сталинге жағдайды түсiндiрiп: «Егер де осы бетiмен кете берсе, онда қазақ мәдениетiн өркендететiн тiрi жан қалмайды. Өнер отының мүлде өшiп қалу қаупi төнiп тұр. Бұтақсыз, қорғансыз ағаш сияқты боп қалды. Ендiгiлерiн мәдениет үшiн, халық үшiн аман сақтайық. Қолда ұстайық»,- дептi-мыс. Қазақ әдебиетiндегi аты аталған осы үшеуi болыпты», - дегендi естiдiм. Шындық болуы да. Әйтеуiр олардың аман қалуына сондай әңгiменiң себебi тиген»,- деп тосын жақсылықтың нышаны қай жақтан келгенiн мегзедi.

Тағы бiр жай: жиырмасыншы жылдың басында Мұхтар Әуезов пен Ежов Губкомда бiрге iстеген. Топ боп түскен суреттерi де бар. Осы таныстық септiгiн тигiзбедi ме екен деп те жорамал жасауға болады. Әуезов пен Ежов екеуінің алғашқы таныстығы Николай Ановтың «жөнсіз сүйткетпесінен» басталыпты. Ол туралы Н.Анов:

«Менің Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен танысуым үлкен керіспен аяқталды. Бұл 1924 жылы жаз айында өтті, онда екеуміз де Семей қаласында тұратынбыз. Мен орыс тілінде шығатын «Степная правда», ал Мұхтар «Қазақ тілі» газетінде істейтінбіз. Қыста ол Ленинград университетінде оқитын да, жазғы демалыста өзінің туған қаласына келіп, губерниялық газеттің редакторы Тоқжігітовке қолқабыс ететін. Жаңылмасам Мұхтар қаладағы жалғыз студент болатын. Жап-жас, келбетті, қалың бұйра шашты, өзінің «астаналық» сән үлгісімен - көк күнқағары бар студенттік фуражкасымен ерекшеленетін. Оның иесі: «Мен тек қана студент емеспін, мен үшін ғылым басты мақсат», - деп тұрғандай еді.

Комсомол-студенттер кепкі ғана киетін, көбінесе жалаңбас жүретін. Өйткені, ол кезде галстук таққан немесе шалбарына бастырыла үтіктелген жолақ жүргізген жігіттер мен қыздарды комсомолдан шығарып жіберетін. Сондықтан да Мұхтардың студенттік фуражкасын семейлік журналистер жақтырмай қабылдады. Ол тұста Семей - әдеби қала болып табылатын: қазақ тілінде «Таң» журналы шығып тұратын, ал орыс жазушыларының бірлестігі «Шахта» деген жұқалтаң мұқабаша шығаратын. Менің «Айдағанның сегізінші тоқалы» деген бір әңгімем сонда басылды.

Мұхтар Әуезовпен екеуміздің арамыздағы керіс, міне, осы «сегізінші тоқалдан» басталды. Оған себепкер мен болдым. Қазақ халқының тұрмысын білмегендіктен де, мен өзімнің әңгімемде қазір де есіме алсам бетім қызарып сала беретін «қиянпұрыс қиялға» жол беріппін.

Мұхтар әңгімені оқып шығып қатты ренжіді. «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоғжанов «сегізінші тоқал» басылған журналды алды да, Әуезовті өзімен бірге ертіп губкомның партия хатшысы Николай Иванович Ежовқа кірді, сол кезде оның кабинетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Туриков отыр еді. Хатшы Мұхтардың сөзін үнсіз тыңдай отырып, үш бетке басылған кесірлі әңгімені көзімен жүгіртіп шықты.

Әрине, Ежовқа мырзасынған қазақ ұнаған жоқ. Әуезовті ол үстірт қабылдап, мына шыжық-быжықтың неден өршігенін түсінбеген сыңай танытты. Мұхтар барынша жанығып, барған сайын бастырмалата сөйлей берді. Ежов оны:

- Тоқта, тоқта... Өзіңе не керек?,- деп тоқтатты.

- Қазақстан туралы мұндай сандырақты жариялауға болмайды. Бұл әңгіме емес, барып тұрған қияли өтірік. Қазақ - мұсылман халық! Ал ислам шариғаты бойынша мұсылмандар төрт әйел алуға ғана құқылы. Сондықтан да қазақтардың сегіз әйел алуы мүмкін емес!

Ежов қабағының астымен Мұхтарға қарады да:

- Журнал орыс тілінде шығады. Оны оқитындар да орыстар. Олар шариғаттың заңын білмейді, білуге міндетті де емес. Мысалы, сендердің неше әйел алатындарың маған да белгісіз. Ал істің анығына көшсек, төрт әйел ала ма, сегіз әйел ала ма, бәрібір емес пе. Өзің айтшы, мұның қандай айырмасы бар?

Мұны естігенде Мұхтардың көзі шарасынан шығып кетті.

- Бұған қоса айтарым, Айдаған деген кім? Бай! Мыңғырғын қойы бар. Соны пайдаланып қой қорасын тоқалға толтырған екен. Ал ол тоқалдар кім және қайдан келді? Әрине, кедейдің қыздары. Бұған, міне осылай таптық тұрғыдан мағына берсек, бәрі де дұрыс дұрыс болып шығады.

Губком хатшысы кенет «сізге» көшіп, жымия қарап::

- Кигеніңіз студенттік фуражка, ал мәселенің түп тамырын ажырата алмайсыз,- деді.

Алайда, Мұхтар оңай берілгісі келмеді. Мұны байқаған Ежовтың бетіндегі күлкі белгісі дереу суый қалды. Ол орындықтан тұрды да әдеттегісіндей жирен шашын желкесіне қарай ысыра қайырып:

- Мен жұмыспен келген екен десем, қайдағы бір құлақ сасытатын болымсыз әңгімені қозғайсың. Православтардың заңы бойынша олар бір-ақ әйел алуы тиіс, ал шындығына келгенде орыстардың әйелі мұсылмандардан аз емес. Бәрі де анық және түсінікті емес пе, - деді.

Содан кейін Ежов «Қазақ тілі» газетінің редакторына мойынын бұрып:

- Осыны да өзің түсіндіріп бере алмадың ба? Редакторлығыңа болайын, - деді.

Олар кабинеттен шығып кеткеннен кейін Ежов темекісін тартып тұрып үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісіне:

- Осындай қырт шаруамен губкомға келудің өзі ұят емес пе,- деді.

Әуезов пен Ежовтың арасындағы бұл кездесу туралы кейіннен менімен жақсы достасып кеткен Николай Арсеньевич Туриков егжей-тегжейлі айтып берді.

Мұхтардың реніші ешқандай да нәтиже бермеді, бәрі де өз орында қалды, алайда, менің көңілімде терең дақ түсірді. Қатты мазасызданған мен редакцияға келгеннен кейін Мұхтардың алдында өзімнің кінәмді мойындадым»,- деп, есіне алады.

Ал бұдан кейінгі олардың арасындағы байланыс қалай дамыды, ол жағы бізге беймәлім. Әрине, достасып кете қоймаған. Алайда губкомның төрағасы, Қазаткомның саяси хатшысы міндеттерін атқарған қайраткермен есептесуіне тура келгені анық. Кеңсесіне шақырып, естелікке суретке түсуі, отыз алтыншы жылдары Семейді есіне алып, «Мұса ақынды» (Исаны) іздетіп, оны орденмен марапаттауы соған сендіреді. Дегенмен де Мұхтардың өзi теңеген «жетi басты жалмауыздың» бетiн қайтарған Мирзоян дегенге иланғымыз келеді. Өкiнiштiсi, оның қолынан жазықсыз жәбiрленгендердiң барлығын аман алып қалу, арашалау келмедi. Ол мүмкiн де емес-тiн.

Ал сонша адамды құрбандықтан сақтап қала алатындай адам бар ма едi? Бар едi. Ол - Сталиннiң өзi болатын. Оның көсемдiк атына көлеңке түсiргiсi келмегендер: «Сталин iстiң нақты барысын, ауыртпашылығын кеш бiлдi»,- деп лақап таратты. Иә, лақап, бiрақ шындық емес. «Дақпырт пен қасiрет» атты монография арқылы Сталиннiң саяси портретiн жасаған Д.А.Волкогоновтың пайымдауынша, Жоғары Соттың председателiнiң орынбасары В.В.Ульрих пен Вышинский екеуi сот процесi мен үкiмнiң орындалу барысы жөнiнде тұрақты түрде Сталинге (сонымен қатар Молотов пен Ежовқа) мәлiмдеп отырған. Өндiрiлген көмiр мен астықтың мөлшерiмен қоса жазаға тартылған адамдардың санын да Сталин күн сайын есепке алыпты. Партияның ХХ съезiнде жасаған баяндамасында Н.С.Хрущев бұл қасiреттi:

«Бiзге оның iстеген әрекеттерiн шектен шыққан деспоттың әрекетi едi дей алмаймыз. Ол партияның, еңбекшi бұқараның мүддесi үшiн, революцияның жеңiстерiн қорғау үшiн осылай iстеу керек деп түсiндi. Ең басты қасiрет осында!»,- деп негiзгi мәселеден аулақтатқысы да келдi.

Қандай мақсатты көздесе де, ол - сол партияны құрған большевиктердi, сол еңбекшi бұқараның өкiлдерiн құрбан етуге ешқандай да қақысы жоқ болатын. Күнделiктi баспасөздегi халық жауын әшкерелеген тергеу жұмыстары туралы хабарларға көзi түспеуi мүмкiн емес-тiн. Тiптi, «зиянкестiкпен егiн ектiрiп, зиянкестiкпен мал бақтырды» деген сөздiң астарындағы арандатуды аңғару үшiн ойланудың өзi артық.

Сондай тергеудiң бiрi Қазақстанда да өттi. Тергеу - Семей облысы Үржар аудандық партия комитетiнiң хатшысы мен атқару комитетi председателiнiң және басқа да колхоз басқармаларының үстiнен жүргiзiлдi. Бұл ауданның ерекше назарға iлiгуiнiң басты себебi - кезiнде өкiмет комиссиясының құрамында Халық Комиссарлар советi председателiнiң орынбасары Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллиндер осында келген екен. Тергеудiң Сәкенді айыптауға тiкелей қатысы болғандықтан да сәл ғана үзiндi келтiремiз. Ешқандай бұрмалауға ұрынбас үшiн әдейi түпнұсқаға иек арттық. Тергеу iсi «Процесс антисоветской национал-фашистской банды в Урджарском районе» деген атпен «Казправданың» бiрнеше санына жарияланды. Тергеудiң сұрақ-жауабын жариялаудағы мақсатын газеттiң өзiнiң бас мақаласында:

«за них спиной стоят гнуснейшие убицы, Японские шпионы - Кулумбетов, Жандосов, Садвакасов, Ж.Нурсейтов, Сәкен Сейфуллин и другие... Всех, кто поднимает руку на нашу прекрасную Родину, мы будем беспошадно уничтожать, как бешеных собак»,- дептүсiндiрдi.

Зады, айыптаушылардың iшкi ыза-запыраны шарасынан аса көпiршiсе керек, «бидай егуге нұсқау бердi» дегеннiң өзiн «зиянкестiкпен iстеттi» дейдi. Мүмкiн, қолдан жасалған жала шығар. Сонда да жалпы жағдайдан толық мағлұмат алу үшiн де аса қажет. Тергеу iсiнен:

«Председательствующий: И вы завербованы в контрреволюционную организацию националистов?

- Да, - Нурсеитов сказал, - что в состав организации входят Кулумбетов, Джандосов, Нурсеитов. Позднее я узнал от Джандосова что Жургенов, Молдажанов, Садвакасов Жанайдар, так же являются членами организаций входит Сакен Сейфуллин, добавив при этом, что о других членах организаций ничто сказать не может, в виду необходимости сохранить строжайшую конспирацию».

Прокурор: Чем он (Кулымбетов - Т. Ж.) у вас занимался?

Матчанов: - Главным образом интересовался постановкой вредительской работы в нашем районе, побывал в колхозах, где его заданием был произведен вредительский посев хлебов и уничтожался обобществленный скот. Там же познакомился с нашими людьми, занимавщимся вредительством.

Прокурор: Известно ли Вам что сказал Кулумбетов Елемесову?

Матчанов: Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы. Кроме того, Кулумбетов дал задания Жунусову раздать обобществленный скот в личное пользование колхозников. Это задание нами частично было выполнено в колхозе «Елтай» («Каз. парвда», 30. IХ. 37 г.).

Шыдамның да шегi бар, төзiм де тозады. Сот төрағасының, прокурордың сұрақтарының өте дәлдiкпен қойылып, айыпкерлердiң еш күмәнсiз ығына жығыла жауап беруi қаншалықты шындыққа жақын - оны сарапқа салмай-ақ қоялық. Бiрақ та; «побывал в колхозах, где по его заданием был произведен вредительский посев хлебов», «там же он познакомился с нашими людьми, занимавшимся вредительством», «Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы» деген сөйлемдердi: «Ол тұқым сеуiп егiншiлер арасында болды», «сол арада маңдай терiн төгiп жүрген бiздiң адамдармен танысты», «Мектептi жөндеуге 10 мың сом бөлуге уәде бердi» деп өзгертсе, шындық өз орнына келер едi. Бәрiн бүлдiрiп жүрген «зиянкестiк» деген жалғыз сөз.

Жалғыз-ақ сөз. Бiрақ қандай жексұрындық мiндет атқарып тұр десеңшi.

Тергеушiлердiң өз күшiне сенгендiктерi сондай, егiн егу де қылмыс боп шыққан. Сонда олардың өздерi немен күн көрерiн, нанның қайдан келетiнiн бiлмегенi ме? Зады, Ярослав Гашек те мұндай пародияны Швеиктiң аузына сала қоймаған шығар. Бұл жерде жазушының қиялына тергеушiнiң қаламы шаңын да iлестiрмей кеткен.

Өмiр мысқылы, өмiр әжуасы деген осы. Мұндай соттан қандай әдiлеттiлiктi күтуге болады? Ешқандай.

Қасiреттiң ең үлкенi сонда.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір