Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Билік 3150 26 пікір 26 Маусым, 2023 сағат 13:45

Лукашенко неге Тоқаевпен емес, Назарбаевпен сөйлеседі?

Ішкі істердің сыртқы салдары:

24 маусым күні дүниені дүр сілкіндерген Ресейдегі бүлік әрекеті Қазақстанды да әлем жұртшылығы алдына одан сайын танымал етті. Ресми түрде ол екі түрлі көрініс тапты.

Біріншісі – президент Тоқаевтың өзіне қоңырау шалған РФ президенті Путинмен болған әңгімеде осы оқыс оқиғаға берген бағасы. Бүлікті «Ресейдің ішкі ісі» деп бағалауы және де оны сол елдің президентінің өзіне айтуы, меніңше, барлық жағынан дұрыс болды.

Біріншіден, мұндай, салиқалы да сабырлы, Ресеймен ұлттық мүддеміздің бөлек екенін ап-анық аңғартатын тұжырым өзімізге, Тәуелсіздік пен жер тұтастығы секілді іргелі құндылықтарды бойына сіңіріп өсіп келе жатқан жастарымызға керек! Бұл сөйлесу кешегі метрополия мен кешегі вассалдың әңгімесі емес екенін түсінген адам түсінді (түсінгісі келмегендер сан-саққа жүгірте берер).

Екіншіден, бұл - постсоветтік кеңістік елдерін Ресейдің сателлиті ретінде қабылдап келе жатқан халықаралық қауымдастық үшін де мықты белгі. Мұның өзі еліміздің сыртқы алаңдағы беделін одан сайын көтере түсері хақ.

Алайда, Астана мен Мәскеудің арасына от салғысы келетін ішкі және сыртқы күштер де қарап отырмады. Бірқатар ресейлік БАҚ Тоқаевтың бұл сөзін «Ресейге қарсы демарш», «Басына күн түскен Ресейді қолдаудан бас тарту», «Достар олай етпейді» деген сыңайда тақырыпты бықсытып, мәселені ушықтырып, әрқилы әңгіме таратқаны да рас. Сонысымен олар Ресейдің өз ішіндегі неомпериялық пиғылдағы шовинисттердің қолтығына су бүркіп жатты. Шыны айтсақ, мұндай біржақты бұрмалаушылық ішіміздегі пропутиншіл, сепаратистік пиғылдағы қауымға да бағытталғаны рас. Бірақ, одан қандай нәтиже шықты, ол жағы беймәлім.

Әлемдік БАҚ ақпараттық ленталарында Қазақстанның аты екінші рет аталуы Беларусь президенті Лукашенкоға қатысты аталып жатты. Оның айтуынша, ол Путин және... Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесіпті. Дәлірек айтсақ, «халықаралық ахуалды, аймақтағы жағдайды және беларусь-қазақстан қарым-қатынасын талқылапты», Лукашенко жағы солай дейді.

Осындайда бірнеше сұрақ туады.

Лукашенко неге өзінің әріптесі, президент Тоқаевқа қоңырау шалмайды? Бұл не – Тоқаевқа қарсы демарш па? Әлде ішкі және сыртқы саясаттан тыс қалған досы Назарбаевты «қайта тірілту» әрекеті ме? Әлде, билік транзиті толық аяқталмаған Қазақстанның бұрынғы және бүгінгі басшыларының арасына от салып, әдейі арандатып, доқ көрсетіп, Қазақстан ішіндегі антитоқаевшыл күштерге белгі беру ме?

Не болса да, төрт жауап та Лукашенконың ойындағы бір сұмдық сұрқиялықтан сыр бергендей.

Осы қоңырау шалудың неден, қалай болғанын тиісті ведомствомыз ресми арналар арқылы Беларусь жағына сауал жолдап, тиісті жауап алады деп ойлаймын.

Олай етпесек, Тоқаев «Ресейдің ішкі ісі» деп бағалаған кез келген оқиға Қазақстанның да ісіне айналып кетуі ғажап емес!

Әміржан Қосан

Abai.kz

26 пікір