Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Анық-қанығы 2690 0 пікір 22 Мамыр, 2023 сағат 17:50

Шеруге аттанған «Алтын адам» отанына оралды

Әлем тарихында –  «Троя алтыны» немесе археолог «Шлиман алтыны» деп аталатын артефактілер археология саласының жарқын беттерінің бірі болып саналады. Бұл шедевр тек сақталған қазынаның құндылығымен ғана емес, сонымен бірге оның өзін табу тарихымен де ерекше. Тынымсыз Шлиман әдеби шедевр – Гомердің «Илиада» эпопеясының ізімен Германия үкіметінің қаржылық қолдауына сүйеніп, «Троя алтынын» табу экспедициясына қатысып, әлемдік қауымдастықты дүр сілкіндірген-ді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін баға жетпес қазына басқа елге шығарылып, зым-зия жоғалды. Өкінішке орай, қазіргі уақытта «Троя алтыны» тек Германия үшін ғана емес, сонымен қатар әлемдік қауымдастық музейлерінде де елдің тамашалау мүмкіндігінен айырды.

***

Сонымен, ҚР Ұлттық музейінің директоры, экс-министр А. Мұхамедиұлының үстінен сот процестері жүріп жатыр. Соттың бірінші отырысында А. Мұхамедиұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 15 наурыздағы елде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығын орындау мақсатында мен «Алтын адамды» көрме өтіп жатқан Үндістаннан Қазақстанға дін-аман қайтаруға ұйғарым жасадым.  Әлбетте, Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі мен ҚР Сыртқы Істер Министрлгінің араласуымен елде локдаун енгізілген соңғы күнінде, яғни 2020 жылғы 22 наурызда аса құнды жәдігерді Қазақстанға дипломатиялық поштамен жеткізе алдық. Егер біз індет өршіп тұрған және короновирустық шектеулер тек 2021 жылдың соңына қарай алынып тасталған алыс Үндістанда қалдырсақ, онда біз «Алтын адамды» тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік тарих үшін де жоғалтып алар едік. Мен тағылған кінәні мойындамаймын. Елдің заңдарын бұзған емеспін», – деп заңды бұлжытпай орындаған адамның айыпты деп танылғанына налып отыр.

Іс неден басталды?

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстан мен Үндістанның Ұлттық музейлері арасындағы уағдаластыққа сәйкес, «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі көрмесі 2020 жылғы 18 наурыз бен 18 сәуір аралығында Нью-Дели қаласында жоспарланған болатын. Көрменің экспонаттары 2020 жылдың 26 ақпанында Үндістанның Ұлттық музейіне жіберілді, экспозициялық жұмыстар көрменің ашылу мерзіміне дейін жүргізілді. Көрменің ашылуы – 2020 жылғы 18 наурызда Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Е.Әлімбаевтың, Үндістан Ұлттық музейінің директоры және басқа да шақырылған тұлғалар мен келушілердің қатысуымен өтті.

Бұдан әрі, Қазақстан Президентінің Жарлығы бар, Мәдениет және спорт министрінің міндетінін атқарушы Нұрғиса Дәуешовтың қолы қойылған хатты орындау мақсатында «Алтын адамның» көрмесі 2020 жылы 22 наурызда Қазақстанға жеткізілді. Бірақ, 221 млн. теңге сомасы көлемінде залал келтірілді деген «Даму» аудиторлық компаниясы» ЖШС жеке компаниясының қорытындысы негізінде айыптау актісіне арқау болған істің түйіні неде? Көрме  жоспардағы бір ай емес (2020 жылғы 18 наурыздан 18 сәуірге дейін), тек 3 күн ғана (2020 жылғы 18 наурыздан бастап 21 наурызға дейін) өтті. Айта кетейік, «Даму» аудиторлық компаниясы шақыру билеттерін, буклеттерді, каталогтарды, флористиканы және т.б. әзірленген баспа өнімдерінің айырмашылығын бір ай емес, 3 күнге ғана есептеген...

Тарихи шегініс

«Алтын адам» («Алтын жауынгер») өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың басында Есік қаласында (Алматы қаласынан 70 шақырым жерде.) Сақ қорғанының жерлеу орындарынан табылғаны естеріңізде болар. Атақты академик Қ. Ақышев бастаған Қазақ КСР Ғылым академиясы Археология институтының қызметкерлері шұғыл шақырылды. Алыстағы тарихи шежіреден білетініміздей, көптеген ғасырлар бойы патша билеушілерінің қазынасын толтыру үшін Есіктегі Сақ қорғандарын тонап келген кейбір археологиялық топтар (қара археологтар) құрылды. Бақытымызға орай, ол қорған 2 деңгейден тұрғанын жат пиғылды археологтар білмеген. Жоғарғы қабатында жерленген кісінің мүлкі талан-таражға түсті. Ал, төменгі қабатында тағы бір қабірдің барын олар болжай алмаса керек. Міне, «Алтын адам» жерленген жерде қымбат киімнен басқа кейбір тұрмыстық ыдыстар, руникалық жазуы бар шыныаяқ сияқты және т.б. қымбат заттар шыққан. Басқа елде ұлын қорғап, қара археологтардың құрбаны болған әкенің көрегендігі арқасында әлемдік тарих үшін «Алтын адам» мұра ретінде қалдырылды. Ол біз үшін алтын бөркі, бағалы шапанымен емес, терең мағыналы, философиялық нышанымен де қымбат! Енді біз екінші оқиғаның куәсі болдық. «Алтын адамның шеруі» көрмесі 1,4 миллиард халқы бар Үндістанда өтті. Келіссөздер 3 жыл бойы жүргізілді. Кенет, әлемде адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды инфекция өршіді. 2021 жылдың мамырында ресми мәліметтерге сәйкес, коронавирустан 3,4 миллион адам қайтыс болды. Нақты көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін! Коронавирус   Үндістанда, Қытайда, Пәкістанда, Бангладеште және т. б. көрші елдерде тым қатты өршіді.

Сондай-ақ, Үндістан терроризмнің, халықтық толқудың талай әрекеттерін бастан өткерген ел емес пе!  Лаңкестер Мумбай қаласындағы қонақүйді басып алған 2008 жылды еске түсірейікші. 20 күн бойы 12 миллион халқы бар бүкіл Мумбай қауқарсыз күй кешпеп пе еді?

Егер тергеу тобының және прокуратураның айыптау актісінің қорытындысы бойынша «Алтын адамның шеруі» көрмесі 2020 жылдың 18-21 наурызында ашылғаннан кейін Үндістанның Ұлттық музейінде короновирустық шектеулер аяқталғанға дейін, яки екі жылға қалып қойса, «Алтын адамның» тағдыры қалай болары бір Құдайға аян.

P.S. Иә, істі жүргізіп отырған судья Б.Ыдырысовқа дұрыс шешім шығару оңайға тимесі анық. Бір жақтан алып қарасақ, «Алтын адам» Отанына аман-есен қайтарылды. Мәселенің екінші жағында жеке аудиторлық компанияның қорындысына негізделген құжаттар тұр. Ол таразының қай жағына шығар екен?

Сәбит Тілеуұлы

Abai.kz

0 пікір