Мұхамедиұлы: Бұл саяси іс... Мен келісімге келмеймін!
Редакция: Астанада ҚР Ұлттық музейінің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлының соты басталғалы да аптадан асты. Сәуір айының басында бюджет қаражатын талан-таражға салу бойынша айыпталған тағылған А. Мұхамедиұлына қатысты іс сотқа жолданған еді.
2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынғаны белгілі болды. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған еді. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әлем мұражайлары бойынша алтын адам шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады.
Шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі өкілдері ұлттық музейдің бұрынғы басшылығына және басқа да адамдарға қатысты 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда нысандарды танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін құру» жобасын іске асыру кезінде аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ресми деректер бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы шамамен 7 миллиард теңге болады.
Жуырда Арыстанбек Мұхамедиұлы (пошта атауы солай көрсетілген) редакциямызға қазақша-орысша, қос тілде үшбу хат жолдапты. Біз бүгін сол хатты Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн көрдік.
Арыстанбек Мұхамедиұлы:
Армысыздар достар!
Өздеріңіз білетіндей, сот процесі басталды. Дәл қазір менің қоғамға шындықты айтудың жалғыз мүмкіндігі әлеуметтік желілер болып қалды.
Сот барысында болып жатқан оқиғаны мен шектен шыққан бассыздық, заңсыздық және саяси астарлы іс дер едім. Шыдамның да шегі бар, бірақ ұстамды болуым керек екенін сеземін. Дегенмен, қазіргі іске қатысты өз көзқарасымды бәріңізбен бөлісуді қажет деп санаймын.
Алдымен, мен айыптау қорытындысымен мүлдем келіспеймін және өз кінәмді мүлдем мойындамаймын. Иә, кінәмді мойындау туралы түрлі астыртын ұсыныстардың болғанын несіне жасырамын, бірақ мен мұны істей алмаймын, өйткені мен кінәлі емеспін.
Мен ешкіммен ешқандай мәмілеге бар алмаймын, өйткені бұл іс менің аты-жөніме ғана емес, ар-ұжданыма да қатысты.
Ар-ұяттан аттамай, намыс-жігерімді басшылыққа алып, мен еліміздің игілігі үшін еңбек еттім, маған сеніп тапсырылған барлық салаларда: кинода, спортта, өнерде, туризмде және тағы басқа салаларда Қазақстанның ұстанымы нығая түсуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстым.
Иә, маған үнемі қарсы жасалаған шектен шыққан және қисыны жоқ ақпараттық шабуылдарға, барынша жала жабу әрекеттерге қарамастан, мен ел алдындағы арымның таза екенін айтқым келеді. Өйткені, қашанда ар-ұжданнан аттаған жоқпын. Таза өмір сүру мен адал еңбек етудің маңыздылығын ешқашан ұмытқан да емеспін.
Осы жылдар ішінде мені сіздердің алдарыңызда кейбір жат пиғылдылар неше түрлі айла шарғылармен құбыжық ретінде көрсетуге тырысты. Алайда, мен үнемі үнсіздік таныттым, қолымнан келгенше кез келген алауыздықтан жоғары тұруы керек деген ұстаныммен саяси мемлекеттік қызметшінің жүгін сабырмен көтердім.
Енді бүгін менің ең жақын әріптестерім маған қарсы куәлік беруге мәжбүр болды. Көз жастарыне ерік бергенмен, оларда басқа амал жоқ сияқты. Ал, мен бұл жолы үндемей тұра алмаймын, өйткені қазіргі орын алып жатқан нәрсе маған ғана емес, оларға да қатысты әділетсіздік деп білемін.
Соттың алғашқы күндері ҚР Мәдениет және спорт министрлігіндегі өкіл 221 миллион теңге талап арызын оқып берген талапкер А. Исқақованың көз жасымен басталды.
Біз оған қырыққа жуық (40!) сұрақ қойдық, бірақ олардың ешқайсысына нақты жауап болмады.
Сол себепті оған дайындалуға уақыт берілді. Алайда жағдай тағы қайталанды. А. Исқақова көзіне жасына ерік беріп: «Кешіріңіз, мен қателесіппін!» деп кешірім сұраудан әрі аспады.
Осыдан кейін оны қайтадан үйіне жіберуге мәжбүр болды. Талапкер өзі көрсеткен шығын сомасының қалай және неден құралғанын айта алмады.
Жиналғандардың көпшілігі үшін бұл соманың ешқандай негіздемесі жоқ екенін ұқты. Әлдекімнің бұйрығын айтуға мәжбүрленгені айтпаса да түсінікті болып тұр. Заңды сұрақ туындайды – мұның артында кім тұр?
Мен А. Исқақованы министрліктен қызмет атқарғанан кезден білемін, нақ неге оны таңдағаны түсініксіз? Ол адал адам, өтірік айта алмайды. Егер сол соманы «Антикор» өкілдері белгілесе, онда ұзақ жылдар бойы қатарлас жұмыс істеген бұрынғы басшысына жала жабуды қаламайтын адамды өтірік айтуға мәжбүрлеуді не деп түсінуге болады? Адамгершілікке жата ма?
Бүгінгі күнге дейін істің барлық желісі маған бір топ адамменен 2020 жылдың наурыз айында Үндістан көрмесінде өткен «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында 221 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр.
Бүгін мені айыптап отырған істің қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап берейін.
2020 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің «Короновирустық инфекция-COVID-ке байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығы шықты. Осы сәтте – 26 ақпан айынан бастап – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экспонаттары дайындық жұмыстарын жүргізу үшін Нью-Делиде болған еді.
Қазақстан мен Үндістан Ұлттық музейлері арасындағы келісімге сәйкес, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрмесі 2020 жылдың 18 наурызы мен 18 сәуірі аралығында өтуі тиіс болатын.
Алайда, коронавирустық шектеулер енгізілгеннен кейін көрме 2020 жылдың 18 наурызынан 21 наурызына дейін (айыптау қорытындысы бойынша небәрі 3 күн) көрсетілді.
Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен карантин енгізілген соңғы күні, яғни 2020 жылдың 22 наурызында біз Алтын адамды Үндістаннан Қазақстанға дипломатиялық почтамен қайтару мүмкіндігіне қол жеткіздік.
Естеріңізде болса, коронавирустық шектеулер бүкіл әлемді дерлік қамтыды. Ал біз құнды жәдігерлерімізді соңғы сәтте елге аман-есен қайтарып алдық.
Егер коронавирус ерекше қатыгездікпен өршіп тұрған алыс Үндістанда біз дәл сол мезетте көрмемізді шұғыл жабу шараларын қабылдамағанда, Қазақстан үшін ғана емес, адамзат үшін де «Алтын адамнан» айырылып қалар едік.
Ал бүгінгі айыптау актісінің төркіні құнды жәдігерімізден көз жазып қалуға итермелейтін секілді ме қалай?!
Бір ай бойы болуы тиіс көрме коронавирустық пандемия салдарынан төтенше жағдайларға байланысты Үндістанда бар болғаны үш күнге аяқталғаны үшін кіна арту, әрі оның сот процесіне дейін ұласуы мүлдем қиюы келмейтін қисынсыздық дер едім.
Тергеу амалдары барысында әлдеқандай «Даму» аудиторлық компания» ЖШС-і көрменің бір ай емес, небәрі үш күн ғана көрмеге қойылғанына байланысты 221 миллион теңге залал келтірді деген қорытынды шығарған.
Бір қызығы, бұл жеке компания шақыру билеттері, буклеттер, каталогтар, флористика, т.б өндірістегі 3 күн менен бір айдың ішіндегі айырмашылықты сүзгісінен өткізді. Қызық, өйткені шақыру билеттері, буклеттер, каталогтар және т.б. күн сайын емес, іс-шараның ашылуына ғана жіберіледі емес пе! Енді осындай анық дүниені де түсіндіруім керек пе? Неге осындай фактіге немқұрайды қараймыз? Неге бәрі саңырау, мүлдем естігісі келмейді!
«Даму Аудиторлық Компаниясы» ЖШС-нен бөлек сол аудитінің қорытындысына сәйкес, ақпаратты насихаттау, техникалық қолдау және т.б. қызметтерді Үндістанның Ұлттық музейі жүзеге асыруы керек еді. Олар тіпті Қытай зауыттарынан сатып алынатын витриналардың құнын нақтылау ниетімен Үндістан мен Қытайға ресми сауал жолдады... Алайда, бұл өтініштер жауапсыз қалды... Менің ойымша, бұл қызметтер сұраушы елдерде үлкен қызығушылық тудырмаса керек.
Аталған іс бойынша «Даму аудиторлық компаниясы» ЖШС-нен басқа, барлығы 12 экономикалық сараптама жүргізілді. Осыған ұқсас сараптамаларды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне қарасты Институт пен Экономикалық сараптама орталығы, «Альянс судебных экспертиз», аудиторлық компаниясы да жүргізді.
«Экспонат» ЖШС қызметкерлерінің айтуынша, тауарлар мен қызметтердің құнын анықтау кезінде аудиторлық компаниялар төленген салықтар мен көлік шығындарын, жалақыны және т.б. ескерген жоқ.
Кейбір жеке аудиторлық компаниялар бұл әрекеті өнер әлеміндегі әріптестеріміз алдында мені ғана емес тұтастай ел абыройын масқара жағдайға дұшар етті. Бүгінгі сұраныстар. Ең сорақысы сол – әлемді дүр сілкіндірген, жаһандық аудиторияны тарихымызбен және ең тамаша зергерлік бұйымдармен қуантқан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының ең жарқын және сәтті жобаларының біріне айналған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» бүгінде бейіндік мамандығы жоқ және өнерді түсінбейтін бойкүйездердің кесірінен ұятқа қалып отырмыз.
Abai.kz