Сенбі, 28 Ақпан 2026
Мәдениет 156 0 пікір 28 Ақпан, 2026 сағат 14:07

Өнер үшін жаралған жан

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Өмір көші озған сайын асылға айналған біртуар тұлғалар болады. Оларды тарих беттерінен өшіру мүмкін емес. Олар туған жеріне адал қызмет етіп, алланың берген дарыны мен өлшеусіз еңбегінің арқасында өнерін шыңдап, шынықтырып, халқына ұсына білген жарық дүниенің иелері. Жүрегінің лүпілін, жан-дүниесінің сұлулығын өнер деген құдіретке құя білген, саф алтындай жарқырап, маңайына шуақ шашқан өнер саңлақтары бірі еленсе, кейбірі еленбей, ескерусіз қалып барады.

«Көзден кетсе көңілден кетеді» демекші, Қызылжар өңірінде дүниеге келіп, 1943 жылы бишілік өнерді бастап, 1978 жылға дейін қойлы ауылдағы еңбек адамдарына, қала, республика көлемінде өнер көрсетіп, өзінің күш-жігерін жұмсаған бір адам ‒ Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі, белгілі биші Мархаба Иманқұлованы біз қалайша еске алмаймыз?!

Мархаба Сәдуақасқызы 1927 жылы 27 желтоқсан айында Қызылжар қаласында дүниеге келген. Ата-бабасының қонысы ‒ бұрынғы Совет ауданы, қазіргі Аққайың ауданына қарасты Наурызбай ауылы.

Ол бала кезінен биге әуес болды. Оның ұяңдығы халықтың алдына шығуына көп тосқауыл еді. Оның үстіне әке-шешесі де жас қыздың желкілдеп, ел алдына шыққанын аса ұната қойған жоқ. «Қыз балаға әртістік жараспайды» дегенді олар жиі айтатын.

Соғыс кезінде Мәскеуден кәсіпорындар көшіп келе бастады. Өнер адамдары да шамалары келгенше Қазақстанға көшті. Солардың ішінде Үлкен театрдың бишісі Лариса Константиновна Дейнар-Камская да бар еді. Мархабаның бағына ол кісі қалада би үйірмесін ашты. Сабырлы да жаны жайсаң алғашқы ұстазы жас қызды биге баули бастады.

Мархаба бұның алдында акробатикамен айналысып, каучук болып, іс-қимылдарды көрсетіп жүретін. Сүйегі иілгіш, пластикасы ғажап еді.

«Сенің дене қимылың тура биге жаралғандай екен. Ырғақты ерекше сезінесің. Мен сенен жақсы биші шығарамын» деп, Л.К. Дейнар-Камская Мархабаға аса ықылас білдірді, биге ерекше баули бастады.

Соғыс жылдары қалада әскери госпиталь болатын. Би үйірмесінің жастары сол жерге жиі концерт қойып, жаны мен тәні ауырып жатқан жауынгерлерді рухани өнерлерімен қуаттап, көңілдерін сергітіп отыратын.

Мархаба Иманқұлова 1943 жылы он бес-ақ жасында облыстық филармонияға биші болып қабылданды. Соғыс біткен соң ұстазы Мәскеуге оралды. Кетерінде: «өнеріңді жалғастыр, тоқырап қалма!» деп қатты тапсырды. 1950 жылы Мархаба Алматыға келіп, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұловадан би үйрене бастайды. Адам айтқысыз жомарт жүрек иесі Шара апай Мархабаға дүниежүзінің билерін үйретті.

Мархаба сабақ ала жүріп, «Қазақконцерт» бірлестігінде өнер көрсете бастады. Ол халық әртістері ағайынды Абдуллиндер, Роза Бағланова, Шәкен Айманов сияқты ұлы тұлғалармен қоян-қолтық араласты. Шәкен аға Шараның жездесі болатын. Ол үйге жиі келіп тұратын.

Қызылжарға өнер сапарымен келгенде КСРО халық әртісі Әлібек Дінішевтің апайдың үйінде қонақта болғаны бар. Роза Рымбаевамен, Ермек Серкебаевпен де сәлемі түзу еді.

Мархаба Сәдуақасқызы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында еңбек еткен кезінде бригада құрып, ауыл-ауылды аралап, шаршамай-шалдықпай өнер көрсететін еді. Қазақстаннан бөлек Латвия, Литва, Эстония елдерінде өнер көрсетті. Ресейдің Қорған, Түмен, Омбы облыстарының қазақ ауылдарын әлденеше аралап, өнер көрсеткен кездері бар. «Қазақстаннан әнші, бишілер келді» деп құрақ ұшқан қазағым қойын сойып, қолын қусырып әрдайым қуанышпен қарсы алатын.

Мархаба Иманқұлованың жалғыз ұлы Болат Иманқұлов Республикалық эстрада-цирк студиясының түлегі, цирк өнерінің шебері еді. Ол Қостанай облыстық филармониясында көп жыл жемісті еңбек етті. Кейін екінші топтағы мүгедек болып қалған кезде анасы қатты қайғырды. Немересі Руслан музыка училищесін тамамдады. Ұрпағы өнерден алыс кетпеді.

Ал енді мен естелігімді ақтара отырсам; әкем жазушы болғаннан кейін бе, қай жақтан әртістер келсе де біздің үйге түсетін. Менің бала кезімде Мархаба апай біздің үйде әлденеше рет қонақ болып, ұжымымен демалған кездері болды. Біздер үшін әртістер келсе зор қуаныш болатын.

Мен 1976 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясына Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың сыныбына оқуға түсіп, бірінші курсты бітірген кезімде студия директоры, Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның ұйғаруымен Ғарекеңнің шәкірті Таңат Бейсенбаев, вокалист Гүлзира Көшкімбаева үшеуміз Қызылжардағы облыстық филармонияға тәжірибеден (стажировка) өтуге бардық. Бригаданы басқаратын Мархаба Иманқұлова болды. Апай ол кезде бұхар, орыс, қазақ билерін билейтін еді. Жасы елудегі кезі. Толықша келген, көзі өткір, қараторының әдемісі болатын. Мінезі қатал көрінді, бірақ кейін ол кісінің мейірімін де көрдік. Бағдарламамызды дайындай бастадық. Домбырамен ән орындайтындарымыз білген әнімізді, Гүлзира өзі білетін әндерін дайындай бастады. Бір күні апай «Алтын, сен бір қазақша, бір орысша әнді эстрадамен айтасың, қалған уақытта концертті созып, он бес шақты әнді домбырамен орында!» ‒ деп тапсырма берді. Алла Пугачеваның орындауындағы Александр Зацепинның «Волшебник недоучка» деген әнін, сонымен қатар Ескендір Хасанғалиевтың «Айналайын» деген әнін айтатын болдым. Гүлзира да бір орысша, бір қазақша, Таңат та эстрадалық әндерді, сонымен қатар дәстүрлі әндерді орындайтын болды. Сонымен музыканттарымыз барабан, бас гитара, ударникте ойнайтын болды. Маған ритм ұстау қиындау болды. Бара-бара үйреніп кеттім. Осылай біз Қызылжар өңірін, Көкшенің Володар, қазіргі Айыртау ауданын араладық. Бір айда 45 концерт қойдық.

Бізде темірдей тәртіп. Концерт соңында жігіттерге мекен-жайымызды айтпауымыз керек. Артық ешкіммен сөйлесуге болмайды. Басқалар жатақханада, мейманханада түнесе, апай мені ылғи бастықтардың үйіне алып жүріп, қазы-қарта жегізіп, қасынан бір елі тастамайтын.

Бір күні апайды ашуландырғанымыз бар. Гүлзира екеуміз Ленин деген ауылға келгенде құдалардың үйіне соғып, шәй ішіп, концерт басталарда бірақ келдік. Апай бая-шая болып ашуланып, «қайда жүрсіңдер?» деп қатты ұрысқаны бар.

Жалпы ұзақ жолда әңгімелесіп, ойдағы-қырдағыны айтып көңілді жүрдік. Негізгі ақшамыз жүріп жатады, «суточный» деген болады, оған тамақ ішіп, жатын орынға төлеп жүреміз. Апайдың арқасында ел көріп, жер көріп, сондай қуанышта жүргеніміз бар. Студенттер қауымы тапқан табысымызға киініп алдық.

Келесі жылы студия бітірген соң Таңат Бейсенбаев екеумізге Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясына үш жыл еңбектен қол үзбей еңбек етуге жолдама берді. Қызылжарға келдік. Тағы да гастроль басталып кетті. Тағы да бір айдай ел аралап өнер көрсеттік. Менің көңілім алаңдаулы еді. Мені ҚазМУ-дың журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев оқуға түсуге шақырып қойған. Мен бұл жерде уақытша жүрмін.

Бір күні біз автобуспен Аралағаш жаққа шыққанбыз. Жүргізушіміз сорайған орыс еді, ішіп алыпты. Біз білмей автобуспен кетіп барамыз. Орта жолға келгенде су толы кюветке құлайын деп бара жатқанда машинаны тоқтатып, жол жақтағы терезеден шыққанымыз бар. Апай «ішімізде бір бақытты адам бар» деді. Кім екен деп қойдық. Содан аман-сау баратын жерімізге жетіп, концертімізді қойып келдік.

Көп ұзамай мен оқуға түсуге Алматыға кеттім. Біздің ұжым былтырға барған Шалақын ауданына қарасты Жалтыр ауылына концерт қойып келе жатқанда автобустары үлкен жолда мал таситын жүк көлігіне бетпе-бет соғылып, Мархаба апай алдыңғы терезеден ұшып кетіп, қол, аяғы, басына зақым келіп, мертігіп қалыпты. Әйтеуір басқа әртістер ұсақ-түйек жарақат алса керек. Бұл апайдың өміріндегі төртінші жол апаты екен. Кейде апай айтқандай, «апаттан аман қалған мен бақыттымын ба?» деген ой келеді. «Егер мен сол арада болсам жағдай қалай болушы еді, алла құтқарған екен» дедім.

Осы жол апатынан кейін апай оңалмады. Сахнаға шыға алмай қалды. Ол кезде Мархаба апай 51 жаста еді. Кейін Мархаба апайды Қызылжардағы Ленин көшесінде көріп қалдым. Балдақпен келе жатыр екен.  Маған «сен де мені іздеп келмедің» деп өкпесін айтты. Содан кейін апайды көрмедім. Менікі дұрыс та емес шығар, өмір ағымында бала-шаға деп жүрген кезіміз ғой. Әйтеуір жылына бір рет ауылға келіп, әке-шешемізді көріп қайтатынбыз.

Иә, апаймен екі жылда екі ай бірге жүріп, құрметін, қамқорлығын көріппін. Үйіне баратынмын. Апай чехтың хрусталь ыдыстарын жинағанды жақсы көретін. Қайда барса да сатып алатын. Немесе ол кісіге сыйлайтын. Ол үйде үстелдің, терезенің алдында бірінің үстіне бірін қойған неше түрлі хрусталь ыдыстар көздің жауын алатын. Қонақжай еді.

Мархаба Сәдуақасқызы Республикалық эстрада-цирк студиясының директоры, Қазақстанның халық әртісі, көркемсөз шебері Гүлжиһан Ғалиевамен достық қарым-қатынаста еді. Үнемі Алматыға келсе сол кісіні іздеп тұратын. Алматыда бір сіңлісі тұратын еді, атын ұмытып тұрмын.

Апай сол соққыдан кейін 11 жыл өмір сүріпті. Қайтыс болатын жылы, яғни 1999 жылы қала әкімдігі «Қызылжар қаласының құрметті азаматы» деген құрметті атағын беріпті.

Әр адам бір-бір жұмбақ. Бала кезінен аштықты, соғыстың тауқыметін көрген қыз құрыштай шынығып, өнер деген әдемі әлемнің қызығын да, қиындығын да бір кісідей көрді. Тұщынды, нәтиже шығарды.

Мархаба Иманқұлова 1957 жылы Мәскеуде өткен VI Халықаралық жастар мен студенттердің фестивалінің лауреаты, 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасының иегері атанды.

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Мархаба Сәдуақасқызы Иманқұлова Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында 35 жыл тапжылмай еңбек етіп, әлем халықтарының биін билеп, қыстың көзі қырауда, аптап ыстық жазда, көктем мен күздегі лайсаң кезде қиындыққа мойымай өнер деп ел аралап, соңынан ерген жастарға үлгі-өнеге бола білген ғажап адам еді. Өлшеусіз еңбегі сіңген өнер иесіне облыстық филармонияның атын берсе де жарасар еді.

Атақты биші апамыз Мархаба Иманқұлованың есімін жаңғырту мақсатында Қызылжар қаласынан көше, би мектебінің атын беріп, қаланың қақ ортасынан ескерткішін ашса артық та болмас еді. 2027 жылы атақты бишіміз Мархаба Иманқұлованың туғанына 100 жыл. Осыған орай әуелі Мәдениет министрлігі, екінші облыс әкімі Ғауез Нұрмұғамбетов осындай ғажап бишінің зор еңбегін бағаласа екен деген тілегім бар.

Алтын Иманбаева

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

0 пікір