Біртұтас Қазақстаннан - біртұтас ұлтқа...
Елімізде 2017 жылы мемлекеттілікті нығайтуды көздеген «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Негізгі мақсаты – жалпыұлттық қасиетті орындардың тізімін нақтылап, оларды жан-жақты насихаттау еді. Сол уақытта орталық басшысы Берік Әбдіғали: «Іс жүзінде, халық бұл жерлерді бұған дейін анықтап қойған. Біздің міндетіміз – сакралды орындардың бірыңғай желісін құру. Бізге сакралды және рухани құндылықтар маңызды. Олар үлкен тәрбиелік және білімдік сипаттағы рөл ойнайды. Келешектегі міндет – оларды кеңінен насихаттау. Адамдар қандай құндылықтарға ие екендерін түсінуі керек»,- деп көрсетті. «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстанның жалпыұлттық киелі 100 нысанының тізімін ұсынды. Онда ерекше тағзым етілетін табиғи мұра ескерткіштері; археологиялық және архитектуралық ескерткіштер; ірі орта ғасырлық қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары; діни және ғибадат орындары; тарихи тұлғаларға қатысты киелі орындар; саяси, тарихи оқиғаларға байланысты орындар нақтыланды.
Қазақстан бойынша қасиетті, киелі орындардың сипаттамасын тарихи, ғылыми негізде терең білетін жаңадан ашылған бүгінгі Ұлытау облысының әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының кандидаты, алаштанушы ғалым Берік Әбдіғалидың Қазақстан аймақтарының атауын өзгерту бойынша ұсынысын орынды деп санаймыз. Мұндай ұсыныс еліміз тәуелсіздікті енді алған уақытта айтылмады. Ғалымдарға ондай пікір білдіруге халықаралық геосаяси ахуал, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай мүмкіндік бермеді. Ендігі кезекте, Қазақ елінде мемелекет құрушы халықтың үлес салмағы жетпіс пайыздан асқан уақытта осындай ұсыныстардың білдірілуін және жүзеге асуын орынды және уақытылы деп білеміз.
Біріншіден, бізде бір ғана Қазақстан атаулы Отанымыз болуы керек. Оны Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығыс деп бөлшектеудің қисыны жоқ. Бұлайша бөлгенде бір-бірімен қырғиқабақ Оңтүстік және Солтүстік Корея есімізге еріксіз оралады. Олардың тағдырынан Құдай сақтасын. Оңтүстік Қазақстан облысына 2018 жылы Түркістан аты берілгені дұрыс болды. Қазаққа ғана емес, түрік бұтағынан өрбіген бауырлас халықтар үшін Түркістан – қасиетті сөз, киелі орын. Тегінде, осындай тарихи мағынасы тереңде, халықтың жадында сақталған қасиетті сөздердің ментальдік, архетиптік, символдық мағынасы бары белгілі. Қазақ баласы Алтай дегенде түркілік тамырын, сақ, ғұн дәуірінен жалғасқан бай тарихын, салтанатты кезеңін көз алдына елестетеді.
Бір ғасыр бұрын алаш ақыны Мағжан Жұмабайұлы (1893-1938) отты өлеңдерімен қазақтың ғана емес, күллі түркілердің отаршылдық езгіде жатқан күйін баяндады. «Түркістан», «Тез барам», «Орал», «Жер жүзіне...», «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма» өлеңдерінде Мағжанның ақындық қиялы Алтын Орда, Көк Түрік, Ғұн, Сақ заманына бойлап, бабалардың қаһармандық ерлігін паш етті. Ерте замандағы батыр бабаның аруағын тірілту арқылы бүгінгі ұрпақтың сана-сезімін оятам деп санады. «Жер жүзiне ер атағым жайылған» деп басталатын өлеңінде ақын өзін былай қайрады:
Еркiн ырғып шыққам асқар Алтайға,
Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға.
Талай тайғақ, тар кешуде таймаған
Батыр жүрек, қайрат ендi алдай ма?!
Осы өлеңдегі оқиға желісі Ғұн заманынан да терең Сақ дәуіріне жетелеп әкететінін көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман жақсы аңғарады. Яғни, бір кездегі баһадүр бабамыздың ерлігіне Батыс пен Шығыстың бәрі мойынсұнған, оның алдында бас иген. Ендігі тірлігіміз қалай болды? Мұндай ұсақталу, намыссыздану айбынды түркілердің ұрпағына жараса ма дейді шайыр.
«Түріктің алтын бесігі – Алтай, ержетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» деп жазды «Қазақ тарихынан» зерттеуінде алаш қалам қайраткері Қошке Кемеңгерұлы (1896-1937). Алаш кезеңінде Алтай, Түркістан, Тұран секілді қасиеті, киесі бар сөздер көркем әдебиетте, мақалаларда, ғылыми-танымдық зерттету еңбектерде мақсатты түрде жазылды. Оларға анықтама беріліп, сипаттамасы ашылды. Халық жадында сақталған қасиетті сөздің менталдік, архетиптік мағынасының оянуына негіз жасалды. Алаш арыстары сол арқылы қазақ санысын оятып, тарихи жадын тереңдетуді көздеді. Бүгінгі таңда, тәуелсіз ел болған кезімізде біз де осылай киесі бар сөздерді, қасиетті жер, су атауларын аймақ атына бергенімізді жалғастыруымыз керек деп санаймыз. Бұл орайда Б.Әбдіғалидың Батыс Қазақстанды Ақжайық, Шығыс Қазақстанды Алтай деп ауыстырсақ дегені – құптарлық ұсыныс. Зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлының (1843-1906):
Еділді келіп алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты келіп алғаны –
Жағаға қолды салғаны,
деп қилы тағдырымызды жырға қосқанын білеміз. Отаршыл патшалық билік Жайық өзенінің атауын картадан өшіріп, орнына Оралды бекітсе де, халық санасында, жадында бекіп қалған бұл қасиетті сөздің ұғымын өзгерте алмады. Біз бүгін тарихи әділдікті орнату мақсатында Батыс Қазақстан атауы орнына Орал емес, Ақжайық деген облыс атауын бекітуіміз керек деген пікірді қолдаймыз.
Солтүстік Қазақстанды – Қызылжар деп ауыстыруға байланысты түрлі пікір айтылуда. Әлбетте Қызылжар атауы Петропавл қаласына берілсе құба-құп болар еді. Сол қасиеті өлкеде туып-өскен, өмірден ерте озған талантты ақын Ерік Асқаров (1959-2003) өлеңдерінде табиғат көрінісі, оның әсем суреті беріледі де, сонымен бірге ақынның туып-өскен ауылы, туған жері, қасиетті Қызылжары мен кербез Көкшесі суреттеледі. Бұл топтағы өлеңдері туып-өскен ауылына, Қызылжары мен Көкшетауына арналған: «Қыс болса Қызылжарға кеткім келер», «Қызылжарда биыл тіпті қар қалың», «Майшам жарығында жазылған жыр», «Есіме түсіп, өткен, кеткендерім», «Қара орманның қолтығынан жел кіріп», «Көргің келсе қар бұрқаған боранды», «Қызылжар», «Мен ертең Қызылжарға тағы аттанам», «Қостеректің құдығы». Осы орайда байқағанымыз, ақын өлеңдерінде Петропавл қала аты мүлде кездеспейді. Есесіне «Қызылжарым», «Қызылжар қысы» сөзі мен сөз тіркесі жиі ұшырасады. Мысалы: «Қыс болса, Қызылжарға кеткім келер», «Жүр, жаным, Қызылжарға кетейікші», «Қызылжарда биыл тіпті қар қалың», «Абай айтқан шыбынсыз жаз керек пе, // Мына біздің Қызылжарға кел онда!», «Қызықтырса Пушкин сүйген алтын күз, Мына біздің Қызылжарға тағы кел», «Сыны кетпес сұлулықтың барлығын // Мына біздің Қызылжардан табасың». Ақын осы арқылы туған қаласының төл аты Қызылжар екенін тағы да еске салғандай. Қаласына деген ыстық махаббатын ата-бабасынан қалған Қызылжар атауымен жеткізгендей.
Ақын сөзі – халық тілегі, оның аяулы арман-аңсары. Қазақ ақындары жырлап өткен Тұран мен Түркістан, Алтай мен Ақжайық, Қызылжар мен Баянауыл Қазақ елінің әр баласына қасиетті сөздер, киелі мекендер. Баянауыл облыс атауына берілгені де қисынға қонады. Әлбетте қазақ ғылымына, руханиятына, мәдениеті мен өнеріне қасиетті Баянауыл топырағының бергені телегей теңіз. Халық арасында «Баянауыл феномені» деген түсінік бар. Оның бастауында Бұқар жырау, Шоң би, Мұса Шорманұлы сынды көрнекті ағартушы, ел ағалары, қайраткерлердің тұрғаны; Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жарылғапберді Жұмабайұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Зейтін Ақышев, Зейін Шашкин, Шәкен Айманов бастаған ғылым, өнер, мәдениет тұлғаларымен жалғасатыны белгілі. Сондықтан Баянауыл дегенде табиғаты көркем, тұлғалары текті аймақты көз алдымызға елестетеміз. Қасиетті Баянауыл сөзі Павлодар орнына қолданылса жарасады. Облыс пен қала атауы қазір Павлодар деп аталатыны уақытша деп санаймыз. Түбінде бұл атаулар да қазақшаланады деп кәміл сенеміз.
Осы орайда шешімін күткен Алматы облысындағы Ұйғыр ауданы атауын да ұлттық нақышқа ауыстыру керектігін ескереміз. Ұйғырлар – қазақпен тамыры бір, діні мен ділі ортақ туысқан халық. Елімізде ұйғыр тілі мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің сақталуына барлық жағдай жасалған. Алайда шекаралық аймақта жеке халық атында ауданның болуы жеріміздің біртұтастығына кедергі келтіреді, сондай-ақ бұл жағдай өлкенің байырғы жергілікті тұрғындарының намысына тиеді. Бізде Неміс, Өзбек, Корей, Дүнген сынды жеке халық атында аудан жоқ. Бетін аулақ қылсын. Тура солай Ұйғыр атындағы ауданды да өзгертуіміз керек деп санаймыз.
Он шақты жыл бұрын болашақта мемлекет атауының Қазақстан емес, Қазақ елі деп өзгеруі жайында қоғамда пікір білдірілді. Бұл орайда біздің айтпағымыз, «Қазақ елі» мемлекет атауы қазақпен бірге ертеден жасап келе жатыр. Ел – түрік тамырлы төл сөзіміз. Мемлекет атауы Қазақ елі деп ауысса, бұл жағдай Отанымыздың халықаралық кеңістікте имидждік тұрғыдан танылуына, ұлтты ұйыстырып, жаңа деңгейге дамуына серпін беретін жағдай болады деп ойлаймыз. Аталған ұсыныс орынды. Түбінде ол күнге де жетеміз деп білеміз. Қазақ елі атауын айғақтайтын Еуропа, АҚШ, Қытай елі кітапханаларынан табылған карталар, дерек көздері мол. Әсіресе бұл атауды Алаш оқығандары зерттеулерінде, шығармаларында жиі қолданды.
Бүгінгі таңда алдымен еліміздің аймақ атауларын ұлттық нақышқа келтіріп алу – мемлекеттік маңызды істің бірі. Бұл орайдағы бастамаларды, қисынды ұсыныстарды жөн көреміз. Кейінгі жылдарда, ілгері ғасырларда бір атаулы, бір мүдделі, мақсаты ортақ, тілегі жақын бөлшектенбейтін Қазақ елі болып қайта түлеп, біртұтас қуатты ұлтқа айналамыз деп есептейміз. Сол кезде Мағжан жарықтық жырлағандай, Тұран топырағының қара шаңырағында қалған қазақ халқы туысқан түрік бұтағынан өрбіген бауырларының басын одан әрі біріктіре түседі деп сенеміз.
Қайырбек Кемеңгер
Abai.kz