Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
1402 0 пікір 26 Шілде, 2023 сағат 12:11

Катонқарағай мен Марқакөл аудандары қашан қалпына келтіріледі?

Катонқарағай және Марқакөл аудандарын қалпына келтіру туралы Жарлық жыл аяғына дейін қабылданады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов редакция сауалына жолдаған жауабында айтты.

«Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай және Марқакөл аудандарын қалпына келтіру бойынша көтерген мәселелеріңізге қатысты өтінішіңізді қарап, өз кұзыреті шегінде мыналарды хабарлайды (министрлік – ред.). 21 шілде күні ШҚО мен Абай облысының аудандарын қалпына келтіру/қайта құру туралы ҚР Президентінің тапсырмасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Бекітілген жоспарда ШҚО және Абай облысының аудандарын қалпына келтіру және қайта құру үшін барлық ұйымдастыру-дайындық іс-шаралары көзделген. Сонымен қатар, жоспарға сәйкес Жарлықтың жобасы үстіміздегі жылдың соңына дейін әзірленіп, қабылданатын болады», - деп жазады-вице министр.

Дегенмен, қалпына келтірілетін аудандардың құрамында неше елді мекен болатыны әзірге әлі шешілмеген.

«Қалпына келтірілген аудандардың аумағы мен шекаралары, сондай-ақ олардың құрамына кіретін ауылдық елді мекендердің саны тиісті іс-шаралар өткізілгеннен кейін облыс әкімінің қаулысымен белгіленеді және айқындалады. Аудандарға берілетін қызметкерлердің штат саны мен бөлінетін қаржыға қатысты барлық экономикалық есептеулер, оның ішінде қосымша штаттық бірліктер мен бөлінетін қаржының көлемін анықтау бойынша әзірлеу сатысында тұр. Жоспарға сәйкес бұл іс-шара үстіміздегі жылдың соңына дейін жүзеге асырылады», - делінген жауапта.

Фото: ғаламтордан

Abai.kz 

0 пікір