Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 2742 14 пікір 24 Мамыр, 2023 сағат 11:18

Байқоңыр қашанғы орыс империализміне құрал болмақ?

2021 жылы наурыздың 18-де Ресей президенті Владимир Путин өзі бас болып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қырымның Ресейге қосылғандығының 7 жылдығын дүркіретіп атап өтті. Оның соңы екі ел қатынасының одан ары шиеленісуіне, соғыс жағдайындағы текетеріске әкеліп соқты. Жақынғы бір бейресми онлайн сауалнамаға жауап берген Ресейліктерінің 81 пайызы Путиннің қатаң бағытын қолдайтынын білдірген. Демек саясат пен эстрада серкелері тізе қосқан шоу өз миссиясын орындады деген сөз.

Путин ғана кем болды демесең, сол жылы 12 сәуірде өзіміздің Байқоңырда аталып өткен «Космонавтика күнінің» 60 жылдық мерейтойының алдыңғы тойдан айырмашылығы шамалы болды. «Ұлы Ресейлік жерлердің Украина, Қазақстан және тіпті, Беларусь территориясында қалай қалып қойғандығы туралы ойлану қажет екенін», - айтқан Ресей президентінің көмекшісі, экс-мәдениет министрі Владимир Мединскийді Байқоңырда экс-министр Асқар Маминнің күтіп алғаны белгілі. Кеңес туы қайта желбіреді, сценариі, бағыты, көздеген мақсаты ұқсас шықты.

Іс жүзінде Ресейдің ғарыш саласы қазір той тойлайтын дейгейде емес екені жұртқа аян. АҚШ-пен иық теңестіретін баяғы қуатынан айырылған. Миллиардер Илон Масктың қарқынына да ілесе алмай келеді. Оны кезінде «Роскосмостың» басшысы Дмитрий Рогозин да мойындаған кейіп танытқан еді. Қытайлық әріптестері айды бірлесіп зерттеуге шақырып, көңілін аулаған болып жүр. Өз есебі өзінде, әрине. Бірақ, біз солай дегенмен, Кеңес одағының ескі жұртындай болған космонавтар қаласы (бізден жалға алған) орыс билігі үшін әлі де стратегиялық маңызын жоғалтқан жоқ. Жоқ дегенде, жер апшысын қуырып, айға табан тіреген «держава» кезін еске түсіруге, саяси жарнамаға жарап-ақ тұр.

Жауланған территория мен жалға алған территориядағы той – Путин билінінің өзінің қатты күші (әскери, саяси ықпалын) мен жұмсақ күшін (музыка, медиа) бірдей іске қосып, сыртқы жауларына сес көрсетіп, ел ішінде бедел жинау әрекетінің өз іргесінен алқып, Орта Азияға, бізге де жеткенін көрсетті.

Күні кеше: «Қазақстан екінші Украина болады», - деген Константин Затулиннің Байқоңырда жүргені жайлы ақпараттың елді шулатуы тегіннен тегін емес.

Ресей билігінің үй ішінен үй тігу әрекеті «Жаңа Қазақстаншыл» билікті ойландырғаны анық. Оған президент Тоқаевтың Луганск және Донецк сепаратистері жариялаған «ергежейлі мемлекеттерді» мойындамайтынын Путиннің көзінше тіке айтқаны дәлел.

«Байқоңырға теннис турнирін тамашалауға келдім», - деп ақталған Ресей МемДумасының депутаты Константин сол кезде: «Қазақстанда Украина сценарийі қайталануы мүмкін. Қазақстанның бірқатар аймағы тарихи тұрғыдан Ресейге тиесілі», - деген еді.

Оны шекарада аз кем аялдатқан біздің кеденшілер артынан Ресей тарабының талабына келісіп, елге өткізіп жіберіпті. Ол Байқоңырда іс жүзінде депутат ретінде жергілікті орыс тұрғындарымен кездеспек екен. Оның ұраны не екені айтпаса да түсінікті.

Билік осы оқиғадан сабақ алып, Байқоңырды жалға берудің экономикалық тиімділігін, экологиялық зардабын, бір жақты шешімнің әкелер салдарын қайтадан таразылағаны дұрыс. Жерімізге көз алартушы танымал орыс саясаткерлерінің Байқоңырға келгіштеуі жақсылық емес. Тілден тартып бүкілдей Ресейдің мәдени ықпалында екенімізді ескерсек алдағы күндері ішімізден Ресейге өз еркімен қосылу жолына ақ сарбас атайтындардың да қарасы көбейуі бек мүмкін.

Тарихқа үңілсек, Батыс пен Украина тәжирибесін зерделесек, орыс ұлтшылдығы алынбайтын қамал емес. Бізде Ресейдегі өз қандастарымызбен, түбі түркі ағайындарымызбен, мұсылман бауырларымызбен байланысты күшейтіп ішкі, сыртқы тепе теңдікті қатар сақтауымыз керек.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394