МАЭК-тегі апаттың себебі анықталды
3 шілдеде Маңғыстау атом энергетика комбинатының (МАЭК) электр станциясында болған апатты тоқтаудың себебі анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«KEGOC» АҚ мәліметінше, МАЭК ЖЭС ірі блогының ажыратылуына өндіруші жабдықтың тозуы себеп болған.
«Компанияның релелік қорғау және апатқа қарсы автоматикасы штаттық режимде іске қосылды. Бұл Атырау және Маңғыстау энергия тораптарының толық өшуіне жол бермеді. «KEGOC» АҚ қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылы қысқа мерзімде жұмыс схемасын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бір сағаттан аз уақыт ішінде Атырау энергия торабы, сәл кейінірек Маңғыстау торабы Қазақстанның Бірыңғай энергетика жүйесінің Батыс аймағымен синхрондалды.
Апаттық жағдайды талдау көрсеткендей, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту және реконструкциялау қажет, Атырау мұнай өңдеу зауытын сыртқы электрмен жабдықтауды күшейту және жаңа заманауи энергия көздерін салу керек», - делінген компания хабарламасында.
Мәлім етілгендей, «Самұрық-Қазына» АҚ KEGOC компаниясының ұзындығы 770 шақырым болатын 220 кВ әуе желісін салу, қолданыстағы 220 кВ қосалқы станцияларды кеңейту және 220 кВ тарату қосалқы станциясын салу арқылы Батыс энергетикалық аймақтың электр желісін күшейту жобасын аяқтауды бақылауда ұстап отыр. Жоба биылғы желтоқсан айында толық аяқталмақ. Нәтижесінде транзиттің өткізу қабілеті «Орал-Атырау» учаскесінде – екі есеге, «Атырау-Маңғыстау» учаскесінде – төрт есеге ұлғаяды, бұл батыс аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін айтарлықтай күшейтеді.
Еске салайық, 3 шілде күні МАЭК-те №1 энергетикалық блоктың жұмысы апатты жағдайда тоқтап қалған болатын. Апат салдарынан "Атырау мұнай өңдеу зауытының" жұмысы да тоқтады. Қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалды.
МАЭК қызметкерлері сәуір айында кәсіпорында жабдықтардың тозғанын, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадрлар жетіспейтінін айтқан. Ulysmedia тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен неге бұл ескертуді ешкім елемегенін сұрады.
Министр МАЭК-тегі жағдайдың күрделі екенін растады. Онда толық көлемде күрделі жөндеу жүргізілмеген, қаржыландыру жеткіліксіз болған.
Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов Атырау зауытындағы апат салдарынан елде жанармай тапшылығы туындамайтынына сендірді.
13 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) тексерудің алдын ала қорытындысы жарияланды.
Дәл сол күні “ҚазМұнайгаз” басшысы мен Энергетика вице-министріне сөгіс жарияланды.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz