Жұма, 20 Маусым 2025
Жаңалықтар 179 0 пікір 20 Маусым, 2025 сағат 14:22

Түркия Иранмен шекаралас аумақта қауіпсіздікті күшейтті

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Иран мен Израиль арасындағы әскери шиеленіс Түркияны алаңдатып отыр.

Ресми Анкара қарулы қақтығыстың кеңею қатеріне байланысты шекарадағы қауіпсіздікті күшейтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ел президенті мен қорғаныс министрі жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, халықаралық қауымдастықты шұғыл әрекет етуге шақырды. Израильдің Иран аумағындағы нысандарға жасаған әуе соққылары Түркияның ресми наразылығын тудырды. Анкара бұл шабуылдарды халықаралық құқыққа қайшы деп мәлімдеп, Иранның өзін өзі қорғау құқығын қолдайтынын жеткізді.

Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған Израильдің әрекетін ашық айыптап, Нетаньяхудың саясатын "басқыншылық" деп атады.

– Нетаньяхудың қолындағы қан тек Израиль үкіметінің емес, сонымен қатар бұл қылмыстарға көз жұма қарап отырған елдердің де мойнында. Түркия бұл зұлымдықты тоқтату үшін барлық дипломатиялық және гуманитарлық жолдарды пайдаланады, – деп мәлімдеді Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған.

Қазір Түркияның Иранмен шекарасында 60 мыңға жуық әскери қызметкер орналасқан. Қажет болған жағдайда арттырылуы мүмкін. Дрондар мен бақылау жүйелері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, шиеленістен Түркияға энергетика бағасының өсуі, туризмнен түсетін табыстың төмендеуі, сауда мен қаржы нарықтарындағы қиындықтар секілді түрлі қауіп-қатер бар.

Түркия егер Иран Ормуз бұғазын жабатын болса, тиісті шаралар қабылдамақ. Дегенмен, Анкара аймақтағы шиеленісті азайтып, бейбітшілікке қол жеткізу үшін дипломатиялық жолдарға басымдық беретінін жариялады.

Abai.kz

0 пікір