Сенбі, 23 Қараша 2024
Кремль пропогандасы: 1992 3 пікір 2 Тамыз, 2023 сағат 13:08

Қазақстанда АҚШ-тың 30 биозертханасы бар ма?

Осыған дейін әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында: «Қазақстан бұрын Украина аумағында орналасқан 30 америкалық биозертхананы өз аумағына орналастырды», - деген гу-гу әңгіме тараған. Бұл туралы Mezgil.kz сайты жазды

Бүгін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеме жасап, аталған ақпараттың жалған екенін айтты.

«Бұл фейк. Өзге бір мемлекеттің биозертханаларын Қазақстан аумағына орналастыру туралы ешқандай жоспар жоқ. Болған да емес», - делінген министрлік терістемесінде.

Былтыр (2022 жылы) АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Даниел Розенбюм «Қазақстандағы АҚШ биозертханалары туралы» қауесетке жауап берген.

«АҚШ-тың соңғы 30 жылда Қазақстан мен осы төңіректе жасап жатқан кез келген жоба-жоспары әуелі жергілікті билікпен, басшылықпен келісіліп, мақұлданып қана жасалуда. Қазақстан билігінің рұқсатынсыз бірде-бір жоспар іске айпайды. Соның ішінде адамдарға зиян келтіретін, жаппай қолданылатын биологиялық қару мәселесіне қатысты да дәл солай. Ал Ресей мен Беларусь пропогандашылары Қазақстан билігін оп-оңай алдауға болатын ақымақ көре ме? Бұл керек десеңіз, Қазақстан, Гүржістен мен Украина басшылығын мазақ ету», - деген.

«Американың Қазақстанда әрқандай ауру түрлерін тәжірибеден өткізіп, сынайтын биозертханалары бар» дейтін сөз көптен бері айтылып келеді. Бірақ, биозертхана туралы ресми билік тіс жарып ештеңе айтпаған соң, ол «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып келеді. Әрине, АҚШ тарапы да зертхана жайында жақ ашқан емес. Бұл жайтты Ресей ғана жарияға жар салып отыр.Тіпті, Ресейдің федералды телеарналарынан Владимир Соловьев секілді көбік ауыз, көпірме сөзді пропогандашылар: «Алматыны бомбалау керек», - деген сөзді де ашық айтқан.

2022 жыл. Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың биозертханалары туралы айтты. «Пентагон ондаған мамандандырылған биозертханалар мен орталықтар құрды, олардың негізгі міндеті – биологиялық материалдарды жинау және вирустар мен қауіпті аурулардың таралу ерекшеліктерін зерттеу. Украинадағы арнайы операция барысында Ресей шекараларына жақын жерде биологиялық қарудың құрамдас бөліктері жасалғандығы, посткеңестік кеңістіктегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақсыздандырудың мүмкін әдістері мен тетіктері дамығандығы туралы құжаттық дәлелдер алынды», - деді Ол.

2022 жылдың желтоқсаны. Ресей мемлекеттік арнасынан саясаттанушы Евгений Сатановский: «Қазақстанмен соғысамыз. Қақтығыс сөзсіз болады», - деп сөйледі.

«Қазақстандағы АҚШ-тың биозертханалары жайлы біз ұмытып кете береміз. Алғашқыда, күліп едік. Сенбеп едік. АҚШ Қазақстанда биозертхана ашуы мүмкін емес дедік. Сөйтсек, Украинадағы секілді, Қазақстанда да 2 әскери биозертхана бар екен. Ол АҚШ-тікі. Сондықтан, сөзсіз, тікелей қақтығыс болады. Ал қақтығыстың қашан болатынын біз шешпейміз», - деді Ол.

Бұл дегеніңіз, қарапайым сөзбен айтсақ, «Украинадан соң, Қазақстанның мәселесіне кірісеміз. Керек болса, соғысамыз», - деген сөз! «Қақтығыс сөзсіз болады», дегеніңіз басқа емес, нақ осы сөз!

Ал тарихқа көз жүгіртсек, 40-50 жыл қазақ даласы Кремльдің сынақ полигоны болды. Сынақ аймақтарында 1949-1989 жылдар аралығында 456 әр түрлі ядролық жарылыстар жасалса, соның ішінде әуе мен жер астында – 116 сынақ жасалған. 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүние жүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутегі бомбасы сыналған. 1953 жылғы тамызда термоядро қондырғысының, ал 1955 жылы А. Сахаров шығарған бомбаның сынағы өткен.

Қазақ халқы ядролық сынақтардан адамзат баласы бұрын соңды көрмеген зардап шекті. Сынақ зардаптары дәрі мен дәрігерлерді дәрменсіз етіп, адамзат баласында кездеспеген ауру-сырқаулардың «жаңа» түрлерін туындатты. Енді осыдан-ақ, саралай берсеңіз болады. Қазаққа биологиялық апатты кім жасады?

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371