Ерлан Қошанов: жылумен қамтамасыз ету мәселесі депутаттардың ерекше бақылауында болады
Кеше Мәжілістің жалпы отырысына жылумен қамту мәселелері туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдалды.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы қарашадағы Жарлығына сәйкес, Жоғары аудиторлық палата төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарына есеп беруге тиіс. Бұл – аталған палатаның алғашқы есебі.
Жалпы осы саладағы түйткілді мәселелерді талқылау шамамен үш сағатқа созылды.
– Өткен қыста Екібастұзда, Петропавлскіде, Риддерде, Рудныйда тұрғындар жылусыз қалды. Бұл – жылдар бойы қордаланған проблемалардың салдары. Мемлекет басшысы осы мәселелерді үнемі бақылауында ұстап отыр. Үкіметке біраз нақты тапсырма берді. Алайда жылу-энергетика жүйесін толыққанды жаңғырту басталды деп айтуға әлі ерте. Жоғары аудиторлық палатаның есебі де осы саладағы олқылықтарды анық көрсетті, – деді Мәжіліс төрағасы.
Мәжіліс депутаттары тарапынан біраз сыни пікірлер айтылды. Жауапты министрліктер өкілдеріне халықты толғандырып отырған ең өзекті сауалдар қойылды. Алайда депутаттардың дені министрлердің берген жауабына қанағаттанған жоқ.
– Үкімет мүшелерінің берген жауаптарынан әлі де мәселелердің толық шешілмей жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан жылумен қамтамасыз ету мәселесі алдағы уақытта да депутаттардың ерекше бақылауында болады. Келесі сессияда біз міндетті түрде бұл тақырыпқа қайта оралып, Үкімет мүшелерінің есебін тағы да тыңдауымыз қажет, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы депутаттардың энергетикалық қадағалауды күшейту туралы ұсынысын қолдады. Сонымен қатар жылу саласына тікелей жауапты мемлекеттік органдардың жауапкершілігін айқындау үшін өкілеттіктерді қайта қарау керектігіне назар аударды.
Жиын соңында Ерлан Қошанов жауапты министрліктерге жылыту маусымына дайындықты жеделдету керектігін ескертті.
Abai.kz