Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3818 0 пікір 24 Мамыр, 2013 сағат 07:54

Қажымұқан Ғабдолла. Ар алдында тұру – жар алдында тұрумен тең...

Қазір қалам ұстаған екінің бірі: "Қазақ үшін отқа да, суға түсіп жүрмін!" деп, ентігін баса алмайды. Дәлел-дәйек сұрасаң, көзімен жер шұқиды...

Шындығында, қазіргі замандас түбегейлі өзгерді: болмысымен де, мінез-құлқымен де, пейіл-ниетімен де, іс-әрекетімен де. Өкініштісі: жағымсыз қадеттері көбейіп кетті. Әділдік, адалдық, тазалық, ақиқат, заңдылық, имандылық сияқты асыл қасиеттерден арылып-айырылап барамыз...

Еркін ел болғанымызбен, ел ішін үрей мен қорқыныш жайлаған. Қазір билік тармақтарының жемқорлыққа белшесінен батқандығын, кез келген заңды белінен басатын жүгенсіздігін білмейтін адам жоқ. Түптің-түбінде осынау орасан бассыздық – ерте ме-кеш пе – әрбіріміздің үйіміздің есігін қағатындығын түйсіне бермейміз. Аурудың алдын алмаса асқынады. Тәртіпсіздік пен тасырлыққа қарсы тас ату керек, кескілескен күрес жүргізу керек.

Жерімізді сақтау, тілімізді ақтау, табиғи байлықтарымызды қорғау, ұлттық мүдделерімізді қолдау жайындағы жиындарымызға 1,5-2 млн халқы бар үлкен Алматыда небәрі екі-үш мың адам шығады. Өйткені, халық қалың ұйқыда. Көпшілік кешегі кеңестік масыл мінезден де, құлдық түсініктен де әзір арылмаған. "Әділдік пен адалдықты біреу алыстан әкеліп, бізге мықтап орнатып береді", деп ойлайды...

Қазір қалам ұстаған екінің бірі: "Қазақ үшін отқа да, суға түсіп жүрмін!" деп, ентігін баса алмайды. Дәлел-дәйек сұрасаң, көзімен жер шұқиды...

Шындығында, қазіргі замандас түбегейлі өзгерді: болмысымен де, мінез-құлқымен де, пейіл-ниетімен де, іс-әрекетімен де. Өкініштісі: жағымсыз қадеттері көбейіп кетті. Әділдік, адалдық, тазалық, ақиқат, заңдылық, имандылық сияқты асыл қасиеттерден арылып-айырылап барамыз...

Еркін ел болғанымызбен, ел ішін үрей мен қорқыныш жайлаған. Қазір билік тармақтарының жемқорлыққа белшесінен батқандығын, кез келген заңды белінен басатын жүгенсіздігін білмейтін адам жоқ. Түптің-түбінде осынау орасан бассыздық – ерте ме-кеш пе – әрбіріміздің үйіміздің есігін қағатындығын түйсіне бермейміз. Аурудың алдын алмаса асқынады. Тәртіпсіздік пен тасырлыққа қарсы тас ату керек, кескілескен күрес жүргізу керек.

Жерімізді сақтау, тілімізді ақтау, табиғи байлықтарымызды қорғау, ұлттық мүдделерімізді қолдау жайындағы жиындарымызға 1,5-2 млн халқы бар үлкен Алматыда небәрі екі-үш мың адам шығады. Өйткені, халық қалың ұйқыда. Көпшілік кешегі кеңестік масыл мінезден де, құлдық түсініктен де әзір арылмаған. "Әділдік пен адалдықты біреу алыстан әкеліп, бізге мықтап орнатып береді", деп ойлайды...

Бүгінгі қазақ қоғамы қайсарлық пен жанашырлыққа зәру. Басын көтеріп, кеудесін бастырмайтын; зәбір көрген зарлы жамағат маңдайын тірейтін тұлғалар тым аз. Тіпті, саусақпен санарлық, жоқтың қасы...

"...Қазақы ортада тәрбиеленген адаммын, бірақ, елде бар проблема біздің отбасымызда да жоқ деп айта алмаймын!" – деген танымал саясаткер Жармахан Айтбайұлы ТҰЯҚБАЙдың сөзін оқып, оқыс ойға қалдым.

Әдетте, биліктегі адамды атасы бөлек, анасы жаттай көруге дағдыланған түйсігіміз – биліктегі жылы орын, қолайлы қызметін өз еркімен тастап, қарапайым халық жағына шыққан бүгінде 65 жастағы 50 жылдық еңбек жолы бар адамға да, әсте, аса жығылып сене қоймаймыз-ау?!.

Сенім мен наным жұрдай заманда өмір сүріп жатырмыз. Әйтпесе, отбасындағы он баланың ең үлкені болғандықтан, бұғанасы бекімей жатып, бейнетті еңбекке араласып, комбайн жүргізушісінің көмекшісі, 8-сыныптан бастап комбайншы болып тер төккен, демалыс сайын үй бақшасында өсірген жеміс-жидек, көкөністі Ташкент базарына пұлдап, әке-шешесіне қант-шәйін айыруға қолғабыс еткен, өмір жолын ауылдың қарапайым жұмысшысынан бастаған адамға да сенімсіздік көрсетеміз. Сонда жұмысшыға сенбеген елдің болашағы қалай болмақ?!.

...Қазақтың қадым тарихында "Сайлау әділетсіз өтті!" деп, кенет, биік лауазымды қызметі мен жұмақтай жұмсақ дәрежесін тастап шыққан жалғыз адам – Жармахан Тұяқбай. Әрбір өзекті пенденің шамасы жетіп, жігері шыдайтын шаруа емес. Жүрегі мен ары таза адамның қылық-қасиеті!..

Пенде жеке басының бақытын, байлық-қазынасын не үшін, қандай биік мақсаттар үшін құрбан қылады? Жаратқан иеміз адамға жалғыз мәрте ғұмыр береді. Яғни, қайта-қайта қателесіп, кемшіліктеріңді дүркін-дүркін түзетуге мүмкіншілігі болмайды, адамның өмірі тым қысқа, күрмеуге келмейді...

Ендеше, кең мағынада, өмірлік деңгейде, жеке басыңның тағдыр-талайында бір-ақ рет қателесуге болады. Басқа мүмкіндік жоқ. Осынау жалғыз мүмкіндікті қолдан беріп, жақсы тұрмыстан, абырой-құрметтен – таршылық тұрмысқа, бітпес күреске бел шешіп, белсене кірісу – оңай ма?..

Биліктің өз еркімен кету – аса қиын. Алда-жалда кете қалсаң, оның жүздеген себеп-салдарлары болуы мүмкін. Бірақ, меніңше, бастысы екеу:
1. Ырықсыз қуылу, 2. Сыйыса алмау, яғни, сенімді жоғалту.
Мен Жармахан Айтбайұлы ТҰЯҚБАЙдың соңғы себеппен кеткеніне сендім... Сенген себебім: "Мен арымның "айтқанын" істедім, ұятымды аттап кете алмадым. Ертең біреулер мені де: "Әлгілермен бірге отырып, білгенін бірге істеді ғой" деп кінәліп-күстаналамасын, дедім. Балаларым мен немерелерім менің аты-жөніммен жазылуға арланбасын дедім" – деп жазды Жақаң (Жармахан ТҰЯҚБАЙ).

Жақаңнан кешегі "сырлас-мұңдас достары" да бір-ақ күнде түгел теріс айналды. Күні кеше жатсаң – жастық, отырсаң – орындық болуға әзір "ләппай, тақсырлар" тегіс ғайып болды. Мемлекеттегі №3 адам әп сәтте шыңырауға құлады. "Таңдау мезгілі" жеткендігін мәлім еткен Жақаңнан: "Мен нені жоғалтып, нені табатынымды жақсы білемін. Жоғарғы билікті аяусыз сынаудың мен үшін қандай да болмашы лауазымның есігін тарс жапқандығын терең түсінемін" – деген сөздердің қаншалықты қиыншылықпен шыққандығын әркім-ақ үнсіз ұғынды.

"Оппозицияға келгенімде, жас баладай сенгіш едім" деген тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Бас прокуроры, Мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы, парламент депутаты, еліміздің билік деңгейіндегі үшінші адам – парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың өзін-өзі салмақты ұстап, салиқалы сөз саптап, қарапайым болмыс, жұпыны киінгеніне алғашында мен де илана қоймадым.

Әйткенмен, әйдік шешімімен елді дүр сілкіндірген саясаткер бірқалыпты мінез-құлқыннан танбай: "Мәселе тек қана билiкпен текетiрестiкте, тек қана, бiр-бiрiмiздi жамандауда емес. Ол саяси өркениеттiлiктiң, саяси мәдениеттiлiктiң көрiнiсi емес. Билiкте жақсы адамдар да, нашар адамдар да бар. Бәрiн "жаман адам" деп айта алмаймыз. Бiз егер де өзiмiздi жоғарғы деңгейлi, өркениеттi, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылған саяси күш деп есептейтiн болсақ, онда бiз билiктi тек қана сынап қоймай, ол жiберiп жатқан қателiктердiң, әдiлетсiздiктердiң жойылу жолдары қандай, бүгiнгi күнi елдегi проблемалардың шешiлу жолдары неде, деп сол тығырықтан шығу көрсету жолын ұсынамыз." – деген өткір де ащы мәлімдемесінен кейін, қазақ қоғамындағы қарсылық қадетін ауыздықтайтын ғана емес, ақылға келтіріп, артынан ерте алатын күш дүниеге келді, деп түсіндім. Бұл – күш-қуаты кемел, мүмкіндігі мол, ішкі жан-дүниесі тегеурінді тұлғаның уәжі еді.

Биліктің "Отан" партиясының кешегі басшыларының бірегейі – "социал-демократ" жейдесін киді. Жейдесі қонымды екен, бірақ, ел билігінің шын бет-пердесін көріп, шынайы болмысынан шошынды.

Қазақ оппозициясының асханасындағы берекесіздікті көріп, көңіліне түйді. Қым-қиғаш қарсылықтар мен қателіктерге сүрінді. Қазақ оппозициясының қос бүйрегі қысымда екен: алдымен, өзара ауызбірлігі жоқ, сосын, биліктің қоқан-лоққысы күшті көрінді. Ә дегенде мүйіздері қарағайдай қос саясаткер құрбан болды. Бірнеше белсенділер мен жігерлі жорналшылар да ажал тырнағына ілінді.

Қиналғанға қол ұшын беретін, ушыққан ахуалға әсер ететін күш-қуат қазақ оппозициясында болмай шықты. Жүрек ауырды, жан күйзелді, қолдан келер дәрмен жоқ... Бұл – қазақ оппозициясы бастамаларының әлсіздігі емес, оппозиция бірлігінің әлжуаздығы болатын.

"Мен білемін!" дейтін өркөкіректік әркімде-ақ бар, бірақ, ортақ мақсат, негізгі мүддеге жету жолында тек құр айқай, бос қоқан-лоққымен жалындатып-жалаулата бермей, аракідік қарсыластармен әңгімелесіп-келісім жасауға да тура келеді. Қазақтың оппозициялық партиясының басшысы болу – жеңіл жол емес. Бұл – бірінші кезекте жалпы қазақ оппозициясының басын қосып, біріктіруге тырысу. Әзірге бұл бедерлі белес Жақаңа да алдырмай, алыстан "қол бұлғап" тұр...
Дегенмен, Мәжілістің кешегі маңғаз төрағасы, қатаң талапты прокурор, қатал тәртіпті тергеу комитетінің басшысының – аз ғана уақытта сөзі жұмсақ, өңі жылы, сынды көтеретін, мінді жетелейтін жағымды саясаткерге айналғанына досы да, дұшпаны да аң-таң қалды.

Жалпақ жұрт та, ресми билік те "Оппозиция" деген сөзді – "қарсылық" деп түсінеді. Түбірімен қате. Анық адасу. Шындап келгенде, оппозиция – қоғамның қозғаушы күші. Биліктің баламасы немесе қарсыласы емес, биліктің серіктесі және кеңесшісі.
20 жылдан асқан еркін тарихымызда осынау шындықты тұңғиық түсініп, боямасыз ұғынсақ – әлеуметтік әлеуетіміз анағұрлым қуатты болар еді. Саяси тұғырымыз мықты, әл-ауқатымыз артық тұрар еді...

Ақылды оппозицияның тұғырнамасы – табиғи жолмен даму мен мәміле әдісімен алға жылжу. "Елдің баламалы даму жолын ұсынған адам – елдің дұшпаны емес. Мен бүгін "біреуді жауапқа тартайық" деуден аулақпын. Елдегі жағдайды жақсарту үшін қателік жасағандардың барлығына сырттай кешірім жасайық. Егер Елбасы саяси реформаны өзі жүргізсе, елді басқаруды жалғастыра берсін" – дейтін Жақаң айтқан тура сөз, ашық әңгіме елдің бәріне бірдей жаға ма ? Жоқ!

Қазақ оппозициясының тактикалық тәсілдері мен стратегиялық салиқалылығында белгісіз бір кемшін-мін, түсініксіз түйткіл бар екендігі рас. Өйткені, жақтастары аз, жанашырлары кем. Қазақтан тым қашық, адамнан тым алыс...
Мысалы, қазағы қалың Оңтүстіктің қайнаған ыстығында туып-өскен қазақи азамат Жақаңның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) өзегі – қазақылығы басым Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары болса да, жалпы саны 140 мың адамның айналасынан алыстай алмай тұр.

Бір заманда билік партиясының тізгінін ұстаған тәжірибелі де тісқаққан тұлға: "Қазақ ұлтын қорлайтын сөз айтқаны үшін кім болса да қылмысты жауапқа тартылуы тиіс. "Тиісті құқық қорғау органдары не бағып отыр?" деген сұрақ туындайды" – дейтін уыты ащы, қуаты жойқын мәлімдемелер жасағанда, қазақтан басқа ұлттың түп-тұқияны тыжырынып, тоқтап қалады.

Жаңа демократ жан-жүрегі сыздап: "Әрбiр саналы адамның ұлттық мәселеге бейтарап қарамауы керек. Қазақстанда 4 миллионнан астам адам кедейшiлiк қамытын киiп жүр. Оның басым көпшiлiгi кiм? Қазақ!
Кейбiр ауылдық жерлерде кедейшiлiк деңгейi тұрғындардың 80 пайызынан астамын қамтыды. Құрт ауруымен ауыратындардың саны соңғы бес жылда 81,5 пайызға өсті. Жүктi әйелдердiң 55 пайызы сапалы тамақтанбаудың кесiрiнен анемияға шалдықты. Мұның бәрі қазақтар!" – дегенде, қабырғалы қазағы кеңіреніп кетті...

Өкінішке қарай, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі, оппозициялық топтан президент сайлауына ортақ үміткер Жармахан ТҰЯҚБАЙдың: «Н.Назарбаевтың елді басқарып отырғанына 15 жыл болды. Бірақ, 15 жыл ел басқару керек деген қай жерде жазылған?» – деген батыл сөзіне басын изеп, айызы қанған қазағы, жеме-жемге келгенде, билікке басшұлғығыштық сырқатынан ажырай алар емес.

"Халық байлығының талан-таражға салынғанын, табиғи шикізаттардың барлығын шетелдік компаниялардың иеленіп отырғанын, мұнайдан түскен қаражаттың оффшорлар арқылы шенеуніктердің қалтасына жұтылып жатқанын, зейнеткерлер мен жұмысшылардың еңбекақысы өскенімен, тауар бағасының бірнеше есеге көтеріліп, экономиканың инфлияцияға ұшырағанын, Конституцияда "Президенттің жақын туыстары мемлекеттік жоғары лауазымды қызметте істеуіне болмайды" деп жазылса да, Елбасының күйеу балаларының Қазақстан экономикасының басым бөлігін "ашса – алақанында, жұмса – жұмырығында" ұстап-басқарып отырғандығын, Президенттің қыздарының елдегі бұқаралық ақпарат құралдары мен зергерлік, құрылыс салаларын билеп-төстеп келе жатқандығын" шімірікпей тура әрі дәлелді сөз еткен еліміздегі №1 еркін ойлы адам – Жармахан ТҰЯҚБАЙдың да артына шам алып түскен ашық дұшпандары мен қасында жүріп, "қабырға" кемірген жасырын жаулары аз емес...

...Серкесі салиқалы қазақтың социал-демократтары билікпен мәмілелесуге, келісуге әрдайым әзір. "Менің ешкімге өштігім де, өкпем де жоқ, – дейді бір кездегі қазақтың Бас тергеушісі Жақаң. – Тек қана елдегі саяси шешімдерді қабылдау әдістерімен келісе алмаймын. Иә, біздің оппозицияның өзіне де қайта жаңғыру, модернизация, тактикалық тәсілдер мен стартегиялық мақсаттарды өзгерту, тіпті, кезкелген жағдайға бейімделе алу (креатив) қажеттігін түсінемін. Билік пен оппозицияның бір-біріне кескілесе қарсы тұруы – ешқандай жақсылыққа да, жеңіске де жеткізбейді. Таяу Шығыс та, "Араб көктемі" де сөзімізге дәлел..."

Расында, жақтастары Ресеймен одақтастыққа қашанда мұқият болуды үнемі ескертуден жалықпаған Жақаңның Кеден Одағы туралы мәселенің тереңіне бойлап: "Отандық өнімдеріміз бәсекелесе ала ма?" – деген дәйекті дәлелі есте қалыпты. Өкініштісі сол: Жақаңның жақтастарының Кеден Одағы мүшелерінің экономикалық сәйкессіздік жайындағы күдігі рас болып шықты. Келесі тартыс Еуразиялық одақтың тәуелсіздігімізге төндіретін қаупі төңірегінде өрбімек...

Заңгер адам қашанда құқық қағидаларынан қалыс кетпей, қай мәселеге де заңдылық тұрғысынан баға береді. Ал, әділдік көкпарға түскен қоғамда ақиқатқа қол жеткізу мүмкін бе? Мәселен, соттың төрағасы заңның баптарын басшылыққа алмай, қаржылық топтардың айдағанына көніп, айдауына жүрсе – мұндай мәңгүрт елдің болашағы бар ма?!. Елдегі заң шығарудың алтын тұғыры – Парламенттің қос палатасының құқықтарына тұсау түссе, не болғаны?..

"Жағдайды жақсартатын жалғыз ғана жол бар, ол – Ата Заңымызға өзгертулер енгізу, – дейді кешегі Мәжіліс спикері. – Ол үшін Парламенттің қос палатасы мен Президенттің келісімі қажет. Бүгінгі күні мұның өзі мүлдем мүмкін емес нәрсе."
Істің иінін, күрмеудің түйінін білетін адамның көңілсіздей сөзі – еріксіз сеніміңді сетінетіп, үмітіңді кемітеді...

Бүгінгі шенеунік беделден жұрдай. Қызметіне бақылау жоқ. Қызмет бабын пайдаланбайтын, пара алмайтын, сыбайлас жемқорлыққа көнбейтін шенеунікті көрмеден де таппайсың. Мемлекеттік қызмет жүйесі: пара алмай – байымайтын, лауазым болмай – сыйланбайтын, сыбайластық жасамай – сенбейтін, жемқорлық етпей – өспейтін тәсілмен түзілген.

Қазір биліктегі сыбайлас жемқорлықпен – биліктің өзін күрестіріп қойған. Өз-өзімен күрескен палуанды көрдіңіз бе?!. Үгіт-насихат, жалынып-жалбарыну, ұялтып-қызарту, қорқытып-үркіту әдістері де бар. Билік "оң қолымен" алып, "сол қолымен" салып жатыр.

Сыбайлас жемқорлық – биліктің өзіне қауіп төндіре бастады. Не істемек керек? Тез арада, шұғыл қимылдап, құқықтық реформалар жасау керек!..

Тағы да саяси реформасыз – құқықтық реформалар жасаудың мүмкін еместігі алдымызды кес-кестейді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сот саласында да, басқа құқық салаларында да реформалар жасауға талпыныстар болды. Әйткенмен, сырқат адамды емдеу үшін, алдымен, жалпы сауықтыратын дәрумендер салып, организмді тұтас тазартып алу қажет. Сол секілді қандай да бір реформа – саяси реформасыз нәтиже бермейді, сырқат адам күш-қуатын жинамай, ауруын жеңе алмайды...
Айталық, "Прокуратураның тікелей міндеттерін айқын анықтап алу керек, – дейді бұрнағы Бас прокурор. – Прокуратура – Ата Заңымызға ғана бағынып, қолданыстағы заңдарды басшылыққа алатын тәуелсіз, әділ, алалап-бұрмаламайтын жоғарғы қадағалаушы орын ба, әлде, қылмыскерлікпен күресетін, белгілі қылмыстық істерді тергеумен айналысатын қылмыстық қуалаушылық органы ма? Қазіргі прокуратура дегеніміз – жоғарғы қадағалаушылықты да, қылмыстық қуалаушылықты да тиісті дәрежесінде атқаруға қауқары жетпейтін құрама ғана. Бас прокуратураның штат саны соңғы жылдары 2-3 есе өсті. Осы оң нәтижесін берді ме?.."

Бұрынғы Бас прокурор Жақаң құқық жүйесінің сүйегін шағып, майын жеген майталман маман. Сондықтан: "Билік тармақтарының жауапкершіліктерін анықтап бөліп алып, халықтың қатаң бақылауын орнататын нақты тетіктер тауып, жүзеге асырмасақ, бір орнымызда үйелеп тұра береміз!" – дейді тәртіпті сөйлеп, тиянақты ой қорытатын кешегі Әскери прокурор.

Біздің жеке тағдырымыздың да, тіпті, балаларымыз бен немерелеріміздің күллі тағдырының да – қолданыстағы заңдардың талап-қуатымен емес, біреулердің көңіл-күйлеріне, туыстық-жуыстығына, достық-қастығына, телефон әңгімелеріне байланысты шешілетін жағдайды қалай ғана жіберіп алдық, қалайша байқамай қалдық, деген ашу-ыза, уайым-қайғы іштей езіп-жаншиды, әрбірімізді...

...Бір заманда, бәлкім, Жақаңдардың қатарына басқа адамдар, жаңа толқын келер. Мүмкін мұны "үшінші күш" деп атаймыз ба, "Құрылтай" дейміз бе, әйтеуір, ары тазалау, ниеті адалдау, бала-шағасының ертеңіне басы ауырып, балтыры сыздайтын адамдар бас біріктіріп, міндетті түрде Қазақ Елін жаңартып-жандандыруға ұмтылыс жасар...

Бәлкім, бұл топқа саяси көзқарастары әралуан адамдар шоғырлануы да кәдік. Басты мәселе – бетімен кеткен биліктің кеудесін басып, тәубесіне түсіру; жайылып жатқан жағдайдың етек-жеңін жинап, қалыпқа келтіруге күш салу.
Арман-мұңы осыған сайған қазақтың бас оппозиционері былай дейді: "Егемендіктің 20 жылында халық билікке де, басқаға да сенуден қалды. Сондықтан біз жаңа тұжырымдамамызда: "Халыққа да, билікке де ең асыл қасиет – адамгершілік құндылықтарын қайтару керек" деп жаздық..."

Жаңаөзен қасіретінің түйіні де қарапайым адамгершілік құндылықтардың табанға тапталуында жатыр. Жұмысшылар мен қожайындарының арасында келіспеушілік орын алды. Жұмысшының талабына құлақ аспай, кекірейген қожайын қолдан қарсылық туғызды. Келіспеушіліктің тамырын тауып, даудың күрмеуін шешу арқылы делдал болуға тиіс билік бірден қожайындарды қолдап шыға келді. Ақыры, жағдай ушығып, бақылау шеңберінен шығып кетті.
Еліміздегі жаппай жұмыссыздық – кедейшілікке алып келді, кедейшілік – кикілжіңге сүйреді. Билік әр қадамын "жеті өлшеп, бір кесіп", айбайлап басуы керек.

...Қазір Жармахан ТҰЯҚБАЙдың биліктен өз ырқымен бас тартқанына 9 жыл толды. Осы жылдарда бірде-бір адам ашығын айтып, әділдік қуып, өз еркімен биліктен бас тартқан жоқ! Сірә, жаңа қазақ тарихында мұндай жүрек жұтқан батыл қадам мен бет қаратпас батырлық қасиеттің жалқы иесі – ұлтымыздың ұлағатты ұлы, қазақтың қаһарман перзенті Жармахан ТҰЯҚБАЙ жалғыз болып қалатын сияқты!

Десе де, биліктің ұшар басында іші қазандай қайнап, тілін тістеген таза жігіттер де аз емес. Осыдан 10-15 жыл бұрын биліктің белгілі бір тармақтары мен кезеңдерінде шындықтың ұшын шығарып, аз да болса, адал сөз айтуға мүмкіндік бар еді, болмашы ой еркіндігі бар еді – қазір оған қара құлып салынды. Бәрін белгісіз үрей билеген, қорқыныш қысқан. Билікке де, оппозицияға да көңілі қалған жұрт жолдан адасып, қайсыбір лаңкестердің құрығына түсіп жатыр...

Билік жауапкершілік сезініп, қоғам бақылау қоймаса, көңілсіз күніңнің көлеңкесі кетпейді. Шенеунік өзінен-өзі ақылға келіп, арына жүгінбейді. Мемлекеттік қызметте кадр таңдап-іріктеуден бастап, әрбір тағайындаудың бәрі халықтың алақанындағыдай айқын да ашық болуы керек. Сонда ғана білімді озып, білікті өседі.

Десе де, бұлай боларына: қазақ топырағында адалдық жеңіп, әділдіктің орнарына сенудің өзі қиямет. Ал, еліміздің Бас демократы: "Біздің елімізде бәрі де болуы мүмкін!" – деп, үміт шырағын үрлейді... Біздің тілегіміз де Жақаңның ниетімен сабақтас: "Біздің елімізде тек қана жақсылықтар болсын!".
"Таңдау мезгілінің" майталман-марқасқасымен басқаша болуы мүмкін бе?!.

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
"Қазақ Елі" халықтық қозғалысының төрағасы
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338