Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5753 0 пікір 28 Мамыр, 2013 сағат 05:09

Құрманғали Даркенов. «Торғай ісі»

 

Қазіргі кезеңде қазақ халқының жартысына жуығы қырылған 1930-32 жылдардағы ашаршылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-22 жылдардағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса әлі айтыла қойған жоқ.

Мұрағат деректері мен басылымдарға назар аудара келсек, 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі, атап айтсақ, Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырады [1]. 2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді. Олардың әрқайсының ара жігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өршіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халыққты күйзеліске душар етті.

 

Қазіргі кезеңде қазақ халқының жартысына жуығы қырылған 1930-32 жылдардағы ашаршылық біршама зерттеліп жазылғанымен, 1921-22 жылдардағы ашаршылық жөнінде бірен-саран еңбектерде болмаса әлі айтыла қойған жоқ.

Мұрағат деректері мен басылымдарға назар аудара келсек, 1921 жылы Қазақстанның бес губерниясы мен бір уезі, атап айтсақ, Орынбор, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі ашаршылыққа ұшырады [1]. 2 653 300 адам тұратын Қазақстанның батыс бөлігімен және онымен шекараласатын Қостанай губернияларының ашаршылыққа душар болуының объективті және субъективті себептері бар еді. Олардың әрқайсының ара жігін таратпай жалпы айтсақ, 1921 жылғы аштықтың негізі әріде, тереңде жатты. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығының өршіп, Торғай төңірегін қамтыған ұлт-азаттық күресі, ақ пен қызыл кезекпе кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер азаматтың ат үстінде болуы қалыптасқан шаруашылық жүйесін тоқырауға ұшыратты. Оның үстіне 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылық ауыл шаруашылығын тұралатып, халыққты күйзеліске душар етті.

Бұл азаматтық соғысының енді ғана аяқталған, большевиктер ел ішіндегі саяси- экономикалық, әлеуметтік шиеленісті өз пайдасына әлі толық шеше алмаған өлара кезең еді. Кронштат бүлігі, шаруалар наразылығы, большевиктер билігін әлі де мойындай қоймау – сол кезеңнің жалпы ахуалының сипатын көрсететін.  Осы кезеңде тек қана Қазақстанда ғана емес, Ресейдің бірқатар жерінде де Астрахан, Царицын, Саратов, Самара, Симбирск, Уфа губерниялары ашаршылық құрсауына түскен болатын.

Әрине, Қазақстандағы ауыр жағдайды орталықтағы большевиктік билік білді. Солай болғанымен, ашаршылыққа ұшыраған Ресей губернияларға көмек көрсетуді талап етті. Өз еліндегі ашаршылықтың дендеп, етек алып бара жатқанын көріп, біліп отырған қазақ елінің билігі алдарында тұрған екі мәселені де шешу жолын ұстанды. Ресейге ішінара көмек жасағанымен, ел ішіндегі жағдайды реттеуді бірінші кезекке қойды. Сондықтан да болар, Қазақ Орталық Атқару Комитеті атынан Ә.Жанкелдин мен Киселев Қазақстандағы ашаршылық жайын айта келіп, жағдайды реттеу әрі бір жағынан жеңілдету мақсатында Қазақстан территориясындағы басқа ұлт өкілдерін, мысалы, украиндарды өз республикаларына қоныс аударуға рұхсат беруін сұрады. Ашық айтылмаса да, бір себептері немесе орталықтың алыстан ойлаған мақсаттары болды ма бұл ұсынысқа келісім бермеді. Сонымен қатар, алдын ала жоспарланған Қазақстанға Ресейден қоныс аударуға тиісті 2 млн адамды орналастыру мәселесі де өзгеріссіз қалды [2].

Қазақстанға Ресейден 2 млн адамды қоныстандыру қажет деген мәселе күн тәртібінде тұрғанымен, осы уақытта Қазақстанда аталған бес губерния мен бір уезде ашаршылыққа ұшырағандар саны да мәлімет бойынша 2 млн адам еді. 1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша Орынбор губерниясында – 437 776, Қостанай губерниясында – 252 816, Ақтөбе губерниясында – 359 326, Орал губерниясында – 277 835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде – 75 мың ашаршылыққа ұшырады [1]. Бұл мәліметтің өзін орталықтың қырына ұшырап қалмау үшін қазақ билігі азайтып берген де болуы мүмкін. Себебі, осы жылдары ел ісіне белсене араласып, елдің ауыр халін өз көзімен көрген М.Әуезов «...аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады» дегенді бекер айтпаған болуы керек [3, 79 б]. Бұл биліктің дәрменсіздігі мен аштан қырылып жатқан қазақты көрген адамның жан айқайы, ышқынуы еді. Қазақстанда осыншама 2 млн адам ашаршылыққа душар болғанда, оларды ашаршылық тұзағынан алып шығу үшін қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру, оларға көмек беру орынына тағыда осындай 2 млн адам адамды Ресейден Қазақстанға қоныс аудару ешбір логикаға келмейтін еді.

Бірақ, Қазақстанда ашаршылық тұзағына түскендер жоғарыда аталғандар ғана емес басқа да жағдайы дұрыс деген губерниялар жайы да оңып тұрмады. Тек қана, Ақмолада аштыққа ұшырағандар санын 100 670 адам деп көрсетілді. Ақмоланың өзінде жағдай осылай болғандығына қарамастан, оларға Москвадан берілген жоспардан тыс тағы да 300 мың тонна астықты Ресейге жіберу міндеттелді [4, 288 б].Лениннен жұмысшылар мен шаруаларға көмектесу керек деген жеделхат келген соң Арал балықшылары да 1921 жылдың 25 желтоқсанында Ресейге 14 вагон балық тиеп жөнелетті [5, 170 п]. Аштыққа ұшыраған Қазақстанға орталықтан көмек келгені былай тұрсын, қайта азық-түлік жіберу талап етілді.

Ақиқатын айтсақ, осы кезде ұлтжанды қазақ зиялылары, оның ішінде С.Садуақасов пен М.Әуезов ашаршылылық жайын айтып дабыл қақты. «...дәл осы, 1921 жылдың күзі мен 1922 жылдың көктем айларына дейінгі аралықта үлттың мүдейтін қорғайтын аса көкейтесті шаралардың бірде-біреуі Смағұл мен Мұхтардың қатысуынсыз өткен жоқ. Бұл қарсаңда қазақтың «қаратаяқтары» (зиялыларды қыр қазақтары осылай атаған) бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде ұйымшылдық танытып, ішінара сая іздеген саяқтары болмаса, қалғандарының барлығы да ұлттық мүдденің айналасына топтасты [3, 75 б].

Қазақстанның солтүстік батыс аймағын қамтыған аштық қазақ ұлтының келешегіне, ұлт болып қалуына қауіп төндірді. Аштық қауіпі күннен күнге ұлғайып, жан сақтау үшін қолына түскеннің бәрін жеп, тіпті адам етін адам жеп жатқандығы жөніндегі суық хабарлар жетіп жатқандығына қарамастан Орынбордағы қазақ билігі орынынан қозғалып батыл шараларға бара қоймады. Оның, екі түрлі себебі бар еді. Біріншіден, Қазақ Өлкелік Революциялық комитетінің мүшелері негізінен қазақ емес ұлт өкілдерінен құралды да, қазақ даласындағы ауыр халге соншалықты мазасыздана қоймады. Олар керісінше, Ресейдің ашаршылыққа ұшыраған аудандарынан Қазақстаннан азық-түлік көмегін ұйымдастыруға белсене кірісті. Қазақ отбасыларының тіршілік етіп отырған алдындағы азын аулақ малын,  астығын жинап алды. Екіншіден, қазақ зиялылары арасында да таптық ұстанымдарына байланысты жік туып, биліктегі тапшылдар ел ішіндегі ашаршылықты, ауыр халды баяндап шара қолдануды талап еткен зиялыларды, алашордашылардың кеңес үкіметіне қарсы әрекеті деп қабылдады. Сонымен қатар, ұлтжанды қазақ зиялыларының ұлттық мәселелерді көтеруі биліктегі басқа ұлт өкілдеріне де ұнай қоймады. Олардың арасында келісе алмаушылық жиі болды. Сондықтан, билік қазақ еліндегі ашаршылыққа бастапқы кезеңде белсене кіріспеді.

Оны осы жылдардағы Қазақ Өлкелік революциялық Комитетінің жұмыс жоспарынан да көруге болады. Назар аударсақ:

1. ВКП(б) ның ХІІ съезіне дайындық. 2. Ресейде аштыққа ұшыраған аудандарға азық-түлік жөнелту үшін жергілікті ұлттың қолындағыларын жинап алу; 3. Бұған қарсы халықтың наразылығын ұйымдастырып ... отырған «қазақ ұлтшылдарына қарсы күресу [3, 75 б]. Сол кезеңдегі Қазақстандағы большевиктік биліктің ұстаған бағыты осындай болды. Халықтың алдындағы малы мен қолындағы соңғы өзек жалғап отырғанын әсіреқызыл белсенділер қорқытып-үркітіп жинап алды. Орталыққа жақсы көріну үшін жергілікті халықтыың өзі ашаршылыққа душар болып отырғанда, жиналғандарды Ресейге жөнелтті. Ал, бұл жағдайды көріп біліп отырып, мұндай іске наразылық білдірген қазақ зиялыларын тапшылдар «ұлтшылдар», «пролетарлық интернационализмге қарсылар» ретінде кінәлады. Сонымен қатар, С.Меңдешев бастаған большевиктер Москваға төмендегідей мәтінде жедел хат жолдаған. «Ашаршылық туралы қауесетті таратып жүрген ұлтшылдар. Олар қарапайым шаруаның мұң мұқтажын жоқтағансып, еңбекшелердің назарын өздеріне аудару үшін қасақана байбалам салуда» - деген. Профессор Т.Жұртпайдың пікірінше, «Шындығында, тура сол кезде С.Меңдешевтің туған ауылында түтіні тік шығатын бірде-бір үй қалмаған еді» [3, 76 б]. Егер, 1921 жылдың наурызындағы мәліметке сенсек, С.Меңдешевтің елі Орал губерниясында тұратын 470 028 адамның 446 536-сы, яғни 99% аштыққа ұшырады. Басқа губернияларда жағдай сәл тәуірірек дегенмен олар да жағдай оңып тұрмады.

Ашаршылық меңдеген сол жылдары биліктегі большевиктер аштан қырылып жатқан қазақтар тағдыры жөнінде мәселе көтерген ұлтжанды қазақ зиялыларының іс-әрекетін  кеңестік құрылысқа қарсы ұлтшылдардың әдейі жасап отырғаны  деп айыптады. Ел ішіндегі аштықты дер кезінде тізгіндей алмаған билік уақыт өткізіп кеш қимылдады. Оның өзінде өздері ұлтшылдар деп айыптап отырғандардың талап етуімен. 1921 жылдың 10 желтоқсанында қазақ қызметкерлері қатысқан кеңесте күн тәртібінде, бірінші, қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру, екінші, қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту және оларды тиімді пайдалану қаралды. Бірінші мәселе бойынша, М.Әуезовтың баяндамасы тыңдалды. М.Әуезов ел ішіндегі ауыр жайды баяндап «...Көптеген аудандардағы қазақтар көптен бері тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы да сол сияқты ұсақ жәндіктермен өзегін жалғауда, соның кесірінен әр түрлі жұқпалы аурулар мен індеттер естіп білмеген деңгейде таралып барады» деп мәлімдеді.

Осы кеңестен кейін ғана, қақаған қыста аштыққа ұшыраған аудандарға көмек көрсетуге қадам жасалды. Бірақ, қаһарына мінген қыста ел жағдайы одан сайын ауырлап кеткен еді. Осы кеңесте шалғай жатқан Торғайға Қостанай арқылы жіберілетін көмек бармай қалады, азық-түлік Қостанайдың өз басында қалып жергілікті халыққа жетпейді деген болу керек  қабылданған қаулыда «Торғайға жіберілетін азық-түлік жәрдемі Қостанайдан бөлек жіберілуін орталық арқылы шешуге қол жеткізсін» деленді[6, с.197 ].

Қостанайға арнайы барған С.Садуақасовтың жазуынша, Қостанайда аштарға арналған асханалар мен балалар үйі ашылғанымен, ол қалың қазақ ішінде ашылмаған. Қостанайдың өз басында ашылған асханаларда тамақтандырып жатқан аштар ішінде қазақтар жоқ. Ал, асханаға қажетті ет үшін малды аш қазақтардың өзінен алып отырған. Қазақтарға жәрдем бермек түгілі олардың қолындағыларын жинап алған. «Қостанайдың орыстарынан қазақтың халі жаман. Қазақ ішінде аштық жазға қарай көбейді. Жер қарайып кеткен соң қайта қар жауап, малдың жартысына жуығын қырып кетті. Ел ішінде өліп жатыр. ...Қостанай мекемелерінің аштарға жәрдем беруі де басқаша. Өздерінің Қостанайынша!.. ...Бұл айтқандар – ертегі емес, шып-шын оқиға. Қостанайда болып отырған оқиға» - деп ашына жазды [7, 280-281 бб]. Сондықтан да болар, Торғайға жіберілетін азық-түлік жәрдемі Қостанайдан бөлек жіберілсін деген қаулының қабылданғаны.

Алғашында аштыққа ұшыраған Қостанай губерниясына көмек көрсету, азық-түлік қорын қалыптастыру, оны жеткізу Ақмола губерниясына жүктелді. Бірақ, бұл кейін екі түрлі себеппен өзгеріске түсті. Біріншіден, 1922 жылдың басында аштық құрсауына түскен Челябинск, Қостанай, Самара губернияларынан аштар легі шамамен 470 мың адам жан сақтау үшін Ақмола губерниясына ағылып  келді. Бұл әрине, қолдағы бар азық-түлік қорының бір бөлігін көмек көрсету үшін жұмсауға мүмкіндік бермеді. Сырттан келушілер жаңа проблемалар тудырды. Екіншіден, губерния құрамындағы Петропавл, Көкшетау, Атбасар уездері де осы кезеңде аштыққа ұшырады да, губерния әкімшілігі орталықтан аталған уездерді ашаршылыққа ұшырағандар ретінде санап, жиналған азық-түлік қорын ішкі қажеттілікке жұмсауға рұхсат сұрады.

Осыдан кейін Қостанай губерниясына көмек көрсету аштыққа ұшырамаған деп саналған Семей губерниясына міндеттелді. Қостанай губерниясы аштарына көмек көрсету басты мәселенің біріне айналды. Себебі, губерния халқының 90%-ы аштыққа ұшыраған еді. Қостанай губерниясы ішінде шалғайда жатқан Торғай уезінің жағдайы өте ауыр болды. 1921 жылдың жазындағы құрғақшылық, шөптің шықпауымен жетіспеушілігінен және қатал қыстан уездің 13 болысында да мал қырылды. Малдың қырылуы, жергілікті халықты тіршілік көзінен айырып ашаршылыққа ұшыратты. 13 болыс ішіндегі неғұрлым қуатты саналған Торғай, Шұбалаң, Майқарау, Сарықопа, Көртоғай және Қарақоға болыстарында да мал басы күрт кеміді. Елді аштық жайлады. Халық өз ата мекендерін тастап Ақтөбе, Қостанай, Жезқазған жаққа босты. Ақтөбеге жеткендері одан әрі басқа аймаққа кетті. Себебі, Ақтөбе губерниясының де халі оңып тұрмаған еді. Ол жақтағы халық та босқыншылыққа ұшырап жағдайы жақсы Түркстан губерниясына қарай ағылды.

Сонымен қатар, шалғайда орналасуы, көлік қатынасының қиын болуы, көмектің дер кезінде жетпеуінен Торғай уезі халқының жағдайы нашарлады. Сырттан келетін азық-түліктің жетуі де қиын болды [8]. Сондықтан, қиын жағдайда қалған Торғай уезінің атқару комитетіне республикалық органдармен тікелей  байланыс жасауға рұхсат берілді [9].

Осы жылдары ел қызметіне белсене араласқан М.Әуезов «Еңбекші қазақ» газетіне ашарлыққа байланысты көлемді мақала жариялап, елді ашыққандарға жылу жинауға, көмек көрсетуге шақырды [10; 3,84 б]. Елдің ауыр халіне қазақ зиялылары көз жұмып қарай алмады. М.Дулатов та «Ақжол» газетіне бірнеше мақала жариялап, шындықты жазып, қазақ билігі қозғалсын, қимылдасын деген ниетте болды. «Торғай үйезінде мал қырылып жатыр. Жазғы салым ашаршылық күтіп отырмыз. Алыстан азық таситын көлік қалған жоқ. Қарқаралы үйезінде шаруа күйзелді. Мал өліп жатыр. Жұрт жаяу, аш, жалаңаш... Темір үйезінде жұт. Ауру қалың, күнде жаназа... Бөкей ордасының қазақтары томыршық деген шөптің дәнін қағып жеп жатыр... Ырғыз үйезінің қазақтары саршұнақ тышқанды жеп жатыр. Күздігүні өлген малдардың өлексесін қар астынан қазып алып жеп жатыр. Өлексе әрі ас болмай, бишаралар қырылып жатыр, - деп жазды [11,53 б].

Ел ішін жайлаған аштық туралы айтылып, газетте жарияланғандарға «бұл ұлтшылдардың босқа даурығуы, кеңес үкіметіне қарсы іс-әрекеті, сондықтан ұлтшылдарға қарсы күресті күшейту керек» деп әрекетсіз отырған билікке М.Дулатов жанұшыра ашық түрде «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз? деген мақаласын Қазақстан үкіметінің назарына  деп атаумен жазды. «Елді ел қылу, қырғыннан құтқару үшін азамат тегіс атқа міну керек. Бірақ, азамат өкіметтен рұхсатсыз атқа міне алмайды. Сондықтан қазақ өкіметі қазақты ел қыламын десе, закон жолымен бекітіп, аштар үшін күйлі елдерден жылу жинауға рұхсат етсін. Елге сенімді, білімді, таза азаматтарды бастық қылып, 20-30 комиссия шығарсын. Бұларға керекті күш-көмегін берсін. Комиссиялар үйезді, облысты, ауданға бөліп араласын, жиналған малдарын жаз бойы ашаршылық болып жатқан жерлерге айдасын. Аш босқындарды аман елдерге көшіріп орналастырсын» - дей келіп, «...жалғыз өкімет тарапынан көрсетілген жәрдемге ғана сүйеніп отырсақ, елді қырып аламыз. Өкімет жәрдемін көрсете берсін, ол өз алдына, өзіміз жұрттың қамын ойлауымыз керек» деп ел зиялыларын ел ішіне баруға, көмек көрсетуге шақырды.

Қазақ өкіметі ел ішіндегі жағдайдың одан әрі ушығып бара жатқанын білді. Енді шегінерге жер қалмағанын түсінді ме, әлде аштықты жою ісіне қалың қазақты жұмылдыра бастаған «алашордашылар» ықпалының өсіп бара жатқанынан, оның сыртында ел ішіндегі ахуалдың ауырлап, аштықтың жайлағанына көзі жеткен соң ба ұлт зиялыларына рұхсат берді. Оның сыртында ашаршылықтан босқан елдің тасқыны қазақ шекарасынан тысқары кеткен еді. Орталық Атқару Комитеті аштарға көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін өз өкілдерін губернияларға, 1921 жылы сәуірде Ақмолаға Қияқов, Семейге Тоғжанов, Қостанай-Торғайға С.Сәдуақасов жіберілді.  [12,24-26 пп]. ҚОАК өкілі ретінде осы жылдары ел ісіне белсене араласып жүрген М.Әуезов те Семей губерниясына барды.

С.Сәдуақасовтың та «Қостанай-Торғай» мақаласы осы сапар нәтижесінде жазылып, 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 7-8 санында жарияланды. Осы мақаласында С.Сәдуақасов «Жүсіпбек Аймауытов соңғы бір мақаласында Орынбор азаматтарына «аштардың жанына барыңдар» деп жазды деген еді. Ұлттық мүдені қашанда жоғары ұстаған Ж.Аймауытов басқа да ұлт жанашырларымен бірлесіп ашаршылықа ұшыраған елге көмек көрсету мақсатында өзі тікелей араласып, басқаларға үлгі бола отырып жылу жинады.

Аштық Торғай елін есіңгіреткен тұста М.Дулатов ел аралап сауын айтып, аштыққа ұшырағандарға қол ұшын берулерін сұрап Семей губерниясының үш уезін аралап шықты. М.Әуезов Ертіс бойын аралап елден мал жинады. Ә.Бөкейханов өзі бас сауғалап жүрсе де 1921 жылы тобықтының Шаған, Бұғылы, Шыңғыс, Мұқыр, Қызыладыр және найманның сыбан болыстарынан сауынға мал жиып, Торғайға мал айдап бара жатқан Жүсіпбек Аймауытовқа табыстайды [3,90-91; 98-99;137 бб.]. Жанұшыра қимылдаған А.Байтұрсынов та қысыл таяң жағдайды баяндап, аштықтан халықты аман алып қалу үшін көмек қолдарын созуды сұрап үндеу жазды.

Жылу малын жинаушы ұлт зиялыларының ел ішіндегі беделінің, ықпалының жоғарылығы, оларға деген халықтың сенімі болар 1922 жылдың жазында 7 мың бас мал жиналды.

Жиналған малды шалғайда жатқан Торғай еліне апарып, ашыққан елге тарату жоспарланды. Оның себебі де бар еді. Біріншіден, орталықтан, сонымен бірге губерния орталығы Қостанайдың өзінен, әрі теміржолдан алыс Торғай уезі халқының жағдайы өте нашар болды. Оларға жол қашықтығынан көмек жетуі қиын еді. Екіншіден, жағдайы ежептәуір Қостанайдың шовинистік пиғылдағы орыс шаруалары ашыққан Торғай қазақтарына астық жіберуге қарсы болды [13,110 п]. Ал, өз жағдайы ауыр аштыық жайлаған көршілес Ақтөбеден көмек келуі мүмкін емес еді. Үшіншіден, Семейде жылу жинау жұмысына торғайлық зиялылар, оның ішінде М.Дулатов белсене араласты. Сол жылдары от ауызды, орақ тілді, батыл М.Дулатов та өзі елінің қиын жағдайы жеткізе айта білген болар. Сонымен қатар, Семей еліне жете таныс А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, Ғ.Бірімжанов, Н.Құлжанов, Н.Құлжанова, С.Кәдірбаев, А.Юсупов және т.б. ұлт зиялылары шыққан Торғай елінің ауыр халі қазақ оқығандарын, жалпы білетіндерді бей-жай қалдырмаған болуы керек. Жиналған жылу малының Торғай уезіне жіберілуіне осы аталғандар себеп болды ма дейміз.

Семей губерниясының комиссиясы он екі болыстан жиналған малды Торғай уезіне жеткізуді, мал айдауды ұйымдастыруды, жалпы басшылықты Ж.Аймауытовқа жүктеді. Жолға шығу үшін қажетті керек жарақты дайындау, іздеп табу існе біршама уақыт кетеді. Осы аралықта мал айдайтын малшыларды жалдады, малшылар үшін қос, дәрі-дәрмек дайындады. Жиналған мал Қарқаралыда болғандықтан 1922 жылдың 19 тамызында шығып, 1 қыркүйекте Ақмолаға жетті.

Аштық басталған сол жылдары адам бойындағы жақсы сапалы қасиеттерімен қатар, жаман қасиеттері де байқалып көзге түсті. Ел-жұрттың бірі, жақсысы аштық қыспағына түскен халыққа қолындағысын бөліп беріп жанашырлық, бауырмалдық танытса, сонымен қатар, екінші біреулері, жаманы айтқалы отырғанымыз мал айдағандар арасында малды айырбастау, жоғалтып жіберу, ұрлау секілді қасиетерімен көрінді. Айдалған мал қыркүйек айының ортасында Торғай уезіне жетті. Жол бойы 172 бас сиыр – өлді, 46 бас сиыр – тамаққа жұмсалды, 9 бас – еңбек ақыға берілді, 22 бас мал – айырбасталды, 14 бас – киімге, басқа да керек жараққа жұмсалды,  2 бас мал жоғалды. Жылқыдан да шығын шықты. 94 бас жылқы – өлді, 21 бас – тамаққа жұмсалды, 145 бас – ақыға беріліп, 47 бас – айырбасталып, 2 бас – Қарқаралыда қалдырылды. Екі түйе өлді. Айдалған малдан 2082 бас сиыр, 1982 бас жылқы, 185 қой, барлығы 4249 бас мал Торғай жеріне жетті [14,62 п].

Айдап әкелінген малды Торғайға жетпей 200 шақырым жерле Жалдама өзені бойына  қалдырып, Ж.Аймауытов Торғайға барып мал үлестіруге байланысты халықпен әкімшіліктің қатысуымен жиналыс жасады. Малды халыққа тарату үшін арнайы уездік комиссия құрылып, әр болыстан өкілдер кірді. Сонымен қатар, комиссия құрамына уездік аштар комиссиясының төрағасы Құлжанов пен ел ішінде ықпалды адамдардың бірі Б.Болғамбаев кірді.

Осылай әкелінген мал Торғай еліне таратылып аштықтан қиналған жандарға көмек көрсетілді. Бұл арада Ж.Аймауытовтың ел таныған тұлға, адал азамат ретінде қызмет етті. Аштық есеңгіреткен елге бір адамдай көмек көрсетті. Ел аралап мал жинауға қатысты, айдап әкелуге, және ашыққан халыққа таратуға басшылық жасады. Бірақ, бұл Ж.Аймауытов шырғалаңының басы, қозғалыс нүктесі еді.

Ақиқатын айтсақ, алаш зиялылары осы қиын уақытта тағы да ұлтжандылықтарын көрсетті, қазақ тағдыры жолында бастарын бәйгеге тікті. Бұрынғы алашордашылардың ел ішінде абырой беделінің өсуі, халық сөзін сөйлеуі большевиктік билікке ұнай қоймады. Олардың қазақ үшін жасағандарын кеңестік билікті мұқату, кеңестік саясатқа ашық қарсылық, қастандық деп қабылдады. Әрі осы кезең қазақ зиялыларының арасындағы жіктелудің ашылу кезеңі еді. Себебі, алашордашылар кезінде аласапыран уақытта ұлт мүддесі үшін уақытша үкіметпен де, ақтар мен де жақындасқаны белгілі. Ал, енді олардың кеңес билігі жағына шығып қызмет етіп қатар жүргенін кешегі қарсыласы тапшыл, большевиктік ұстанымдағылар қабылдай алмады. Аштық жылдары да батыл қимылдап, ел ішіне барып, ел мұңын айтып ашыққандарға жәрдемдесіп қызмет жасауы кеңестік билікті елемеу, оны төмендету болып саналды.

Ащы да болса айтып өтетін жай және бір таңқаларлығы партия мен мемлекет басында отырған Әліби Жанкелдин, Сейтқали Меңдешевтер өз елдері аштыққа ұшырап жатқанда үнсіз отырды, қозғала қоймады. Ел аралап, өз еріктерімен аштыққа душар болған елге көмек көрсетуін сұрап, жылу жинап жүрген М.Дулатов пен Ә.Бөкейханов аштықты пайдаланып, халық ішіне барып, кеңес үкіметіне қарсы астыртын әрекет жасауда деп айыпталып түрмеге түскенде де «олар ел үшін жүр-ау» деп қол ұштарын бермеді. М.Дулатовты Семейде тұтқындап, олан соң ОГПУ өкілінің бұйрығымен Орынборға жіберді. Бірақ, ащы мен тұщыны көрген М.Дулатов өзін ұстай білді. Содан да болар, тергеу, жауап алудан соң ісінен қылмысты әрекет таппады ма босатты.

Осы уақытта партиялық тазалау саясаты жүрді де «партияны әлсіретіп, оның бірлігін бұзып келген жікшіл топтардың бәрін дереу тарату талап етілді. Барлық партия ұйымдарына қандай да болсын жікшіл әрекеттерге жол берілмеуін қатаң қадағалау жүктелді. Сонымен қатар, «контреволюциялық күштер мен антипартиялық уклондарға қарсы күресу міндеті» қойылды. Бұл контреволюцияшыл, буржуазиялық уклон деген қоңырауы бар кешегі алашордашыларды кез келген жағдайда айыптауға мүмкіндік берді [15,213 б].

Осы жылдары мемлекеттік қызметке сенімсіз элементтерді, солардың ішінде бұрынғы алашордашыларды, олармен байланысы барларды жібермеді және оларды қайта тексеруден өткізді. Бұл Алашорда құрамында болған және олармен байланысы бар деген зиялыларды ашық қудаламаса да, мемлекеттік қызметтен шеттетуге мүмкіндік берді. Тексеруге түсті, бұрынғы іс-әрекеттері үшін жауап берді, қызметтен ығыстырылды. Қазақ зиялыларының таптық ұстанымы бойынша жіктелуі осы уақытта тереңдей түсті.

Осындай шиеленіскен жағдайда 1923 жылы «Еңбекші қазақ» гезетінің №69 санында Файзулла ишанның аштық кезінде Семей губерниясынан жылу жинауға белсене араласып, жиналған малды бір жыл бұрын ғана Торғайға айдап әкелуге басшылық жасаған Ж.Аймауытовты қаралаған мақаласы жарық көрді. Ж.Аймауытовты «малды өзі пайдаланып кетті, бай мен орташаларға үлестіріп берді», «Торғай оқығандарына, алашордашылар мен олардың туыстарына үлестірді» деп айыптады [16, 202 б]. Міне, осы мақала Ж.Аймауытов басына үйірілер бұлттың алғашқы найзағайы болды. Бұл үзіліп созылып, қайта қозғалып Ж.Аймауытовты айыптауға, кінәлауға сотқа тартуға дейін әкелді. Назаланған, мұндайды болады деп күтпеген Ж.Аймауытов «Мен Файзулланың газетке басқанынан қараланып, әлеумет көзінде азаматтығым жойылды деп ойламаймын. Кімнің кім екенін бар болсақ уақыт көрсетер. Жалғыз қынжылатын нәрсе: ауыр қызмет, ақ ниет зая кеткен сықылды «еңбегің еш, тұзың сор» деген мақалдың тап болуы, не жақсылыққа жамандық қайту табиғат заңы, болмаса өмір көрсетер. Тыныш жатып біреуді мінеуден, сөгуден оңай қызмет жоқ» - деп жазды [17].  

Малдың таратылуын тексеруге құрылған арнайы комиссия «мал байларға таратылды» деген үстірт, бір жақты шешім жасады [18]. Бұл шешім тек Ж.Аймауытовты қана емес аштарға мал таратуға тікелей араласқан жергілікті азаматтарды да айыптау, қудалауға мүмкіндік тудырды.

Тарихта «Торғай ісі» деген атаумен  қалған бір басылып, бір көтеріліп ұзын сонар үш жылдан астам тергеу, тексеру соңынан сотқа ұласқан іс басталды. Ақиқатын айтсақ, бұл аштық алқымнан алғанда ел жайы деп жаны ауырып, халықты көмекке жұмылдырып, ел аралап жылуға мал жинап, «қайтсем көмегім тиеді» деген ниетте болған жаны таза ұлтжанды азаматтардың Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың  және т.б. жігерін құм қылды. Қаншама жасаған еңбектері еш кеткендей болды.

1923 жылы Орталық комитеттің және облыстық партия комитетінің ұйымдастырумен мал таратуға тікелей қатысқан Торғай уезінің қызметкерлері Ахметсапа Жүсіпов (Юсупов), Шайқы Құлжанов, Ілияс Бәйменов, Қазгелді Қарпықов, Рүстем Әбдіғапаровтардың ісі қаралып, айыпталды [19]. Тексеру, тергеуде А.Жүсіповтың алашордашыл М.Дулатовтың бажасы, ал, Рүстем Әбдіғапаровтың ел ішінде Амангелді Имановты өлтіруге қатысы бар деп айыпталып, кейін қызылдар қолынан қаза болған Әбдіғапар Жанбосыновтың кенже ұлы екендігі, әрі Рүстемнің алашордашыл А.Байтұрсыновқа жақындығы, туысқандығы бар екендігі айтылды. Шынында, Рүстемнің әкесі Әбдіғапар Жанбосыновтың анасы А.Байтұрсыновтың апасы Алуа еді. Рүстем А.Байтұрсыновқа қазақы ұғыммен жиеннен туған жиеншар. Сонымен қатар, Рүстем А.Байтұрсыновтың қызы Катезге үйленді [20,40; 57; 86 бб].

РСФСР Жоғары сотының Қазақ бөлімі 1924 жылы 13 маусымда бұл істі тағы қарап аталған азаматтарды іс бойынша қылмысты деп санады [21, 16п.]. Бұл іс одан әрі келесі жылы тағы қаралып Ж.Аймауытов, А.Жүсіпов, Ш.Құлжанов, Р.Әбдіғапаров, І.Бәйменов, Қ.Қарпықовты мал үлестіру барысында қолхат алынбағынын негіз қылып, әрі мал «байлар мен орташаларға үлестірілді», Торғайдың жауапты қызметерлеріне мал үлестірді, дегенді желеу қылып айыпты деп тапты. Ж.Аймауытов мал үлестіру ісіне араласқан аталған торғайлық жауапты қызметкерлермен бірге Қылмыстық Кодекстің 110 бабы бойынша айыпталды [22, 1-2 пп.]. Ж.Аймауытов бірнеше рет тергеуге шақырылып, іс 1925 жылдың 3 қазанында аяқталды.  Іс аяқталғаннан кейін қосымша тергеу жұмыстары жүрді. Он екі томдық «Торғай ісі» толық бітіп, сотқа жіберілді.

1926 жылдың 13-23 наурыз аралығында Қазақстанның астанасы Қызылорда қаласында «Торғай ісі» деген атпен сот өтті. Сотқа тартылғандар өздерін айыптау ісімен келіспеді. Тергеудің бір жақты өткендігін, айыптаудың еш негізсіздігін, айыптаушы куәгерлер көрсетулері жала екендігін алдын ала мәлімдеді. Ж.Аймауытов сот процессіне куәгер ретінде аштық жылдарындағы ахуалды және осы істі білетін Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақовты, Қазақ мемлекеттік баспасынан Тоқжігітовті, Сауда Халық Комиссариатынан А.Кенжинді, Академиялық Орталықтан А.Байтұрсыновты, Әлеуметтік істер жөніндегі Халық Комиссариатынан Ә.Жанкелдинді, Халық Ағарту Комиссариатынан Лекеровты шақыртуды сұрады [23]. 

Осы уақытта Оқу-ағарту комиссары, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы С.Сәдуақасов азаматтық позициясын көрсетті. Ол аштық қыспаққа алған жылдардағы қазақ зиялыларының жанкешті ұлт үшін жасаған істерін жоғары бағалады. Сот процессін үнемі қадағалап отырды. Сот жүріп жатқанда Москвада болған С.Сәдуақасов «Түрмедегі айып орындығында отырған торғайлықтардың ісін толық ақтайтын аса маңызды дерек менде бар. Мен келгенше сот ісін тоқтата тұруларыңызды өтінемін» - деп жеделхат жолдады [3, 92 б; 24,92-96 пп.].  «Еңбекші қазақ» газеті соттың өту барысы жөнінде 1926 жылдың 15-26 наурыз аралығында сандарында хабар беріп отырды. Бастапқы сот отырыстары бірінде, қойылған сұраққа Ж.Аймауытов «Малды бөлгенде комиссияның басқа мүшелері – Құлжанұлы, Балғабайұлының көрсетуімен ауылдық, болыстық өкілдердің қолына бермек ордерді мен жазып тұрдым. Жеке адамдарға қызметкерлерге мал бергенде комиссияның ұйғарған адамдарына ғана бердім. Малдың дұрыс бөлінуіне, мұқтаждарға, аштарға бөлінуіне көңіл бөлдім» - деп орнықты жауап берді[25].

  Сонымен қатар, бұл сот процессінің саяси астары болғаны да ақиқат. Аштықта абырой бедел жинайын деп емес, ел жанашыры болып белсене көмек көрсеткен кешегі алашордашыларды, олардың көрнекті өкілі Ж.Аймауытовты сүріндірудің бір мүмкіндігі туған еді. Себебі, аштық жылдары кеңестік өкімет емес, халыққа алашордашылардың жақын болып, олардың мұңын жоқтап, аштық алқымнан алғанда жанкештілікпен қызмет еткені анық еді.

Ж.Аймауытовқа «Тоғыз мың малдың басқа жаққа апарылмай, Торғайға әкелінген себебі не? Торғай уезі азаматтарымен бұрын таныс па едіңіз? Торғайдың Семей жақта жүрген азаматтарының ішінде танысыңыз бар ма? – деп қойған сұрақтардың мәніне назар аударсақ, Торғай алашордашыларымен байланысыңыз бар-ау, әйтпесе осыншама мал неге Торғайға әкелінді? деген жымысқы астар жатқаны да айқын еді.

Ж.Аймауытов сақтықпен, әрі дәлелді түрде, «басқа ашыққан елге апаруға өте алыс болғандықтан, ашыққан елдің жақыны Торғайға әкелінді. Торғай азаматтарымен бұрын таныстығым жоқ. Семей жақта жүрген М.Дулатұлымен таныс едім. М.Дулатов Семейде губсоттың мүшесі. Жылу малды бірге жинасты, - деп жауап берді.

ОГПУ тергеушілерінің 1. Малды аштарға таратып беретін комиссияның мүшелегіне қасақана кіріп, «Алашорда» Үкіметінің туыстарына заңсыз үлес берді. Кедейлерді үлестен қақты. 2. Үлестірілген малды кім алғаны туралы қолхат алмады. 3. Үшінші өз бетінше бақташыларға мал үлестірген, - деп [3, 96 б.] таққан айыптарына өзінің ақтық сөзінде дәлелді, бұлтартпас жауап қайтарды.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі қарым қатынасы мен заңды сақтау тәртібін байланыстыра келіп, сол кездегі жағдай мен аш адамдардың көңіл күйін сипаттап шынайы тазалықпен сөйлеген сөзі тыңдаушыларға ерекше әсер етіп, тебірентті. Жүсіпбектің адалдығы мен ізгілігіне деген сенім тудырды. Ж.Аймауытов «...Бұл іске, меніңше кейбіреулер заң жүзінен қарап, біреулер сұрқиялық көзбен құрғақ сөзге салынып жатырған көрінеді. Бұл малдың жиналу ретіне келсек, қазақ арасында жиналған мал – қазақ әдетімен жиналды, сондықтан бөлу де қазақшылық ретімен болды. Ал енді малдың бөлінуі туралы наразылық – көрінеу түрде, ру ретімен, ескі әдеттен шықты. Торғай еліне 4 000 мал келгенде көктен түскендей болды. Мал адамның етіне жақын болғандықтан да олар өте қуанып тік көтеріле даярланды. Малдың басына барған кезде адам, халық малға қаптап кеткен еді. Аштарға малды бер бастағанда халықтың қызығуы, алқымнан алуы солайша күшейе бастады. Бір жағынан – аштардың тізімін алып жатсақ, екінші жағынан – мал бер деп жағадан алып жатты.

Жалпы қазақтың бұл туралы әдетін алсақ: 8000 малды үлестіріп алу түгіл, 8 кез сисаны жанжалсыз үлескен емес. ...Сондықтан бұл іске дау шықпайды деуге болмайды.

...Мені: «Неге комиссияға кірдің?» деп айыптайды. Мұның қисыны жоқ. Себебі, ала жаздай бейнеттеніп келіп, комиссияға кірмей, малдың қалай бөлінгенін білмей кетуім дұрыс па еді? Әрине дұрыс емес. ...Ал енді екі жұма баққан 74 малшыға – 74 қара, малшылардың тамағы, киісі деп – 30 шамалы қара берілген. 2-ші (рет айдап әкелінген) малдан менде ондай шығын болған жоқ.

Ал енді: азаматтарға мал берді (үлестірді), - дегені туралы. Мен малды кедейлерге беру жолында болдым. Мысалы, Орынборда жатқан Жангелдинге 15 қара бер – дегем жоқ. Солардың кедей аш-арық  туыстарына береді деп сенгенмін.

Мен Торғай оязының партия құмарлығын, ақсақалдар дәуірі кетпеген ел екендігін газетте де жазғанмын. Сондықтан да уәкіл сайлауын сол елдердің өз ортасына жіберген күнде де, (олар) бізге дұрыс уәкілдерін сайлап бермес еді. Сондықтан біз сенімді (адамды), Торғайдың жауапкер қызметкерлерінің алдында сайлатуды мақұл көрдік. Сондықтан қалады, ауотком алдында сайлады – деп айыптау қате.

...Ал енді осы тәріздес істен саяси астар шығаруды ойлайтындар бар көрінеді. Бірақ оны жоғарда айтқан Торғай елінен шығаруға бола ма? Себебі Торғай елінің большевигі де, Алашы да жуан, атқы мінгендері – оқығандар. ...Міне осыдан саясат шыға ма?

Қағаз (қолхат) алмады деседі. Ол үшін бұл істің қандай уақытта болғанын еске алу керек. Бұл ат үстінде  болған іс, талмау уақытта болған іс – деп ашығын, әділін айтты [26, 208-212 бб; 3,96-98 бб.].

Ж.Аймауытов сөзінің мәні мен мағынасы ашық сот мәжілісіне қатысқандарға қазақы ұғыммен түсінікті болды. «Қазақ ежелден қарыз беріп қарыз алады ...Сонда ол бірінен бірі еш уақтытта қолхат алмайды, ешбір протокол жасамайды. Бәрін ауызша сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестірген кезде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім» дегенді айтты [16, 203-204 бб].

Сөзінің соңында Ж.Аймауытов: «Басқа табар елім жоқ. Өз елімнің ортасында құрбан болып кетсем арманым жоқ. Ел заңына бағынбауға болмайды. Егер халқымның заң, ғұрпы мені айыпты десе амалым не? – деп сөзін бітірді [26, 212 б.].

Ж.Аймауытовтың сөзі неғұрлым сенімді, байыпты, салмақты шыққандығы сондай сот мәжілісіне қатысқандардан қолдау тапты. Осы істегі басты айыпкер Ж.Аймауытов сотта ақталып шықты. Ал, 1926 жылы 24-наурызда сот іске қатысты торғайлық қызметкерлер коммунист И.Бәйменов пен партияда жоқ Қ.Қарпықовты 1 жыл 6 айға, А.Жүсіпов пен Ш.Құлжановты 2 жылға бас бостандықтарынан айырды. Биліктегі ұлтжанды қазақ зиялылары аштық жылдарындағы Ж.Аймауытовтың атқарған ісінің дұрыс екендігін білгенімен, іштей қолдағандарымен кешегі алашордашылды ашық қолдай алмады. Бірақ та, С.Сәдуақасовтың, Ж.Мыңбаевтың тікелей ықпалымен Қазақ Орталық Комитеті араласуымен осы жылдың 26-сәуірінде кешірім жасалынды [27, 72 п.].

С.Сәдуақасовтың ықпалымен деп отырғанымыз, мұны О.Исаевтың сот процессін баяндап Ф.И.Голощекинге жазған хатынан айқын аңғарамыз. О.Исаев Голощекинге бәрін баяндап отырды. Сәдуақасовты кінәлап, бір жағынан тісін батырып Сәдуақасовтың не айтқанының, Ж.Аймауытовты қалай қорғағанын мәлімдеді. Сәдуақасовтың « ...сотта куә ретінде не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұхсат беріңіздер, қазақтың қаламгерлерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін» дегенін, М.Дулатовтың «Еңбекші қазаққа» Ж.Аймауытовты және Торғай қызметкерлерін қорғап жазған мақаласын жариялауға келісім бермегенінде С.Сәдуақасовтың жариялатқанын да баяндады. С.Сәдуақасовтың Аймауытовты «қазақтың Вересаеві, Алексей Толстойы, ол «Интернационалды», «Жас гвардияны» аударды дегенін, сондай-ақ «бұл сот процессі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеме емес, сондықтан да соттың құрамы ... ол деңгейден (Алашордадан, алашордашылардан – Қ.Д.) төмен» дегенін де қалдырмай жеткізді [24, л.92-96]. Голощекинге жазған осы хатында «Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жігі ажырамаған. ...Алашордашылар осы сотта өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты» - деп Смағұлды алашордашыларға қосақтады. Солардың бағытын астыртын жүргізіп отыр дегенді жеткізді. Онсыз да ұлтжанды қазақ зиялыларын ұнатпайтын Голощекинді С.Сәдуақасовқа қарсы қойды.

Ұлтжанды С.Сәдуақасов Жүсіпбекті және торғайлық азаматтарды соттатпауға бар күшін салғаны анық. 

РСФСР Жоғары Соты Қазақ бөлімінің анықтамасында да Торғайдың жауапты қызметкерлері Алашорданың көрнекті өкілдері Юсупов, Құлжанов, Бәйменов т.б. амнистия болып ақталғаны жазылды [28, л.89-89 об].

Осылай бірнеше жылға созылған атышулы «Торғай ісі аяқталды».

Бірақ, осы арада сәл шегініс жасасақ, бір күмән тудыратын маза бермей жүрген жай бар. Ол – шынымен жоғарда айтылған Ж.Аймауытовты айыптаған, қаралаған мақаланы жазған Файзолла ишан ба екен деген сұрақ. Файзолла ишан Сатыбалдыұлы Торғай еліндегі танымал, дін ұстаған, қари атанған елге сыйлы кісі. Бұл кісінің дәл мұндай пендешілікке бара қоюы неғайбыл деген де ой келеді. Осы тұрғыда, біріншіден оқыған, білімді, сөзіне ел тоқтаған адамның атын жамылып басқа біреу жазуы мүмкін. Солай болғанның өзінде оң солын жетік білетін Файзолла ишан газетке өзі емес екендігін жазып терістеу керек еді. Олай болмады. Олай болмаған соң, екіншіден, әлде бір бізге белгісіз себеппен мәжбүрлеп жаздырды ма екен деген ой туады. Бұл арада айтқымыз келіп отырғаны кеңестік билік қысым көрсетті ме дейміз. Үшіншіден, газетте мақаланың авторы «Файзулла Ишанов» деп жазылған. Бұл кісі өз атынан жазса Сатыбалдыұлы немесе Сатыбалдиев болар еді. Кейін 1928 жылы «ұлтшыл» атанып, сотталып, «Беломор канал лагерінде айталып, сонда ескі досы, әрі нағашысы М.Дулатовпен кездесіп бірге болды деген де дерек бар. Ахметті, Міржақыпты құрмет тұтқан, әрі тетелес нағашысы Міржақыппен кішкентайында араласып бірге өскен, елге сыйлы адам өз атына кір жұқтырмасы керекті. Аштыққа ұшыраған елге Семей губерниясынан келіп жатқан көмектің сыртында сол жылдары ел ішінде әлі де абырой беделі жоғары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың тұрғаны да күмәнсіз еді. Ашыққан ел, келген көмектен орындарынан тік тұрып кетпесе де, аштықтан есеңгіреген елге демеу болатындығын көзі ашық, көкірегі ояу Файзолла ишанның білмеуі мүмкін емес еді. Ж.Аймауытовтың мал таратуға Торғай еліне келгенде Файзолла ишанмен кездесуі де кәдік. Алаш зиялыларын қатты қадірлеген Файзолла ишанның Ж.Аймауытовтың Торғай елінің азаматтары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, Ғ.Бірімжанов, К.Тоқтабаев т.б. қатар жүрген үзеңгелісі екенін екенін білгені де анық. Осыны біле тұра жала жауып, мақала жазды дегенге сену қиын. Бірақ, «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №69 санында Файзулла Ишанов деп тұрғаны да тасқа таңба басқандай.

Кейін 1937-38 дің зұлматында шейіт болған А.Байтұрсыновтың қазасын естігенде  қатты қайғырып Файзолла Сатыбалдыұлы:

«...Шынымен бұл дүниеден өткенің бе,

Қайрылмай алды артыңа кеткенің бе?

Ахмет опат болды дегенді естіп,

Егіліп жылай бердім, тек дедім де!...

...Бақұл бол, қайран Ахмет ақ сұңқарым,

Қош айтып рухына басыңды идім!» – деп күңіренгені ел есінде [29, 95 б.].

Тағы да айтсақ, Міржақыптың қазасын естігенде:

««Міржақып өлді деген сөз,

Ішімді өртеп кетті лез...

Дірілдеп жүрек демігіп,

Малынды жасқа екі көз.

Қасиет тұтқан Алашым,

Кеңге жайған құлашын.

Намысты қолдан бермеген,

Қайран да менің нағашым.

Міржақып пен Ахмет

Нақақтан-нақақ болды шет

Бір уақыттар болғанда

Ақталар орнап әділет.

Қиянат кетпес тоқтаусыз

Әділ сөз қалмас құптаусыз.

Күндердің күні болғанда

Міржақып кетпес жоқтаусыз...» - деп жоқтады, қайғырды, ертеңгі күнге үміттенді..

Осындай елге сыйлы адамның Торғай азаматтарын және Ж.Аймауытовты сергелдеңге салған үш жылдан астам уақытқа созылған «Торғай ісінің» басында тұрды дегенге сену қиын-ақ... Кеңес үкіметі тарпынан қысым көріп жүрген Файзолла ишан басында біз әлі де білмейтін, әлде бір қиын жағдай болды ма екен деген сұрақ туады. Файзолланың мына бір өлең жолдары да көп нәрсені аңғартқандай емес пе?

... Болса да көкірегім – алтын көмбе,

Мен де бір бағы жанбай кеткен пенде.

Асығыс ғайбаттама не істеген деп,

Боларсың қысым көрсең мендей сен де...- дегені өмірден аз теперіш көрмеген Файзолла ишанның тағдырының бір тылсым сұрағына жауап бергендей. Осы бір өлең жолдарын неге жазды, қашан, қандай себеппен жазды деген де сұрақ туады.

Немесе, аумалы төкпелі заман тартысында ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігіне жауап таппай қиналған болуы да кәдік. Кеңес жағында шығып, 1918-22 жылдары болыстық милиция бастығы қызметінде болуы, одан кейін бір жола дін жолына кетуі заман дауылы мен шырғалаңында жол іздеуін білдірсе керек. Файзолла ақынның:

Ай, заман-ай, заман-ай,

Замананың зауалы-ай.

Құбылып соққан құйындай

Айласы мен амалы-ай…

Бір қазақтың баласын,

Екіге бөліп арасын,

Қырқыстырып қойғаны-ай,

Ағызып көзден сорасын– деген өлең жолдары бір құпияны бүгіп жатқаны анық.

Қалай болғанда да есте қалатын жай, Торғай ісі» көп нәрсеге нүкте қойды. А.Байтұрсынов Академиялық Орталыққа кетті. Өзінің бұл қадамын: «Ғылыми-педагогикалық жұмыспен еркін араласуым үшін» деп түсіндіруі жай сылтау ғана еді. Шын мәнінде бұл оның «Ақ болсын, қызыл болсын, бәрібір, мен қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын мемлекетті жақтаймын» [3, 103 б.] деп мәлімдеген пікірінде қалуы еді. Кеңес үкіметінің қазақ мүддесін қрғамайтындығына, оны тап мүддесімен алмастырғанына А.Байтұрсыновтың көзі анық жетті.

М.Әуезов ше, оның да көңілі большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметінен біржола қалды ма, ҚОАК мүшесі бола отырып, ешкімге ескертпестен Ташкентке кетіп қалды, одан әрі Ленинград университетіне ауысып кетті. Партия билетін Өлкелік комитетке почтамен салып жіберді. Кейін осы жайға байланысты жауап бергенде тергеушілерге «Еңбек тәртібін бұзғаным үшін және мүшелік жарна төлемегенім үшін мені партиядан шығарып тастады» деп уәж айтқан болды [3, 104 б.]. Бұл большевиктік үкіметтің пиғылын аңғару мен онымен тікелей одақтасудан, оның бір бұрандасына айналудан, әрі мемлекеттік қызметтен түңіліп бас тарту еді. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары белсенді қызметке араласқан М.Әуезов осылай мемлекеттік қызметтен біржола кетті. Ғылымға, білімге, ағартушылық жұмысқа бет бұрды. Мүмкін бұл, биліктен торығу, түңілу ұлы тұлғаның ғылымға, ұлтқа қызмет етудің жаңа жолына түсуіне, таңдауына мүмкіндік берген болар. Әлемдік деңгейдегі құндылықтар қатарынан орын алған ғылыми-көркем шығармаларының тууына жасалған бетбұрыс болған болар десек қателеспесбіз.

Тағы да бір жайдың беті ашылды. Қазақ зиялыларының арасындағы жіктелу процессі тереңдей түсті.

Қазақ азаматтарының бірі ел ашаршылыққа ұшырып, есеңгіреп, тоз-тоз болып жан сақтау үшін босып кеткенде, қолына түскеннің бәрін талғажау қылғанда, бірі елге қалай көмектесеміз, қалай аман алып қаламыз деп жанкештілікпен ел аралады.

Ал, екіншілері жоғардан большевиктік биліктен, Кеңес өкіметі тарапынан қимыл болмаған соң бір пәлеге ұшырап қалармыз дегендей еш әрекетсіз отырды.

Алғашқылары ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жиналған малды ашыққан халыққа жеткізгенде, екіншілері олардың ісінен үкіметке, партияға қарсы пәле іздеді. Олардың соңына айтақтап ит қосты. Олардың іс-әрекетінен қылмыс іздеді, жоқ болса да табуға тырысты.

Қазақ зиялыларының бірі алғашқыларды олардың жаны таза, адал не істесе де ел үшін істеді деп қорғағанда, ал екіншілері тағы оларды алашордашылармен жақындасты, алашордашылықтың кеңес үкіметі жылдарындағы жаңа көрінісі деп айыптап, аяқтарынан шалды. Билік жолында, таптық мүдде жолында қазақ мүддесін, ел мұратын құрбандыққа шалды.  Бұған О.Исаевтың «Халықаралық пролетариаттың мүддесі үшін қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз» деуі дәлел. Тапшылдар қазақ тағдыры, қазақ мүддесі үшін бас көтеріп бірдеме дегендерге «ұлтшылдар», «алашордашылар сарқыты» деген таңбаны баса қойды. Олар бірінші кезекке, ел тағдырынын, халық жағдайын емес партия бағытын қойды. Оларда құлдық, бас изеушілік психологиясының қалыптасып, бойларына сіңіп кеткені сондай, осы жолы да және кейінгі 1930-32 нің аштығында да халық қырылып, тағдыры қыл үстінде тұрғанда, көзге көрінген қазақ оқығандарының, ел билегендердің азаматтығы сынға түскенде бұғып қалды. Ештене болмағандай кейіп танытты [30, 67 б.].  

«Торғай ісі» аяқталды, Ж.Аймауытов ақталып шықты дегенімізбен, бұл бер жағы ғана еді. Қырағы большевиктер әрине, Ж.Аймауытовты кейін айыптағанда да бұрынғы «Торғай ісін» ұмытпады. Сонымен қатар, Торғай еліне қатысты әрбір істен Ж.Аймауытовтың қолтаңбасын іздеді. Торғай еліндегі кеңес үкіметінің күштеу, зорлық зомбылық, тәркілеу саясатына қарсы 1929 жылдың қарашасындағы Батпаққара көтерлісіне еш қатысы болмаса да байланыстырып айыптады. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынды. ОГПУ органдары істі тергеп-тексеруге тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кірісті. Тергеу бір жылдан астам уақыт жүргізіліп қылмысын дәлелдейтін нақты дерек болмаса да, қолдан ұйымдастырылған іс бойынша үкім шығарылды [31, 5 б.].  Ж.Аймауытов «Торғай ісінен» арада төрт жыл өткенде 1930 жылдың 21 сәуірінде Москвада Бутырка түрмесінде атылды. Осы жолы да тағдырдың жазуы ма Жүсіпбекпен және Дінші Әділовпен бірге атылғандардың екеуі торғайлық көрнекті тұлғалар Ғ.Бірімжанов пен А.Юсупов еді.

Араға қаншама жылдар түскенімен, Ж.Аймауытовтың  ашаршылық жайлап ел тығырыққа тірелгендегі ісі – шынайы азаматтық, тазалық қана емес ұлтжандылықтың, ұлтты сүйе білудің шексіз, баға жетпес үлгісі.

Қазақ зиялылары шұғыл шара қолданылмаса, қазақ елі қазақсыз қалады деп жан ұшырған, осы 1921-1922 жылдары Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша аштыққа ұшырағандардың саны 2 миллион 286 мың 591 адам болып, соның 68,2% аштан өлген» [32]. Осы 68% цифрға айналдырсақ, аштықтан бір жарым млн қазақ өлген. Бұл әлі күнге дейін беті ашылмаған ақиқат. Терең зерттелмеген жауабынан сұрағы көп мәселе. Шынында, осы оқиғаға, 1921-1922 жылдардағы аштық зардабына ой жүгіртсек, ол 1930-1932 жылдардағы алапат аштықтың алғашқы сынағы, сәтті жүзеге асырылған бастапқы репетициясы еді.

 

Автор туралы мәлімет

Даркенов Құрманғали Ғазезұлы – т.ғ.к., доцент. Халықаралық Ақпараттану Академиясының мүше-корреспонденті. Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Бір монография, бірнеше оқу әдістемелік еңбектің, қазақ, орыс, ағылшын, болгар тіліндегі 100-ден астам отандық, халықаралық басылымдарда жарияланған ғылыми, оқу-әдістемелік, публицистикалық мақалалардың авторы.

Abai.kz

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты 320 қор, 1-т. 45-іс, 46-п;

2. ҚР ОММ. 5-қор, 2-тізбе. 8-іс, 50-парақ;

3. Жұртбай Т. Ұраным Алаш. – Алматы: «Ел-шежіре», 2008. 472 б.

4. Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. ІҮ том. «Ғылым» баспасы». – Алматы, 1981. – 676 бет.

5. ҚР ОММ  40–қор, 2–т. 210–іс, 170–п;

6. Алаш ақиықтары. Мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар. – Алматы, «Алаш», 2006. – 288-бет.

7. Садуақасұлы с. Екі томдық шығармалар жинағы. Танымдық зерттеулер, мақалалар. 2 – том. – Алматы. «Алаш», - 2003. – 360 бет.

8. ҚР ОММ  5–қор, 2–тізбе. 45–іс, 6–п;

9. ҚР ОММ  5–қор, 2–тізбе. 67–іс, 43–п;

10. «Еңбекші қазақ». 1922. №4-5.; Жұртбай Т. Ұраным Алаш. – Алматы: «Ел-шежіре», 2008. 472 б.

11. Дулатұлы М. Бес томдық шығармалар жинағы. Үшінші том: Көсемсөз, әдеби-сын және зерттеу мақалалары, қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіштері. – Алматы. «Мектеп» баспасы. 2003. – 400 бет.

12. ҚР ОММ  5–қор, 3–тізбе. 83–іс, 24-26–п;

13. Қазақстан республикасы Президентінің мұрағаты  139-қор, 1-тізбе. 1а-іс, 110-п;

14. ҚР ОММ  251–қор, 4–тізбе. 7–іс, 62–п;

15. Совет Одағы Коммунистік партиясы съездерінің, конференцияларының және Орталық Комитет пленумдарының қарарлары мен шешімдері (1898 -1970) – Алматы. «Қазақстан» 1972. Т. 2. 1917 -1924. 580 бет.

16. Сағынбекұлы Р. Жүсіпбек (Өмірі мен қаламгерлік қызметі) Көмекші оқу құралы. – Алматы, «Санат», 1997. -224 бет.

17. Аймауытов Ж. Жауап.  «Қазақ тілі» газеті.  – 1923. – №42.

18. ҚР ОММ  251–қор, 4–тізбе. 4–іс, 24–26 п;

19. ҚР ОММ  251–қор, 4–тізбе. 8–іс, 204  п;

20. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс: тарихы және қазіргі заман. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдар жинағы. – Алматы: «Тарих тағылымы» баспасы, 2010. – 183 б.

21. ҚР ОММ  251–қор, 4–тізбе. 13–іс, 16  п;

22. ҚР ОММ  251–қор, 4–тізбе. 16–іс, 1-2  п;

23. ҚР ОММ  251–қор, 1–тізбе. 16–іс, 233; 250-252 пп;

24. ҚР ПМ  811-қор, 20-тізбе. 638-іс, 92-96 пп;

25. «Еңбекші қазақ», 1926, 16 наурыз.

26. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 жж. Движение Алаш. Апрель 1920-1928 гг. – Алматы: «Ел шежіре», 2007. Т.3. Кн.1. – 304 с.

27. ҚР ОММ  251–қор, 4–тізбе. 17–іс, 72  п;

28. ҚР ПМ  141-қор, 1-тізбе. 1694-іс, 89п-89 сб;

29. Имаханбетова Р.С. Ғасыр саңлағы. А.Байтұрсыновтың ғұмырбаяны (мұрағат деректері негізінде). – Астана: «Педагогика ПРЕСС» 2010. – 304 бет.

30. Даркенов Қ.Ғ. ХХ ғасырдың 20-30 шы жылдарындағы қазақ интеллигенциясы: көзқарас эволюциясы және идеялық жіктелу. Материалы международной научно-практической конференции  «Взаимовлияние народов России и Казахстана» (историко-культурологический аспект) том 1. – Павлодар: ПГПИ, 2004. – 324 с.

31. Аймауытов Ж. Шығармалары: Романдар, повесть, әңгімелер, пьесалар. – Алматы: Жазушы, 1989. – 560 бет.

32. Т.Жұртбай. Алаш идеясы арыстарымыздың арманы еді. «Айқын» газеті 05.08.2011.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5330