Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2740 0 пікір 12 Сәуір, 2023 сағат 13:08

Ұлттық мүддеге немқұрайды қарайтын адам зиялы емес!

Қазіргі заманның зиялы қауымы дегеніміз кімдер? Олар қоғамда орын алып жатқан санқилы тенденциялар мен оқиғаларға лайықты үн қосуға жарап жатыр ма? Зиялы қауым міндетті түрде билікке оппозиция болуы керек пе? Қалың көпшіліктің зиялы қауымға деген көзқарасының өзгеріп тұруы неге байланысты? Зиялы қауымның тарихи миссиясы қандай? Сол миссия орындалды ма?

Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде белгілі жазушы Мереке Құлкенов пен саясаткер Әміржан Қосанов диалог құрған болатын.

Әміржан Қосанов: Мәке, осы біздің зиялы қауым туралы әңгіме тым таптаурын, оқырманға қызықсыз тақырып боп кеткен жоқ па? Тіпті оқырманның өзі біздің не айтатынымызды алдын ала біліп отырғандай ма, қалай?

Мереке Құлкенов: Әміржан, В.И.Дальдің өзі «бұқараның ақылды, есті, жан-жақты білімді» бөлігін «интеллигенция» деп атағанын жақсы білеміз. Ал шетел сөзі сөздігінде «интеллигенция» деп «білікті, бәрін терең түсінген, ақылды, есті» әлеуметтік топты атаған. Яғни ақыл-ой еңбегімен айналысатын және соған лайықты әлеуметтік білімі бар адамдар (инженерлер, техниктер, дәрігерлер, мұғалімдер, заңгерлер, ғылым мен өнер қызметкерлері) деп анықтама берген. Осы мейлінше дәл әрі қарапайым анықтамада не жетіспей тұр деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Бүгінгі заман тұрғысынан алып қарағанда интеллигенцияның ежелгі анықтамасына – елін, халқын шексіз сүйетін әрі солар үшін күресе білетін топ деген анықтама қосу керек сияқты. Біз латынның «интеллигенция» деген сөзіне өз тілімізде әлдеқашан баламасын тауып алған халықпыз. Әрі өте сәтті ұғым болып санамызда қалыптасты. Бәзбіреулер «интеллигенция» терминін «зиялы» сөзі толық ауыстыра алмайды деген пікір айтып жүр. Меніңше, зиялы сөзінің ауқымы интеллигент сөзінен кеңірек, тереңірек. Өйткені «зиялы» сөзін айтқанда біздің көз алдымызға, санамызға ақылды да білімді, парасатты, халқы үшін жанын садақа ететін кемел тұлға келеді. Сондықтан «зиялы» сөзі – біздің сөздік қорымыздағы ең сәтті жәдігер.

Зиялы қауым туралы ой толғау, пікір қалыптастыру, баға беру ешкімді жайбарақат қалдырмас деп ойлаймын. Әсіресе Жаңа Қазақстан саясаты тұрғысында зиялылар туралы пікір алысқанның артықшылығы бола қоймас.

Әміржан Қосанов: Алдымен «зиялы қауым» дегеніміз кімдер? Біздегі түсінік тым тұрпайы емес пе? Ол тек қана ақын-жазушылар, басқа да шығармашылық қауым ба? Көпшіліктің дипломы бар кез келген адамды интеллигент санайтыны тағы бар.

Меніңше, ең басты интеллигент, ол – балабақша тәрбиешісі, мектеп ұстазы. Өйткені интеллигенцияның басты миссиясы – қоғамның өркениеттік дамуына атсалысу болса, бар шаруа сол мамандық иелерінен басталады. Әйтпесе, оқымаған, тоқымаған ұрпақ жазушылар не философтардың «қолына өткенше» кеш боп кетуі мүмкін!

Мереке Құлкенов: Жөн айтасың, зиялы қауым деген ұғымға кез келген білімді жанды немесе кез келген жазушы мен өнер адамдарын қоса салуға әсте болмайды. Қоғамдағы ұлт мүддесіне қатысы бар өзекті мәселелерге немқұрайды қарайтын адам ешқашан зиялы бола алмайды. Бүгінгі заманның ең үлкен қасыреті – немқұрайдылық. Есіктен шыққан бойда алдыңнан шығатын келеңсіздіктерге жайбарақат қарап, жайбарақат жүре беретін адамдардан қорқу керек. Зиялылықтың ең басында жас ұрпақтың тәрбиесі тұратынын ешқашан ұмытпақ емеспіз. Әрбір ата-ана өз кіндігінен өскен балаларының тәрбиелі, ибалы, білімді, парасатты болғанын қалайтыны айдай анық нәрсе ғой. Ал, ендеше, аяқ басқан сайын алдыңнан шыға келетін тәрбиесіздік, көргенсіздік, қатыгездік, ұятсыздық, зұлымдық сияқты қоғамға жат қылықтарды қайда қоямыз. Отбасы мен мектептегі тәрбие өскелең ұрпақтың бойына неге сіңбейді? Ұлы халқымыз о бастан ұрпағына «біреудің ала жібін аттама», «қызға қырық үйден тыю» деп айтып кеткен жоқ па еді? Ендеше, мына кер замандағы тәрбиесіздік қайдан шығып отыр? Біз халқымыздың зиялыларын осы бір күрмеуі келіспеген тұстан зарыға іздейміз, бірақ таппаймыз.

Мына бір үзік әңгімеге назар аударайықшы:

«Шынында қазақтың бұл күнгі қызыметіне қатысып отырған азамат қазақ елін қай қызыметімен қанағаттандырады? Қандай еңбек, қандай өнер, қай ісімен ризалайды? «Мен мынаны істегенім жоқ па, мынадай үлгі, пайдалы істі ортаңа орнатқаным жоқ па?» деп қай қызыметімен елдің аузын буады? Мен осы сауалдарға жауап таба алмаймын…».

Мұны кім айтты? МҰХТАР ӘУЕ­ЗОВ. Қашан? 1921 жылы. Қайда? «Қазақ қызметкерлерінің міндеті» деген мақаласында. Арасына 86 жыл салып бүгін (31.03.07.) бұл сұрақтарға мен де жауап таба алмай отырмын. Сол мақаладан тағы бір үзік ой: «Әрі надан, әрі әлсіз, айласыз, көмексіз елге қызмет қылу, басшы болу міндеті мойныңа мінген соң, оның барлық кемтарына ем іздеу, жетпегеніне жалғасу – азаматтың міндеті».

«Сол міндет – бүгінгі міндет болып қалған жоқ па?», – дейді ұлтымыздың кемеңгер зиялысы Герольд Белгер.

Ұлы Мұхтар Әуезовтің бұдан 102 жыл бұрын қойған сұрағына, Әміржан, сен екеуміз де жауап таба алар ма екенбіз?

Әміржан Қосанов: Интеллигенция бүгін ғана пайда болған жоқ. Оның тарихы сонау алғашқы қауымдық құрылыс кезінде қолына найзадан соң қалам ұстап, өз замандастарына қоғам мен заман туралы әңгіме айтып, ел назарына іліккендерден бастала ма? Содан бері қаншама заман өтті! Бір қызығы – адамзат тарихында сол кездегі үнсіз шенділер емес, өз қоғамына дер кезінде үн тастаған тұлғалар қалды. Тіпті кешегі Алаш арыстарының өзі тек қана билікке ұмтылған және өкіметке қатысқан қайраткер емес, өздерінің әр саладағы еңбектерімен ұлт жадында сақталып қалды емес пе? «Заманы қандай болса, интеллигенция сондай» дегенмен келісесіз бе? Мәселен, өзіңіз тікелей куәгері болған Совет дәуірінің соңы мен Тәуелсіз Қазақстанның аяққа тұру кезеңін алсақ…

Мереке Құлкенов: Иә, Зиялылық адамзатпен бірге жаратылған. Қай тарихи кезеңде де адамдардың ақыл сұрап, соңына еретін, айтқанына құлақ асып, келісімге келетін тұлғалары болған. Ал енді біздің ата-бабаларымызға келсек, зиялы қауым Күлтегін мен Тоныкөктен басталып, Сыпыра жырауға жалғасып кете береді.

Қазақ халқы сан ғасырға созылған қуғын-сүргіннен кейін өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ес жиып, жан-жағын түгендеп, «біз қазақпыз деп кеудесін кере дауыстай бастады. Тарих сахнасына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жаһанша мен Халел Досмұхамедов сияқты Алаш көсемдері шықты. Бұл кезеңдегі тұлғаларымызды «Ұлт зиялылары» деп ерекше қастерлейтініміз де сондықтан. Ағымыздан жарылып, шынымызды айтсақ, зиялы деген қасиетті атаққа лайық осы– Алаштықтар екенін қазір мойындап отырмыз.

Өкінішке қарай, олардың өмірі қамшының сабындай қысқа болды. Кеңес өкіметі Сталиннің зұлым саясаты оларды, алдымен, 30 жылдардың басында, соңыра, 37-38 жылдары түгелдей дерлік қынадай қырып тастады.

Олардың орнын жалтақ, жағымпаз, екіжүзді зиялылар басты. Әрине, қырқыншы жылдары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов сияқты бірен-саран зиялылар ұлт үшін, оның мәдениеті үшін жанын шүберекке түйіп еңбек етті.

Алайда өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жеке адамға табынатын, сол жеке адамның көңілін табу арқылы өз қара басының мүддесін халық мүддесінен жоғары қоятын алаяқ интеллигенция қалыптасты.

Кешегі тәуелсіздігіміз қолымызға тиген алғашқы жылдардың ішінде де жалған зиялылар жеке адамға табыну жолымен, Назарбаевқа бар билікті қолдан берді. Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов сияқты жекелеген тұлғалар болмаса, қалған зиялылар жеке басының қамын күйттеп кетті. Президенттің қабылдауына барарда ел мүддесі мен халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді көтеремін деп айтқанымен, негізінен, өз жеке бастарының жағдайын шешіп шығатын. Біреуі жеке коттедж алса, екіншісі қымбат көлік, үшіншісі баласын лауазымды жұмысқа орналастырып, мәз-мәйрам болып жататын. Бұндай зиялылар билікке қарап шындықты айта алмайтын, керісінше, иіліп-бүгіліп, Құдайдай табынып, бірінен-бірі асырып, жағымпаз, қызыл сөздерін айтып жататын. Сол үрдіс әлі жалғасын табуда. Тіпті оппозиция болып саналатын зиялыларымыз да қашан басымыздан сипап, бауырына тартады деп билікке жаутаңдаумен келеді. Жаман әдет пен қасіреттің ғұмыры ұзақ келеді. Қазір өзін зиялылар қатарына қоятын ағайындарға айтарым – «Жаңа Қазақстанға» лайық зиялы болудың төте жолы – жағымпаздықтан құтылу. Қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты зәру мәселелерді шешуге атсалысу. Ұлт тағдырына байланысты қордаланып қалған проблемаларды қаймықпай ашық айту.

Әміржан Қосанов: Сөз жоқ, адам қоғамда өмір сүрген соң қоғам өмірінен тыс бола алмайды. Интеллигенция да солай! Өкінішке қарай, Тәуелсіз Қазақ­станның жаңаша тарихындағы шешуші тұстарды бірді-екілі болмаса, тұтастай зиялы қауымның даусын ести алмай жүрдік. Ол да өмірдің ащы шындығы. Тіпті билікке жағыну, жағымпаздану арқылы лауазымды қызметке, атақ пен сыйлықтарға, басқа да нәпақаға ие болған зиялыларды көрдік. Бір ренжитінім әрі шошитыным сол: Назарбаев тұсындағы жағымпаздар бір күнде оны жамандап шығып, енді баяғы әдетімен Тоқаевқа жаққысы келетін сияқты! Бір қуанатыным сол: ондайлар баяғыдай көп емес, азайып бара жатқандай.

Иә, қоғамда әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер шаш-етектен, сонда да әділдігін айтайықшы, бүгінде жағдай біршама өзгеріп келеді: кейде мақтауға ұласып кететін қолдау да өркениеттік арнаға түскендей. Жаңа Қазақ­станның басқа жақсылығын білмедім, бірақ пікір ашықтығы мен алуандығы қалыптасып келе жатқан сияқты, кеше ғана тыйым салынған тақырыптар ешбір боямасыз көтерілуде.

Бірақ интеллигенцияның орны мен рөлін тек қана саяси тұрғыдан бағалау дұрыс па? Жалпы ақын, не суретші ашық саясатпен айналысуы қаншалықты қажет?

Мәселен, саяси оппозицияда екі күш болса, жазушы бірін қолдап, бірін қолдамаса, ол халықтың жауы боп шыға ма? Мұндай сұрақтар қазірдің өзінде туындап жатыр.

Меніңше, осы тақырыпта біржақтылық бар сияқты: интеллигенцияға баға бергенде көпшілік олардың жазған-сызғаны, өз туындылары арқылы қандай гуманистік идеялар айтқанына емес, ағымдағы билікке сын айта ала ма, айта алмай ма, соған қарайтын сияқты. Бір сөзбен айтқанда, өзінің елдегі жағдайға разы еместігін жұртшылық интеллигенцияның да қолдауынан көргісі келеді. Билікке разы емес жұрт – интеллигенцияға да разы емес, содан барып, әртүрлі, орынды да, орынсыз да сын айтылып жатады. Алайда, аз таралыммен басылып, көп адам оқи қоймаған романда не повесте бүгінгі күннің ащы шындығы суреттеліп жататыны да рас. Бірақ көпшілік көркем шығармадан гөрі Фейсбуктегі посты бар ма, жоқ па, соған мән беріп кетеді.
Әгәрәки, нақты билік халықтың сөзін сөйлеп, ұлт мүддесін қорғаса ше? Оған да қарсы шығу керек пе?

Мереке Құлкенов: Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан жақсы үрдіс бар еді. Ол – зиялы қауым мен қарапайым халықтың тығыз байланысы. Біздің бала кезімізде қазақтың әнші-күйшілері, театр майталмандары, ақын-жазушылар, ғалымдар ауыл-ауылды аралап, халықпен кездесу өткізіп, өнерлерін көрсетіп, мәз-мәйрам, шат-шадыман күн кешетін. Біз ауылда өсіп-өнсек те, Ғарифолла Құрманғалиевті, Жүсіпбек Елебековті, Манарбек Ержановты, Роза Бағланова мен Бибігүл Төлегенованы, ағайынды Абдуллиндерді ауыл клубтарында тікемізден тік тұрып тыңдадық, әңгімелерін естідік. Ақын-жазушылар да жиі-жиі кездесулер өткізіп, ауыл адамдарын бір серпілтіп тастайтын. Тәуелсіздік жылдарында осы ғибратты үрдістер жоққа айналды. Зиялылар мен халықтың арасындағы нәзік байланыс үзілді. Бүгінде ауылдың да, қаланың да балалары мен жасөспірімдерді өзінің ақын-жазушыларын, әнші-күйшілерін біле бермейді. Олардың жаңа туындыларынан бейхабар.
Егер өскелең ұрпағымыздың жан дүниесінің рухани баюын ойласақ, олардың өзінің төл өнері мен әдебиетін терең білуін қаласақ, зиялылар мен қарапайым халықтың жақын араласуына мүмкіндік жасауымыз керек. Ол үшін шығармашылық одақтардың жұмысын жандандырып, үгіт-насихат бюроларын, әдебиет пен өнер қорларын қалпына келтірген абзал. Бір сөзбен айтқанда, билік шығармашылық одақтарға қамқор қолын созса дейміз.
Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ғылым академиясын тікелей өз қамқорлығына алып, қаржыландыратын болды. Демек, бұл Қазақстан ғылымының көсегесі көгереді деген сөз. Дәл осындай мемлекеттік қамқорлық шығармашылық одақтарға да ауадай қажет.
Өркениетті елдерде, айталық, АҚШ пен Еуропа елдеріндегі белгілі жазушылардың саясатпен шаруасы жоқ. Олар заманауи мәселелерді, өзінің еліне қатысты жағдайларды көркем шығармасы арқылы айтады. Қазіргі ғаламтану кезіндегі адам баласының жан дүниесіндегі елеулі өзгерістерді жазушы көзімен көру арқылы тамаша туындылар жазады. Өйткені оның өмір сүріп жатқан елінде ештеңеге алаңдамай тек қана жазу мен айналысуына толық мүмкіндік бар. Егер адамзатты елең еткізетін талантты дүние жазса ертең-ақ материалдық жағдайы жақсаратынын біледі. Бізде бәрі, керісінше, жазушы өзінің шығармашылығымен емес, күнкөріс қамымен әлдебір ақшалылардың қолбаласына айналады, немесе биліктің сойылын соғып, саясатқа араласады.

Бізде, Қазақстанда ақын-жазушылар мен өнер адамдары шын мәніндегі шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алған кезде ғана халқымыздың рухани өсуіне мүмкіндік ашылады.

Әміржан Қосанов: Бәріміз жиі қайталайтын Некрасовтың «Ақын болмасаң да, азамат бол!» деген қанатты сөзін тереңдетін кез келгендей. Шығармашылық адамы – «штучный» тауар», яғни көптің бірі емес екені анық. Сондықтан «Русьте кім жақсы тұрады?» деп, дабыл қаққан ақынның бұл сөзін ақын көп азаматтың бірі болып қана қоймай, халқына, ұлтына қызмет етудің биік үлгісі, керек десеңіз, өз қоғамының жетекші күші болуы керек деген сөзі деп түсінгеніміз жөн.

Осы тұста мен интеллигенцияның екі ұлы миссиясын атағым келеді. Біріншісі – ағартушылық. Бұл жай ғана білім беру, не көркемдік талғам тәрбиелеу емес, бұл дегеніңіз – қоғамды алға жетелеу деп біліңіз! Екіншісі – оқырман не көрерменнің от басы, ошақ қасындағы күйбең тіршіліктен Отанның, елінің қамын ойлайтын Азамат боп қалыптасуына ат салысу.

Мереке Құлкенов: Әу, дегеннің бәрі әнші емес, қағаз шимайлағанның бәрі жазушы емес. Шын өнерді халтурадан ажырата білу үшін де халыққа терең білім керек. Сен айтып отырған интеллегенцияның ағартушылық миссиясы деген ұғым осыдан келіп туындайды. Жас ұрпақтың өнер мен әдебиеттің алдындағы биік талғамын қалыптастыру жолында да қазақ зиялыларының алдында үлкен міндет тұр. Биік талғамы бар жас азамат қана қоғамды алға бастай алады. Әйтпесе, өзінің ұлттық биік өнерінен гөрі әлдебіреулердің арзан дүниелерін жоғары қоятын дүбәра жастарымыздың өсіп келе жатқаны да өтірік емес қой.

Әміржан Қосанов: Халыққа аты мәшһүр, ел ішінде танымал болғандықтан, әдебиет пен өнер адамдарының өмірі көпшіліктің көз алдында. Ол да заңды болар. Бірақ келісесіз бе, көп жағдайда қалың оқырман ақын не жазушының не басқа бір өнер майталманының шығармаларын білмейді, бірақ оның кіммен араздасып жатқанынан хабардар, тіпті сол адамдарды тек сол ұрыс-керіс арқылы ғана біледі. Және де интеллигенттеріміз де сөзге келіп қалса, өздерінің шығармаларынан гөрі жекебас қасиеттеріне тиісіп, бір-бірін мұқатып жатады. Осының себебі неде және ондай абыройсыз әдеттерден қалай құтыламыз?

Мереке Құлкенов: Әлеуметтік желі дегеніңіз күн өткен сайын бүкіл әлемдік қасіретке айналып бара жатқанын мойындамасқа болмайды. Дүниежүзінің өсек-аяңнан құлағы бітіп қалғандай. Фейсбукте бірінің-бірі жағасынан алу, бірінің бірі құпиясын ашу арқылы рахатқа бөлену дегенің күнделікті жағдайға айналды. Қазір жұртта өнер адамының шығармашылығы емес, оның өмірдегі жеке тіршілігі, ғайыптан тайып сүрініп кеткені керемет қызықтырады. Бос сөзбен комментарий жазып, айыздары қанып жатады.

Бүгінгі таңдағы ұят пен ардан садақа кеткен заманында біздің зиялыларымыз халқымызды жөнге салудың төте жолын іздеуге жұмылуы керек сияқты. Әйтпесе, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегеннің кері келіп, қоғамды арсыздық билеп, ұятсыздық жайлап барады.

Әміржан Қосанов: Зиялы жұрт тұтас бір қауым болған соң, ұйымдық жағынан ұйымдасып жатады. Жазу-сызу, ән салып, күй тарту, сурет салу дегендер индивидтік тірлік емес пе?

Әрине, әр шығармашылық одақтың өз жөні бар. Сол одақтардың ішіндегі ең танымалы әрі елдің көңілінен шығып, тірлік атқарып жүргені Өзіңіз басшылығында жүрген Жазушылар одағы деп санаймын. Соңғы кезде Одақ шығармашылықты дамытуда біраз шаруа атқарды. Өзімнің баса айтарым, ЖО қоғамда боп жатқан қилы-қилы оқиғаларға дер кезінде үн қосып, ұлттық мүддені қорғауда табандылық таныта бастады.

Шындығын айтсақ, көп адам біздің шығармашылық одақтарды кешегі совет заманынан қалған мұра деп санайды. Яғни, тоталитарлық режим әде­биет және өнер адамдарын бір ұйымға біріктіріп, оларды бақылап отыру үшін құрған-ды. Бүгінде, меніңше, көп нәрсе сол одақтардың өздеріне байланысты: заман талаптарына сай қызмет атқарса, оларға деген сенім, қажеттілігіне деген түсіністік қалыптасады. Сонымен бірге, шығармашыл сала қайраткерлерін тиісті құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағынан қолдау қажеттігі де түсінікті, сол себепті өз басым бұндай одақтарды бір идеологияға, бір көзқарасқа негізделген ұйым емес, әр саланың билік алдындағы мықты лоббисі – кәсіподақ ретінде көргім келеді.

Мереке Құлкенов: Мен Жаңа Қазақстанда жаңа шығармашылық одақтар қалыптасса деп армандаймын. Оған біздің елімізде барлық алғышарт­тар бар. Айталық, тарихы кеңес өкіметі құрылған жылдардан басталатын Қазақстан Жазушылар одағы ешқашан өзінің сара жолынан, ата дәстүрінен айныған емес. Жазушылар одағының ең басты міндеті – өзіне мүше жазушылардың шығармашылықпен айналысуына толық мүмкіндік жасау, талантты жас жазушылардың дер кезінде танылуына көмектесу. Осы екі міндетті де Жазушылар одағы абыроймен орындап келеді. Ал біздің жаңа өкіметіміз өз елінің өнері мен әдебиетіне өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан зиялы қауымына қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаса ғана Қазақстан өркениетті елдер қатарына қосыла алады. Бұл – жаңа заман талабы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435