Жұма, 22 Қараша 2024
Экономика 21883 0 пікір 3 Сәуір, 2023 сағат 14:36

Сыртқы инвестиция көлемі артып келеді

Ресми мәлімет бойынша 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылыпты.
Қазақстанға инвестиция салған елдердің алдынғы ондығын Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия бастап тұр.

Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция құйылған. Жаһанды жайлаған пандемияға байланысты 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі азайғанымен, 2021 жылы қайта қалпына келіп, 23,7 млрд долларды құраған. Ал өткен 2022 жылы ТШИ көлемі 27 млрд долларға жетіп, 17,8%-ға өсім көрсеткен. Қазіргі таңда жалпы құны 30 триллион теңге болатын 850 инвестициялық жобадан тұратын республикалық пулмен жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, ТШИ көлемінің жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай 25,5 млрд долларға жетуі тиіс.

Инвестициялардың жалпы көлемінде тау-кен секторы ең үлкен үлеске (30%) ие. Өткен жылы салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 4,5 трлн теңгені құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 14,6%-ға көп.
Ал өңдеу өнеркәсібінде жалпы инвестиция көлемі 2022 жылы 1,5 трлн теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға аз. Бұл салаға салынған инвестициялардың үлесі де төмендеген, жыл қорытындысы бойынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінің 10%-ын ғана құраған.

Инвестициялардың жартысынан астамы металлургия өндірісіне (606 млрд теңге немесе өңдеу өнеркәсібіне инвестицияның жалпы көлемінің 40%-ы) және химия өнімдерін өндіруге (230 млрд теңге немесе өңдеу өнеркәсібіне инвестицияның жалпы көлемінің 15%-ы) тартылған.

Жылжымайтын мүлік секторының инвестициялық көрсеткіштері 3,1 трлн теңгеге дейін (өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ға), көлік және қойма шаруашылығы 1,6 трлн теңгеге дейін (5,4%-ға) және ауыл шаруашылығы 853,5 млрд теңгеге (6,7%-ға) дейін өскен.

Жалпы экономиканың шикізаттық емес секторларына (мемлекеттік бюджеттен инвестицияларды қоспағанда) инвестиция көлемі 4,8%-ға өскен.
Сыртқы инвестиция көлемінің ұлғайуына әлемдік геосаяси жағдай, шетелдік алпауыт компаниялардың Ресей нарығынан жаппай кетуі де оң әсер еткен.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарушы директоры Азамат Қожановтың дерегінше, қазіргі уақытта Ресей нарығынан кететінін жария еткен немесе инвестициялық қызметін тоқтатқан 40-қа жуық елдің 400-ден астам компаниясымен келісім жасау көзделіп отыр.

«62 кәсіпорынмен тығыз жұмыс жүргізілп жатыр, оның ішінде қазіргі таңда 24 кәсіпорын қоныс аудару процесін аяқтады. Бұл мүмкіндікті тағы 17 компания пайдаланғысы келіп отыр. Алдағы уақытта тағы өңдеу және тамақ өнеркәсібі, IT, металлургия, машина жасау саласындағы тағы 21 компания келмек»,-дейді Қожанов.

1-сәуір күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның сыртқы саудасының өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Санкциялық саясаттың еліміздің сауда ағынына әсері, оның ішінде сауда құрылымындағы өзгерістер мен тауар жеткізу логистикасы туралы баяндамамен танысты. Смайылов мемлекеттік уәкілетті органдарға жағдайды бақылауда ұстап, сауда тәртібін бұзу фактілеріне байланысты жедел әрекет етуді, сондай-ақ бизнес өкілдеріне кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257