Мырзан Кенжебай. Бүгінгі жастар қазақтың болашағы бола ала ма?
Екі қазақтың бірі тәуелсіздік алдық деп күмп-күмп етіп отырған дәл бүгінгі заманда біз бұрынғы небір киелі де дегдарлы қасиетінен, ата-баба дәстүрінен, бұрынғы жаугерлігінен, ержүректігінен, ұлттық намысқойлығынан, анау-мынау ұлтта кездесе бермейтін небір ерекше асыл қасиетінен айрылып бара жатқан (айырылып болған деуге Құдайдан қорқамыз!) ұлт екеніміз көкірегі ояу, санасын кір шалмаған кім-кімге де ап-анық көрініп тұр. Бізде қазір «мұрты қағылмай» со күйінде көзге ұрып тұрған бір ғана мінез бар. Ол-жалаң ұраншылдық, айтақ десе тұра шабатын дарақы далақбайлық... Онымыз жайдақ атқа жыртық шалбар, тесік тұмақпен міне салып, тапырақтап шауып бара жатқан дарақы, даңғаза адамды елестетіп тұрғанымен де, оған былайғы жұрттың (өзге ұлттардың) мырс-мырс күле қарап тұрып, өтірік қолпаштайтынымен де шаруамыз жоқ. Бұған бір ғана мысал келтірейік: Осы күні зейнетақысы өзгелерден сәл де болса тәуірлеу, дөп-дөңгелек шаруасы бар қарапайым қартымыз да, Үкіметтен үйден-үй, атақтан-атақ алып, жүрдім-бардым қазақшасы бар баласын қызметке орналастырып қойған ғалым, жазушы, бұрынғы партократ ақсақалдар да «Жастар - біздің болашағымыз!», «Мен жастарға сенемін!» деген сенімі күмәнді сөздерді бірінен-бірі қағып алып, теледидар мен баспасөзден қайталаудан танбайтын болды. Көшелерде де осы тақылеттес ұрандар ілулі тұр. Сонда олар мұны неге сүйеніп айтып отыр?
Екі қазақтың бірі тәуелсіздік алдық деп күмп-күмп етіп отырған дәл бүгінгі заманда біз бұрынғы небір киелі де дегдарлы қасиетінен, ата-баба дәстүрінен, бұрынғы жаугерлігінен, ержүректігінен, ұлттық намысқойлығынан, анау-мынау ұлтта кездесе бермейтін небір ерекше асыл қасиетінен айрылып бара жатқан (айырылып болған деуге Құдайдан қорқамыз!) ұлт екеніміз көкірегі ояу, санасын кір шалмаған кім-кімге де ап-анық көрініп тұр. Бізде қазір «мұрты қағылмай» со күйінде көзге ұрып тұрған бір ғана мінез бар. Ол-жалаң ұраншылдық, айтақ десе тұра шабатын дарақы далақбайлық... Онымыз жайдақ атқа жыртық шалбар, тесік тұмақпен міне салып, тапырақтап шауып бара жатқан дарақы, даңғаза адамды елестетіп тұрғанымен де, оған былайғы жұрттың (өзге ұлттардың) мырс-мырс күле қарап тұрып, өтірік қолпаштайтынымен де шаруамыз жоқ. Бұған бір ғана мысал келтірейік: Осы күні зейнетақысы өзгелерден сәл де болса тәуірлеу, дөп-дөңгелек шаруасы бар қарапайым қартымыз да, Үкіметтен үйден-үй, атақтан-атақ алып, жүрдім-бардым қазақшасы бар баласын қызметке орналастырып қойған ғалым, жазушы, бұрынғы партократ ақсақалдар да «Жастар - біздің болашағымыз!», «Мен жастарға сенемін!» деген сенімі күмәнді сөздерді бірінен-бірі қағып алып, теледидар мен баспасөзден қайталаудан танбайтын болды. Көшелерде де осы тақылеттес ұрандар ілулі тұр. Сонда олар мұны неге сүйеніп айтып отыр? Әлде көшеде, көлікте бет-аузын қисаңдатып, былапыт сөзді сапырып, бір-бірімен орысша, жартысын шұбарланған қазақша сөйлеп, бір-біріне «братан» деп бақылдап бара жатқан, базарда «Дә-рогу!» деп арба сүйретіп бара жатқан жастарға қарап, соларды болашағымыз деп жүр ме? Рас қазақтың бұрынғы ер азаматы о дүниелік болып бара жатып, артындағыларға:
- Арғымақ кетсе артында
Үкілі құйрық тайың бар
Қаз-қаздаған қарғашым
Жеткізген бір күн қараға, - деп басу айтып кеткен. Ол бейбақ, мұны әуелі Аллаға сүйеніп, сосын өзінің «қаз-қаздаған қарғашына» сеніп айтып кетті. Өйткені, ең әуелі Алланың әділдігіне, рахымдылығына сенетін ол өзінің соңында қалып бара жатқан «қаз-қаздаған қарғашы» әке орнына әке, ана орнына ана болатын ұлттық санасы бұзылмаған халқының тәрбиесін көріп өсетініне сенімді еді. Өйткені, ол кенеттен Алладан тура құрық келіп жатпаса, сол «қаз-қаздаған қарғашы» ата-баба дәстүріне, тіліне, дініне адал, сана-сезімін өзге жұрт улай алмайтын қазақ ұлтының, қазақ елінің бір азаматы болатынына сенімді еді. Өйткені, ол өзінің әлгі «қаз-қаздаған қарғашы» ешқандай «орысша садикке», «аралас садикке», тіпті, «қазақша садикке» бармай-ақ, ешқандай «Жас Отанның», «Жас қанаттың», ешқандай «Жастар конгресінің» мүшесі болмай-ақ ата жолын қуған, ел шетіне жау тисе, қолына іліккен қара шоқпарын ала сала тақымына тап болған қылқұйрықка міне сала қарсы шабатын ержүрек ұлтшыл азамат боларына сенімді еді. Өйткені, ол жаңағы «қаз-қаздаған қарғашының» Елін, Жерін, өзінің қызыл қарын жас баласын, ақ төсегін арулап кір шалдырмай отыратын адал жарын, үкісі бұлғаңдаған бұраң бел қарындасы мен апасын діні жат, тілі жат, жүрегі мен тілі жат бәлекеттерден қорғайтын жаужүрек қазақ болып өсетініне кәміл сенетін еді. Ал өзіне-өзі қайшы келу, өз сөзінің артында жауабы бар-жоғын ойламау, әйтеуір, шонжарлардың сөзін қолдағансымақ сыңай көрсету - біздің бүгінгі ақсақалдардың басты қылуасы. Ол ақсақалдар өздерінің сол қылуасын керемет саясаткерлігіміз,елдің ауызбіршілігін ойлауымыз деп біледі. Бірақ ақсақал адам әр сөзін ойланып, пісіріп, қай нәрсенің де әділін айтуға ден қойып сөйлегені ләзім. Әйтпесе, Елбасымен қас-қағым жүздесудің сәті түскенде апыл-ғұпыл: «Осы жұрт Абылай, Абылай дейді. Сіздің қасыңызда Абылай деген кім? Немесе «Құдай қазаққа әл Фарабиді берді. Сосын мың жылдан соң, сізді берді»»-деп лағып сөйлеу ақсақалдық емес, нағыз жәдігөйлік емес пе? Әттең, сол жерде жаңағы шалдарға Елбасы «Сіз не деп тұрсыз? Мұныңыз ұят болады!» десе не дер еді? Тіпті, соны айтатын бір адам табылмағанын көргенде өз ұлтыңнан өзің безініп кете жаздайды екенсің.
«Ақсақалға жарасар еліне болса тоғашы» дегендей, ақсақал адамға да, зиялы қауым деп аталатын интеллигенцияға да мұндай жәдігөйлік, мұндай саяси сайқализм жараспайды. Жараспағаны былай тұрсын, мұндай қылық бүгінгі де, ертеңгі де ұрпаққа тек залалын тигізері сөзсіз. Өйткені, кейінгі толқын қашан да алдыңғы толқынның ізімен жүреді. Қара бастың, ары кетсе қатын-баланың ғана қамын ойлайтын, тілсіз, дінсіз, әрі жәдігөй, сөзінің фәтуәсі жоқ фарықсыз, сатқын ұрпақ осылай қалыптасады. Бұл - бір.
Екіншіден, бүгінгі аға буын мен ата буын қазіргі қазақ жастарының жүріс-тұрысындағы жан шошырлық келеңсіздіктерді, дінсіздікті, қанша университет тәмамдаса да сауатсыздықты, ең бастысы өз ұлтына деген селқостық пен ұлттық намыссыздықты көрмей отырған жоқ. Олар бүгінгі ұрпағының бойындағы бұл келеңсіздіктерді алысқа бармай-ақ, таяғына сүйеніп есігінің алдына шыққан сайын көріп жүр. Көре тұра, әлгі ұрансөзді кез-келген жерде айта салады.
Енді қараңыз. Есік алдында бөбектер ойнайтын алаңқайдағы орындықтарда, әткеншектерде, күркелерде алдына бір-бір пепси-кола, кока-кола, сыра шишаларын қойып, бір-екі қорапша шетел темекісін тастай салып, көк түтінді бұрқыратып отырған жасы 13-14-тен асса енді ғана аса бастаған жап-жас бес-алты ұл мен қыз. Айтатыны - негізінен орыстың үш немесе бес әріптен тұратын боқтық сөзі болмаса абақтыдан шыққандардың жаргон сөздері. Әдейі істей ме, әлде болып-толғаны сол ма, орысша сөйлей отырып, ара-тұра қазақша бір сөзді қосып қояды да оны да буынға бөліп, созып айтады. Тағы біраз жүрсеңіз, тапа-тал түсте бір-бірінің ышқырлығына, қыздың төстартқышына қолын сұғып жіберіп, көзін тарс жұмып алған, әлі бозбалалық пен бойжеткендік дәуреннен өтіп кете қоймаған шикіөкпелер. Әрі өткен-бері өткендерді адам екен деп қымсыну жоқ. Қазақ ондайларды сідікмасы деген.
«Одан да әрі өткенде, малға да таман жеткенде» деп Төлеген бейбақ айтқандай, одан сәл әрірек өтсеңіз, ұзын орындықта шалқасынан жатқан бозбаланың үстіне атша мініп отырған жап-жас бүлдіршін қызды көресіз. Олар да сені ит екен, кісі екен демейді, тіпті, бетіңе бажырая қарап, тұлабойыңды көзіңмен бір түгендеп шығады. Міне, біздің жоғарыдағылар мен соларды көз жұмып қойып өтірік қолпаштайтын аға буынның «Мен - жастарға сенемін» дегенде айтып жүрген жастары осы!
Қазір жоғары оқу орындары түгіл, мектептерде де шәкірттер мұғалім мен мұғалиманың көзінше темекісін тартып, шырт-шырт түкіріп, былапыт сөзді сапырып тұра береді. Бұның бәрі біз көріп жүрген сұмпайылықтың, жабайылықтың бірер ғана мысалы. Бұл біздің Үкімет басындағылар мақтанышпен айтатын «европаланғанымыздың», «жаһанданып» келе жатқанымыздың, «өркениетті елдердің қатарына қосылғанымыздың», «католиктенгеніміздің» бір ғана жемісі. Жоғарыдағылар осылармен емес темекі тартпайтын, арақ ішпейтін орамал тартқандармен күреседі. Біздің шонжарлар, жаңағы «еуропаланған», «жаһанданған», жалаңаштанған жастарды да Қазақстанның болашағы дейді. Бұл өз ұлтының болашағына жаны ашымаудың, өзім кеткенше шет жұрттың көңілін аулап аман-есен отыра тұрайын, одан әрі мемлекетің де, қазағың да құл болмаса, пұл болсын деген сұмпайы пиғылдың айқын көрінісі. Жарайды, әкімдерге, шонжарларға, олардың жалбатайлықтарына бәрібір дейік, ал жастардың жаңағы жан шошырлық қылуаларын көріп тұрып, қазақтың бірде-бір қариясы, не кемеліне келген жігіт ағасы мен бес биенің сабасындай сарықарын бәйбішелері әлгілерге «мыналарың жабайылық қой, мал болып кеттіңдер ме?» демек түгіл «ұят қайда?» демейтіні несі? Соған қарағанда, біздің мәңгүрт болғанымызға талай жыл өтіп кеткен екен-ау, әй, енді келеге келуіміз екіталай шығар деген күпірлі ойға да кетесіз.
Жастау кезімізде Шалқар қаласында Ленинград жақтан келіп дүкеннің, асхананың ішінде майкамен, шорт-дамбалмен жүрген орыстарды жігіттердің қуалап жүріп сабағанын көріп едік. Сөйтсек, «әлгі өркениеттілер» біздің жігіттердің бізде бұлай жүруге болмайды дегенін мазақ қылып, сендер артта қалғансыңдар деп күлген көрінеді. Ал, қазір бүгін таңертең ұшақтан түскен кез-келген қаңғыма кешке қарай бір-бір қазақ қызын қолтығынан алып, мейманханаға кіріп бара жатқанына қазақ жігіттерінің де, ақсақал-қарасақалдарының да көзі үйреніп, еті өліп кеткен. Бұл да қазақта ұлттық намыс деген ұғымның өзі жойылып кеткен бе деген үрей туғызбайды дей аласыз ба? Әлгі таяқ жеген шолақ дамбал туристер түгіл, қазір сіріңкедей сыриған арық қара қыздарымыздың ышқырлығы қолпылдап, семіз қыздарымыздың қарны салбырап кіндігін көрсетіп жүруіне де көзіміз үйренген. Оларға мұның не деудің орнына, әп-әйдік кісілер басына орамал тартып, ұзын көйлек киген қыз көрсе, үдірейе қарайды. Теледидардан орамал тартқан қыздарды мазақ қылып сөйлеп жатқанын да, бір лауазымды шонжардың «Немене, бәрің молда болып кеттіңдер ме?» деп ұрысқанын да көрдік. Егер сол шонжар ұлттық тәрбие көрген дұрыс азамат болса, ол «Міне, басқалар осы ботагөздерден үлгі алуы керек. Тәуелсіз ел болғаннан кейін ең болмаса сондай бір ерекшелігіміз көрініп тұрғаны дұрыс» -дер еді. Әттең, дәл қазір біздің басшылардың да, кещелердің де санасы Ібілістің жайлауына айналған ба дейсің де қоясың.
Осыдан біраз жыл бұрын Жаңаөзен қаласының әкімі қоғамдық орынға, әкімшілікке қыздардың әлгіндей жалаңаш-жалпы, тәнін ашып-шашып жүретін лыпамен келуіне тыйым салып еді. Орыс газеттері мен «31 канал» телеарнасындағы орысша хабардағылар оны да күстаналап, шу шығарды. Қазақтың ұлттық бейнесіне бет бұруына орыс тілділердің қандай ниетпен қарайтынын саналы басшылар осыдан-ақ байқар еді-ау. Амал не? Бұл жерде орыс тілділердің айтар уәжі - кім не кием десе де, қалай жүрем десе де өз еркі деген әнжі пікір. Әркім өз ұлтына тән киімді киюге, ол тілде сөйлеуге хұқылы болса ғана, демократия болады. Ал, жалаңаш-жалпы киіну бүлдіргі демократияның ісі. Ендеше, олар қыздарымыздың тәнін бүркеп, басына орамал тартып жүруіне неге қарсы болады? Бізде дінінен, салт-дәстүрінен қазақты адастыру үшін жасалып жүрген бір одағайлық бар. Ол орамал мен хиджабты айыра білмеу. Немесе, әдейі бәрін хиджаб деп атау. Хиджаб арабтың киімі емес. Олардың киімі басқа. Екіншіден, бүкіл дүниежүзілік діндердің бәрінде де әйелдердің жалаңбас жүруіне тиым салынған. Орыстар күні кешеге шейін орамал тартып келді. Христиан дінінде әйелдің жалаңбас жүруі Құдайға қарсылық деп есептеледі.
2004 жылы Францияда мұсылман қыздарына басына орамал тартып, ұзын көйлек киіп оқу орындарына, мекемелерге келуге тыйым салынды. Англияда да сөйтті. Бұл олардың ислам дініндегілерді қыспаққа алуының бір шарасы еді. Біз солардың ығына жығылдық. Ал, осы Англияда мыңдаған адам анасынан жаңа туғандай тыржалаңаш күйінде көшелермен шерулетіп өтті. Оны да біздің орыс тілді телеарналар әдейі көрсетті. Міне, біздің басшылар мен Парламент депутаттары аузынан суы құрып айтатын «өркениетті» елдердің бірер ғана көрінісі.
«Ауыра-ауыра Құдайдан ұят болды» демекші, жасыратын дәнеңе қалған жоқ, біз қазір ұрпақты азғындатып алдық. Ал, ел болып, елдің тұтқасын ұстағандар болып бір сілкініс жасамаса, ұрпағы азғындаған ұлт түбінде жойылып бітеді. Бұның өзі біз үшін, қазақ деп аталатын бір кезде екінің бірі батыр, қазір қойдан жуас халық үшін елімізде бар-жоғы белгісіз, ал бар болса, кімнің құзырында екені белгісіз терроршылдар деп аталатындардың әрекетінен әлдеқайда қауіпті, әлдеқайда қатерлі.
Біздің телеарналар көрсетіп жатқан музыкалық көріністер де, клиптер де, шетелдік фильмдер де кез-келген терактіден залалы кем емес. Бұлар тұп-тұтас ұлтты салт-дәстүрінен, дінінен, адамгершілігінен айырып жойып жіберуге әдейі бағышталған дүниелер. Оның бір елді бірден қырып салатын оба індетінен айырмашылығы «медленная смерть» деп орыстар айтқандай ұлтты баяу, білдірмей, бірте-бірте өлтіретіндігінде ғана. Мұның бәрі 20 жылдан бері Үкімет басындағыларға қазақтардың теледидар, радио, баспасөз арқылы қақылдап, қақсап айтып келе жатқан зары. Бірақ осы жылдар аралығында солардың бірде-бірі бұл зарға құлақ асқан емес. Өйткені, Қазақстанда қазақ айтқан зар мен мұң желге ұшқан заман болып тұр. Иә, жасыратыны дәнеңесі жоқ, бүгінгі қазақ ұрпағында отаншылдық, ұлтжандылық сезім деген жоқтың қасы. Өйткені, Отанын, елін сүйетін, соның болашағын қорғайтын ұрпақ ең алдымен өзінің ұлтын, ұлтының тілін, дінін, үрдіс-дәстүрін сақтауға, сыйлауға, сүюге, қорғауға тырысады. Біздің бүгінгі ұрпақ, яғни, қазақ ұл-қыздары бұның бәрінен мақұрым қалды. Өйткені, тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде оларға не мектепте, не жоғары оқу орындарында, не әскерде сендер ең алдымен қазақ ұлтының өкілдерісіңдер, ең алдымен қазақтың киелілерін көздің қарашығындай сақтап, құрметтеулерің керек деген бір ауыз сөз айтылмай келеді. Рас, қазіргі жастарымыздың арасында намаз оқып, қолынан келгенінше, елім, Қазақстаным, ұлтым, тілім деп жүргендер де бар. Бірақ, біздің жоғарыдағылар мен заң орындары, кейбір арнаулы қызметтер сондай жастардың ішінен әлдебір ұлтшылдықты, шығысшылдықты, арапшылдықты, ол да болмай бара жатса, террорист іздеп, мұндайларға тыйым салу керек деген сөздерді теледидар, баспасөз, арқылы жиі айтатын болды. Бұл да біздің саяси көңілшектігіміз, шетелдіктерге жарамсақтануымыз екені рас. Біз ұлтымыздың ұйытқысы болып, жойылып кеткен ата-дәстүрімізді ертеңгі ұрпағына жалғастыратын жастарды дәріптеуден қашатын болдық. Бүгінгі қазаққа Құдай-екең ондай парық-парасатты қимады (деуге де қорқамыз). Оның орнына біз скрипка, пианино тартып, шетелде жалаңаш суретке түсіп, әлдебір байқаудан жеңімпаз атанып келген қыз-келіншектерді дәріптеп, елімізді Еуропаға, Америкаға танытты деп даңғыра қағамыз. Қанша айтсаң да келеге келуден қалған бір шаруа шет жұрттан келген келімсектердің әлгіндей қыз-жігіттерімізді өз дініне «үйіріңмен үш тоғыз» деп кіргізіп, қанжығасына байлап жатқанына билік тарапынан қарсылықтың жоғы. Қазір басқа дінге өтіп кеткен қазақ жастарының саны миллионның о жақ, бұ жағы. Соны көріп, біліп отырған Үкімет басындағылардың «Жастар - еліміздің болашағы», «Мен жастарға сенемін» деп көлгірсіген ұрандар тастауын түсінудің өзі қиын. Айтыңызшы, басқа дінге, басқа тілге көшкен, жан-дүниесі түгел өзгерген жастарды қазақ елінің келешегі деу барып тұрған қылмыс емес пе! Ұлтты қорлау емес пе? Мүмкін, біз шынында да аты мен заты белгісіз бір ұлтты дайындап, әлдебір шетелдіктердің тапсырмасын орындап жатқан шығармыз? Иә, басы дауға қалып, қылмысқа батқан басшылардан бәрін күтуге болады.
Біз қазір басқа шаруаның бәрін бітіріп болғандай, енді көшедегі жарнамалардың қазақшаға дұрыс тәржімаланбағанын айтып, өкпеміз қара қазандай болып жүрміз. Бұл да қазақы аңқаулықтың, аңғарымсыздықтың бір түрі. Өйткені, біз осы жарнамалардың ар жағында да үлкен саяси астар жатқанын аңғармаймыз. Батыс елдері жарнаманы оқ шығармай жаулап алудың бір құралына айналдырғалы да талай уақыт болды. Олар бізге өздерінің пиццасын, бризолін, гамбургерін, хотдогін, кока-кола, пепси-колаларын жарнамаласа да оның ар жағында үлкен саяси жымысқылық жатады. Оларда жарнама басқа елдерде қалай әсер етуі керектігі туралы жүйелі түрде кітапшалар, газеттер, журналдар шығарылып тұрады. Бізде қазір көркем әдебиетті оқымақ түгіл, қолына ұстағысы келмейтін жастарымыз осындай кітаптарды, газет-журналдарды, көшедегі жарнамаларды ғана оқиды. Шетелдік жарнамалардың біз білетін екі үлкен залалы бар. Біріншіден, жарнамалар жастарды өз елінің, өз ұлтының ішер тағамынан бастап, ірілі-уақты бүкіл бұйымынан, киімінен ұлттық сән-салтанатынан, ұлттық үрдіс-дәстүрінен безіндіреді. Сол жарнаманы жасаушы елдің күл-қоқысына дейін, түкке тұрғысыз тілі мен бұйымдарына дейін құрметтеуге, яғни, сол елге еліктеуге тіпті, табынуға душар етеді. Бүгінгі қазақ жастары қарны ашып, аңқасы кеуіп шөлдеп бара жатпаса да бір қолына хотдог (ыстық ит деген сөз), екінші қолына кока-кола, спрайт ұстап жүруді сән көреді. Олар сөйте-сөйте ұлттық тағамнан да безініп барады. Біле білсек, әр ұлт өз ұрпағына өзінің ұлттық тағамын сүюді үйретуі керек, әр ұлттың өз тағамы өзінің ағзасына сіңімді болатыны ғылыми дәлелденген нәрсе екенін айтып отыру да міндетіміз. Біле білсек, ұлттық тағам мен ұлттық киім де идеология. Қазір көптеген үйлердегі тұсқағазға (обой деп жүр ғой) анықтап қарасаңыз, оның өрнегі де крестен тұратынын, ішкі есіктердің кергілері де крестеп салынғанын аңғаруға болады. Ал, «нағыз ағылшын сапасы», «нағыз итальян жиһазы», «Англиядан перделер» деген сөздердің өзі осы елдердің абыройын аспандатуға әбден жарап тұр. Бұл өте сұрқия саясат екенін қазақ қасқа аңғара бермейді. Қазақ баласының тілін бұзуда бұл жарнамалардың атқарып жатқан жұмысы, тіпті шексіз: «сатып ал да сыйлыққа ие бол», «байлыққа барар жол», «сөйлеулерің машина әкелсін», «сәттілік вулканын оят», «өмірден бәрін ал», «элит үйлерге арналған 100 пайыз Еуропа ағаш жиһазы», «бар жоғы 2 бірлік», «бәрін қамтыған тыныштық», «Әуезова Джандосова қиылысы Sulpak» деген ауру сөздерден сау адамның өзі де, жан-дүниесі де ауру болмағанда қайтеді?! Міне, осының бәрі 2006 жылы-ақ түп-түгел қазақшаға көшпек болған Алматының бір ғана көшесіндегі «қазақшалар». Көшедегі осындай жазуларды оқыған, миына сіңірген қазақ баласы ертең бүкіл ар-ұятты жиып қойып, адамшылық атаулыны аяққа басып, қайтсе де байлыққа жетуге, қайтсе де «сөйлеулер арқылы машина алуға» жанын салса салар, бірақ қазақша сөйлейтін, қазақ ұлтының болашағын жасайтын ұрпақ бола алмайды. Тіпті, Ресейдің радиоактивті қалдықтарын Қазақстанға әкеп көміп жатқанының өзі-ақ неге тұрады?! Сөйте тұра, қазір қазақтарға сендерді Қытай басып алады деп қорқытатын сасық саясат жүргізілуде. Бүгінгі қазақ жастарында Қазақстан қазақтың жері, қазақтың мемлекеті, қазақтың елі, бұл елде ең әуелі қазақ ұлтының тіліне, салт-дәстүріне, үрдісі, ділі, әдет-ғұрпына құрмет көрсетілуі керек деген ой атымен жоқ. Оларға қазақша неге сөйлемейсің десең «какая разница» деп қарсы сұрақ қояды. Сірә, қазақтан басқа еш халықтың ұрпағында мұндай намыссыздық, мұндай санасыздық жоқ шығар. Ал олардың мұндай санасыз, мұндай намыссыз күйге түсуіне біздің ішкі, сыртқы саясатымыз басты себепкер. Сіз Ресейде емес, осы Қазақстанда тұратын кіп-кішкене орыс баласына «әй, неге қазақша сөйлемейсің» десең, үлкен дауға қаласың. Өйткені, бізде орыс тіліне үстемдік беріліп қойғанын ол бала үйіндегі күндіз-түні орысша сарнап тұрған телеарнадан бастап, көшеге шыға салысымен Қазақстанда қазақша білудің ешқандай қажеті жоқ екенін көріп жүр.
Бүгінгі қазақ жастары ұлттық санасынан айрылғанының нақты бір мысалы мынау: Олар қазір «Казахстан - наш общий дом!» деген жазу жарнаманы жаттап өсіп келеді. Яғни, бұл тек қазақтың жері, қазақтың елі емес, ол осында тұрып жатқан бүкіл ұлт атаулының жері деген бүлдіргі сөз олардың құлағына әбден құйылып, санасына сіңірілумен келеді. Ал Ресейдегі орыс жастары күн сайын «Россия-только для русских» деп дүниені дүрліктіріп жүрсе де оларға Ресей басшылары «Россия для всех», «Россия наш общий дом» яғни, мұны қойыңдар «не надо быть шовинистом» деп ешқашан айтқан емес, айтпайды да. Қазақтар ғана кез келген келімсекке мына жер де, мына байлық та бәрімізге ортақ, сен оның бізбен бірдей қожайынысың деп асты-үстіне түседі. Ал парламентте «Ау, мыналарың ұят қой. Қазақша сөйлесеңдерші» деп күйіп-пісіп отыратын жалғыз ақсақал ұлты өзбек Р.Халмұратов. Парламенттегі қазақтың не жасы, не кәрісі бұлай деп ақырып сөйлегенін көрген емеспіз. Өйткені, өзбек ұлты өз елінің басшылары ең әуелі өзбек ұлтының мүддесіне сәйкес саясат жүргізетінін көріп, содан үйренеді. Реті келгенде айта кетейік, Қазақстанда қазақ тілінің өз мінбесіне, өз биігіне көтерілуіне өзбек те, ұйғыр да, татар да, әзірбайжан да, дұнған да, қарсы емес. Қарсы шығып жүргендердің қай ұлт екенін ел көріп, біліп отыр. Біз осы орайда мынадай қорытындыға келдік: Қазақстанда қазақ тіліне орыстардың бәрі бірдей қарсы емес. Бірақ қарсылардың бәрі орыстар! Ал қазақшаға қарсы деп жүрген қазақтарды, қазақ жастарын кінәлау орынсыз. Өйткені, олар да пенде. Олар өз елінде қазақ тілінің оншалықты қажет емес екенін көріп жүр. Демек, бұған тек екі көзі ойнақтап, бір орында тұрмайтын жалтақ саясатымыз ғана кінәлі. Осының бәрін жоғарыдағылар естіп, көріп отырғанын да білесің. Білесің де, «Бүйтіп тәуелсіз ел болғанша...» деп те күйінесің.
Қазір қазақ жастары кітап оқымайтын, еш нәрсе жазбайтын жастар атанды. Демек, біз жақында кітап оқымайтын, тек қантөгіс және секс фильмдер мен казинолар, ойын автоматтары мен түнгі клубтар еліне айналамыз. Мүмкін, осы күні өнеріміз, әдебиетіміз құлдырап, дәм-тұзы жоқ өлексе өлеңдер, әрсіз-нәрсіз әндер жерімізді жайлап алғаны да содан болар. Біздің манадан бері айтып отырғанымыздың бәрі бүгінде қазақ жастарының басын тұмандатып алған көп қасіреттің жүзден, тіпті мыңнан бірі ғана. Бұл айтылғандарға үдірейе қарсы шығып: «Бұлай сөйлеуге болмайды! Үкіметіміз қазір жастар тәрбиесін мықтап қолға алып отыр» деп, шыға келетіндер табылатынын да білеміз. Қош делік! Бірақ біздің жоғарыдағылар жүргізіп отырған жастар тәрбиесі ұлттық, қазақы тәрбие емес. Конголомераттық,, яғни, дүбәра ұрпақ өсіретін тәрбие. «Жас Отан», «Жастар конгресі» және тағы басқа жастар ұйымдарының қазақ мәселесін, ата-баба дәстүрін көркейтейік дегенін көрген емеспіз. Теледидардан «Біз - еліміздің болашағымыз. Елбасының саясатын қолдаймыз», «Елу мемлекеттің қатарына қосылғалы жүрміз» деп ұрандатып жүргендерді, жер сілкінісінен, су тасқынынан соң үй салуға барған тәліптерді (студенттерді), бір қолын жүрек тұсына қойып, «Елим менин, Менин елим...» деп әндетіп тұрғандарды көрсету патриоттық та, ұлттық та тәрбиенің орнын толтыра алмайды. Бұл шаралар бүгінгі саясатымызды жастардың ілгері апарып, ертеңге ұластыруына шарапатын тигізетін де шығар. Бірақ, бұл ұлт болашағын, елге тұтқа болар қазақы азаматтарды тәрбиелеу деуге келмейді. Ал, «Мен жастарға сенемін» деп құр ұран тастау ұлттық тәрбие емес. Жәй өз басындағы міндетті жастардың өзіне аудара салу ғана!
Abai.kz