Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Ой түрткі 1676 7 пікір 7 Маусым, 2023 сағат 14:24

Қалың қазақ еліне айналу қиын ба?

Сурет: camonitor.kz

Қиын емес, тек, мемлекеттік саясатты халыққа жақын, оңтайлы жүргізсең…

Қазіргі күндері елімізде саяси реформалар жасап, шартарап елдерінен көптеп инвестиция тартып, республика тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, елімізге аса қажет , тағы бір өзекті проблеманы ұмытуға болмайды. Ол – айналадағы мемлекеттерде шашырап жүрген қандастарымызды елге қайтару.

Бұл да уақыт күттірмейтін үлкен шаруа. Мемлекеттегі еңбек күшін барынша жақсарту үшін, жан-жақтан мигранттарды емес, бізге өзіміздің қандастарымызды тарту керек. Мысалы: өзбек елінің құрамындағы Қарақалпақстанда үш жүз елу мыңдай қазақ бар екен. Экологиялық апаттың аумағында тұрған, азып-тозған бұл өңірден неге қандастарымызды шақырып алмаймыз? Соларды, бала туу көрсеткіші мүлде жоғалған, еңбек етуге адам таба алмай отырған, солтүстік облыстарға орналастыруға болар еді ғой. Бұл өлкелердегі қаңырап, бос қалған елді мекендер жанданып, мал шаруашылығы және кәсіпкерлік жаппай дамитын еді.

Жалпы, халық қалың қоныстанған оңтүстік облыстарда тоғыз миллионға жуық адам тұрады екен. Сол секілді, қазағы көп батыс облыстарда төрт миллионға жуық адам бар. Бұған қоса, Абай мен Ұлытау облысы және Қостанай облысының құрамындағы бұрынғы Торғай өлкесі, Қарағандының Қарқаралы, Ақтоғай шет аудандары тұтасымен қазақ тілді орта деуге болады. Тіпті, бірнеше миллиондық Алматы, Шымкент қалаларының өздері ішінара болмаса, толықтай қазақы шаһарлар десек, қателеспейміз. Бұған қоса, оңтүстік аймақта қоныс тепкен алты жүз мыңдай өзбек ағайындардың өзі қазақ тілді тұрғындар. Олар орыс тілін керек те қылмайды. Сонда республика көлеміндегі қазақ тілінде қарым-қатынас жасайтын және еңбек ететін тұрғындарымыз он алты миллионнан асып жығылады екен.

Аса қадірменді билікке айтарым! Мемлекеттік саясатты және істі қазақ тілінде жүргізгеніңіз дұрыс болары еді және министрлер кабинетін қазақ тілінде жұмыс жүргізе алатын, тәжірибе жинаған, саяси сауаты жоғары, жауапкершілігі мықты, еңбекқор азаматтардан тағайындағаныңыз орынды дер едім.

Өзбекстанда миллионнан аса (мүмкін оданда көп) қазақ бар. Соларды өзбекке сіңіп кетпей тұрғанда, неге қайтарып алмаймыз? Бұл әлде, күн тәртібінде жоқ па? Сол сияқты, Түркменстанда да, Түркияда да, басқа да елдердегі қандастарды қайтаратын уақыт әлдеқашан жетті ғой. Тіпті, Ауғанстан мен Пәкістанда шоғырланып, күн көріп жатқан қазақтарды да елімізге қоныстандыру керек. Бұлар өткен ғасырдағы алапат ашаршылық кезінде ауып кеткендер. Тіпті осы екі елдегі қандастарымызды елге әкеліп, арнайы аудандарға орналастырып, бақылауға алуға болар еді.

Кеңес Одағының тұсында немістерді Қазақстанға жер аударғанда, осылай, арнайы аумақтарға қоныстандырып, бақылау қойып қойғанын білеміз. Кейіннен сол неміс этносы қатарға қосылып, елімізге көп-көрім еңбек сіңірді. Мұны ұмытуға болмайды.

Менің тағы бір пікірім, көрші қарақалпақтарды, шындығы керек, аты қарақалпақ болғанымен, олардың құрамында да қоңыраттар, қыпшақтар, қатаған және қият өзге де қазақтың ру, тайпалары  көптеп  кездеседі.  Тілі де қазақ тілінен көп айырмашылығы жоқ. Ресейдің Кавказ, Астрахан жағында орналасқан ноғайлар да – бұрынғы қазақтар. Осыларды арнайы бағдарлама жасап, егер өздері қазақ болып жазылғысы келсе, елге шақырып, солтүстік және шығыс облыстарға жібергенде қалай болар еді? Олардың өсіп келе жатқан жеткіншектерін арнайы қазақ мектептерінде оқытса... Қарап отырсаң, шартарап елдері, тіпті, қасымыздағы Өзбекстан да солай етіп жатыр ғой. Онда тұрған еш оғаштық жоқ. Осы арада қазіргі Ресей жағдайын мысал ретінде айтайын. 

Қазіргі күндері көрші Ресейдің Қиыр шығысы мен тұтас Сібір аумағында он төрт-ақ миллион адам тұрады. Бұл жақтағы облыстардың ауылдары мен аудандарында, моно қалаларында адам қалмады. Құлазып, қаңырап, бос тұр. Ұлты орыс тұрғындарының бәрі қашып, осы елдің еуропалық бөлігіне жиналып алды. Ресейдің қатты қорқып отырғаны да осы. Қасында, шекарасы мыңдаған шақырымға созылған, бір жарым миллиардқа таяу жұрты бар Қытай тұр. Оларға шекара сызығынан бір-екі қадам аттап, ішке кіріп кету көп қиындық тудырмайды. Ресей билігі қаңырап иен қалған осы өлкелерге жіберуге адам таппай қиналуда. Украинамен арадағы соғыстан қашқандай Қиыр шығыс пен Сібірге баруға орта жастағылар мен жастар жағы мүлде бас тартуда. Біздің елде қайта солтүстік облыстарға оңтүстіктен барып жатыр ғой. Бұларда ол да жоқ. Орыс әйелдері кейінгі он жылдан бері мүлде бала тумайтын болды. Туу деңгейі өте төмен. Тағы ескертеріміз, Поволжье және Орал тауы өңірлерінде татары мен башқұртын, шувашы мен мордванын, орысын, сондай-ақ, тағы басқаларын қосқанда, он жеті миллионға жетер-жетпес ел тұрады. Бұларда да еңбек күші жетпейді. Ресейдің еуропалық бөлігінде алпыс миллионнан сәл ғана асатын тұрғын бар. Егер осылардың бәрін қосып есептесең, жүз қырық екі миллион тұрмақ, жүз миллионға жетпейді. Ресей билігі осының барлығын өте құпия түрде жасырып отыр-ау деп кейде ойлаймыз. Ресей «осынау орасан үлкен аумақтан айырылып қаламыз ба» деп қатты үрейленуде. Көршісі Украинамен соғысуға сарбаздары таусылып (техникасы да), аласұрып жатқаны да содан. Кремльдің қазіргі ұстанып отырған сасық саясаты Қазақстан мен Өзбекстан, Қырғыстан, Тәжікстан мен Түркіменстан елдерін алдап түсіріп, иелігіне алып, солардың дүркіреп өсіп келе жатқан адам ресурстарын пайдаланбақ. Егер шындап қарайтын болсақ, Орталық Азияның халық санымен Ресейдің тұрғындары теңесуге жақын қалды. Сондықтан, солтүстіктегі көршіден қорқып, сескеніп тіптен керегі жоқ. Өздері айтып жүргендей, құрып бара жатыр. Қазір олардың экономикасы да біртіндеп қирау үстінде.

Дегенмен, менің айтарым, мысал ретінде келтірген Ресей секілді азып-тозып кетпеу үшін айналадағы мемлекеттердегі қандастарымызды жинап алу, елімізді толық қанды қазақ мемлекетіне айналдыру, сондай-ақ, елдің күш-қуатын арттыру, қазіргі биліктің күн тәртібінен түспеуі қажет-ақ. Егер, өздері айтып жүргендей еститін билік пен үкімет болса…

 

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

7 пікір