Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
1614 2 пікір 1 Тамыз, 2023 сағат 12:46

FFE: Нүкіс оқиғасында кемінде 55 адам қаза тапқан

Австриялық Freedom for Eurasia ("Еуразияға бостандық") құқық қорғау ұйымы былтыр маусым айында Өзбекстанның Қарақалпақстан автоном республикасындағы көтеріліс кезінде қаза тапқан азаматтардың биресми тізімін жариялады. 

Бұл тізімді белсенділер жасаған. Ұйым мәліметінше, Нүкісте өзбек билігі мәлімдегендей, 21 емес, кем дегенде 55 адам қаза тапқан.

Freedom for Eurasia сайтында жарияланған баяндаманы белгілі құқық қорғаушы Виталий Пономарев, Ғалым Ағелеуов және Дмитрий Кабак дайындаған. Бұл жайында Азаттықтың өзбек қызметі 31 шілдеде жазды.

Олар Қарақалпақстан мен Бұхараға екі рет барып, оқиғаның куәлерімен сөйлесіп, дәйектерді анықтауға тырысқан. Олар үшінші рет барғанда Ташкент кіргізбей қойған.

Баяндаманы әзірлеуге үлес қосқан жергілікті белсенділердің аты-жөні олардың қауіпсіздігіне байланысты аталмаған.

Құжатта көрсетілгендей, Ұлттық гвардияның төрт өкілінің өлімі жайлы мәлімет расталмаған.

"2022 жылдың 1-2 шілде күндері Қарақалпақстанда қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылған бірде-бір күш құрылым өкілдері қаза болмаған", - деп жазылған баяндамада.

Онда ресми билік жариялаған 21 адамнан басқа тағы 34 адамның өмірі қиылғаны расталған. Авторлар бұл соңғы тізім емес екенін, Нүкіс оқиғасында 70-тен астам адамның қайтыс болғаны жөнінде мәлімет бар екені айтылды.

Өзбекстанда былтыр Конституцияға өзгерістер енгізіліп жатқанда, Қарақалпақстанның автоном республикасы деген мәртебесі алынып тасталған. 1-2 шілдеде қарақалпақ халқы өзгерістерге қарсылық білдіріп жаппай наразылыққа шыққан. Наразылық қарулы күшпен басылған. Қанды оқиғадан кейін Негізгі заңға енгізілген өзгерістер алынып тасталды. 500-ден астам адам ұсталып, көбі тергеуден соң босатылған.

АҚШ, Еуроодақ, БҰҰ және халықаралық ұйымдар бұл оқиғаны ашық тергеуге шақырған.

Abai.kz

2 пікір