Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3276 0 пікір 28 Мамыр, 2013 сағат 11:59

Дәурен Қуат. «БЫТСТРОЙ»... ОЛАРДЫҢ ӘКЕЛЕРІН ТАНЫТУ КЕРЕК!

Өскемен қаласының әуежайына келіп қонған бетте мен «Шығыс» ауылына тезірек жетіп алуды жөн көрдім. Өйткені бұл ауыл, міне, бір жұмадай болып қалды, баспасөз біткеннің назарын өзіне аударып, түңілігі желпілдеп-ақ тұр. Оның үстіне «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бой көтерген бұл ауылды оралман мәртебесі бар бауырларымыз мекен етеді. «Шығыстан» шыққан сыбыс құлағына шала-пұла тиген бір ағайын біздің редакцияға қоңырау шалып «осы бір «Нұрлы көш» деген бағдарлама сәтсіз болды» деп біраз езіп, жүйкемізді жүндей түткен еді. Аталған ауылға асыға аттануымыздың да бір себебі әлгінің шындап айтпақ сөзінің астарындағы сұмдыққа саятын-ды: оралман деген тыныш жүруден қалып барады, жақсылық пен қайырымды місе тұтпайды, бізден несі артық осылардың? Тағы басқа күбір-сыбыр, күлді-көмеш бірдеңелерді бықсытып балақтағы биттей бытқытатындардың осындайда Құдайы бере қояды емес пе?

Өскемен қаласының әуежайына келіп қонған бетте мен «Шығыс» ауылына тезірек жетіп алуды жөн көрдім. Өйткені бұл ауыл, міне, бір жұмадай болып қалды, баспасөз біткеннің назарын өзіне аударып, түңілігі желпілдеп-ақ тұр. Оның үстіне «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бой көтерген бұл ауылды оралман мәртебесі бар бауырларымыз мекен етеді. «Шығыстан» шыққан сыбыс құлағына шала-пұла тиген бір ағайын біздің редакцияға қоңырау шалып «осы бір «Нұрлы көш» деген бағдарлама сәтсіз болды» деп біраз езіп, жүйкемізді жүндей түткен еді. Аталған ауылға асыға аттануымыздың да бір себебі әлгінің шындап айтпақ сөзінің астарындағы сұмдыққа саятын-ды: оралман деген тыныш жүруден қалып барады, жақсылық пен қайырымды місе тұтпайды, бізден несі артық осылардың? Тағы басқа күбір-сыбыр, күлді-көмеш бірдеңелерді бықсытып балақтағы биттей бытқытатындардың осындайда Құдайы бере қояды емес пе?

...дегенді ойлап «Шығысқа» жеттім. Ауыл жасыратыны жоқ, сырт көзге әдемі көрінеді екен. Жан саны 1948-ден асқан ауылда 463 үй ірге теуіпті. Былтыр 37 сәби дүние есігін ашыпты. «Ауылдың негізгі тұрғындары – жастар» дейді Өскемен қаласы әкімдігі істер жөніндегі басқарма қоғамдық қазыналық мемлекеттік кәсіпорынының директоры Нұрбақыт Атанұлы. Нұрбақыт мырзаның лауазымы қандай ұзын-шұбақ, шұбарала болса, ауыл мәселесінің де Өскемен қаласы әкімдігінің назарынан шұбатылып жырақта қалғанын байқау аса қиын емес сияқты.  Өзінше бөлек бір мөлтек ауданға ұқсап отырғанымен әлі де орысқолдау Өскеменнің «Шығыс» ауылына шекелеп қарайтыны байқалады. Ауылға күніне үш рет автобус қатынайды екен. Сол автобусқа аяқ артқандар жазды күндері нән қалаға барып оны-мұныны кәсіп қылып қайтатынға ұқсайды. Ал, қалғаны көшпен бірге ала келген азын-аулақ қорын сарқа пайдаланып жан бағып жатыр-мыс. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысына 1991 жылдан бері  53 320 этноиммигрант тіркеліпті. Биылғы жыл басынан бері 142 отбасынан өтініш түсіп, 212 адам оралман мәртебесін иеленіп үлгеріпті. Иә, әжептеуір көрсеткіш.  Әлгі әжептәуір көрсеткішпен бірге әйтсе де, көші-қон мәселесінің де ұлғайып, өсіп, әрқилы көрініс табары шындық. Соның бірі «Шығыс» ауылындағы ахуал дер едік. Мәселенің бәрі баспанаға бас сұққан бетте біржақты болмасын мемлекетшіл тұлға, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та бек түсінсе керек, электр қуатының шамадан тыс көрсеткішіне наразылық танытқан жұртпен ашық жүздескен әкім:

– Көтерілген проблемаларға байланысты құрамында жергілікті ауылдың адамдары мен тиісті саланың өкілдері бар 10-15 адамнан тұратын бірлескен комиссия құрып, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Комиссия мүшелері баспаналардың сапасынан бастап электр энергиясының қарызы, жұмыспен қамту тәрізді түйткілдердің бәрін қаперге алады. Нәтижесінде аталған мәселелер еліміздің қолданыстағы заңнамалары аясында өзінің шешімін табады, – деп отыр.

 

Құлқыны құрдым құрылыс компаниялары

«Шығыста» 600 балаға арналған әйдік мектеп бар. Мектеп заманауи технологиялық құралдармен жабдықталыпты. Интерактивты тақта, компьютер, еңбек пен денешынықтыру пәндеріне қажетті заттар, зертхана бөлмелері... бәрі дұрыс. «Біздің мақтаныштарымыз» деген тақтаға   «ов» пен «оваларды» ата-тектеріне жалғамаған жарқын жүзді балақайлардың суреттері ілініпті. «Шығыс» ауылындағы мектеп оқушылары қалалық, облыстық байқауларға қатысып озық орындар мен алдыңғы жүлделерге олжа салыпты. Тек бар айыбы –  Алтайдың алтай қысы ақтанаулап кеп қысқанда, балалар бүрсең қағып, электр қуатымен ғана ептеп жан шақыратын мектептің сынып бөлмелерінде отыра алмай кететін көрнеді. Алайда,  баспасөз өкілімен сұхбаттасудың тәсілін тәп-тәуір меңгеріп алса керек, мектеп директоры Есімхан есімді ағамыз «бізде бәрі жақсымен» құтылуға тырысты. Әйткенменде мектептің жоғары қабатынан су жүгіріп кеткені, қыста оның көкаязданып қататыны, даңғарадай бөлмелердің теплофонмен жыли қоймайтыны анық сезіледі.

Ауылда «Күншуақ» атты балабақша-бөбекжай да бар болып шықты. Біз жексенбі күні барғандықтан бақша тұрғындарымен кездесудің сәті түспеді, алайда, өзін шаруашылық жөніндегі іспен шұғалданамын деп таныстырған апайымыз да Есімханның әңгімесін қайталап берді: «Бізде бәрі жақсы». Сол «бәрі жақсының» өзінде кейбір түйткілді мәселенің түрін аңдау түк қиындық тудырмайды. Неге? Өйткені, балабақшаның жартысы игерілмеген. Бөбектерге арналған шағын бассеин әлі күнге жұмыс істемепті. Біз құрылыс маманы емеспіз, көзіміз шалғанды айтқан болып жатырмыз, сондықтан қортынды сөзді облыс әкімі пәрмен беріп құрған комиссиядан күтеміз. Ал, комиссия әзірге жұмыс үстінде.

Естуімізше, мектеп пен бөбекжай тұрғын үйлерге қарағанда тәуір салыныпты. «Масқараның көкесі біздер тұрып жатқан үйлерде», - дейді «шығыстықтардың» белсенді тобы. Себебі,  «Шығыс» ауылын салуды алдымен «Быть строй» деген ЖШС қолға алады. «Бытстрой» шаруаны біраз жерге апарады да оны еншілес бір компанияға бере салады. Ол компания ауыл құрылысын тағы бір көлденең компанияның қанжығасына байлап береді. Сөйтіп «әп-әдемі ән еді пұшық шіркін қор қылдының» керін келтіріп, елдік, ұлттық мұраты биік істі құлқынын құрдым жайлаған құрылыс компаниялары ары-тартта бері тарт қылған соң істе қандай сапа қалсын?.. Ауыл кісілерінің сөзіне сенсек, қуаяқ құрылыс компаниялары үйлердің қабырғасын кәдімгі гипсокардонмен тұрғызып, ішін стекловатамен кептей салыпты. Солай еткенде бір үйдің құнын 50-60 мың долларға бағалап тайып тұрған. «Шығыстықтар» баспаналарын басында ипотекамен сатып алмақ болған, ақыры мынандай сапасыздыққа көздері жеткен соң, жергілікті биліктің келісімі бойынша коммуналдық үй есебінде егелік етуге мүмкіндік алған. Бұған да тәуба!

2011 жылы 25 наурызда «Шығыс» ауылындағы халықтың қоныс тойына Елбасымыз Назарбаев келіп қатысып, ағайын-туыстың ортасындағы шаттыққа бірге шалқып, әйгілі «Қаражорға» биін билепті. Президентке «Қаражорғаны» билетіп, облыс әкімінің абыройын үстеп, қаракөз жұрттың мейманасын тасытқан шырайлы «Шығыс» ауылы шынында ортақ қуанышымыз еді, ендігісі мынау болды. Оралман десе, сырттан елге оралған ағайын десе, қарадай тыжырынатындардың бөркі қазандай болып танаурап-ақ отырған шығар. Бірақ, қандай қиын істің болсада қисынын таба алатын Бердібек Мәшбекұлы «Шығыс» жұртының талабын біржақты етіп тынарына сенейік. Егер  мәселеден басын алып қашса, жауаптан жалтарса, істің аяғын созбаққа салып, сопайта салса, ондай әкім-қараны баспасөз аямауға тиіс. Ал,  облыс әкімі мен айналасындағы азаматтар мәселені түбегейлі шешуге ұмтылса, шын кінәлі анықталмастан бұрын, бұра тартып, біржақты пікір түюге асықпаған абзал.

...Жалаң дидактиканы жалпы көптің жақтырмайтыны рас, сол үшін негізгі жайтқа оралайық. Ол негізгі жайт – «Шығыс» ауылы тұрғындарын шырылдатып кеткен «Бытстрой» бастаған құрылыс компанияларының қулығы болып табылады. Осы күндері қай қаладағы тұрғын үй құрылыстарын сөз етсек те құрылыс компанияларының сапасыз, салғырт ісін айтпай, айналып өту мүмкін болмай барады. Міне, өткен күзде Қарағанды қаласындағы «Бесоба» аталған тұрғын үй шалқалаған күйі шашылып қалды. Астанадағы пәтерлердің сапасыздығы өз алдына жеке жыр. Демек, заңды түрде тіркелген, анда-мында құрылыс жұмыстарымен айналысып жүрген компаниялармен құзырлы органдар, тіпті мемлекет басшысының өзі үлкен әңгіме өткізуі керек. Бюджеттен бөлінген қаражатты қымқыру, пәре беріп, пәре алу, адам тағдырына жауапсыз қарау, мемлекеттің бет-беделіне лай жаға салу, жұмысшыларын зар илетіп жалақысыз қалдыру, арзан жұмысшы көшін сырттан тасу – қазір құрылыс компаниялары үшін түкке тұрмайтын болды. «Бытстрой» шамасы, солардың сойынан болса керек. Ендеше, «Шығыс»  ауылында жүрген комиссия шаруаны бір-біріне ысырған құрылыс компанияларының алаяқтығын ғана емес, олардың жұмысын бармақ басты, көз қыстымен қабылдай салған комиссияның қортындысын да әшкере етуі тиіс. Өзгелерге сабақ болсын.

 

 Теплофон – «Шығыс» үшінде, ШҚО үшінде шығын

Шағын сапарымыздың барысында, «шығыстықтардың» барға қанағатшыл, тәубашыл жандар екендігін  әбден ұқтым. «Үйіміз соншама жаман емес, сапасыз салынып кеткен 50-ден астам үй бар, соны баспана тұтып отырғандарды жаңа қонысқа көшіріп, орталықтан бір жылу қазанын салса болды, өкіметімізге қояр өзге талабымыз жоқ» дейді олар. Содан кейінгі басты мәселе, әрине,«Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы борыштың жабылуы. 41 отбасы алты айдан бері 300 мың теңге көлемінде «Шығысэнерготрейд» ЖШС-не қарызданған. Ауыл тұрғындары қарызын жаба алмаған соң мамырдың 22-сі күні  «Шығысэнерготрейд» 172 отбасының жарығын сөндіріп тастапты. «Шығыс» ауылында ортақ қазандық жоқ, отбасы иелері жеке жылыту көзін де пайдалана алмайды. Теплофон. Теплофон дегеніңіз – электрқуатын тартып, белгілі градусқа дейін өзі жылынып, өзі өшіп тұратын құрылғы екен. Әр отбасы өзінше үнемдеп, теплофонның санын қысқартып баққаныменде қыстың күні «Шығысэнерготрейдтен» 70-80, кейде 100 мың теңге көлемінде ақша келгенде тұрған. Былтыр тұрғындар қиналған соң, облыстық бюджеттен 78 миллион теңгедей қаржы бөлініпті. Турасын айтқанда, теплофон – «Шығыс» ауылының халқы үшін де, Шығыс Қазақстан облысы үшін де қып-қызыл шығын. Біз әңгімелескен «шығыстықтар» мәселенің көптің тілегіне орай дұрыс шешім табарына күмәнсіз.

«Өзіміз де қазір тырбанып тірлік етіп жатырмыз, - дейді директор Нұрбақыт Атанұлы. – БҰҰ-ның Даму бағдарламасына қатысып, халықаралық «Жаһан» қорынан 50 мың доллар грант алдық. Осы ақшаға мал қораларын салмақпыз. Ортамыздан кісі шығарып мал бақпақпыз. Жеміс-жидек салып, бау-бақша өнімін өсіру де қолымыздан келетінге ұқсайды. Себебі ауылымызда Өзбекстан жағынан көшіп келген ағайындар бар».

- Қалаға қарай шерулете жөнелген ауылдастарыңыздың қайсібірі «оқ атылды», «оқ атуға кім бұйрық берді?!» деп қалды ғой. Расымен, мылтық үні естілді ме? – деп сұрадым Нұрбақыттан. Ол «жоқ» деп жауап берді.

- Әкім біреулерді «әкесіне тантамын» деп жатты ғой?

- Әкім бұл арада шерушілердің алдын тосқан тәртіп сақшыларын емес, «Шығыстағы» кейбір үйлерді сапасыз салып кеткен компаниялар туралы айтты. Мен солай деп ұқтым.

- Солай деп ұқсаңыз, мен әкімдеріңіздің сол сөзін барынша құптаймын. Рас, олардың әкелерін таныту керек!

P.S.

Қалаға қайтып соққан соң қасымдағы азаматтарға Алматыда «Шығыс» ауылының жай-жапсары жөнінде сөз болып жатқандығын білдірдім. «Оралмандар ауылын осылайша оқшаулаудың қажеті жоқ, - дейді Алматыдағы саясаткерлер. – Елмен ел араласып, табысып кетуі үшін қазақты қазақтың ортасына, тіпті бар ғой, өзге ұлт диаспораларының ішіне «шашып» жіберу керек. Бұған не дейсіздер?»

- Біздің Шығыстағы ағайын жалпы осылай отыр. 1991 жылдан бері қарай 14 887 отбасы ШҚО-ға келіп қоныстанған екен. Соның дені байырғы жұртпен, өзге ұлт өкілдерімен аралас-құралас тұрып жатыр. Әбден үйреніскен. «Шығыс» ауылына әзірге  тұрақтай алмай жүрген ағайынды ғана жинағанбыз. Бұл – оларды оқшаулау, бөлектеу емес, - дейді облыстық ішік саясат басқарамасының басшысы Ербол Нұрғалиев.

Сөздің қысқасы, «Шығыс» ауылындағы ахуалға қатысты үш бағытта жұмысқа кіріскен комиссия қортындысы шыққанша біздің көрген түйгеніміздің бір парасы осымен тәмам. Комиссия қортындысы мен сараптау мақаламыз алдағы күндері жалғасын табады.  

Алматы – Өскемен. Өскемен – Алматы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019