Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БІЗ ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІНГІ ДАМУ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДАЛУҒА ТИІСПІЗ
Кеше төртінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясы өз жұмысын бастады. Сессияның ашылу салтанатына орай Президент Назарбаев сөз сойледі:
Құрметті Парламент депутаттары!
Сіздерді Парламенттің кезекті сессиясының ашылуымен құттықтаймын.
Біз 30 тамызда мемлекеттік мерекеміз - Конституция күнін айрықша атап өттік. Еліміздің Парламенті тәуелсіздігіміздің бұлжымас бағдарына, Қазақстан қоғамының басты құндылығына айналған Ата Заңымыздың аясында көптеген заңдар қабылдап келеді.
Сол арқылы жоғары заң шығарушы орган ретінде мемлекеттігімізді нығайту ісінде іргелі қадамдар жасауда.
Еліміздің Парламенті дүние жүзінің барлық мемлекеттеріне әсер еткен әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеруге еселі үлес қосты.
Экономиканы тұрақтандырудың маңыздылығын ескере отырып, Парламент дағдарыстың алдын алу шараларына қатысты заң жобаларын жедел қарап, қабылдады.
Тұтастай алғанда, төртінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясында 140-тан астам заң жобасы қаралып, талқыланып, соның ішінде 90-нан астам Заң қабылданды.
Бұл заңдардың басым көпшілігі ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік деңгейді көтеруге бағытталған.
Кеше төртінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясы өз жұмысын бастады. Сессияның ашылу салтанатына орай Президент Назарбаев сөз сойледі:
Құрметті Парламент депутаттары!
Сіздерді Парламенттің кезекті сессиясының ашылуымен құттықтаймын.
Біз 30 тамызда мемлекеттік мерекеміз - Конституция күнін айрықша атап өттік. Еліміздің Парламенті тәуелсіздігіміздің бұлжымас бағдарына, Қазақстан қоғамының басты құндылығына айналған Ата Заңымыздың аясында көптеген заңдар қабылдап келеді.
Сол арқылы жоғары заң шығарушы орган ретінде мемлекеттігімізді нығайту ісінде іргелі қадамдар жасауда.
Еліміздің Парламенті дүние жүзінің барлық мемлекеттеріне әсер еткен әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеруге еселі үлес қосты.
Экономиканы тұрақтандырудың маңыздылығын ескере отырып, Парламент дағдарыстың алдын алу шараларына қатысты заң жобаларын жедел қарап, қабылдады.
Тұтастай алғанда, төртінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясында 140-тан астам заң жобасы қаралып, талқыланып, соның ішінде 90-нан астам Заң қабылданды.
Бұл заңдардың басым көпшілігі ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік деңгейді көтеруге бағытталған.
Олардың арасында Салық және Бюджет кодекстері мен "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс сияқты маңызды заңдарды ерекше атап өткім келеді.
Сессия барысында республикалық бюджеттің үшжылдық жоспары тұңғыш рет арнайы заң арқылы бекітілді.
Парламент Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялап, Экологиялық кодекс пен "Су кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңды қабылдады.
Бұл құжаттар бізге қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негіздерін қалыптастыруға және экология мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар демократиялық үрдістерді жеделдету, саяси жүйені одан әрі дамыту және саяси партиялардың қоғам өміріндегі рөлін арттыру бағытында да бірқатар заңдар қаралып, "Саяси партиялар туралы" және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Өткен сессияда "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" және "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" заңдар қабылданды.
"Нұр-Отан" партиясының Парламенттегі фракциясы пәрменді жұмыс жасап, ел өміріне елеулі өзгерістер әкелген заңдарды қабылдауға үлкен үлес қосты. Партия Үкіметпен бірлесе отырып, дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуын қадағалады.
Тұтастай алғанда, Парламенттің екінші сессиясының жұмысы жемісті болды деп есептеймін.
Сіздерге өз ризашылығымды білдіремін.
Құрметті депутаттар!
Парламенттің екінші сессия кезіндегі сапалы жұмысы әлеуметтік-экономикалық проблемаларды жедел шешу, жаһандық қаржы дағдарысының келеңсіз салдарларын еңсеру үшін заңнамалық негіз жасап берді.
Өткен кезеңде тұрақтандыру шараларына мемлекет 19 миллиард доллар жұмсады, бұл ел ІЖӨ-сінің он төрт пайызына сәйкес келеді. Бүгіннің өзінде біз қабылданған шаралардың оң нәтижелерін сезудеміз.
Біріншіден, әлеуметтік саланы нығайту мүмкін болды. Біз мемлекеттің халқымыздың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін сақтап қалдық.
Мұнда Халықтың өңірлік жұмыспен қамтылу стратегиясын іске асыру үлкен рөл атқарды, оған 191 миллиард теңге бөлінді.
Үкіметтің, биліктің жергілікті органдары мен ірі жұмыс берушілердің арасындағы үш жақты меморандум сақталып отыр.
Осының бәрі жұмыссыздық деңгейін ұлғайтпауға, керісінше, қысқартуға, ең алдымен жастар арасындағы жұмыссыздықты қысқартуға мүмкіндік берді.
Қазіргі кезде өңірлерде 5 мыңнан астам инвестициялық жобалар іске асырылуда, 393 мың жұмыс орны ашылды.
Нәтижесінде осы жылдың бірінші жартыжылдығында халықтың нақты ақшалай табысы өсті. Зейнетақылық жинақталымдар көлемі бір триллион алты жүз сексен миллиард теңгеге жетті.
Бүкіл еліміз бойынша "100 мектеп, 100 аурухана", "20 интеллектуалдық мектеп" жобалары іске асырылуда.
Екіншіден, экономикалық құлдыраудың келеңсіз үрдісінде бетбұрыс жасау, экономиканың жекелеген секторларындағы ахуалды жақсарту мүмкін болды.
Атап айтқанда, бірінші тоқсанға қарағанда өнеркәсіп өнімі 3,1 пайыз көп өндірілді.
Мемлекет қолдауының арқасында 40 мыңнан астам үлескердің проблемалары шешілуде. Біз бұл мәселеде бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдадық - азаматтардың жағдайына түсіністік таныттық.
Біздің азаматтар мұндай бұрын-соңды болмаған көмек үшін мемлекетке ризашылық білдіруде.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілді. Оның жалпы өнімінің көлемі осы жылдың қаңтар-шілдесінде 2008 жылдың қаңтар-шілдесімен салыстырғанда 2,8 пайызға ұлғайды.
Отандық фермерлер қазірдің өзінде 63 миллиард теңгеден астам қаражат алып отыр. Бұл тұқым себуді толық көлемде атқаруға, егістік алаңын 1 миллион 600 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Үшіншіден, қаржы жүйесін жалпы тұрақтандыруға тұтастай қол жеткізілді.
Үстіміздегі жылдың 7 айында экономикаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда 7 пайызға өсті.
Экономиканы несиелеу тұрақты жүріп жатыр, инфляция төмендетілді.
Банктердің жиынтық активтері 2009 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша өткен жылмен салыстырғанда 2 пайыз дерлік ұлғайып, 12 триллион теңгеден асып түсті. Банктердің қарыз беру портфельдері жарты жылдықта 10,6 пайызға өсті.
Елдің халықаралық резервтері қырық екі жарым миллиард доллар деңгейінде тұрақтанды және олардың өсуі байқалды.
Ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру жөніндегі жұмыс жалғастырылды.
Төртіншіден, біздің кәсіпкерлер айтарлықтай қолдауға ие болды. Шағын және орта бизнес 134 миллиард теңгені игерді. Барлығы бағдарламаны 2,5 мың шағын кәсіпкерлік субъектілері пайдаланды. Олар 4 мың 700 жұмыс орнын ашты.
Бірінші тоқсанмен салыстырғанда екінші тоқсанда шағын және орта бизнес өнімдерін өндірудің 19%-ға өскені байқалды.
Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, ТМД елдері арасында Қазақстан дағдарысқа қарсы саясат тиімділігінің индексі бойынша алда келеді.
* * *
Қазақстанның өркенді дамуы ағымдағы жылғы ақпан-наурызда жүргізілген халық санағының қорытындыларында тіркелді.
Түпкілікті қорытындылар әлі нақтылануда, дегенмен алдын ала жасалған қорытындылар қоғамымызда болған үлкен өзгерістерді танытады.
Санақ нәтижелері елдегі өткен 10 жыл ішіндегі елеулі әлеуметтік-экономикалық, демографиялық өзгерістерді көрсетті.
Бәрінен бұрын, әңгіме халықтың өмір сүру деңгейіндегі оң ілгерілеушіліктер туралы болып отыр. Қазақстандықтардың ақшалай кірісі 10 жылда орта есеппен бес есе дерлік өсті.
Бізге халық санының төмендеу үрдісінің бетін қайтарып, айтарлықтай демографиялық өсімді қамтамасыз ету мүмкін болды.
Тұтастай алғанда 10 жыл ішінде халық саны 14 миллион 900 мың адамнан 16 миллион 300 мың адамға дейін көбейді.
Бұған негізінен бала туудың өсуі мен өлім-жітімнің азаюы есебінен қол жеткізілді.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдау тұтастай алғанда ауыл тұрғындары үлесінің өсуіне ықпал етті. 10 жыл ішінде ол 44-тен 46%-ға дейін ұлғайды. Сонымен бір уақытта ірі қалаларда, әсіресе Астана (80 пайызға) мен Алматыда (20 пайызға) тұратын адамдар саны өсті.
Сыртқы көші-қон үдерістерінде бетбұрыс байқалды. Елге келушілердің саны одан тысқары кетушілерге қарағанда көбейді. Бұл - Қазақстанда өмір сүрудің тартымдылығының айғағы.
Он жыл ішінде тарихи Отанына, негізінен ТМД елдерінен, Қытайдан, Моңғолиядан, Түркия мен Ираннан ресми статистиканың деректері бойынша ғана 650 мыңнан астам адам оралды.
Бірақ та 1999 жылға дейін де келіп жатқан, сондықтан осы бап бойынша миллионнан астам адам келді.
Он жыл ішінде қазақтардың саны 53-тен 65 пайызға дейін ұлғайды.
Солай болса-дағы Қазақстан халқының бірегей этно-конфессиялық құрамы сақталды. Елде 140 ұлт өкілдері тұрып жатыр.
Қазақстандықтардың 70 пайызға жуығы - ислам, 25 пайызы - христиан, сондай-ақ басқа да діндерді ұстанады.
Санақ халықтың ақпараттық білімділік деңгейінің едәуір өскенін дәлелдейді. Халықтың 15 және одан жоғары жастағы 34 пайызының компьютерде жұмыс істеу дағдысы бар, 20 пайызы интернетті пайдаланады, 12 пайызы ағылшын тілін игерген.
Санақ көрсеткен ең басты нәрсе - Қазақстан халқының өмір сүруі жақсара түсті.
Соңғы 10 жыл ішінде халықтың нақты ақшалай табысының жыл сайынғы қарқыны орташа есеппен 10 пайызды құрады.
Зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар 3 еседен астамға, шәкіртақылар - 6 есеге өсті.
Жеңіл автомобильдер иелерінің саны 2,5 есе көбейді.
Тұрғын үй қоры 24 миллион шаршы метрге ұлғайды, олардың жартысы - ауылдық жерлерде.
Бұл осыдан жиырма жыл дерлік бұрын реформаларды бастаған кезде біздің басты мақсатымыз болатын.
Демек, біз бәрін дұрыс жасадық.
10 жыл ішінде елде 616 жаңа мектеп, 125 аурухана ашылды.
Ондаған жаңа театрлар, мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар, стадиондар мен спорт алаңдары есігін айқара ашты. 29 мың километр дерлік автомобиль жолдары салынды және сапалы қайта жөнделді.
Мұның бәрі қазақстандықтар үшін, олардың өмір сүру сапасының өсуі үшін жасалды! Және бұл оң ілгерілеушіліктер санақ деректерінде көрініс тапты.
Санақ бізге халықтың жай-күйі туралы бағалы мәліметтер берді. Бұл ақпарат ел өмірін алдағы жылдарға нақты жоспарлауға мүмкіндік береді.
Үкіметке санақ барысында алынған мәліметтер бойынша барлық бақылау есептеулерін жүргізуді, жыл аяғында түпкілікті нәтижелерін жариялауды және оларды әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыру үдерісінде ескеруді тапсырамын.
* * *
Енді Парламенттің алдағы сессиясының міндеттері туралы.
Біз қиын кезеңді еңсеріп қана қоймай, дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне жан-жақты дайындалуға тиіспіз.
Бұл біздің заңнамамызды байсалды да кешенді жаңарту мен жаңғыртуды талап етеді.
Бірінші. Үкіметтің алдына жыл аяғына дейін елдің 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын, яғни алдағы 10 жылға екі бесжылдық бойынша бөле отырып, әзірлеуді аяқтау міндеті қойылған.
Бұл "Қазақстан-2030" Даму стратегиясын орындау жөніндегі келесі қадам болып табылады. Сондықтан бізге жаһандық өзгерістер мен үрдістерді ескеру керек.
Таяудағы онжылдықта мемлекет пен қоғамның күш-жігерін негізгі бес бағытқа:
- экономиканы дағдарыстан кейінгі қалпына келтіруге;
- оның орнықтылығын қамтамасыз етуге;
- бәсекеге қабілетті адами капитал жасауға;
- халықты арқаулық әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсетумен қамтамасыз етуге;
- ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қолдауға шоғырландырған жөн.
Дағдарыстан кейінгі кезеңде елді индустрияландыруға балама жоқ.
Үкіметке ағымдағы жылдың соңына дейін:
- елді индустрияландыруды ынталандырудың бесжылдық жоспарын;
- 2010-2015 жылдарға арналған Индустрияландыру картасын және Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастырудың 2020 жылға дейінгі схемасын әзірлеуді аяқтауды тапсырамын.
Қазірдің өзінде-ақ мәшине жасау, металлургия, мұнай өңдеу, фармацевтика және химия саласында жалпы сомасы 30 миллиард доллар болатын 25 индустриялық жоба іріктелді.
Олар 35 миллиард доллар көлемінде тиімділік береді, 270 мың жұмыс орны ашылады.
Қазақстан экономикасын индустрияландыру мен дамыту жөніндегі біздің барлық шараларымыз заңнамамен жақсылап қамтамасыз етілуге тиіс.
Индустриялық саясат туралы заңды басымдық тәртіппен қараған жөн. Үкіметке оны дайындауды жеделдетіп, Парламентке енгізуді тапсырамын.
Тиімді индустриялық саясат инновацияларға, ең заманауи білім-білікке және технологияларға негізделуге тиіс.
Сондықтан Ғылым туралы жаңа заң әзірлеп, қабылдау, онда отандық ғылым саласын дамытудың қағидаттарын айқындау керек.
Экономикалық басымдықтардың бірі агроөнеркәсіп кешенін дамытумен байланысты.
Сіздердің қарауыңызға шаруа (фермерлік) қожалықтары қызметін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылған. Оның уақытын созбай, қабылдау керек.
Біздің экономика үшін 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Қазақстан, Беларусь және Ресей арасындағы Кеден одағын құру туралы келісімдер кең өріс ашады. Бұл еліміздің іс жүзіне асырылатын интеграциялық бастамаларының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Депутаттардың алдында үш елдің Кеден кодексі бойынша ратификациялық рәсімдерді жүргізуді қоса алғанда, ортақ кедендік кеңістікті заңнамамен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру міндеті тұр.
Екінші. Елдің қаржы секторының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту.
Дағдарыс қаржы жүйелерінің қазіргі үлгілерінің жалпыәлемдік ауқымдағы да, еліміздегі де кемшіліктерін көрсетіп берді.
Менің тапсырмам бойынша қазір ұлттық қаржы сәулетінің тұжырымдамасы әзірленуде.
Онда банк қызметі, валюталық реттеу және бақылау саласындағы заңнаманы кешенді жетілдіру мәселелері көрініс табады.
Біздің алдымызда қаржылық қадағалау рөлін айтарлықтай күшейту, сақтандыру мәселелері жөніндегі заңнаманы өзгерту, бюджет заңнамасының тиімділігін арттыру міндеті тұр. Бюджеттің экономикалық дамудың маңызды көзіне айналуының мәні бар.
Тұтас алғанда елдің қаржы жүйесі экономиканы әртараптандыруға, инновациялық-өнеркәсіптік өсуге жұмыс істеуі тиіс.
Бұл оны бағалаудың басты өлшемі болмақ.
Кеше Германия Канцлері мен Франция Президентінің кездесуі болып, олар жанданып, жұмыс істей бастаған банктер өздерінің бұрынғы қателіктерін тағы қайталап жатқаны туралы айтты. Бұл банктер өздеріне орасан бонустар қойып, сол баяғы таптаурын жолмен жүре бастаған.
Біз мұндайға жол бермеуге тиіспіз.
Қазақстандық банк жүйесінің бүкіл коммерциялық, қаржылық және валюталық тәуекелдерді шектен шығармай ұстап тұруы маңызды болмақ.
Экономика өсудің ішкі ресурстарын жандандыруы үшін қор жинаудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ету керек.
Үкімет, ұлттық холдингтер мемлекеттік бюджет шығындарын қысқартуы және ұлттық қор нарығында қарыз алуды облигациялар шығару арқылы барынша пайдалануы қажет.
Шикізат секторынан түсетін кірістің басым бөлігін Ұлттық қорда сақтауымыз бізге маңызды. Енді 10 жылдан кейін оның активтерінің көлемі ІЖӨ-нің кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
Елдің жалпы сыртқы қарызын да жауаптылықпен басқарған жөн.
Циклға қарсы фискалдық саясатқа өтуді көздеу керек. Бұл экономиканың өсуі кезінде мемлекеттің шығындарын қысқартып, ал баяулау кезінде оларды ұлғайтуды білдіреді.
Біз халыққа қиын жылдарда қаражатты жұмсау үшін оларды жақсы жылдары жинақтау керек дегенді жиі айтуға тиіспіз.
Үшінші. Елдегі іскерлік ахуал мен кәсіпкерлік белсенділікті түбегейлі жақсарту.
Адал бәсекелестік, жеке меншікке қол сұқпаушылық және іскерлік бастаманы ынталандыру сияқты экономиканың негізгі қағидаттарының мызғымайтынын баса айтқым келеді.
Сонымен қатар нарықтық көзқарастар мен мемлекеттік реттеу арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табу да маңызды болмақ. Мемлекеттік тетіктер нарық қағидаттарын жүйелі түрде күшейтіп, толықтыра түсуге тиіс.
Қазір іскерлік ахуалды жақсарту мен отандық кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа жүйелі шаралар аса қажет.
Кәсіпкерлікті тексеру жүйесін оңтайландыру қажет. Біз бұл тақырыпты көптен бері және ұзақ уақыт айтып келеміз. Барлығын да бір Заңға жинақтау қажет, қалған басқасын жоюға қойып, тексеруші органдар шағын және орта бизнеске қыспақ жасамауы үшін тәртіп орнатайық.
Мемлекеттік және корпоративтік сатып алуда қазақстандық қамтуды ұлғайту және импортты одан әрі алмастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Үкіметке ағымдағы жылғы 1 қазанға дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырамын. Біз бұл жұмыспен заңды түрде айналысу үшін оны жыл соңына дейін қабылдау қажет.
Төртінші. Әлеуметтік сала тармақтарын белсенді дамыту.
Депутаттар азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша заңнамалық актілерге, білім туралы заңға түзетулер енгізуі керек.
"Нұрлы көш" бағдарламасын іске асырудың жалғасатынын ескерген жөн. Бүгінде ол үш облыста - Ақмола, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қанатқақты режімде орындалуда. Аталған бағдарлама отан деп оралғандарға жеңілдікпен несие беру тетігі арқылы тұрғын үй алуына мүмкіндік туғызады.
Депутаттық корпус ауылда еңбек ететін жас мамандарға көмектің жоспарланған шараларына қолдау көрсетуі керек.
Мен осындай үндеумен - ауылда жұмыс істеуге барлық жоо-лардың түлектеріне қайырылған болатынмын. Жастар бұған белсене қолдау көрсетті.
Бұл, ең алдымен, тұрғын үй алу үшін 2010 жылдан бастап оларға нөлдік ставкамен бюджеттік несиелер төлеу. Ауылдық жерлерге көшіп барған жас мамандарға осы жылдан бастап көтерме жәрдемақылар төленуде.
Осы мақсатқа таяудағы үш жылда республикалық бюджеттен 14,3 миллиард теңге бөлінетін болады.
Парламент бюджет жобасымен жұмыс істеу кезінде "Жол картасын" іске асыру шараларын одан әрі қаржыландыруды көздегені жөн.
Жақында мен өңірлерге жасаған бірқатар сапарымда "Жол картасын" іске асыру жұмыстарының барысымен таныстым. Депутаттардың да жергілікті орындарда болғанын білемін.
Мен осы бағдарламаға бастама жасағанымда әрбір ауылға, әрбір отбасына жету міндетін қойғанмын. Мен оның орындалып жатқанына көз жеткіздім.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңартуда, жолдарды, мектептерді, балабақшаларды, ауруханаларды жөндеуде ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Экономикалық өсу жылдарында да мұндай болған емес! Ел іші бізге осы бастама үшін шынайы алғысын айтуда.
Сондықтан осы бағдарламаны іске асыруды жалғастыратын боламыз.
Бесінші. Парламент жұмысының шешуші басымдықтарының бірі әкімшілік және құқықтық реформаны қамтамасыз ету, қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру болуға тиіс.
Халықтың, ең алдымен, сот жүйесіне оның ашықтығы мен тиімділігі, соттар жұмысында заңдылықтың қатаң сақталуы арқылы сенімін арттыру керек.
Бұл туралы бірінші рет айтып тұрған жоқпыз, көптеген шаралар қабылдап, заңнамаға өзгерістер енгізудеміз. Біз соттардың жалақысын 60 пайызға өсірдік. Адамдар сотқа әділдікке жетеміз деп баруы үшін халық судьялар корпусынан сондай жұмыс күтуге құқылы.
Қазақстан азаматтарының қай нәсілге, ұлтқа және дінге тиесілігіне қарамастан, іс жүзіндегі тең құқығын, адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін нормаларды заңнамада бекіту жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды деп санаймын.
Қоғам үшін гендерлік теңдік туралы заңнаманы - тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оны тыю туралы заңдарды әзірлеп, қабылдаудың мәні зор болмақ.
Менің тапсырмам бойынша жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы әзірленді. Оның қағидаларының негізінде қазақстандық заңнаманы жаңалау, заң шығару үдерісін нығайту, оның сапасын арттыру керек.
Үкіметке заңдар мен заңнамалық актілерге ғылыми, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасау, мүдделік қолдау (лоббистік) қызметі, электронды үкімет мүмкіндіктерін неғұрлым кеңінен пайдалану туралы заң жобаларын ең бірінші кезекте әзірлеп, Парламентке енгізуді тапсырамын.
Парламенттің алдында жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің және Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жобаларын қарау міндеті тұр.
Олар әкімшілік құқық бұзушылықтарды қараудың барлық ресімінің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс.
Осы сессия барысында құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған заң жобаларын қабылдау керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - бұл науқан емес, бұл - маңызды басымдығымыз. Бұл мәселеде ешқандай жағдайда есе қайырып, есеп айырысуға жол беруге болмайды. Соңғы уақытта бұл жұмыс күрт жандана бастады. Тергеуде жоғары дәрежедегі шенеуніктер - орталық министрліктер мен ведомстволардың, бірқатар облыстық департаменттердің бұрынғы басшылары отыр.
Елімізде қолын мемлекет қалтасына сұққандарды жазалаудан сақтап қалатын орынтақтар мен кабинеттер болмауға тиіс.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті құқық қорғау органдары заңға қатаң сәйкес, барлық іс жүргізу нормаларын сақтай отырып жүргізуге тиіс. Мұны мен Бас прокуратураға тапсырамын.
Құқық қорғау органдарының өздері өз қатарларының тазалығын сақтауға тиіс.
Құрметті депутаттар!
Келесі жыл - еліміз үшін ерекше жыл. Ол аса маңызды тарихи оқиға - Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуімен ерекше болмақ.
Бұл құрметті миссия бізге үлкен жауапкершілік жүктейді және сонымен қатар бізге кең мүмкіндіктерге жол ашады.
Депутаттық корпусты шетелдік әріптестерімен белсенді жұмыс, ЕҚЫҰ-ның түрлі комиссиялары мен топтарының, оның Парламенттік Ассамблеясының қызметіне қатысу күтіп тұр.
Бұл мүмкіндікті Ұйымға қатысушы мемлекеттер парламенттерінің жұмысын зерделеп, оны Қазақстанда қолдану үшін пайдалану қажет.
Еліміздегі заң шығару үдерісінің сапасын едәуір көтеріп, оны еуропалық стандарттарға одан әрі жақындата түсу қажет.
Парламент барлық мемлекеттік органдармен бірге елдің ЕҚЫҰ төрағасы функцияларын орындауына белсенді қатысуға тиіс.
Қазақстанның осы міндетті ойдағыдай атқаруы және сол арқылы халықаралық саясаттағы беделі мен абыройын нығайтуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау - біздің ортақ парызымыз.
Құрметті депутаттар!
Тұтастай алғанда Парламенттің кезекті сессиясы қауырт болмақ.
Біздің ортақ міндетіміз ел дамуының жаңа кезеңіне дайындықты заңнамалық қамтамасыз ету болады.
Осы жұмыстың басында "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының фракциясы жүруге тиіс.
Әрбір нұротандық депутат ортақ істің табысты болуына жеке жауаптылығын сезінуге міндетті.
Сіздерге үйлесімді жұмыс істеп, біздің Тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді, әрбір қазақстандықтың лайықты болашаққа, оның балаларының болашағына сенімділігін нығайтатын жаңа маңызды заңдар қабылдауларыңызға тілектеспін!
Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын. Баршаңызға жұмыста толайым табыс тілеймін.
«АБАЙ-ИНФОРМ».