Бейсенбі, 14 Мамыр 2026
Көршінің көлеңкесі 110 0 пікір 14 Мамыр, 2026 сағат 15:06

Панда бондтары мен қазақтың қаржы секторы

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Ақ-қара, яғни ала түсті жануар туралы кешегі түсініксіз анонстың түсінікті жалғасы. Енді көп нәрсе түсінікті болады.

5 жыл бұрын бір юань 66,06 теңгеге бағаланатын. Бүгін Қазақстан қор биржасындағы бағамы 68,41 көрсетіп тұрды. Сонда 60 айдағы ауытқуы небәрі 4-3 пайыздың арасында жүр. Демек, екі валюта жұбының курсы өте тұрақты.

Юаньмен орналастыратын облигациялар, яғни қарыз қағаздары Панда бондтар деп аталады. Жақында мемлекеттік «Самұрық-Қазына» қоры юань нарығына шығып, облигациялар орналастыру арқылы 3 миллиард юаньді жылдық 2,18 процентпен алды. Және қорға қарыз беру үшін Қытай қаржы ұйымдары өзара таласып қалған.

2,18 пайызбен кредит. Юаньмен. Яғни, доллар сияқты қымбаттап кетпейтін, анағұрлым тұрақты валютада. Жақсы ма? Әрине жақсы. Арман ба? Көбіміз үшін қол жетпес арман.

Сонда Панда бондтар былтыр Қазақстан өз тарихында ең төмен процентпен – 4,412% қылып алған евробондтан екі есе арзан болып тұр.

Менің ойымша, биылдан бастап біздің банктер, басқа да қаржы ұйымдары юань нарығына ұмтылуы мүмкін. Банк Қытайдан 2-3 пайызбен кредит алып, оны Қазақстандағы бизнеске 10-12 пайызбен берсе де, спредтен орасан зор пайда табары сөзсіз. Ең бастысы юаньнің теңгеге шаққандағы курсы тұрақты болып тұрса болғаны.

2025 жылдың аудиттелген есептіліктеріне қарап отырып, қаржы ұйымдарының тым қымбат өтімділік ауруына шалдыққанын байқаймыз. Ортақ түсімдері өссе де, таза пайдалары көп арта қоймаған. Себебі, нарықтан қаржыландыру тарту өте қымбат болып тұр. Мысалы, екінші деңгейлі банк Ұлттық Банктен кредит алса – ол 17 пайыз, депозит арқылы халықтан ақша тартса - ол кемінде 18 пайыз, Қазақстан қор биржасында теңгелік облигация орналастырса ол шамамен 17-18 пайыз болады. Яғни, проценттері көп. Оны ақтау үшін банк халыққа одан да қымбат кредит беруге мәжбүр.

Панда бондтар бұл проблеманы шеше алатыны түсінікті. Бірақ дәл осы жерде біз 2008-2009 жылдары бастан кешкен банктердегі валюта/дефолт кризисін естен шығармауымыз керек. 2005 жылдардан бастап Альянс банк, БТА мен Темірбанктер батыстың қаржы ұйымдарынан доллармен арзан кредит (3-4%) алып, оны халыққа теңгемен 17-18 пайызбен тарата бастады. Құныққандары сонша, кредит алып жатқан адамның табысы бар ма, жоқ па, оған да қарамады. Тіпті аялдамаларда киоск ашып кредит таратқан банк те болды. Нәтижесінде сол банктерге екі бірдей соққы қатар келді. Адамдардың көбісі несиені қайтармады да, дәл сол кезде теңге долларға шаққанда құнсызданып, банктер шетелден алған қарызын қайтара алмай банкрот атанды.

Әрине, қазір ондай жағдайдың қайталануы мүмкін емес. Банктердің халыққа кредит берердегі тәуекелдерді есептеуі заңдар мен ережелермен өте қатаң реттеліп, бекітілген. Және мемлекет қаржы ұйымдардың барлығын жаппай юань нарығына жібере қоймайтын сияқты. Бірақ кредиттік рейтингтері жоғары, ірі банктер үшін есік ашық. Бір сөзбен айтқанда, 2027 жылдары панда қарыздары біздің қаржылық секторға өзгеріс алып келуі ғажап емес. Оны сіз де сезінетін боласыз.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2725
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1841