Әр руға жеке президент сайланса, қазақ деген ұлт қайда қалады?
Русыз қазақ ұлты жоқ. Арғы терең тарихты қазбаламағанның өзінде, бергі кезеңге зер салайықшы. Қазақ тарихын зерттеуші кез келген ғалымның руларға, руаралық қатынастарға соқпай өтпейтіні жоқ. Өйткені ол кез келгеніміздің өткеніміз, ата тегіміздің анықтаушысы. Шыққан тегін білу — әр перзентке парыз. Десек те, руымен мақтану, руының беделін негізсіз әрекеттері арқылы көтеруге ұмтылу көбейіп барады. Бұл бүкіл қоғамның алаңына айнала бастады.
Жақында Шымкент қаласының атқарушы билігі жекеменшік көлік нөмірлері салынған рамкалардағы «ұлы жүз», «орта жүз», кіші жүз» деген анықтамалықтардың ұлттық бірлікке қауіп төндіретін нышан екенін мәлімдеді. 250 теңге тұратын бұл рамкалардың барлық сауда нысандарына қайдан түсетінін, астыртын қай жерлерде дайындалып келіп жатқанын қазірге құзырлы орындар анықтай қойған жоқ. Әйтсе де, арнайы орындар мұндай «әшекейлер» үшін автокөлік иесінің айыппұл төлейтінін мәлімдеді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов осы мәселеге байланысты жақында қаладағы ірі сауда орындарының басшылары мен жол полициясы қызметкерлерін, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинап: «Трайбализм індетін өршіту көріністерімен бәріміз бір кісідей күресуіміз керек.
Русыз қазақ ұлты жоқ. Арғы терең тарихты қазбаламағанның өзінде, бергі кезеңге зер салайықшы. Қазақ тарихын зерттеуші кез келген ғалымның руларға, руаралық қатынастарға соқпай өтпейтіні жоқ. Өйткені ол кез келгеніміздің өткеніміз, ата тегіміздің анықтаушысы. Шыққан тегін білу — әр перзентке парыз. Десек те, руымен мақтану, руының беделін негізсіз әрекеттері арқылы көтеруге ұмтылу көбейіп барады. Бұл бүкіл қоғамның алаңына айнала бастады.
Жақында Шымкент қаласының атқарушы билігі жекеменшік көлік нөмірлері салынған рамкалардағы «ұлы жүз», «орта жүз», кіші жүз» деген анықтамалықтардың ұлттық бірлікке қауіп төндіретін нышан екенін мәлімдеді. 250 теңге тұратын бұл рамкалардың барлық сауда нысандарына қайдан түсетінін, астыртын қай жерлерде дайындалып келіп жатқанын қазірге құзырлы орындар анықтай қойған жоқ. Әйтсе де, арнайы орындар мұндай «әшекейлер» үшін автокөлік иесінің айыппұл төлейтінін мәлімдеді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов осы мәселеге байланысты жақында қаладағы ірі сауда орындарының басшылары мен жол полициясы қызметкерлерін, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жинап: «Трайбализм індетін өршіту көріністерімен бәріміз бір кісідей күресуіміз керек.
20 жылдан бері біз демократия қағидаларын басшылыққа алатын тұтас бір ұлт қалыптастыру жолында еңбек сіңіріп жатырмыз. Ендеше, бүгін қоғамда орын алып отырған бұндай келеңсіздіктермен бірлесе отырып, күресуге тиіспіз», – дегенді айтты. Сара Найман, Аша Матай, Нұрлан Албан секілді әншілер тұрғанда, батыстың, шығыстың руаралық жиналыстардың жиілей түскен тұсында бұл көрініс бір ғана Шымкент қаласында орын алып отырған жағдай деп тағы да айта алмаймыз. Қазіргі таңда әр жерде өзінің ру шежіресін жинап, оны том-том кітап қылып шығару ісі сәнге айналды. Және мұндай ғылыми ізденістермен айналысуға, тарихын түгендеуге кез келген азамат құқылы. Бірақ, осы мәселені бүгінгі заманның әкімшілік құрылымымен, қоғамның қандай да бір басқарушылық қатынастарымен қабыстырамын деу қаншалықты ақылға қонымды, заң аясына қаншалықты сіңімді дүние. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана Қият деген рудың өз президентін сайлағаны жөнінде ақпарат жергілікті басылымдарда жарық көрді. Әлеуметтік желілерді аралап отырып «Керей.кз» деген сайтты көзіміз шалды. Арнайы, дәстүрлі жиын өткізіп, ат шаптырып алыстағы руласын жинайтындай, өз президенттерін сайлайтындай біртұстастықты ұран етіп отырған ұлттың басына не күн туды? Жаһандануға аяқ басқан капиталистік қоғам қазақтың осындай бөлінісін неге ауыздықтай алмай отыр? Демократиялық зайырлы, құқықтық мемлекет құруға ұмтылған ел заңдарының бәрі «Мақсаты немесе iс-әрекетi республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ, заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынатынын» көрсетеді. Қазақстан Республикасының өзінің атқарушы билігі, азаматтарының ұстанатын ашық саясаты, адам құқығын басшылыққа алатын принциптері бар. Ата Заң, Азаматтық кодекс, Әкімшілік кодекс, адам құқығы төңірегіндегі халықаралық құжаттар ұлттық қана емес, әлемдік адамзатты тұтастыруды, солардың бірлік, ынтымақ, ауызбірлікте бейбіт ғұмыр кешуін насихаттауды мақсат етеді.
Ендеше, азғантай қазақтың алатайдай бөлінуі «алтау ала болып ауыздағыны кетірдінің» кері емес пе?
Қазақ интернетін, қазақ контенттерін дамыта алмай отырған кезде арнайы ру сайтын ашу сол ру «патриоттарының» сеператистік көзқарастарының шарықтау шегі дейміз бе? ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 344-бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмдерiн, сол сияқты өзге де өнiмдердi Қазақстан Республикасының аумағында даярлау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату бабында да «тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiктi, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған мәлiметтерi мен материалдары бар бұқаралық ақпарат құралдарына жатпайтын өзге де өнiмдердi Қазақстан Республикасының аумағында даярлау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату заңмен қудаланатынын айтады. Ендеше, ол сайттың арнайы құзырлы орындарда тіркеуден өтіп, бүгінгі таңда жұмыс істеп отырғанының өзі көпке беймәлім ахуал.
Бір кездегі хандық дәуірде рулық қатынастар арқылы басқару ондай жартылай жауынгерлік, жаугершілік заманда шынында тиімді болды. Бірақ, бізде қазір мемлекеттік басқарудың заманауи, жаңаша сипатқа негізделген атрибуттары толықтай қалыптасты. Тарихшылар тарапынан Тәуке ханның негізгі кемшіліктерінің бірі саналатын жүздік бөлініс келмеске кеткенін уақыт әлдеқашан дәлелдеп қойды.
Шолпан Рақымқызы,
«Заң газеті»
Тақырыпқа орай
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы:
– Бұл талайдан бері қазақтың үлкен мәселесіне айналып, айтылып келе жатыр. Кезінде дәл осы мәселе үшін үлкен бір жазушы ағамызбен сөзге келіп, айтысып да қалған едім. Ол: «Руға бөлінуді қайта тірілтудің ешқандай зияны жоқ, керісінше, пайдалы тұстары көп» десе, мен «Халықтың руға бөлінуі билікке әсер етеді, елдің бірлігіне іріткі түсіреді. Мәселен, депутат сайлаған кезде халықтың руға бөлініп, тура ХІХ ғасырдағы кейпіне түскенін талай рет байқадым», – деген едім. Әлі де осы ойымнан қайтпаймын. Алдағы уақытта халық рушылдықты қоймаса, президент сайлауына да бұл бөліністің өз әсерін тигізуі әбден мүмкін. Олар бүгін орталарынан хан сайлап отырған адамын ертеңгі күні президент етіп сайлауға тырысуы ықтимал. Ал, өз руын ғана жарылқағыш, мұндай президенттерден халыққа қандай пайда бар?! Сондықтан, мен руға бөлініп, араларынан біреуін президент сайлап, құрылтай өткізіп, әбігерленіп жатқан елдің тіршілігін құптамаймын. Бұл жақсы нәрсе емес. Мен руға бөлінуге қос қолымды көтеріп қарсы тұрамын.
Жалпы халықтың руға бөлінуді әдетке айналдырып алғанын көп нәрседен байқаймыз. Мәселен, қазір ауылда қанша ру болса, сонша мешіт болуы әдетке айналды. Алла біреу десек те, ауылдағы ағайын басқа рудың мешітіне пітірін бермейді, басқа рудың мешітіне кірмейді. Тіпті, сол мешіттің өзін өзара бәсекелесіп салуды әдетке айналдырды. Ол аздай жастар мініп жүрген көлігінің сыртына найман, арғын, албан деп жазып алатын болыпты. Қай күні бір көлік көшеде жүйткіп барады, артына Ұлы жүз деп жазып алыпты. Тағы бір жастар керей, албан, матай деген руларын есімдеріне тіркеп сахнаға алып шығып жүр. Тізе берсек мұндай мысалдар өте көп. Руға бөлінуден бас тарту қазақ болудан бас тарту деген сөз емес. Біз осыны түсінуіміз керек. Әр қазақ бір-біріне бауыр. Басты қағида осы болуы керек. Руға бөлінуге тыйым салу үшін арнайы заң қабылдаудың қажеті жоқ. Мәселен, көліктерінің сыртын сәндеп алған көлік жүргізушілеріне тыйым салу жол полициясы қызметкерлерінің әрекеті болуы керек. Онсыз да көлікті орынсыз сәндемеу туралы заң бар ғой. Осы заңның аясында тентектерді тезге салсын. Әр руды ағаштың бұтағына теңейтін болсақ, осы бұтақты әркім өзіне керегінше бұрып алатын болса бұл ағаштың діңгегіне әсер етпей ме? Яғни, руға бөліну де мемлекеттігімізге әсер ететін дүние. Рас, қазір батыр бабаларымызға ас жиі беріліп жатады. Бірақ, сол батырды бір рудың иемденіп алып, асты сол рудың жиналысына айналдыру қажет емес. Қазір мені де өз жеріміздің батыры Барақ батырдың 270 жылдығына шақырып жатыр. Батырдың әруағы үшін барып қол жаю парызымыз. Алайда, көңілге кірбің ұялататын нәрсе бар. Ол жерде міндетті түрде бір рудың балалары болады. Екінші жағынан алып қарасақ, қазақтың батырын, қазақ елін қорғау үшін жауға шапқан батырды бір рудың адамдарының бөліп алып, асын бөлініп алып тойлауы көңіліңді құлазытады. Осыдан кейін асқа баруға да ойланатын халге түстік. Сондықтан, қайталап айтамын, біз рушылдықты қоюымыз керек. Онсыз да аз халықпыз. Оның өзінің бірлігі болмаса, қайтіп ел боламыз біз? Қазақтың бірлігі болмаса, Қазақстан мемлекетінің күйрейтінін ойлауымыз керек.
Жабал ШОЙЫНБЕТ,
«Хакім Абай» қайырымдылық қорының президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарушы директоры:
– Барлық нәрсеге рушылдық тұрғыдан қарап баға беру дұрыс емес. Мен елімізде рушылдық дерті асқынып тұр деп айта алмас едім. Бірлі-жарым тентек көлігінің сыртына руының атын жазып алды деп тіксінудің қажеті жоқ. Ел болған соң сондай тентегі болады. Руын білудің артық тұстары да бар. Мәселен, қазақ руға бөліну арқылы қан тазалығын сақтап отырған бірден-бір ұлт. Біз мұны қалай жоққа шығарамыз?! Немесе рудағы ең үлкен ақсақалды рубасы сайлау арқылы сол рудың тентегін тезге салып отыру дәстүрі бұрыннан бар нәрсе. Ел ішіндегі болмашы тентектігі үшін темір тордың ар жағынан шығып жатқан жастарымыз аз ба? Ал, сондайларды ауыл ақсақалдары ортаға алып, ақылдарын айтып отырса олар тез жөнге түсер еді. Осы секілді руға бөлінудің де артық тұстары бар. Біз осыны жан-жақты ойластыра отырып, баға беруіміз керек.
Атап айта кетер жайт, әр нәрсенің шегі болады. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Рулық жүйе қажет. Бірақ, ол әр рудың президентін сайлап алу секілді асқынған дәрежеде болмауы тиіс. Руға мұншалықты дәрежеде бөліну сыртқы жауларымызға оңтайлы тұс тудыратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан, рушылдықтан арылу үшін арнайы заң қабылдап, даурықтырудың жөні жоқ. Бірақ, рулық жүйе өзінің шегімен болуын қадағалауымыз керек. Руға бөлінген ағайын өздерінің мемлекеттің бір бөлшегі екенін ұмытпаса екен деймін. Айналып келгенде, бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы, бір мемлекет, бір Елбасы екенін естен шығармайтындай дәрежеде болса болғаны. Барлық рудың басын қосқанда қазақ деген бір ұлт қана пайда болатынын ұмытпауымыз керек. Руға бөліну қажет. Бірақ, ол әркімнің өз отбасының шығу тарихын білумен ғана шектелуі керек. Бізге руға бөлінудің тиімді тұстарын ұғынып, өз мүддемізге қарай бейімдейтін кез жетті.
Сауалнаманы дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
"Заң" газеті