Ақберен Елгезек. Менің тәнім – мұң құйылған құмыра...
Тұман
Менің нала-мұңымнан жаратылған
дала - тұман...
түкпірінде тұманның періште жүр,
пейіш нұры тамшылап қанатынан...
қалар ма екем айырылып тағатымнан,
уақыт нұры тамшылар сағатымнан,
нәрестенің іңгәсі құмығады,
жусаннан жаңа туған;
жұпар буы шыға алмай қауыздардан,
Сөздер - ауыздардан;
күмәнді Ойдың айналып құрбанына,
Жад жатыр бауыздалған...
О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай!
Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай
Аппақ тұман!
тұманның түйсігінде
қаңыраған қазақы ауыл бардай...
Сіңіп барам мәңгірген ағайынға...
Сынған сәуле түседі орайыма.
Соқыр тұман және Мен...
«Мен» деппін ғой...
өзімнің де тұманнан жоқ айырмам...
Тамшы мен тас
Бүгінгі түн - түн емес-ті,
Ай қарайды марқайып.
Тамшы желмен күбірлесті,
тас үстінде жантайып.
Көз тамшысы?
Құр елес - бұл!
Қандай қызық қойылым!
Мен өзім де шын емеспін,
Жаттың жалған Ойымын.
Көзімдегі жастың өзін
Мұң жаратқан, қамықпай.
Тамшы қонған тастың өзі -
Талып қалған жарықтай!
Аңқып ұрар шаш бояуы,
Ол да - ойнампаз, алдамшы.
Көз тамшысы - тастай ауыр,
Тұман
Менің нала-мұңымнан жаратылған
дала - тұман...
түкпірінде тұманның періште жүр,
пейіш нұры тамшылап қанатынан...
қалар ма екем айырылып тағатымнан,
уақыт нұры тамшылар сағатымнан,
нәрестенің іңгәсі құмығады,
жусаннан жаңа туған;
жұпар буы шыға алмай қауыздардан,
Сөздер - ауыздардан;
күмәнді Ойдың айналып құрбанына,
Жад жатыр бауыздалған...
О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай!
Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай
Аппақ тұман!
тұманның түйсігінде
қаңыраған қазақы ауыл бардай...
Сіңіп барам мәңгірген ағайынға...
Сынған сәуле түседі орайыма.
Соқыр тұман және Мен...
«Мен» деппін ғой...
өзімнің де тұманнан жоқ айырмам...
Тамшы мен тас
Бүгінгі түн - түн емес-ті,
Ай қарайды марқайып.
Тамшы желмен күбірлесті,
тас үстінде жантайып.
Көз тамшысы?
Құр елес - бұл!
Қандай қызық қойылым!
Мен өзім де шын емеспін,
Жаттың жалған Ойымын.
Көзімдегі жастың өзін
Мұң жаратқан, қамықпай.
Тамшы қонған тастың өзі -
Талып қалған жарықтай!
Аңқып ұрар шаш бояуы,
Ол да - ойнампаз, алдамшы.
Көз тамшысы - тастай ауыр,
Тас - қараңғы дәу тамшы.
Түн де, білем, түн емес-ті.
Түн - лүпілі тамырдың.
Өзім де енді шын емеспін, -
Ой көмілген қабірмін.
Ал, көз жасы өшетіндей...
Бұзылардай келісім...
Атып тұрып шешетіндей,
Тас қап-қара терісін...
Бүгін мүлде түн еместі,
Естіледі ақырғы үн.
Сағынумен бір елесті,
Тамшы ішінде жатырмын...
Жолда
Алматы вокзалы - қоштасу алаңы.
Тағдырдың жазуы - Аспанның амалы.
Бейтаныс жолаушы - бес күннің қонағы...
жап-жасыл бағдаршам жанары...
Дәл сондай қарбалас - дәл кеше, сәл бұрын...
ашыған кеңсірік... әлде үміт, әлде мұң?
Жүректі қинайды - жол жүрмек күндерім...
Жүз жылға есейдім тағы да мен бүгін.
Сұр перрон, мөлдір жас... орамал алқызыл!..
Мен кеттім, сен қалдың, жалғызым... жалғызым...
Алдыда - Астана.
Көңілде - мұң, күдік...
Есалаң сұрақтар...
Бәрі де - талқы, зіл!
Бәрінің жоқ мүлдем ешқандай пайдасы.
Мұндайда Өлең ғой - өзіңе сай досың,
«Далаға қарашы, мұхиттай тербелген...
...кемеге ұқсайды көк таулар кейде осы...»
Бояулар әуені
Жасыл бояу шашырап тұр дәл бүгін,
Сенімсіздеу ұсынып тұр тал бүрін.
Әр бүршіктің дірілінен сеземін
Таң нұрының қалдығын,
жапырақтар тағдырын.
Аша ма екен өмір маған бар сырын,
Келер күннен дәметеді Жан білім.
Мен тағатсыз күтіп жүрмін Аспаннан,
Жаңа көктем жаңбырын,
Тамшылардың әрбірін.
Жаным талай жалалардан күйгесін,
ауып тұрар көктем ойнар күйге есім.
Жұлып тастап көкірегіндегі түймесін,
ауадағы жасыл күйге
Сәулелер,
сұлап түскенше билесін!
Мүмкін сонда жүрегімде мазасыз,
орнай ма екен үйлесім?
Қыстан, мұздан, Сөзден ауыр жабыққан,
бұл көктемді Ақыл емес, Жан ұққан.
Қара Жерге, сағыныштан қамыққан,
бір Құдырет сұлбалана жетердей,
бастауы жоқ жарықтан,
тоқтауы жоқ жарықтан?
Бұлттар қашан көшеді екен мұң тілеп?
Жасын қашан жарлық шашар күркіреп?
Нөсер қашан көкірегімізге күй құяр,
сансыз тамшы-ноталары дүркіреп?
...Солып қалып жүрмесінші кеудемде,
қаталаған гүл-Жүрек,
жалғыз тамшы нұр тілеп...
***
Қайдан келдім?
Қайда менің қанатым?
Кім біледі кеудемдегі Жан атын?
Кімде, қандай болады екен бұл сезім,
менде ғана болатын?
Күлемін бе?
Естілмейді күлгенім.
Білемін бе?
Білінбейді білгенім.
Тек түйсіктің бұлты ғана көреді,
Ойларымның қай әлемде жүргенін.
Сөйлеймін бе?
Тек дауыстың елесі...
Дауысымнан аңқылдайды жел Есі.
Күбірлесем, үркіп ұша жөнелер
Періштелер кеңесі.
Қол созам ба Аспан жаққа т.. тағы?
Қол мен емес, қол - қарағаш бұтағы.
Тағы бүгін тарс жабылар, оқылмай,
Пайғамбарлар кітабы.
Тоңдым ба әлде?..
Тоңған таңғы нұр екен...
Суық Сөзден дірдек қаққан тіл екен...
Тірісінде гүл көрмеген бір ару
Нұр ішінде жүр екен!..
Ол ма өлген? Мен бе өлген?
Кім екен?..
Әлмисақтан ашылмаған сыр екен.
Ұшқым келіп!..
Ұшқым келіп!..
Қанат жоғын білем де,
Нәрестедей шыр етем!
Сен және мен...
Сен және мен...
Көкшіл көрпе...
Демге - дем...
(терезеден Ай жылтырап теңгедей...)
Екі жүрек - пырақтар ма,
ұша алмай,
бұғауланған кермеде?..
(жылт-жылт етіп қояр емес тиын-Ай)
Сен және мен...
Қимылдаудың қиыны-ай!..
«Тіл - жоқ?.. қол - жоқ?..
Тән де, сірә, жоқ шығар,
қайран ғана миым-ай?..»
Сен және мен!..
Көкшіл көрпе - көлденең...
Көрпе астында екі Жан бар, шөлдеген...
Бір нұр-сағым таралады ғарышқа,
біздер жатқан бөлмеден...
Жұмбақ
Сол үшін шығады жолға бәрі,
Сол үшін құрбандық - қолда бары.
Сол үшін күз назданады,
Сол үшін көктем бұлданады!
Сол үшін сұлу жандар ән салады,
Ажалды да Сол үшін қарсы алады.
Сол үшін бәрінен безінеді,
Сол туралы бәріне жар салады!
Сол үшін ертеледі аттың бәрі,
Сол туралы сөйлейді заттың бәрі.
Сол үшін жүрек біткен ақталады,
Сол үшін жүрек біткен сотталады!
Сол айтса, бәрі-бәрі құп болады,
Сол үшін көкорайға бұлт қонады,
Сол үшін дәру іздеп жер шалады...
Удың өзі Сол үшін ұрталады...
Сол үшін өмір өзі түзіледі,
Құдыреті содан ғана сезіледі.
Сол арқылы кезікпестер кезігеді,
Соны ғана қимастан көз іледі...
Имани көктем
Бүршік ата келсе-дағы көктем-қыз,
Кеуде ішінде ерімейді өктем мұз.
Жаралсақ та ақ нұрынан Алланың,
Көлеңкеге ұқсап неге кеткенбіз?
Бұл көктемнің қанығар ма ем сырына...
Тәнім менің - мұң құйылған құмыра.
Көңілімді тыңдамайды ақылым.
Екеуінде жоқ неліктен ымыра?
Соңына еніп сайтанқұйрық сағымның,
Сансыз мәрте сабырымнан жаңылдым.
Мені Өзіңе жақындатшы, Тәңір-ай,
Көрмесем де, Сені сондай сағындым!
Кіресілі-шығасылы мүлде Есім.
Қалды адыра өз-өзіммен тілдесу.
Табиғатқа қараймын да жылаймын,
Қандай ғажап үйлесім!
Көктем, көктем... өзге көктем!.. жаңа дем...
Жанарымда жаралар ма жаңа әлем!..
Тіпті, жәндік болу да - арман, - зиянсыз,
Жан-дауамды табар ем...
Жоғалтқаным көп секілді жиғаннан,
Қимағаным көп секілді қиғаннан.
Аспанға да қаймығамын қарауға,
Қарашығым нұрланбаған иманнан...
Алсам деймін аппақ нұрдан емделіп,
Кетпесе еді жынмен бірге, мұң да өліп...
Өткен өмір - күнәларым жазылған
Періштенің қолындағы күнделік...
Кеш
Қанша өтті күз аяулы,
сонша көктем бүрледі.
Әлемнің бар бояуы -
кепкен Нұрдың түрлері.
Жерді қимай жылаған -
батқан Күннің жарығы.
Шыңғырып кеп құлаған
естілмейді қар үні.
Жүрегіме кеште бұл
бара жатыр түн құлап.
Түйсік сөзі Есте тұр,
«Қартаймайды Нұр бірақ..».
Нұр санасы - өзге әлем,
құпияның ордасы.
Ол тылсымды сезбеген
көзім -
соқыр жолдасым.
Сыртын сипап құныға,
без де тоймас арбалып,
қайран шуақ-шұғыла,
аймалайды Жерді алып.
Күн нұрына тоймайсың,
Жанның емі - жылылық.
Жылатуды қоймайсың,
құдыретті Сұлулық!
Наурыз
Әлем бүгін өз-өзінен көңілді,
Әлем бүгін өз-өзіне сенімді.
Түн де бүгін өз-өзінен тым өңді,
Күн де бүгін өз-өзінен жылынды.
Мәңгілікті жоғалтпаппыз, бар екен,
еріп жатқан біздер емес, қар екен.
Жарқыраған біздер емес, Таң екен!
Жаурап қалған біздер емес, Жан екен...
Мынау әлем өзге емес, Біз екен,
мынау Аспан - Аспан емес, Көз екен.
Мынау көктем - Нұрдан қалған із екен...
Нұрдың өзі - Жаратқанның Өзі екен!
***
Түннің аппақ меңіндей,
Ай көрінер.
Сенімсіз?
Естен сәуле төгілмей,
буланбайды көңіл - сыз.
Айғыр-бұлттың құйрығы
жасырады Ай-меңді.
Ол да - тағдыр бұйрығы?
Тағдырсыздар қайда енді?...
Бағалы емес ғұмыр түк.
Баянсызын аңдатты.
Миға сәуле жүгіртіп,
міне, тағы таң да атты.
Қақ маңдайдан тебілген,
қашып кетті түн, түзге.
Сұрағы көп өмірден
жауап берер кім бізге?.
***
Айлы түн.
Рельстер тасыры...
Тамбурда билейді көк тұман.
Миымда - Ойлардың жасыны,
Жүректе - сезімдер көк шулан.
Аңсау мен сағыну, тәтті мұң...
Бәрі де - бір қауым, жасырын.
Пойыздан озардай аптығып,
өзіңе асығам, асылым!
Ұзақ жол.
Купенің ақ шамы.
Сонда да, қоңырқай жарық тым.
Күбір мен күлкілер - жан-жағым...
Жабықтым...
Ай қоса жарысып...
Тіл қатса,
сырласып көрейінтүнімен.
Сұрақ көп, әрбірі - бір патша,
мазақ қып ойнайтын құлы - мен...
Қос рельс - домбыра ішегі..
күй ойнар бір мұңлы, мың түрлі...
Сапарлас шарабын ішеді,
Мен елес ұрттаймын...
Күлкілі.
Ішпедім.
Ішуші ем ұдайы...
Баса алмас шарап та мұңымды.
Махаббат - мастықтың құдайы...
Мен соны ұғындым.
Қос рельс - екеуміз секілді...
қосылмай, тірелер тұйыққа.
Пойыздан түсуге бекіндім,
сумкамды ілдім де иыққа...
Бастығырылу
Түсініксіз түсімдегі қарамойыл қарғалар,
күдігім боп қарқылдап ап, үрейіме жалғанар.
Содан кейін ұя салып бұтақтанған шашыма,..
қорқынышты сөздер болып түйсігіме сорғалар...
Түйсігімнің ортасында иірім бар құйынды,
ортасына тартар мені, шыр айналтып миымды.
Мен түсімде сұрап жүріп, жылап жүріп табамын,
ешқашанда салынбаған үйімді.
Ол қара үйде өмір сүріп жатады екен өткенім,
бауырларым... естерінде елесім де жоқ менің.
Қарғаларға қарап қойып дән шоқиды аулада,
қалып қойған баяғыда менің көңіл-кептерім...
Ол қара үйде әкем, апам, ағам және кәрі анам
өмір сүріп жатады екен, бұрынғыдай...жаңадан...
Аттай алмай жүреді екем босағадан, қиналып...
Қара итке айналады қолымдағы чемодан...
Бағана боп ыңырсиды күніертеңгі жел дүлей.
(жан-жағымнан бақылайды қимылымды ел, білем)
Қаңғырамын, қара итімді қарғыбаудан тартқылап...
Үйді айнала жүгіремін... терезеден телмірем...
(ешкім маған сәтке назар аудармайды дейді екем)
Терезеге қарап қойып, күрсінеді кейде әкем...
Бәрін тастап, байансызға кетіп бара жатамын...
Өзім - өзім емес екем, жел ұшырған жейде екем...
Бір күрсініс жетер бір сәт моласы мол даладан.
Қалш-қалш етіп дірілдейді шам одан...
Селк-к етем де, оянамын... қабырғаны сипақтап,
Қара бөлме - чемодан?..
***
Талай әсер жоғалды, ұмыт болды.
Өмір өзі еріксіз ұмыттырды.
Ұмытпайды жаралы жаным бірақ,
бүршік атып көрмеген сынық гүлді.
Өмір өзі өткенді жат қылады.
Жат қылады, жадымнан лақтырады.
Ұмытпайды жаралы жаным бірақ,
достарымның жасаған соққыларын.
Құтыртты да сан мәрте жеңіс мені.
Өмір бәрін өзгертті, терістеді.
Ұмытпайды жаралы жаным бірақ,
Ішімдегі мерт болған Періштені.
Еріп кетті іштегі мұздың бәрі.
Булап кетті іштегі сыздың бәрі.
Ұмытылмас бірақ та түнгі аспанның
мені есіркеп жылаған жұлдыздары.
Ұмытылар - біреудің жау болғаны,
дос болғаны біреудің, жар болғаны...
Жадтан өшпей, қинайды көп өкініш.
Өлең етіп сақтармын - қалғандарын.
Кімге ұнаған Ақынның қылықтары?
Тағдыр-түрме сыртымнан құлыптады.
Менің нәзік Жанымның пәк табанын
тілгілеуде айна-өмір сынықтары...
Abai.kz