Утильалым ісі: Назарбаева жауапқа тартылмады
Астананың ауданаралық соты Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстары министрінің бұрынғы орынбасары Ахметжан Пірімқұловты жеті жылға бас бостандығынан айырды.
Ол утильалым бойынша "Оператор РОП" компаниясының ісі бойынша айыпталған. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Пірімқұлов Қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша кінәлі деп танылды. Абақтыдан тысқары оған өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салынды.
Бұл іс бойынша тағы екі айыпталушы – "Оператор РОП" басқармасының бұрынғы төрағасы Медет Құмарғалиев пен бұрынғы бас директор Светлана Коротенко да жеті жылға еркінен айырылды.
Сот мәліметі бойынша 2016 жылдан бері "Оператор РОП" жетекшілері Пірімқұловтың көмегімен 26,8 миллиард теңге бюджет қаражатын ұрлаған. Сонымен бірге айыпталушылар компания есебіндегі 180 миллиард теңгені (401 млн доллардан астам) жымқыруға әрекет еткені айтылды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлиямен байланысы бар екені айтылып жүрген компания 2015 жылы құрылған. "Оператор РОП" ескі көліктердің тетіктерін, қалдықтарын жинағаны үшін мекемелерден арнайы төлем алып тұрды.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz