Дүйсенбі, 23 Маусым 2025
Билік 399 0 пікір 23 Маусым, 2025 сағат 12:20

Сыртқы саясат – Тәуелсіздік қалқаны...

Сурет: dknews.kz сайтынан алынды.

Әлем жұртшылығы әсіресе соңғы апталарда куә болып отырғанындай, қазіргі дүние өткен кезеңдердігдей айлап, жылдап емес, күн сайын өзгеріп жатқандығы шындыққа айналды.

Жекелеген мемлекеттердің, сондай-ақ бірнеше елдерді қамтитын  саяси одақтардың жаһандық сахнада өз мүдделері мен мақсаттарын қорғауда дәстүрлі қалыптасқан халықаралық ережелерді қатаң сақтау емес, авторитарлық пен үстемдікке бет бұруы жиілеуде. Экономикалық, әскери тұрғыдан дамуы төмендеу, саяси әлеуеті әлсіз елдерге қысым көрсетудің түрлі жолдарына бара отырып өз еріктерін мойындату, олардың мүдделерінен өз мүдделерін жоғары қою үрдістері етек алған сыңайы бар. Соңғы жылдары көз жетіп отырғанындай, ең ақыры әскери күш қолдану, тіпті өзге дербес елдердің аумағына басып кіру әрекеттеріне дейін орын алғанына куәмыз. Дүниежүзілік күн тәртібінде мұндай келеңсіз жағдаяттардың белең алуы неототалитарлық үрдістердің жандануына апарып соғу қаупі басым. Халықаралық қатынастардың жекелеген қатысушыларының диктатуралық бағытқа бет бұруы бүгінгі қалыптасып келе жатқан көпполярлылық әлемдік тәртіптің іргетасын шайқалтуы ықтимал. Қауіпсіздік пен күш туралы түсінік өзгеріске ұшырады. Бұған адамзат тарихында сан мәрте дәлелденгеніндей, ал әлемдік әдебиетте Габриель Гарсиа Маркес сынды ұлы қаламгерлердің «Патриархтың күзі» тәрізді туындысында боямасыз бейнеленген мысалдарындай, билік кеңістігінде шамадан тыс ұзақ отырып қалатын адамдардың жеке басының қайшылықтары мен қайрансыз құлшыныстары қосылып, ақырында өз еліне ғана емес, төңірегіндегі өзге ұлыстарға да күтпеген қиындықтар әкелетінін айтуға болады. Оның үстіне, технологиялар мен ақпарат таратудың, алудың көзді-ашып жұмғандай жылдамдығы қарапайым адамдардың ғана емес, мемлекетаралық, дүниежүзілік қарым-қатынастарға да айрықша қарқын беруде. Олардың сәт сайын алмасуы соншалық, жан-жақтан ақтарылып жатқан ақпараттық ағыннан адамдарға оның ақ-қарасын ажыратудың өзі мүмкін болмай барады. Мінеки, бүгінгі дүние келбетінің осынау күрделі кезеңінде еліміздің ең алдымен сыртқы саясат саласына түсетін салмағы еселеп артқандай. Жыл сайын шілденің екісінде аталып өтетін Қазақстанның Дипломатиялық қызмет күні мерекесін ағымдағы жылы сыртқы саясат саласының қызметкерлері ерекше ауандағы қауырт еңбек үстінде қарсы алуда. Дей тұрсақ та, қазақстандық дипломат ұл-қыздардың отыз жылдан аса өткен кезеңдердің қай-қайсысында да арқаны кеңге салатындай жайбарақат күндері болғаны екіталай.

Алғашқы жылдар егемендіктің еңсесін тіктеу, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған халықаралық қоғамдастыққа дербес мүше ретінде қадам басқан еліміздің жаһан жұртына мойындалуының ұлы миссиясын атқаруға арналды. Мемлекет басшылығы жаңадан құрылған Сыртқы істер министрлігіне барынша ауқымды міндеттер жүктеп, білікті кадрлерді іріктей келе, бұл салада жырақта жүрген азаматтарды түгел дерлік теріп жүріп елге шақыртты. Жаңа министрліктің іргесін қалап, заман талабына бейімдеу кеңестік дипломатияның мектебінен өткен кәсіби мамандармен қатар еліміздің түрлі әкімшілік, шаруашылық бағытында танылған беделді қайраткерлерге де арқа сүйеуге тура келді. Ол кездің өзіндік ерекшеліктері қазіргі аға буын дипломаттардың мемуарларында әлі талай жазыла жатар.  Бүгінде топшысы бекіген отандық дипломатияның кәсіби һәм зиялылық келбетінің орнығып нығаюы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының есімімен тығыз байланысты. Сыртқы саясат ведомствосын екі мәрте ұзақ мерзім басқарған жылдары Қ.Тоқаевтың жұмыс тәсілі күнделікті қауырт шаралардың өзін мазмұнды, тағлымды оқиғаға ұластыруымен бірге, қаламы қарымды министрдің қолынан шыққан салмақты туындылары халықаралық қатынастар саласының терең иірімдерін көрнекі де көркем жеткізген шеберлік мектебіне айналды. Алғашқы он жылдықта министрлік табалдырығын аттаған балаң жігіттер мен балғын қыздар жас мемлекетімізді жаһан жұртшылығына таныту борышын атқарумен бірге, жылдар өте өздері де білімді, білікті мамандар деңгейіне көтерілді. Бастапқыда стратегиялық тұрғыда маңызды елдерде ашылған елшіліктерде жоғары лауазымдарға тағайындалып, кейіндері кадр тапшылығынан әлемнің әр құрылығында бір емес, бірнеше мемлекеттерде елді сағынса да үзбей қызмет атқаруына тура келді, тұңғыш ресми сапарлар, еларалық, халықаралық келісім-шарттардың, түрлі инвестициялық жобалардың түзілуі де сол бір уақытқа тап келді.

Бұдан кейінгі онжылдықтан аса кезең қазақ елінің халықаралық сахнада өз орнын бекемдеу, өзге мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде үнқатысу, қажет болған жағдайларда жеке, дербес ұстанымын мойындату, әртүрлі ауқымдағы халықаралық бастамаларды ортаға салу мен оларды жүзеге асырудың ауқымды шараларына арналды. Бұрыннан келе жатқан дүниежүзілік ұйымдарға қосылу мен кейіннен құрыла бастаған аймақтық ұйымдарға кіру, оларда өз дауысы мен орнын орнықтыруы басты мақсаттардың қатарында сақталды. Кеңестік кезеңнің өкілдері өз миссиясын абыроймен атқарып болып, одан кейінгі кадрлық құрамның аға, орта және жас буыны қалыптасты.

Жоғарыда қысқаша айтылып өткеніндей, әлемдік тәртіптің қазіргі бет-бейнесіндегі ерекшеліктерге сәйкес, шамамен алғанда 2020 жылдан бері қарай қазақстанның сыртқы саясатында кең көлемді өзгерістер басталды. Біздің ойымызша, бұл ең алдымен мемлекет басшылығына дүниежүзілік деңгейдегі танымал саясаткер Қ.Тоқаевтың келуімен тікелей байланысты болуы әбден ықтимал. Шығыс пен батысқа бірдей белгілі, Ұлттар Ұйымының бірнеше жұмыс тілінде бірдей сөйлейтін тұлғаның әлемнің алпауыт елдерінің, сондай-ақ өзге де барлық әріптестерімен тең дәрежелі, жүйелі де зиялы қарым-қатынастар орнатуы халықаралық істерде еліміздің мәртебесін еселей түскені кәміл.

Міне, осындай сындарлы да жауапты шақта сыртқы саясат ведомствосын басқаруға кәсіби дипломат, тәжірибелі саясаткер, елжанды азамат Мұрат Нұртілеудің тағайындалуы Президенттің алысты ойлаған ұтымды шешімі болғаны аян. Министрлік табалдырығын аттаған сәтінен бастап мекеменің барлық сатысынан өткен Мұрат Әбуғалиұлының қазіргідей сындарлы кезеңде отандық дипломатияның әлемдік ықпалы мен мәртебесін биіктету, ірі мемлекеттердегі азулы әріптестерімен сенімді түрде тең дәрежеде үнқатысу арқылы ел мен ұлттың мүддесін қорғап қолдауға бағытталған жан-жақты әрі дамылсыз қызметіне күнделікті куә болудамыз. Саяси сахнадағы қауырт кестесімен қатар қазіргі ведомство басшысының министрліктің кадрлық құрамының сапасын арттыруға, орталық аппаратқа қабылданатын, сондай-ақ шетелдік мекемелерге ұзақ мерзімді іссапарға жіберілетін үміткерлердің әрқайсысымен жеке сұхбат жүргізуге, бағыт-бағдар беруге арнайы көңіл бөлуі, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, өткен кезеңдерде қалыптасқан және жалпы жұмысқа кедергісі болмаса, пайдасы жоқ кейбір қажетсіз қағазбастылық пен ескі бюрократиялық формализмдерден арылтуға бағытталған жігерлі шешімдеріне ұжым мүшелерінің ризалығы мен алғысы молдығын айтуымыз лазым. Осы бағыттағы батыл реформалар әлі де жалғасын табады деген нық сенімдеміз. Ұлтжанды зиялы Министрдің сыртқы саясат ведомствосы саласында еліміз үшін күретамырлы жайт - мемлекеттік тілдің беделін асқақтатып тұғырын бекіту жолындағы стратегиялық ұстанымы әрбір қызметкер үшін, әсіресе жоғары лауазымдағы, жарқын үлгі. Жас, орта және аға буынды қамтыған Сыртқы істер министрлігінің кәсіби ұжымы өзара сыйластық пен түсіністікте қазіргідей күрделі әлемдік ахуалда мемлекет басшылығы жүктеген ауқымды міндеттерді абыроймен атқара бермек.

Әсіресе, қазақта «көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген өте терең мағыналы қанатты сөз бар. Бұл  дегеніміз бәрінен бұрын көршіңді силау, оның жақсысын асырып, жаманын жасыра біл, тек сол арқылы іргелес, қоңсылас елдермен сындарлы, салиқалы қатынас орнату қажеттілігін есімізге салады. Бұл тұрғыда біздің еліміздің Орталық азиядағы барлық көршілес мемлекеттермен, бауырлас ұлыстармен өзара тату, жақын туыстық, жылы қарым-қатынастар орнатуға қол жеткізгені аймақ үшін ғана емес, дүниежүзілік масштабта маңызды екендігіне куәмыз. Атап айтқанда, бұған дейін «Орталық азия + Жапония», «Орталық азия + Қытай», «С5+1» тәрізді форматтар жұмыс істеп келсе, жақында ғана біз Еуропаның іргелі мемлекеті Италияның да дәл осы арнаға арнайы көңіл бұрып, «Орталық азия + Италия» жаңа құрылымның дүниеге келгеніне көзіміз жетті. Мұның барлығы біздің аймақтың дүниежүзілік ауқымда саяси, экономикалық стратегиялық маңызға ие болып отырғанын айқын білдіреді. Бұл орайда туыстас, бауырлас халықтар арасындағы тарихи бірегейлікпен бірге мемлекет басшылары арасындағы өзара ағалы-інілі силастық, адамгершілік қатынастардың да үлкен әсері бар екенін айтқанымыз абзал.

Кәрі тарихтың терең иірімдері тағдырларын мәңгілікке байланыстырған ортазиялық бауырлас, тағдырлас ұлыстар өткен кезеңдерден мұраға қалған қайшылықтардан түпкілікті арылып, ендігі белестерді өзара бірлік, татулық пен туыстық негізінде еңсеру қажеттігін терең сезінеді. Көршілес республикалар жетекшілерінің қазіргі оң қадамдары миллиондаған қарапайым адамдардың жүрегіне үміт отын ұялатуда. Десек те, аймақ елдерінің алдында әлеуметтік-экономикалық өсу, мәдени, рухани жақындасу мен қайта жаңғыру, қауіпсіздік пен тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді сақтау, діни экстремизмге, жат ағымдарға, трансұлттық қылмысқа, заңсыз көші-қонға, есірткі айналымына қарсы күрес тәрізді күрделі мәселелер тұрғаны да өмір шындығы. Мұндай сын-қатерлерді еңсерудің ұтымды жолы – білім мен біліктілікке сүйену жолымен тарихи тамырларға қайта орала отырып  әрбір мемлекеттің ішкі әлеуетін тиімді пайдалану, өзара қарым-қатынастарды өркениеттік негізде қайта құру, әлбетте сыртқы факторлардың жойқын әсеріне лайықты жауап беру арнасында бірыңғай ұстанымда болу. Мінеки, қазіргі кезеңде ел басшылығы мен сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі тарапынан тура осындай сындарлы әрекет, жағымды үрдіс жүзеге асырылуда. Өйткені бүгінде әлемдік тәртіптің реті өрескел бұзылуы, алыс-жақын бірқатар аймақтарда саяси, әскери қақтығыстардың орын алуы, гуманитарлық апат белгілерінің анық көрінуі күнделікті күн тәртібіне ауқымды әрі өзекті талаптарды қояды.

Мұхтар Кәрібай

Дипломат, публицист

Abai.kz

0 пікір