Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2106 1 пікір 3 Тамыз, 2023 сағат 13:52

Әкімге хат: Шығысымыз салтанатқа лайық өлке!

Фото: Арсений Несходимов

Облыс әкімі Ермек Көшербаев мырзаның назарына!

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі табиғаты адам таңғаларлықтай ең көрікті, сұлу елдімекен. Тек қана Қазақстан ғана демейік, бүкіл Орталық Азиядағы тұмса табиғаты ғажайып, көрген адам талай уақытқа дейін ұмыта алмайтын, аяулы өлке деуге болады. Сондай-ақ, бұл өңірге жан-жақтан туристтердің де ең көп келетін, демалатын орындарының бірі.

Міне, осы, біз мақтаныш ететін, шырайлы өлкенің билігіне - еліміз тәуелсіздік алғалы талай әкімдер келіп кетті. Негізінен, сонау Кеңес Одағы тұсынан бұл облыстың аумағында, қазақтардан гөрі, славян жұрты көп болып келіп еді. Әрине, егін егуге, көкөніс, жеміс-жидек өсіруге аса қолайлы болып келетін аймақ болғандықтан, орыстардың шоғыры қалың және олар қоныстанған елдімекендер де жиі болып келеді. Алайда, тәуелсіздік жылдары бұл ағайындардың біразы өздерінің тарихи еліне көшіп кетті. Бірақ, әлі де жетерліктей. Бұл облысты қазақыландыру немесе ептеп болса да қазақ иелігіне жақындату әр әкімге оңай болған жоқ.

Осы арада әңгімені бастар алдында, ескерте кетерім, облысты - Шығыс Қазақстан деп атағаннан гөрі, Алтын Алтай, болмаса өзгеше атаса, әлдеқайда оңды болары еді-ау деп ойлаймын. Бұл әрине, менің өз пікірім. Облыс деген сөзден де арылатын кез әлдеқашан жетті. Мысалы: Алтын Алтай ұлысы, немесе Алтын Алтай өлкесі деп атағанда, бізге, қазақтарға үлкен мәртебе еді ғой. Дегенмен, республика билігінде орыс тілді, жөн-жобаны тереңдеп түсінбейтін азаматтар жүрген соң, ондайға бара қоймас.  Бірақ, алдағы уақытта бұл пікірді ұмытпай ескере жүріуміз қажет.

Осы облысқа отыз жылдың көлемінде, біраз әкімдер келіп кетті. Дегенмен, біздің мақтанышымыз болған - ажарлы Шығысты қазақшылыққа бұрған екі-ақ әкім бар. Солардың бірі Жәнібек Кәрібжанов, сонымен қатар, екіншісі Бердібек Сапарбаев. Бұлар, облыс көлеміндегі көптеген округ, елдімекендерге қазақша атау беріп, көшелер мен даңғылдарды қазақша атап, қазақ мектептері мен балабақшаларын көбейтіп, Өскеменнің дәл ортасына Абай атамыздың ескерткішін орнатып, қала мен елдімекендерде мешіттер салдырып, тіпті, Алтайдың сілемдеріне Ұлы Қабанбайдың ескерткішін тұрғызып, тұрғылықты ел айтып жүретіндей көп еңбек сіңірді және осы өңірдің экономикасын да біраз көтеріп кетті. Тағы айтарымыз, осы екі әкім, Мемлекеттік тіліміз болып саналатын қазақ тілін, шамасы келгенше алға сүйреп және оның айтарлықтай осы өңірде алға басуына, қолданыс аясының кеңейуіне біраз септігін тигізіп еді.

Дегенмен, республика билігі солардың біреуінеде «Еңбек Ері» атағынбермегені, аса өкінішті. Осы екі азаматтың өзге облыстарға да таудай көмегі тиген болатын.

Қайдағы бір әнші мен жазушыларға бергеннен гөрі, осылардың елге, мемлекетке сіңірген еңбегі әлде қайда көп еді. Мұнда келген өзге әкімдер, жолжөндеумен, елдімекендерге су тартумен, жылу құбырларын реттеумен және басқада жұмыстармен айналысты. Алайда, бітіргендері шамалы. Келді, кетті! Шынымды айтайын, олардың түсінігі мен жауапкершілігі шамалы, денгейлері төмен адамдар еді. Қазақшылығы да жоқ деуге болады. Тұрғылықты елдің құрметіне де ие бола алмады.

Аса құрметті, Ермек Беделбайұлы!

Сіз осы облысқа жуықта ғана келдіңіз. Әрине, облыс әкімі болғандықтан, сізге құрметпен қараймыз және еңбегіңізге табыс тілейміз. Ал енді айып етпесеңіз сізге, құлаққағыс етіп айтарымыз, жасақтайтын кадрларынызды, қазақ тілді және жауапкершілігі бар, елге жаны ашыйтын, абыройлы азаматтардан тағайндасаңыз екен.

Бізге, осы облысты, қасындағы Абай, немесе Түркістан өңірлері секілді шығыстық, қазақылық шырайға келтірсеңіз құба-құп болары еді. Кеңес Одағы тұсынан келе жатқан идеологиялық тұрғыдан мүлде ескірген атауларды өзгертіп, Жаңа Қазақстанға сай, мемлекеттік тілдегі атаулармен біртіндеп, кейінге қалдырмай алмастыруды қалар едік. Сонымен қатар, Абай атамыз қалам тербеген ана тіліміз - қазақ тіліне көңіл аударып, жұмыс барысында осы тілдің де аясын кеңейтсеңіз дейміз.

Облыстық оқу - ағарту басқармасының да жетекшілерін қазақ тілді кадрлардан тағайындасаңыз!  Қазақ мектептерінің, балабақшаларының көбейуіне жол ашсаңыз!

Осы өңірдің ақиық азаматы, аты республикамызға кеңінен танымал, Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атамыздың атын, Өскеме әуежайына, мүмкін болса алып берсеңіз!  Егер реті келсе. Біздікі, сізге айтар пікір ғой.  Сондай-ақ, облыс орталығы, Өскемен қаласына   Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішін тұрғызуға да болары еді дейміз.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Өскемен қаласының атауын, тек қана мемлекеттік тілде Өскемен деп атаса, орынды болары еді. Қасындағы Семей қаласы да кезінде бір тілдік ретке келтірілді ғой.  Осыны, ретін келтіріп, мүмкіндігінше іске асырсаңыз дейміз.

Әрине, айтар тілегіміз де, ұсынысымыз да жетерлік. Бірақ, оны алдағы кезеңдерде көре жатармыз.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер  Одағының  мүшесі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364