Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2902 8 пікір 13 Мамыр, 2023 сағат 17:36

Жазушылар одағы: Өткен 5 жылдықта не істелді?

Күні кеше ҚР Жазушылар одағының кезекті құрылтайы өтіп, одақ төрағасы сайланды. Одақты осыған дейін басқарып келген ақын Ұлықбек Есдәулет төрағалыққа өз кандидатурасын ұсынбайтынын айтты. Ал қаламгерлерден іріктелген 102 өкіл Жазушылар одағын басшы етіп Мереке Құлкеновті сайлады. Құрылтай қалай өтті, онда не айтылды, біз осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық.

Ал осыған дейінгі 5 жылда одақта нақты қандай шаруалар атқарылды? «Қазақ Әдебиеті» гәзетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өткен бес жылдықтың есебін тізіп, жазба жариялады. Біз Abai.kz оқырмандарына аталған жазбаны ұсынғанды жөн санадық.


Дәурен Қуат:

«Осы жұрт соңғы кезде түйе мен Қадырды көрмейтін болыпты», – депті ғой баяғыда Қадағамыз – Қадыр Мырзалиев. Сол Қадағаң айтпақшы, осы күнгі жұрт еш нәрсені көрмейтін болған ба, әлде көре алмайтын болған ба – бірдеңе, әйтеуір. Сіз айтасыз: «Жазушылар одағы бес жылда түк бітірген жоқ» деп. Ал, біз: «Қой-ей, көке» дейміз. Дұрысы – сіз «жоқ» деп, біз «бар» деп тартыспай-ақ, бес жыл Ұлықбек Есдәулеттің құзырында болған ЖО-ның қызметіне аз-кем тоқталып қана өтейік.

Ұлықбек Есдәулеттің командасы салған жерден қазақ әдебиетін Азия, Еуропа әдебиетімен жалғастыруға ұмтылды. Әншейінде ғой, «қазақ әдебиеті әлем елдерінің әдебиетінен артық болмаса, кем емес» деп, кеуде қағамыз. Амбициямыз аяққаптай. Дұрыс. Кеуде деген болу керек. Бірақ сол кеудеңді, сіз екеуміздің әңгімеміздің орайына бұрсақ, әдебиетімізді әлемге әйгілі ету үшін әйдік әлеммен тілдесіп, үндесіп өмір сүре білу де керек шығар. Астанада арасына жыл салып Еуразия, Азия форумының өтуінде осындай мән бар. Аталған ұлық жиындарға Еуропадан, алып Азия құрлығынан қаншама ақын-жазушы келіп қатысты. Осы жиындар «мал шашардың» ойыны ма сіз ше? Жоқ, құрметтім! Түнекке құлаған түк білместің бірі емессіз ғой, сондықтан форумдардың пайдалы жағын ішіңізден бек түсінесіз. Бірақ мойындағыңыз келмейді, ә?..

БҰҰ-ның алты тіліне аударылып қазақ қаламгерлерінің туындылары антология болып шықты. Бәлкім бұл антологияға сіздің шығармаларыңыз енбей қалған шығар? Өкінішті, әрине. Алайда мен сіздің дархан көңіліңізге сенемін.

«Жә, менің шығармам алпауыт алты тілге аударылмаған екен. Алайда менің ана тілімде жазылған көркем дүниелер әдебиет әлеміндегі кеңістікті шарлап кетті».

...деп марқайдыңыз сіз. Және сіз былай ойлауыңыз да мүмкін: «Маркестердің атын айдай әлемге танытқан антологиялар емес, шығармасы ғой. Мен де солай таныламын, әкесін!».

Сіз бар ғой, сіз өте дұрыс ойлайсыз осы.

Антология демекші, Мадрид қаласында «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» классик ақын Хусто Хорхе Падронның аудармасымен испан тілінде жарық көрді. Тұсауы Мадридте және Астанадағы Испан Елшілігінде кесілді. 20 жас ақын Испанияға барып, презентацияға қатысып қайтты.

20 жас ақын! Уа, пәлі! Көріп пе ең кереметті бұрын мұндай!

Ал, енді, «Кеңсесінде құйрық басып отырмайтын» Ұлықбек қазақ ақын-жазушыларының ел ішіндегі қамын ұмытып, сыртқа қана ұмтылған екен» десеңіз, қатты қателесесіз. Саусағыңызды бүгіп санай бастаңыз, айтайын:

1. 2018 жылдың мамыр айында Талдықорған қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жас әдебиетшілердің республикалық «Жетісу көктемі» фестивалі өтті.

2. 2018 жылы Қазақстан Жазушылар одағы «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалалары мен Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысы, т.б. облыстарда жұмыс жүргізді. «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасының нәтижесінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 27 жазушының шығармаларын топтастырған 9 кітап жарық көрді.

3. 2018 жылдан бастап Қызылорда қаласында «Мәртебелі поэзия» фестивалі өткізіліп келеді.

4. ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлескен меморандум негізінде зейнеткер қаламгерлердің 50 пайыздық жеңілдікпен санаторийлерде ем қабылдауына қол жеткізілді.

5. 2019 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «Жастар форумы» өтті. Форумда жас қаламгерлерді Одаққа қабылдап, шеберлік сабақтары өтті.

6. Жазушылар одағының өтінішімен Атырау облысында Ж.Нәжімеденов пен Ғ.Сланов атындағы 10 сыйлық тағайындалды.

7. 2019 жылдан Шығыс Қазақстан облысында «Абай әлемі» атты сериямен жергілікті қаламгерлердің кітаптары жарық көріп келеді. Қазірге дейін 200-ге тарта том жарыққа шықты. Мұнда «Төр Алтай жырлайды» атты әдеби фестиваль жүйелі түрде жыл сайын өткізілуде.

8. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қазақ қаламгерлерінің қасиетті ордасы – Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

9. 2020 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының қатысуымен, Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен, «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық форум өтті. Форумда 10 номинация бойынша сыйлық тағайындау дәстүрге айналды.

10. Шымкент қаласында 2020 жылы «Мәртебелі поэзия мінбері» атты әдеби алаң ашылды. Онда Поэзия кештері дәстүрлі түрде өтуде.

11. Алматыда тұратын 400 жазушының кітаптарын шығару, әрқайсысына жыл сайын қала әкімінен дәстүрлі түрде 500 мың теңгеден стипендия берілуі де – Жазушылар одағының ұсынысымен болып жатқан шаруалар.

12. Жаңадан ашылған Түркістан, Абай, Ұлытау, қайта ашылған Алматы, Жетісу облыстарында Жазушылар одағының филиалдары жұмыс істеп жатыр.

13. Жастарға арналған «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Айтұмар», «Ұлы дала» («Аманат» партиясымен бірге) конкурстарын жыл сайын өтіп келеді. Биыл «Ұлы дала» конкурсы еліміздің аудандарынан басталып, облыстарында өтіп, республикалық байқаумен аяқталатын болады.

14. Аттай шауып өткен арадағы бес жылда Жазушылар одағының облыстағы филиалдарының жұмысы жанданды.

15. Әсіресе, Дәулеткерей Кәпұлы жетекшілік етіп, қызметін жетегіне алған Астандағы Жазушылар одағының филиалы ерен істерге бой ұрды.

Астанада тұңғыш рет жазуышларға жеке шығармашылық ғимарат берілді. Еуразия астаналары қаламгерлерінің форумы өтті. "Самұрық" атты әдеби журнал жарық көрді. Ақындар аллеясы ашылды. Астанада тұратын 30 қаламгердің кітабы шықты, т.б.

Жұрт кеше ғана «Жазушылар одағындағы жаңа басшылық» деп жүрген жаңа басшылық қызметіне кіріскелі де белесебеттің дөңгелегіндей зырылдаған (әзіл) бес жыл өте шығыпты. Құрылтайың құтты болсын, қайран елім!

Пысы: Жоғарыда Жазушылар одағының аса ірі көлемде шаралар ұйымдастырып, шығармашылық ұйымның қызметін жаңа белеске көтергенін жаздым. Осы форумдардың барысында Ақберен Елгезек бауырым жарқылдап ерекше көзге түсті. Ол сонда күндіз күлмеді, түнде көз ілмеді. Мен оны білемін. Білген соң айтамын. Ақберен ауқымды мегажобалармен жұмыс істей алатындығын, миы толған мегажобалар екендігін (әзіл) төрағаның бірінші орынбасары боп атқарған қызметінде дәлелдеп берді. Ол Ұлы-ағасына сенімді серік, ұжым алдында нағыз серке бола білді. Бұтына толған бір ұлыққа қызметі жағып жақындай қалса, жұртты жамандап, интрига ұйымдастырып, шантаж жасап, жақынды алыс, алысты жау қылатын орынбасралар болады. Ақберен ондай оспадарсыздыққа барған жоқ. Ол Одақтың қызметін ілгерлету үшін әртүрлі жобалар ойлап тауып, игілікті істерді үйлестіріп, озық идеялардың соңында жүрді. Ендеше Ақберендей азамат үшін туған халқына қызмет ететін жол әрқашанда табыла бермек.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435