Жаттығуда ауыр болғанмен соғыста жеңіл...
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде 2023 жыл басталғаннан бері "Бекет-2023", «Көкжал-2023» сияқты тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.
Әскери әлеуетті ең дәл анықтайтын әдіс – штабтық ойындар мен соның негізінде бүкіл әскерді қатыстырып өткізетін оқу-жауынгерлік жаттығулар екені белгілі. Тек штабтық ойындар ғана командование әлде зерттеуші үшін әскери мүмкіндіктердің айқын да нақты бейнесін түзе алады. Бірақ штабтық ойындар – өте қымбат шара. Және тағы бір ерекшелігі – штабтық ойындарды жауынгерлік дәстүрі де, салты да, тіпті дүниетанымы да басқа адамдардың жүргізуі мүмкін емес. Ондай оперативті ойындарды тек жергілікті командалық құрамның офицерлері ғана жүргізе алады, себебі ойын барысында ол мемлекеттік құпияға жататын көпке белгісіз мәліметтерді пайдаланады. Ал ондай мәліметтердің бөтен елдің публикалық сарапшыларында болуы тіпті мүмкін емес. Бұған қоса штабтық ойындар – көбіне ортақ шекарасы бар мемлекеттердің қақтығысын модельдейді.
Ықтимал жау ретінде әдетте көрші елдердің бірінің аяқ астынан шабуыл жасауы қаперге алынады.
Күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Жетісу облысындағы әскери полигонда Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелерінің тактикалық оқу-жаттығулары және жергілікті атқарушы органдарының "Бекет-2023" ведомствоаралық тактикалық оқу-жаттығуы болып өтті. Оған Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдары сондай-ақ 2000-нан астам әскери қызметші мен мың жарымнан аса қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде армиялық, әскери-көліктік, майдандық авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттары қатыстырылды. Аталған жаттығудың негізгі мақсаты – гибридті қауіп-қатер жағдайында әрекет етуге, әртүрлі прокси-күштерге қарсы тұруға дайындық.
"Бекет-2023" ведомствоаралық тактикалық оқу-жаттығуын Оқу-жаттығуын Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов және өзге де күштік құрылымдардың өкілдері бақылады.
Осы жаттығу барысында Ішкі істер министрлігінің полиция департаменті жергілікті атқарушы органдар орналастырған сұрыптау пункті ауданына бейбіт тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырса, оған қатысушы бөлімшелер жауынгерлік мақсаттағы аудандарға жорық жасап, бүркемелеу, әскерлер мен басқару пункттерінің төзімділігін арттыру мәселелерін пысықтауға қатысты елді мекенді жау қолынан босату бойынша оқу-жауынгерлік іс-қимылдар жүргізді.
Штаб бастығы – Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары полковник Алмас Исабеков:
– Бұл оқу-жаттығулардың бірқатар ерекшелігі бар. Оның ішінде басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен өзара іс-қимылда жауынгерлік міндеттерді шешу, әскери бөлімдердің өзін-өзі қамтамасыз ету және дербестік деңгейін тексеру, сондай-ақ қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу нысандары мен тәсілдерін жетілдіру бар, – деп сөз етті.
Бұдан өзге осы сәуір айында Гвардейск гарнизонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басшылық етумен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында «Көкжал-2023» тәжірибелік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуының соңғы кезеңі аяқталды. Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау үшін оқу-жаттығу шеңберінде роталық тактикалық топтар ішінен мобильді топтар құрылып, бір апта бойы артиллериялық мен армия авиациясы бөлімшелерін жауынгерлік жағдайда қолдануға баса назар аударылған бөлімшелердің бірлесе жауынгерлік іс-қимыл жүргізуіндегі жаңа тактикалық әдіс-тәсілдерін пысықталынды. Осы Тактикалық оқу-жаттығуының соңғы кезеңінің өту барысын ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке өзі қадағалады.
Осы тактикалық оқу-жаттығу барысында бөлімшелердегі әртүрлі топтардың және зақымдау құралдарының мүмкіндіктерін зерттеу, олардың оңтайлы құрамын және жағдайдың өзгеруіне жедел әрі тиімді жауап беру қабілетін анықтау міндеттері алға қойылып, артиллерияны атыс құралдары барынша шоғырландырып, классикалық әдістер мен қарсыласты жеңу әдістерімен ұтымды қолдану үшін бөлімше командирлерінің өз бетінше шешім қабылдауына барынша мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар, танкке қарсы артиллерия құралдарымен алыс қашықтықтағы қарсыластың броньды нысандарын құртудың жаңа тәсілдері де осы тактикалық оқу-жаттығу барысында сыналды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев «Көкжал-2023» тәжірибелік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуы турасында:
– Біз әскери өнердің дамуын және соңғы жылдары болып жатқан қарулы қақтығыстарды талдай келе, артиллерия, танк, механикаландырылған және басқа да бөлімшелерді қолданудың жаңа тәсілдерін пысықтап жатырмыз, – деп атап өтті, – тәжірибелік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуын өткізу кезінде классикалық және стандартты оқу-жаттығулардан алшақтап, жаңа әдістерді сынап көрдік,-деп өз ойын ортаға салды.
Ең соңында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамды «Көкжал-2023» оқу-жаттығудың жақсы аяқталуымен өз атынан құттықтап, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге естелік сыйлықтар табыс етіп, ел қорғанынысна айтарлықтай пайда тигізген игі істі аяқтады.
Abai.kz