Жұма, 20 Қыркүйек 2024
1552 0 пікір 18 Шілде, 2023 сағат 12:48

Шетелдік көлікті заңдастыру: Тұрғындар уақыт беруді сұрады

Алматыда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының алдына шетелдік көліктерді заңдастыру науқына іліне алмаған көлік иелері наразылық жиынын өткізді.

Олар "шетелден әкелінген көліктердің бәрін тіркеуге мүмкіндік берсін, 1 қыркүйекке дейін, одан кейін деп бөлмесін" деген талап қойды.

2022 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тіркелмей жүрген көліктерді жеңілдікпен тіркеп, заңдастыру туралы бастама көтерген. Тоқаев жеңілдікпен тіркеуге ілінетін көліктердің шегі ретінде өзі жолдау жасаған күн - 2022 жылдың 1 қыркүйегін көрсеткен. Бұл бастама бойынша, жеңілдікпен заңдастыру науқаны 2023 жылдың қаңтарында басталып, шілденің біріне аяқталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасаған күні шетелден Қазақстанға беттегендер немесе алдын ала ақшасын төлеп, тапсырыс күтіп отырғандар жеңілдікке іліне алмай қалған.

Халыққа қызмет көрсету орталығының алдына көлігін заңдастырғысы келетін 50-ге жуық адам жиналды. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдап, шетелден әкелінген көлік иелерінің барлығына бірдей мүмкіндік жасауды сұрады.

Үндеуде олар "шетелден жеткізілген көліктен алынатын утиль алым мүлдем алынып тасталсын. Алғашқы тіркеу құнын ең төменгі деңгейге түсірсін" деген де талап қойған.

Әкімшілік полиция комитетінің 13 шілдедегі есебі бойынша, биыл 26 қаңтарда басталып, 1 шілдеде аяқталған науқан кезінде 206 мыңға жуық шетел көлігі жеңілдікпен тіркелген.

Жеңілдікпен тіркеу науқанына бастапқыда рөлі оң жақтағы автокөліктер мен Қазақстанға автомобиль ретінде емес, автобөлшек ретінде кірген "конструктор-автокөліктер" кірмеген еді. Оң рөлді автокөлік иелері мен "автоконструктор" көлік иелері әлденеше рет талап еткен соң оларды да жеңілдікке қосқан. Полиция мәліметіне қарағанда, бүгінге дейін 14 654 "автоконструктор" автомобильге айналған.

 

Abai.kz

0 пікір