Президент Тоқаев Мәскеудегі парадқа қатысады
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы 8-9 мамыр күндері Ресейге жұмыс сапарымен барады.
Президент Тверь облысындағы Ржев мемориалына барып, 100-ші және 101-ші атқыштар дивизияларының құрамында шайқасып, қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етеді. Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең ірі ұрыстардың бірі саналады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына барады. Онда Президенттің әкесінің ағасы Қасым Болтаев та жерленген. Ржев түбіндегі шайқасқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық сарбаз бен офицер қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр күні Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына арналған парадқа қатысады.
Бұл шараға Ресей тарапы ТМД-ға мүше елдердің басшыларын шақырған», - делінген хабарламада.
Осыған дейін пост-кеңестік елдер арасында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Мәскеуге бара жатқаны хабарланған еді.
Abai.kz