Абайлаңыз, Астанада ток көздері ашық жатыр!
Астана қаласының әкімі
Иманғали Тасмағамбетовтің назарына!
Астана қаласының әкімі
Иманғали Тасмағамбетовтің назарына!
Бүгінде Астананың көшелерімен саябақтарында жүру немесе көше бойлап серуендеу дегеннен қоhқатын болдық. Себебі, көшеге және белгілі нысандарға жарық беу үшін тартылған электр желілерінің адам өміріне қауіпті жағдайда тұрғандығы. Қалай екенін білмеймін, бас қаланы жарықпен қамтамасыз ететін мекеме өз ісіне соңғы уақыттарда жауапсыз болып бара жатқан сыңайлы. Мұны ашық -шашық тұрған тоқ көздерінен анық аңғаруға болады. Соңғы кездері бұл іске жауапты орын тіпті де немқұрайлы қарайтын болған сыңайлы. Олай дейтінім, көшелерге жарық беріп тұратын бағаналардың төменгі жағы ашық жатыр. Апатты жағдай орын алған кезде ғана ашылып, қайтадан сол орынына мұқият бекітіліп қоятын қақпақ атымен жоқ. Оны біреу алып кетті деп ойласаң, жұқа ғана қаңылтырдың кімге керегі бар? Ал әлгі қақпақ тұратын тесіктен сыртқа қарай салақтап тұрған ток сымдарының бірі арнайы лентамен оралса, енді бірі тіпті ашық тұр. Алғашқыда салақтап тұрған сымдардың біреуге залалы тимесін деп ішіне қарай итеріп кіргізбек болып бекінген едім. Бірақ ашық тұрған токты ұстамақ түгілі қасына баруға қорықтым. Сөйтіп, сол маңдағы жарық беруші бағаналардың, басқаларының да жай-күйін білмек болып біразының түбіне үңілдім. Сөйтсем мен бақылаған бағаналардың тең жартысының жағдайы мәз болмай шықты. Ол ол ма, жаяу жүргінші жүретін арнайы жолдың үстін кесіп келесі бағанаға қосылып тұрған электр желісін көргенде расымен де қорқып кеттім. Мұндай сорақылық қардан тазарған Астананың кез келген көшесінде көзге түседі. Кейбір көше жиегіндегі жасыл желекті алаңқайларға жарық беретін бағаналар атымен жоқ. Қайда кеткені белгісіз, тек орынында ашық-шашық қалып қойған электр желілері ғана көзге түседі. Ең сорақысы сол, әлгі сымдар арқылы келесі бағанаға ток көзі тартылған.
Қазір күн жылынды, алда жаз келе жатыр. Бетін аулақ қылсын. Далада бейқам ойнап жүрген бала абайсызда токқа түсіп қалып жазатайым бәлеге ұшырап жүрсе қайтер едік. Кінәні тоқ жүріп тұрған сымды ұстаған балаға ма, әлде оны жөнге келтірмей отырған құзырлы орынға қоямыз ба? Осы бір келеңсіздікті жөнге келтірмесек Астана атымызға сын.
Сөзіміз дәлелді болу үшін Астана көшелерін жаяу аралап, қала тұрғындарын сөзге тарттық. Келеңсіз жағдайларды суретке де түсіріп алдық.
Айнұр, жас ана:
- Мен күнделікті жұмыстан кейін екі баламды серуендетуге далаға шығамын. Кейде балалар ашық тұрған ток көздеріне түсіп қалама - деп қорқатыным рас. Не дегенмен балаларымды электр бағаналарынан алыста ойнатамын. Негізі ашық қалған ток көздерін жауып қойса әлдеқайда қолайлы болар еді.
Бақытгүл, жас ана:
- Қазір балаларды неден қорысаң олар керісінше сол дүниеге әуес бола береді. Қазір аулалардағы балалар ойнайтын алаңқайлардың барлығына жарық берілген. Кейбір жарық беретін бағаналардың етек жағы ашық тұрады. Сол жерге балалар қолын салып, тоққа түсіп қалама деп қатты қорқамын. Сондықтан балаларды ойнатуға шыққан балаларымды көзден таса қылмауға тырысамын.
Гүлжан, қала тұрғыны:
- Мен үнемі жаяу жүргенді ұнатамын. Ток көзінің ашық тұратын жағдайлары қаланың кез келген жерінен ұшырайды. Тіпті соңғы кездері көбейіп барады. Тек жарық беруші бағаналар ғана емес, адамдар көп жүретін жерлер мен аялдамадан да мұндай келеңсіздіктерді көруге болады. Енді үкімет пен қала басшылығы бұған мән бермесе тұрғындардың өздері абайлап жүруге тура келеді, басқа амал жоқ.
Гүл-Зада әжей:
- Қазір қалада кез келген жер электрмен жабдықталған. Ашық қалған электор желілерінің жиі кездесетіні де шындық. Мен немерелерімді ертіп серуенге шыққанда оларға үнемі ескертіп отырамын. Ашық қалған тоқ көзінен алыс жүріңдер деп. Дегенмен олар бала ғой, ойнап жүріп оқыс болама деп те қорқамын. Басқа көшелерді білмеймін мынау біздің Бараев көшесінің кез келген жерінде ашық тұрған желіні көруге болады. Қазір тіпті оған көз үйреніп кетті. Дегенмен ретке келтіріп қойса жақсы болар еді.
Әзірлеген
Бердібек Хабайұлы
Abai.kz